Сахара шөлінің түкпіріндегі шағын шағылдың үстінде тұрған бір топ ғалым жаңа аршылған қорымға қарап тұр. Үш адамның қаңқасы бір қырынан жатыр. Олар сусыған қоңыр құмда қалғып кетіп, оянбай қалған секілді. Бұл экспедицияның соңғы күндерінде Нигердің Тенере шөліндегі Гоберо деген жерде ымырт үйірілердің алдында ғана болған еді. Тырс етіп тамшы тамбай кенезесі кеуіп жатқандықтан, шөлдегі шөл саналатын Тенере эрг деп аталатын үлкен құм теңіздерімен де танымал. Мұнда температура үнемі 48°C-тан асады, ал көз аштырмайтын құмды дауылдарының кез келген сәтте ұйытқи соғуы ғажап емес. Нигер билігі қарақшылардан қорғану үшін келушілердің бір взвод әскермен бірге жүруін талап етеді. Осы бір тақыр алқапта әлемдегі ең сирек кездесетін археологиялық орындардың бірі – шамамен 10 000 жыл бұрынғы қорым бар.
Сол күні таңертең колледж студенті кішкентай ағаш қайла мен щетканы пайдаланып, төбесі жерден әрең көрініп жатқан бассүйекті аршуға кірісті. Мұқият жұмыс істей отырып, көз ұялары мен жақтарын ашып, иығын табу үшін мойыннан төмен қарай жүріп, содан кейін қолдың бойымен алақан-саусақ сүйектеріне дейін келді де, кідіріп қалды: бір мәйіт үшін саусақ сүйектері тым көп еді. Енді оған экспедиция жетекшісі Пол Серено қосылды. Олар аздан соң тағы көп сүйек тапты.
Жақын жерде қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан нигерлік археолог Оумару Иде жұмыс барысының қаншалықты ілгерілегенін білуге келді. Түстен кейін денелері күнге күйіп, киімдері тұз дақтарымен былғанған топтың өзге де мүшелері шағыл құмға бет алды. Тіпті кейбір сарбаздар да мылтықтарын құшақтаған күйі не болып жатқанын көруге келді. Ақырында, күннің аптап ыстығы басылып, шөлдегі ауа салқын тартқан кезде, таңғалдырар көрініс пайда болды.
Қаңқалардың бірінің жамбас сүйегінен әйел екені аңғарылды. Оның алдында екі баланың сүйегі жатыр. Тістеріне қарағанда, бес пен жеті жас шамасында. Кішісі үлкеніне жабысып, кішкентай қолымен мойнынан құшақтап алған. Әйелдің оң қолы үлкен баланың басының астында бүгілген. Созылған сол қолы бес жасар баланың сол қолынан ұстағанын саусақ сүйектерінің ретсіз үйіндісі көрсетіп тұр.
«Олар қол ұстасып жатыр», – деп күбірледі тұрғандардың бірі.
Анасы мен балалары ма? Оларды осылай құшақтасқан күйінде кім жерлеген? Неден қайтыс болды? Өлімнің себебі айқын емес. Тістері мен сүйектері денсаулықтарының жақсы болғанын көрсетеді. Жарақат ізі де жоқ. Алайда зерттеуге болатын жұмсақ тіндерсіз сырттай дені сау үш адамның қалай бір мезгілде өмірден өткенін айту мүмкін болмады. «Бәлкім, суға батып кеткен болар», – деді Серено.
National Geographic тапсырмасымен 2006 жылы осы шағылға жиналғандардың қатарында мен де болған едім. Өзім де екі балалы болған, арада жиырма жылға жуық уақыт өткен қазірдің өзінде сол көріністің сыры мені әлі ойландырады. Алайда бұл содан бері Тенереде табылған көп құпияның бірі ғана. Гоберо да – жоғалған әлемнің бай бейнесін суреттеуге айғақтар жинауды жалғастырып келе жатқан Серено, Иде және басқалардың есі-дертін жаулаған ғылыми жұмбақ. Сондықтан да Серено 2022 жылы, пандемия карантині аяқталған соң, көп ұзамай маған қоңырау шалып, Гобероға қайта келуді ұсынғанда, бірден келістім.
