Автор: Саксон Босворт
Наурыз айының соңғы күндері. Жаңаөзеннен шығысқа қарай кететін асфальт жол құмға айналып, бірнеше сағат бойы кедір-бұдыр жолмен шайқалып келеміз. Бізде Үстірт табиғи қорығында екі апта күн көруге жететін тамақ, су, жанармай бар. Мен жүк жанына жайғасып алып, өз салмағыммен ондаған килограмм кептірілген жеміс, сәбіз, картоп пен 20 тандыр нанды басып ұстап отырмын. Елді мекендерден алыстай бергенде, топ мүшелері телефондарына соңғы рет қарап алды. Енді сыртқы әлеммен байланыс орнату үшін төтенше жағдайға арналған жерсерік телефон ғана бар.

Біз Үстірт қорығының оңтүстігіндегі қорықшылар лагеріне бет алдық. Әлі бірнеше сағаттық жол бар. Кенет жол талғамайтын көлігіміздің ішінен таңданысқа толы дауыс саңқ етті: «ТАСБАҚА!» Қалғып бара жатқан мен селт етіп оянып кеттім.

Қазақтар атауы айтып тұрғандай, бұл мақұлықты тасты бақаға теңейді. Қыс қайтып, Үстірттегі Орталық Азия тасбақалары (дала тасбақасы) да он айлық ұйқысынан ояныпты. Атқарар іс көп, ал уақыт тапшы.
«Құмға жел өрнек салып, күн жерді күйдіретін Үстірттің шөл даласында Орталық Азияның ең төзімді жануарының бірі, орталықазиялық тасбақа (Testudo horsfieldii) тіршілік етеді. Ол жиі елеусіз қалатын, көпшілік тамсана бермейтін жаратылыс. Алайда ол осы аймақты ежелден мекендейтін, экожүйе тепе-теңдігін ұстап тұрған, құрмет пен қорғауға лайық тіршілік иесі, – дейді Тасбақа қорының директоры Юлия Цаугг. – Саксонның жаңа «ТАСБАҚА» фильмі ерекше жануарды өзінің шынайы кейпінде, табиғи мекенінде көрсетеді. Ол осы ортада өмір сүру үшін жаралған. Біз оның құм арасымен баяу, бірақ табанды қозғалысын көреміз. Бұл – төзімділіктің, қатал әлемде тірі қалудың жолы. Алайда оның жолында қауіп-қатер көбейіп келеді».
ҮСТІРТ ҚЫРАТЫ
Үстірт қыраты Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан аумағындағы 200 000 шаршы шақырымнан астам жерді алып жатыр. Мұнда тұщы сулы өзендер мен көлдер жоқ, қыста ауа температурасы –40°C-қа дейін төмендеп, жазда +50°C-тан жоғары көтеріледі. Жоғары температура, ауа ылғалдылығының төмендігі, жауын-шашынның аздығы мен булану жылдамдығы – осының бәрі аса құрғақ климат қалыптастырды. Алайда соған қарамастан, Үстірттің экожүйесі жойылып кетпей, керісінше, тіршілікке толы күйінде сақталып отыр. Үстірт қыратында кем дегенде бауырымен жорғалаушылардың 15 түрі, сүтқоректілердің 33 түрі, құстың 174-і мекендейді.

