Еліміздегі экологиялық ахуал өзекті мәселелердің біріне айналды. Ауаның ластануы, су тапшылығы, қалдықтардың дұрыс өңделмеуі, табиғи ресурстардың сарқылуы, биоалуандылықты сақтау сияқты проблемалар табиғатқа жағымсыз әсерін тигізбей қоймайды. Бұл экологиялық қауіп-қатерлерді алдын алу және оларды шешу үшін жауапты органдар тарапынан қандай шаралар қабылдануда? Осы және өзге де өзекті сұрақтарды сарапшылар мен мамандар 24KZ арнасындағы «Түйін» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасында талқыға салып, экологиядағы түйіткілдерді шешу жолдарын ұсынады.

Еліміз тек астыққа бай даласымен ғана емес, көз тартар табиғатымен, орман алқаптарымен, өсімдіктер және жануарлардың алуандылығымен де ерекше. Қазір елімізде көптеген аң-құс, өсімдік түрлері заң аясында қорғалғанмен, кейбір сирек кездесетін жануарлардың қырылуына бөгет бола алмай отыр. Көрермен қауымды және эколог мамандарды алаңдатқан сұрақтардың бірі – Каспийде ғана мекендейтін итбалықтың қырылуы. Итбалық – Қызыл кітапқа енген жануар. Егер бұлай жалғаса берсе, итбалық атаулының мүлде жойылып кету қаупі бар. Бір қарағанда, аң-құстардың қырылуы табиғи үрдіс болып көрінуі мүмкін. Алайда оның астарына үңілсек, үлкен проблеманың жатқанын көруге болады. Экожүйелердің саулығы адамзат үшін, болашақ ұрпақ үшін аса маңызды. Біз ішетін тағам, дәрі-дәрмек, барлық қажетті материалдар тірі ағзалардан алынады. Бір биологиялық түрдің жойылуы бірнеше тіршілік иесінің жер бетінен жоғалуына әсер етеді. Яғни, табиғаттағы тепе-теңдік бұзылады.
Мемлекет басшысы табиғатқа, экожүйеге қатысты үнемі алаңдаушылық білдіріп, бақылауды күшейтуге пәрмен беретіні осыдан. Жақында Ұлттық құрылтайда экожүйеге түсетін салмақтың артқанын айтып, Үкіметке білікті мамандарды жұмылдыра отырып, мәселені жан-жақты зерделеуді және байыпты шешім қабылдауды тапсырды. «Түйін» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасында сұхбат берген Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері биоалуандылықты сақтау бойынша қолға алынған жұмыстар жөнінде мәлімет берді. Бұл ақпараттар, әрине, көңілге демеу болғанымен, экология саласында шешімін таппай тұрған мәселелердің әлі де көп екенін ескеруіміз керек. Осы орайда, «Түйін» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға елеулі үлес қосуда. Телебағдарлама халықтың экологиялық сауатын арттырып қана қоймай, билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтады, проблемаларды анықтап, оларды шешуге бағытталған конструктивті ұсыныстарды талқылауға мүмкіндік береді.