Сахара әуелден шөл болмаған. Шын мәнінде, ол шамамен 21 000 жыл сайын шөлден жайқалған саваннаға айналады. Жердің планетарлық механикасындағы ерекше құбылыс оның өсінің мезгіл-мезгіл аздап еңкеюіне әкеліп соғады. Бұл жайт солтүстік жарты шарға бағытталған радиация мөлшерін арттырып, ол Африкадағы маусымдық жаңбырларды солтүстікке қарай тартады. Миллиондаған жылдар бойы муссондар ауысуының осы циклі Сахарада көптеген ылғалды кезеңді туғызды. Ең кейінгісі соңғы мұз дәуірінің аяғында, шамамен 12 000 жыл бұрын басталып, 4500 жыл бұрынғы уақытқа дейін жалғасқан.
Технология ғалымдарға осы Көкорай Сахараның қандай болғанын көруге көмектесті. Жерсеріктер ежелгі өзен арналары мен көл жағалауларын, оның ішінде Чад көлінің бастапқы периметрін анықтады. Ол өзінің кемеріне толып тұрған кезеңінде Солтүстік Америкадағы барлық Ұлы көлдердің жиынтығынан да үлкен болған. Алайда Сахараның жазиралы кезеңін айғақтайтын бұдан да айқын белгілер ғалымдардың көз алдында тұрған еді. Сахараның түкпір-түкпіріндегі жартастардан табылған мыңдаған гравюра мен сурет аңшы-терімші қауымдардың өркендегенін айғақтайды. Суретшілер күрделі баскиім киген, найза лақтырған, жебе атқан сұлбаларды бейнелеген. Дегенмен олардың негізгі нысандары көз алындағы жануарлар – қазіргі Африканың да ылғалды аймақтарымен тығыз байланысты сусиырлар, керіктер, пілдер, мүйізтұмсықтар мен киіктер еді.
Десе де, біздің оларды салған адамдар туралы білетініміз тым аз. ХХ ғасырда Сахарада бірнеше маңызды археологиялық орын табылды. Қазба жұмыстары кезінде Көкорай Сахара мәдениетінің жекелеген нышандары – қыш ыдыстар мен тас құралдардың үлгілері шықты. Әйтсе де, шөлдегі қарқынды радиация, күшті жел мен сусымалы құм олардың тіршілігін айғақтайтын дәлелдің басым бөлігін жойып жіберді. Сондықтан Пол Сереноның Гобероға тап болуының өзі – бір ғажайып оқиға. Чикаго университетінің палеонтологі әрі National Geographic зерттеушісінің есімі Сахарадағы жаңа динозавр түрлерін, соның ішінде жылдам жүгіретін етқоректі Afrovenator-ды, ұзындығы мектеп автобусындай болатын, қолтырауын тәрізді басы бар тіршілік иесі Suchomimus-ті, жалпы ұзындығы 21 метр болатын, ұзын мойынды шөпқоректі Jobaria-ны ашқаны үшін баспасөздің басты жаңалықтарына ілікті.
2000 жылы Серено Тенередегі барлау экспедициясына жетекшілік еткен кезінде олардың өзге де түрлерін іздеді. Бір күні таңертең команда жартасты жотаның тұсына аялдап, лагерьге қайтқалы тұрғанда, маңайдағы шағын үш шағылға қарай беттеген экспедиция фотографы Майк Хеттвер ол жақта адам сүйектері, қыш сынықтары, моншақтар, жебе ұштары және басқа да тас артефактілер жатқанын көріп қалды. «Бәрі құм бетінде шашылып жатты», – деді ол маған.
Жергілікті түйешілер бұл аймақты Гоберо деп атайды. Ол жерде жануар сүйектері де көп екен. Сусиыр, керік, балық, қолтырауын, тасбақаның сүйектері жатқанын Серено бірден аңғарды. «Біз Серенгетиден көретін жануардың бәрін табуға болады», – деді ол.
Олар шағылдардың маңынан құрғап қалған көл табанын тапты, бұл мұнда су жануарларының неліктен көп шоғырланғанын білдіреді. «Көп болғаны сонша, есіміз шықты», – деді Серено. Олар маңайды жедел шолып, шамамен 200-дей жерлеу орны бар екенін анықтады.
Ақыр соңында Серено үш шағылды қамыс пен өзге де өсімдік тамырларының айналасында пайда болатын жыныстың бір түрі – ризоконкрециялар қоршап жатқанын түсінді. Содан қорғаныш қабығы қалыптасып, шағылдарды сақтап қалған. Ризоконкрециялар ақыры ыдырай бастағанда, қаңқалар – жартылай көмілген бассүйектер, қолдар, шашылған қабырғалар құм бетіне шыға бастаған.