Үстірт – қоңыржай белдеудегі шөлді аймақ. Мұндағы экожүйе жауын-шашынның аздығымен және маусымдық температураның күрт ауытқуымен ерекшеленеді. Қоңыржай белдеудегі шөлдердің 95%-ы Орталық Азияда орналасқан. Халықаралық табиғат қорғау одағы (IUCN) бұл шөлдерді әлемдегі ең аз зерттелген биомдардың біріне жатқызады. Қысы суық шөлдер (cold winter deserts) – ерекше табиғи аймақ. Олар құстардың маусымдық қоныс аудару жолында маңызды орын алады, сондай-ақ ақбөкен секілді жабайы тұяқты жануарлардың тіршілік ортасы саналады. 2023 жылы Орталық Азиядағы қоңыржай шөлдер ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. ЮНЕСКО бұл өңірді «қатаң табиғи жағдайларға бейімделген алуан түрлі флорасы мен фаунасы үшін» ерекше қорғауға алған.
Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы 1984 жылы құрылып, Маңғыстау облысының оңтүстік-батысында, 2233 км² аумақта орналасқан. Қорықта сирек кездесетін және жойылу қаупі төнген жануарлар мекендейді. Мысалы: Үстірт арқары, қарақұйрық, қарақал, бүркіт, қоқиқаз және кейінгі жылдары орнатылған фототұзақтардың арқасында кем дегенде бір барыс (парсы барысы) бар екені анықталған.
«Қорықтың флорасы мен фаунасы сусыз, қатал климат жағдайында өмір сүреді әрі бұл жерге жету оңай емес. Сондықтан да бұл аймақ ғылыми қызығушылық тудырады және болашақта кең көлемді зерттеулерге жол ашады», – дейді Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы республикалық мемлекеттік мекемесінің ғылыми қызметкері Жасқайрат Ермекұлы.
Қатаң климат жағдайында көктемгі эфемерлік өсімдіктердің гүлдеу мерзімі де қысқа. Бұл ұзақ ұйқыдан оянатын тасбақалар үшін табиғаттың белгісі іспетті. Біз өз экспедициямызды дәл осы кезеңге – тасбақалар оянып, жер бетіне шығатын мезгілге –арнайы жоспарладық. Бұл жыл сайын наурыз айының ортасынан басталады.
Сол ерекше сәттің куәсі болып, тасбақаның тыныс-тіршілігін танытатын деректі фиьлмімізді түсіру үшін осында арнайы ат басын бұрдық.
ЕКІ АЙДЫҢ ЕНШІСІНЕ ТИЕТІН ЕКІ ІС
Орталық Азия тасбақасы (Testudo horsfieldii) – өмірі өзі мекендейтін жердің маусымдық ырғағымен біте қайнасып кеткен тіршілік иесі. Бұл тасбақаның табиғи ортаға бейімделу қабілеті ерекше. Оның тіршілік цикліндегі белсенді кезеңі өте қысқа, санаулы апталармен шектеледі. Осы ерекшелік зерттеушілер назарын сонау 1844 жылдан бері өзіне аударып келеді.
Маңғыстаудағы жергілікті әріптестеріміз бізге тасбақаға қатысты ел аузындағы түрлі тәмсілдер мен аңыздарды айтып берді. Мысалы, жолы болғыш адамды «тасбақаның аузындағы шөпті көрген» дейді екен. Сол жапырақ тасбақаның ұзақ, тыныш ұйқысының себебі деседі. Адам мен тасбақа арасындағы осы символдық, мәдени байланыс – «ТАСБАҚА» деректі фильмінде де көрініс табады.

Орталық Азия тасбақасының (дала тасбақасы) таралу аймағы өте кең. Ол Батыс Қытайдан Каспий теңізіне дейінгі алқапты қамтиды. Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Иран, Ауғанстан, Пәкістан және Қытайдың Шыңжаң өңірінде кездеседі. Бұл таралу аумағының қалыптасуы Плейстоцен дәуіріне, яғни бір миллион жылдан астам уақыт бұрынғы кезеңге тиесілі. Тұран ойпатына орныққан соң, мұздықтар шегініп, айналаның қуаңдануына қарай, тасбақа біртіндеп солтүстікке жылжи бастады.
Тасбақа қысқы ұйқыны жер астындағы інінде өткізеді. Бұл ін оны жыртқыштардан да, үсіп қалудан да қорғайды. Ұйқыдан шыққан бойда Үстірт тасбақасының екі негізгі мақсаты бар: қоректену және шағылысу. Шағылысу кезеңі өте қысқа, сәуірдің басында аяқталады. Сол себепті біз дәл осы уақытқа дөп келуге тиіс болдық.
Тіршіліктің оянуына күн райы тікелей әсер етеді: салқын күндер кейінге шегерсе, жылымық ерте оятуы мүмкін. Тіпті ауа райы қолайлы болған күннің өзінде де тасбақалар күнде шыға бермейді. Наурыздың басында біраз ыстық күндер болды, кейін ай ортасына қарай қайта салқындап кетті. Біз биыл өзі тасбақалар шыға ма, жоқ па деп алаңдай бастаған едік, бірақ жолымыз болды.
Тасбақалар азығын көру және иіс сезу арқылы таниды. Олар түстерді жақсы ажыратады және бірнеше метр қашықтықтағы шөпті байқап, соған қарай қозғалады. Олардың рационында шамамен 180 түрлі өсімдік бар. Олардың кейбірі – улы, тіпті кейбірі шөпқоректі жануарларға қауіп төндіруі мүмкін. Ал омыртқасыздар, ұсақ сүйектер мен құстардың құсығы сияқты жануар текті азықтар – тасбақа рационының небәрі 2%-ы ғана.


