31Шіл

Атом бомбасын жасаған Оппенхаймер деген кім?

Жаңа ғылыми жаңалықтар жұрттың қызығушылығын тудырып, беймәлімді түсіндіреді, тіпті әлемді жақсарта түседі. Бірақ ашқан жаңалығына ғалымның өзі өкіне бастаса не болмақ?

Тамаша физик-теоретик Роберт Оппенхаймер АҚШ-тың ядролық қару жасаушы күшінің бір мүшесі ретінде Нью-Мексико штатындағы Лос-Аламос қаласындағы зертхананың меңгерушісі болып тағайындалды. Ол жетістікке жеткенімен, одан да күшті бомбаларды дамытуға қарсы болды.
Фото: CORBIS HISTORICAL, GETTY IMAGES

Аты аңызға айналған физик өзінің ядролық қару жасағанына шынымен өкінді ме? Ақиқатты анықтау да бомба жасау ғылымы секілді өте күрделі.

Вундеркинд баладан Манхэттен жобасына дейін

Юлиус Роберт Оппенхаймер мата импортымен айналысатын германиялық еврей иммигранттар отбасында 1904 жылы Нью Йоркте дүниеге келді. Ол Харвард университетін небәрі үш жылда үздік бітіріп, Кембридж және Германиядағы Готиңген университеттерінде теориялық физиканы қатар оқып, 23 жасында доктор дәрежесін алды.

Жас физик «Оппи» көп ұзамай өз заманының айтулы ғалымдарымен иық теңестірді. Ол академиялық жұмыстарында кванттық теорияны дамытып, нейтроннан қара құрдымға дейінгінің бәрін болжады. Ғылымнан тыс санскрит тілін оқып, дінді зерттеді. Көптеген прогрессивті қозғалыстарға қосылып, білімқұмар ізденуші болды.

1941 жылы Америка Құрама Штаттары одақтастарға қосылғаннан кейін Оппенхаймерден атом қаруын жасауды көздейтін өте құпия Манхэттен жобасына қатысуды сұрады. Ол ядролық жарылыс жасау үшін қажетті нейтрондық тізбекті реакцияны тудырып, ұстап тұратын не екенін анықтауға тырысып жатқанда, басшылары оның жан-жақты біліміне, амбициясына және басқа ғалымдармен жұмыс істей алу қабілетіне таңғалысты. 1942 жылы АҚШ армиясы Оппенхаймерді бомбалар сыналатын құпия зертхананы басқаруға шақырды.

Лос-Аламос және Тринити сынағы

Армия шенеуніктері сол зертхананы салатын қолайлы жер іздестіріп жатқанда, Американың оңтүстік-батысын жақсы көретін, Нью-Мексикода өз ранчосы бар Оппенхаймер Санта-Фе маңындағы Лос-Аламостағы ұлдарға арналған жеке мектептің учаскесін ұсынған-ды. Көп ұзамай ол Лос-Аламос деп аталған зертханада жүздеген, кейіннен мыңдаған жұмысшыға жетекшілік етті.

Оппенхаймер өз заманындағы ең үздік ғалымдар тобын жинап қана қойған жоқ, оларды шабыттандыра, ынталандыра білді; ұйымдастырып, жұмысқа жұмылдырды. Кейін физик Виктор Вайскопф: «Ол әрбір шешуші қадамға интеллектуалдық тұрғыдан, тіпті тікелей де қатысты», – деп еске алды. Оның осылай атсалысуы әріптестер арасында қиындықты еңсеруге деген ерекше құлшыныс тудырып, әлемдегі алғашқы ядролық қаруды жасауға әкелген ғылыми жаңалықтардың тізбегіне ұласты.

Техниктер Нью-Мексикодағы Лос-Аламос зертханасында жұмыс істеп жатыр. 1942 жылы АҚШ әскері Оппенхаймерді зертхана ашуға шақырды. «Y жобасы» деген құпия атауы бар қиырдағы бұл мекеме теориялық физиканың ең үздік өкілдерін бір мақсатқа біріктірді: атом бомбасын жасау. Фото: CORBIS HISTORICAL, GETTY IMAGES

1945 жылы 16 шілдеде Оппенхаймер басқа ғалымдармен бірге әлемдегі алғашқы ядролық жарылыс сыналған Лос-Аламостың оңтүстігіндегі Тринити полигонында жиналды. Бұл ғалымдардың қобалжулы сәті еді, өйткені олар өздері Гаджет деп атаған бомбаның ендігі жерде әлем болашағын айқындайтынын білетін.  Бірақ осы қару екінші дүниежүзілік соғысқа нүкте қояды деп те сенді.

Еуропадағы соғыс аяқталғанымен, АҚШ шенеуніктері қанды қақтығыстар кезеңі әлі біткен жоқ деп қауіптенді, алда Жапонияға шабуыл тұр еді. Олар жапондарды жаңа қарумен қорқыту арқылы берілуге ​​мәжбүрлей аламыз деп үміттенді.