«Бұл қорымдардың мыңдаған жыл бойы аман қалуының себебі ризоконкрецияларда, – деді Серено Сахара шаңын Батыс Африкадан Атлант мұхитына апаратын маусымдық Харматтан желдеріне назар аудартып. – Ашық қалған сүйектер ұзақ жатпайды».
Нигерде археологиялыққазба жұмыстарын жүргізу оңай шаруа емес. Ел аумағы Франция, Германия және Италияны қоса алғандағыдан да үлкенірек әрі көп бөлігін жол қатынасы жоқ тақыр шөлдер алып жатыр. 1960 жылы Франциядан тәуелсіздік алғаннан бері Нигер бірқатар әскери төңкерісті, этностық қақтығыстарды бастан кешірді, ауыл шаруашылығына негізделген экономикасын әртараптандыру үшін жанталасты. Әлі күнге азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығынан зардап шегіп келеді.
«Нигерде жұрттың көпшілігі біздегі динозавр тасқалдықтары мен артефактілердің құндылығын түсінбейді, – дейді шөлдегі Агадез қаласынан шыққан гид Сиди Амар Тауа. – Олар таза суға қол жеткізу, балаларының мектепке баруы, жұмыс табу мүмкіндігі мен қауіпсіздік мәселелерімен әуре».
Гоберо ашылғалы бері Серено осы аймаққа төрт экспедиция ұйымдастырып, басқа
бес динозавр қазу жұмыстарының арасында да соғып кетуге уақыт таба алды. Ол мұнда кей жылдары қауіпсіздік мәселелеріне байланысты келе алмады.
Экспедициялар қайта келіп, ежелгі көл табанына шатыр тіккен сайын ғалымдар енді не табар екенбіз деп толғанатын. Шөлдің желі шағын шағылдарды біржола көшіріп әкетпеді ме? Көшпелілердің табанында тапталып қалмады ма? Әлде оны ұрылар тонап кетті ме екен? Қалай болғанда да, әр жолы бір нәрсе табылатын. Мұнда әртүрлі ою-өрнектер бедерленген қыш ыдыстар, ергежейлі қабанның азуы, бақа мен питон қаңқалары табылды. Үлкен қармақ ілмектері мен сүңгінің ұштары болды, соның бірі қолтырауынның жақ сүйегінен жасалған. Жасыл фельситтен, қызыл яшмадан, сүтті ақ кварцтан, тіпті тасқа айналған ағаштан жасалған өткір жебе ұштары; түйеқұс жұмыртқасының қабығынан жасалған моншақтар; сусиырдың сүйегі мен амазониттен жасалған салпыншақтар да табылды.
Бірнеше ежелгі қоқыс үйіндісінде Ніл алабұғасы мен жайынның сүйектері жатыр, арасында мидия бақалшағының үймесі де кездеседі. Тіпті құмда да айғақтар бар – пальма мен інжір ағаштарының, қоға мен ылғалды жерде өсетін өзге де өсімдіктердің тозаңдары табылды. Әйтсе де, топ мүшелерін айран-асыр еткен нәрсе қорымдар болды. «Біз барлық жастағы адамдарды – қарттарды, орта жастағыларды, жасөспірімдерді, балаларды, сәбилерді таптық», – деді Серено. Радиокөміртекті зерттеу көрсеткендей, ең көне мүрде – бойы 1 метр 87 сантиметр болатын жүрелей құнысып отырған адам – шамамен 9 500 жыл бұрын, Көкорай Сахара басталған кезеңге таяу уақытта жерленген. Ең соңғы жерлеуге тән мүрде – үлкен сусиыр сүйегінен жасалған білезік таққан 10 жасар қыз – шамамен 4 900, яғни бес мың жылдай бұрын жерленген. «Бұл бірінші Мысыр перғауынынан менің атама дейінгі уақыт аралығы. Бәрі де осы шағын аймақтан табылған», – деді Серено.
Жерлеу екі үлкен санатқа бөлінген. Егде жастағы мәйіттердің қолдары кеудеге, тізелері қабырға мен омыртқаға қарай бүрісе жерленген. Бір нұсқаға сәйкес олардың кейбірі жануарлар терісімен мықтап оралған болуы мүмкін.