Тасбақа өте баяу өседі. Жыныстық жетілу жасына тек 10–13 жылда жетеді. Әлбетте, тасбақа салған жұмыртқалардың бәрі бірдей тірі қалмайды: жұмыртқа кезінде де, жұмыртқаны жарып шыққаннан кейін де көбі жыртқыштарға жем болады. Мұндай қауіп ересек тасбақаларға да төнеді – Орталықазиялық тасбақаның 35-тен астам табиғи жауы бар. Ең кең таралған жыртқыштар – шөлдегі келес пен қыран. Бұған қоса, түлкі, балжегіш пен шөлдің қара қарғасы да тасбақа жеуден кет әрі емес. Алайда ғылыми деректерге сүйенсек, бұл түрдің азаюының басты себебі – адам факторы.
Біз Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы аумағында 12 күн болдық. Соның 4 күнінде мен тіршілігіне бар назарым ауған бір ғана тасбақаны бақыладым. Экспедицияның алғашқы лагері қорықтың оңтүстігіндегі жазық әрі құмды аймақта орналасқан «Өнере» қорықшылар бекеті болды. Бұл маңда біз бірнеше тасбақаны, оның ішінде шағылысып жатқан жұптарды да кездестірдік.

Төртінші күні «Кендірлі» бекетіне қарай жол тарттық. Бұл лагерь шатқалды аймақта орналасқан. Сол күні кешке, күн бата бастағанда, шатқалдың ішіне қарай жаяу түстік. Оң жағымызда – жар шеті, сол жағымызда – құмды сай. Әндетіп тұрған айдарлы бозторғайдың үнін әріптесім Влад Терентьевтің даусы бұзып жіберді:
– Саксон, тасбақа!
Бір таңданарлығы, тасбақа сол жақ еңістегі құм арасында емес, оң жағымыздағы жартас беткейінде өрлеп бара жатыр екен. Мен жаймен ғана соңынан ілестім. Аздан соң тасбақаның ұясына, түнемелге қайтып бара жатқанын түсіндім.