Құпия сынақ сәтті аяқталды. Оппенхаймер кейінірек 1965 жылы берген сұхбатында сынақ біткен кезде есіне үнділік Бхагавад Гитаның бір жолы түскенін айтады: «Вишну ханзаданы өз міндетін орындауы керек екеніне сендіруге тырысады, тіпті оған әсер ету үшін өзінің көпқолды кейпіне еніп, «Енді мен өлімге – әлемдерді жоюшыға айналдым» дейді. Менің ойымша, сол кезде бәріміз шамамен осындай ойда болдық».

Жапонияны бомбалау және оның моральдық салдары

АҚШ 1945 жылы 6 және 9 тамызда Оппенхаймер жасауға атсалысқан екі бомбаны Хиросима мен Нагасакиге тастады. Жарылыстар екі қаланы да бұрын-соңды болмаған ауқымда күйретіп, кем дегенде 110 000 адамның өмірін қиды. 

Оппенхаймер Соғыс департаментіне Жапонияға тезірек бомба тастауды ұсынған ғылыми комитетте қызмет етті. Ғалымдардың бомбаны тек әскери нысандарға қарсы қолдану немесе Жапонияны берілуге мәжбүрлеу үшін алдын ала жария түрде сынау керектігі туралы өтініштерін Үкімет тыңдады ма, жоқ па деген тарихи пікірталас әлі де бар.

Хиросима жарылысы болған түні Оппенхаймерді Лос-Аламостағы көптеген ғалым қуанышпен қарсы алды, ал ол Германияға қарсы қолдану үшін бомбаны дер кезінде дайындап үлгермегендіктеріне өкінетінін ғана айтты.

Физиктер өздерінің жетістігіне масаттанғанымен, шабуылда бейбіт тұрғындардың зардап шеккеніне алаңдап, қару болашақта соғыстардың алдын алудың орнына, жандандыра ма деп қорықты. Жарылыстан кейін бірнеше аптадан соң Оппенхаймер соғыс министріне хат жазып, «ұлттың қауіпсіздігі… оның бірінші кезекте не толықтай ғылыми немесе техникалық қауқарына тәуелді болмауы керек. Ол тек болашақ соғыстарды болдырмауға ғана негізделе алады», – деп ескертті.

Алайда Оппенхаймер Манхэттен жобасын да, өзіне жасау тапсырылған бомбаны да ядролық ғылымның мүмкіндіктерін толық түсіну үшін қажет болды деп қорғаштады.

Сутегі бомбасына қарсылық

Дегенмен ол соғыстан кейінгі өмірінің көп бөлігін ядролық қаруды тежеуге арнады. КСРО өз бомбасын жасауда жетістікке жеткен соң, одан да күштірек сутегі бомбасын жасауға тырысқан АҚШ-қа қарсы ашық сөйледі. АҚШ-тың ядролық қаруды тек тактикалық мақсатта пайдаланып, ядролық технологияның энергия өндіру секілді басқа да қолданыстарын қарастырғаны жөн екенін айтты.

Осыдан кейін оның саяси жаулары пайда болып, антикоммунистік есірік орнаған қырғи қабақ соғыс кезіндегі америкалық саяси дәуірдің «қызыл үрей» нысанасына ілінді. Оның коммунистерге іштарту ықтималдығы қаралған 1954 жылғы тыңдалымда Атом энергиясы жөніндегі комиссия оны құпия материалдарға рұқсатынан айырды. Бұл қадам 2022 жылы ғана – үкімет шенеуніктері Оппенхаймер ісін қайта қарап, тергеудің қате әрі заңсыз болғанын анықтағаннан кейін күшін жойды.

Тарихшы Алекс Уеллерштейн PBS NewsHour-ге: «Оны ядролық қарудың я жақтаушысы, я даттаушысы деп қарапайым санатқа жатқыза алмаймыз. Ол – тым күрделі тұлға», – деген еді.

Оппенхаймер сол бойы мемлекеттік қызметке оралған жоқ. Есесіне Дүниежүзілік өнер және ғылым академиясын құрып, 1967 жылы қайтыс болғанға дейін ғылым мен этика жөнінде дәріс оқыды. Ол соғысты тоқтатқанымен, тұтас екі қаланы қиратқан, қауіпті кезеңге жол салған «маңызды» қаруды жасауға көмектессе де, өмірінің соңына дейін ядролық қарудың таралмауына күш салды.

«Әсірелеу де, әзіл де, дөрекілік те мәнін өзгерте алмайтын тұрпайы мағынасында [айтайын], физиктер күнәға батты. Бұл [күнә] – олар енді жоғалта алмайтын білім», – деді ол 1950 жылы.

Авторы: Ерин Блейкмор