22Окт

Шахмат Астанасы. Шымкент ажары — III

Шымкент тек қызғалдақ, дәмді палау, кәуап, самса ғана емес, интелектуалды шаһар ретінде қалыптасқан. Қазақстанда тұңғыш рет шахмат ойыны пән ретінде Шымкент мектептерінде енгізілді.

Көптеген халықаралық додаларда Әнұранымызды шырқата білген алғашқы гроссмейстерлер Ринат Жұмабаев, Гүлісхан Нахбаева және Жансая Әбдімәлік, Гүлмира Дәулетова Шымкент қаласының тумасы. Өңірлерде шахматты көпшілікке айналдыру – бүкіл елдің шахматшыларының шығармашылық байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.

Шымкенттің әр екінші тұрғыны – тәуелсіздік тумасы. Демография жағынан ең тез өсіп келе жатқан әрі жастары өте білімді қала десек ешкім шүбә келтірмес. Бүгінде шымкенттіктер саны 1 миллион 93,5 мың адамға жетті. 30 жыл бұрын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болса, қазір 226 мың бала оқитын 186 мектеп бар. Қалада 1990 жылы 69 000 оқушы болса, ал қазір 2021 жылы 223 000 оқушы бар.

Үшінші мегаполис. Спорт пен мәдениет ошағы. Өнерсүйер қауым үшін қалада қазақ және орыс драма театры, қуыршақ, Опера және балет театрлары, филармония, Цирк пен ондаған музейдің есігі үнемі ашық тұрады.

Сондай-ақ үлкен тенис кешені, Әлия Юсупованың гимнастика мектебі, футбол мен минифутол және баскетбол алаңдары мен үйірмелер бар. Бұдан өзге тек қана көшпенділерге ғана тән садақ ату, ат спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндіктер қарастырылған.

Чемпиондар осы қаладан шығып жатыр. Оның дәлелі, биылғы Токио олимпиадасында үшінші мегаполистің намысын қорғаған каратэші Дархан Асаділов қола медальға ие болды. Шымкентке жаңадан қосылған ауылдарда спорт алаңдары көбейіп келеді. Осылайша қалада бұқаралық спортты дамытуға ден қойылған. Ал 2021-2023 жылдары мегаполистің төрт ауданында құны 2 миллиард теңге болатын 115 спорт нысаны халық игілігіне беріледі. Бүгінгі күнге оның 11-і іске қосылған.

Автор: Наима Нұралықызы

Фото: Никита Бассов, Сасин Типчай