Нигер гуманитарлық ғылыми зерттеу институты Археология бөлімінің басшысы Иде бұл жерлеу мерзімі осы адамдар археологтер Киффиан деп атайтын, шамамен 8000 жыл бұрын аяқталған балықшы-терімші мәдениеттің бөлігі болған деп топшылауға мүмкіндік беретінін айтады. Шамамен осы кезеңде Гоберодағы қабірлерді су басып, бірнеше ғасыр бойы су астында қалған. Оның айтуынша, кейінгі қорымдар киффиандық жерлеу аяқталғаннан кейін шамамен мың жыл өткен соң келген Тенере халқына тиесілі. Басқа аймақтарда табылған дәлелдерге сүйене отырып, кей ғалымдар тенереліктер Көкорай Сахара кезеңінің екінші жартысында пайда бола бастаған ерте бақташылық мәдениеттердің бірі болған деп санайды.
Гоберода тенереліктердің бәрі ұйықтап жатқандай бір қырларымен жатыр. Бір қабірде қолына жаңа туған нәресте ұстаған әйел жатты, екеуі де босану үстінде қайтыс болған, сірә. Он екі жасар бала қолын басына жастанып, оң қолына кішкентай құс қаңқасын қысып алған. Оған жақын екі азу тісі үшкірленген адам жатыр. Басқа жерде бір адам үлкен тасбақа сауытында отыр, екіншісі басына қыш құмыра киген.
Осы қабірлер өлгендер туралы бір нәрсе айтатындай. Серено Гоберодағы мүрделерді ең ерекше әрі маңызды қалыптарында сақтап қалғысы келді, сондықтан палеонтологтердің динозавр тасқалдықтарын сақтау әдісін қолданды. Ең қызықты мүрделерді айналыра қазып, оларды гипс-
пен қаптады. Бұл оларды зертханаға сол қалпында апаруға мүмкіндік берді.
Адам мүрделерін қазу – өте шетін мәселе, алайда Гоберо қабірлерін заманауи зертханада зерттеудің маңыздылығын үстейтін бұлтартпас уәж бар. 2006 жылы экспедиция құрамында болған Аризона мемлекеттік университетінің профессоры Крис Стояновски сүйектерде орасан көп ақпарат бар екенін айтады. Ол содан бері жиналған қаңқаларды зерттеп келеді. Таяуда Zoom эфирінде камерасын үйілген кітаптар мен қағаздарды көрсету үшін еңкейтіп: «Көріп тұрсыз ба? – деп сұрады ол. – Мұның бәрі Гоберо зерттеулері».
Стояновски адамдардың қоршаған ортамен қалай әрекеттескенін, қандай аурулармен ауырғанын және сүйек пен тісте олардың өмір салтының қандай іздері қалғанын түсіну үшін қаңқа қалдықтарын талдайды. Ол байқаған ең таңғаларлық нәрсенің бірі – жарақат белгісінің аз екендігі. «Зорлық-зомбылықтың айқын белгілерін көріп тұрған жоқпын» – деді Стояновски.
Сондай-ақ олар аштықтан, құрғақшылықтан немесе созылмалы дерттен жапа шекпеген сияқты. Ағаштардың жаңа өсу сақинасы секілді, тістің де өскен сайын эмальді микроскопиялық қабаттары түзіледі. Қатты күйзеліс кезеңдері мен жарақаттар осы қабаттардың бұзылуы түрінде өз ізін қалдырады. Бірге жерленген үш қаңқаның сырын анықтауға үміттенген Стояновски екі баланың азу тістерінің жұқа кесінділерін алып, микроскоппен зерттеді, бірақ айтарлықтай күйзеліс дәлелін таппады.
Тағы бір жаңалық: бұл адамдар бір жерден екінші жерге көшіп-қонып жүрмеген сияқты. Көшпелілердің көшіп-қонғанын жеген өсімдіктері мен жануарларынан, ішкен суларынан тістерінде жинақталатын стронций изотоптарының белгілерін олар барған жерлердің топырақ жыныстарындағы стронциймен салыстырып білуге болады. Алайда Стояновскидің Гоберода зерттеген адамдарындағы белгілер біртекті.
Ең үлкен тосынсыйдың бірі – сол аймақтан табылған мыңдаған жануар сүйегінің арасынан біреуі ғана сиырдікі болып шықты. Неліктен тенереліктер сияқты бақташылық мәдениеттен көбірек сиыр сүйегі табылмады? Серено мұның себебін Гоберода тұрған адамдардың малшы немесе көшпелі болмауы мүмкін екендігімен байланыстырады. «Оларға қажет нәрсенің бәрі Гоберодан табылғандықтан, өмір салтын осы жерге бейімдеген».