Бір кезде үлкен, жалпақ тасты байқадым. Жар басынан ертеректе құлап түскен сияқты. «Тасбақаның үйі осы тас болуы мүмкін бе?» деген ой туды.Штативімді иығыма салып, тасбақаны айналып өтіп, тасқа жақындадым. Тас түбіндегі қуысты біреудің тұрақты пайдаланып жүргені анық көрінді. Камерамды орнатып, үнсіз бақылауға кірістім. Экспедициядағы уақытымның көбі осылай өтті. Ұзақ күтіп, енді күмән туа бергенде, кенет жар шетінен тасбақаның сұлбасы пайда болды. Ол ешқайда бұрылмастан, өзіне тән баяу жүріспен тура сол қуысқа барып кірді.
Сол сәттен бастап мен төрт күн бойы осы тасбақаның өмірін түсірдім. Ол фильмнің негізгі кейіпкеріне айналды.
Экспедицияның басты мақсаты жануар мен экожүйе арасындағы тығыз байланысты көрсету еді. Ал мен үшін сол қырат үстінде, биікте өмір сүретін тасбақа осы ұлы үстірттің жүрегінде еркін тіршілік етіп жатқан жабайы тасбақалардың мықты өкіліндей көрінді. Бұл – табиғаттың ең экстремал экожүйесіне бейімделген ғажап әрі батыл тіршілік иесі, табиғаттағы ежелгі әрі күрделі байланыстың нышаны. Бұл фильм біздің тіршілігіміздің өзегінде жатқан қарапайым байланыстардың – экожүйенің, өсімдік пен жануарлар әлемінің, су мен климаттың маңызын көрсетеді.
НЕЛІКТЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ТАСБАҚАСЫ ЖОЙЫЛЫП КЕТУІ МҮМКІН? НЕГІЗГІ ҚАУІПТЕР ҚАНДАЙ?
«Тасбақа» қорының директоры Юлия Цаугг:
«Басты себеп – адамның әсері. Ауыл шаруашылығын дамыту, егістік пен жайылым алқаптарының ұлғаюы, жолдар мен құбыр тарту, қалалар мен ауылдардың кеңеюі – осының бәрі тасбақа тіршілік ететін мекендерді бөліп-жарып, жылдам жойып жатыр. Егістік жерлерді малдан қорғау үшін заңсыз қазылған терең орлар жыл сайын мыңдаған жануарды (олардың басым бөлігі тасбақалар) ажал құштыратын қақпанға айналды. Орға бір түскен жануар қайта шыға алмай, шөл мен ыстықтан әлсіреп, ақыры жан тапсырады. Тасбақалардың жолдан өтіп бара жатып көлік астына түсіп өлуі де жиі кездеседі.
Тағы бір өзекті проблема – тасбақаларды заңсыз саудаға шығару үшін жинау. Қазақстанда 1920 жылдардан 2001 жылға дейін, яғни ресми түрде аулау тоқтатылғанға дейін, тасбақа аулауға рұқсат етілген түр болды. Деректерге сүйенсек, 1976 мен 1993 жылдар аралығында «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесі жыл сайын орта есеппен 108 000 тасбақа жинаған. Бұл – тек ресми көрсеткіш. Жергілікті тұрғындар мен көрші ел азаматтарының браконьерлік әрекеттері бұл статистикаға кірмеген.
Тасбақалар ішкі нарық үшін де, шетелге сату үшін де ауланды. Герпетологтер бұл түрді үйде ұстау қолайсыз екенін қанша айтса да, тасбақаларға «күтімнің қажеті жоқ» деп жарнамалайтын зоодүкендер арқылы көптеп сатылды. Сұраныстың өсетініне үміт артқандар оларды топырлатып тар қапаста ас-сусыз, қозғалыссыз айлап ұстайтын. Сөйтіп, өлтіріп алатын.
Осындай есепсіз аулаудың салдарынан тасбақа популяциясының жыныс пен жас бойынша теңгерімі бұзылды. Негізгі мекендеріндегі саны күрт азайып, әлі күнге дейін қалпына келген жоқ. Мысалы, XX ғасырдың басында Іле өзенінің оң жағалауында бір гектар аумақта 41 тасбақа тіркелген. 1970 жылдары бұл көрсеткіш 11–15 тасбақаға дейін төмендеген. 2025 жылы «Тасбақа» қоры осы аумақта зерттеу жүргізіп, жаңадан санақ өткізді. Нәтижелері әлі сарапталып жатқанымен, бастапқы деректердің өзі қазіргі көрсеткіш 11 тасбақадан да төмен екенін байқатады.
Бұл түр Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл тізімінде «осал» санатында (VU) тіркеліп, CITES-тің II қосымшасына енгізілгеніне қарамастан, олардың жойылуы экожүйенің маңызды бөлігін күйретумен бірдей екенін түсінбейтіндер тасбақаларды табиғаттан заңсыз әкетуді әлі жалғасып жатыр.
Табиғатта тасбақа 50 жылға дейін өмір сүре алады. Қатаң климатқа бейімделген ол жылдың он айын ұйқыда өткізіп, аптап ыстықтан, қақаған суықтан, қуаңшылық пен аштықтан сақтануы мүмкін. Алайда дәл осы қасиеті – баяу тіршілігі мен төзімділігі оның осал тұсы болып отыр: ол кеш жетіледі, баяу көбейеді. Сондықтан популяциясына тиген кез келген зиян мен шығынның зардабы бірнеше онжылдыққа созылады.

«Тасбақа» қоры – осы жануардың санын қалпына келтіріп, орнықты қорғалуына жағдай жасау жолында жұмыс істеп жатыр. Біз әлемге былай деп жар саламыз: «Бұл – жай ғана жануар емес. Бұл – үнсіздердің дауысы. Егер біз үнсізге құлақ түріп үйренбесек, бір күні айқай салғандардың өзі де үнсіз қалады».
«ТАСБАҚА» фильмі туралы толық ақпаратты мына жерден таба аласыз: tasbaqa.org
Фотолар «ТАСБАҚА» фильмінен алынған.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласу арқылы журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.