СЕРЕНО ҮШ ЖЫЛДАН КЕЙІН, 2022 жылы Нигерге оралғанда әдеттегі қиындықтар күтіп тұрды. Әупірімдеп Гобероға жеткенде, мен бұл жерді зорға таныдым. 2006 жылы мен жүрген аймақтың шығысындағы үлкен құм шағылдары кішірейіп, алыстап кеткен. Көл түбіне жақын орналасқан бірнеше сирек акация ағашы жәндіктер мен сайраған құсқа толы шағын тоғайға айналған. Мен тіпті шөп түбінде жатқан ірі шөл қоянын үркітіп алдым.
Серено өзі қазуды жоспарлаған жерлеу орнын тексеру үшін төбелердің біріне асығыс көтерілді, ал топтың өзге мүшелері тасқалдықтар мен артефактілер іздеуге тарап кетті. Мен Бубе Адаму есімді нигерлік археологтің соңынан құрғақ көл табанына беттедім. Өзгелер көрмегенді байқап қоятын ол қырағы сүйек іздеуші ретінде белгілі.
Адаму құмның қатты табанын баяу әрі бірқалыпты қарап келеді. Күн арқамыз-
ды күйдіріп барады. Бірнеше экспедиция мен қатал табиғат құбылыстарынан кейін мұнда не қалуы мүмкін? Кенет ол саусағын шошайтып, мыңдаған жыл бұрын таяз судағы олжасын көздеген аңшы лақтырған сүңгінің кетілген сүйек ұшы жатқанын көрсетті.
Түске таман лагерь үстелі олжаға толды. Олардың ішінде сүйектен жасалған бірнеше сүңгі ұшы, үлкен қайрақтас, жебе ұштары, сусиыр мен балық сүйектері, қолтырауынның қабыршақтары бар. Серено қазғысы келген қабір бұрын табылған ер адамдікіндей үлкен тасбақа сауытымен бірге жерленген әйелдікі болып шықты. Олар бір-бірімен байланысты ма? Неліктен тасбақа сауыттары соншалық маңызды? Бұл Гоберо халқының бірегей болмысының белгісі ме? Ақыреттік өмірде қажет болатын зат па? Тағы бір ишара, тағы бір жұмбақ.
Бірақ бізде қаңқаны гипстеп алатын уақыт болмады. Сарбаздар командирі қайтатын уақыт болғанын, қас қарайғанша лагерьге оралу керек екенін айтты. Серено қарсылық білдіргенімен, офицер міз бақпады. Қабір жабылып, көліктер жолға шықты. Шөл даланы кезіп келе жатып, ойым сан-саққа жүгірді: Гобероның әлі қандай құпиялары бар? Оның қаншасы ешқашан ашылмауы мүмкін?
ӨТКЕН ҚЫСТА Серено мені мұражайға лайық ежелгі тіршілік иелерінің қоры бар Чикагодағы зертханасына шақырды. Есікті үңірейген аузына мен сыйып кететіндей үлкен Sarcosuchus бассүйегі күзетіп тұр. Мұнда қауырсынды тероподтар, әлі ресми атауы жоқ сауытты динозавр мен жүк көлігінің қозғалтқышындай болатын Jobaria-ның бассүйегі бар. Мұның бәрі – Серено мен оның әріптестері ашып, сипаттаған жаңалықтар.
Гоберолықтар да осында. Қатарынан тізілген жәшіктерде мыңдаған артефакті мен жануар сүйектері жатыр. 66 жастағы Серено алдағы 15 жыл ішінде барлық материалды, соның ішінде қабір мен динозавр сүйектерін Нигерге кезең-кезеңімен қайтаруды жоспарлап отыр. Осыны мақсат еткен ол Иде және басқа ғалымдармен бірге екі мұражай салумен айналысып жатыр. Ол маған астанада –
Ниамейде салынатын мұражай мен Гобероға ең жақын орналасқан Агадезде салынатын кішірек музейдің архитектуралық жоспарын көрсетті.
Бірақ далалық жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Серено кемінде тағы бір қаңқа жинаудан үмітті. 2022 жылғы экспедицияның соңында Серено мен оның тобы тасбақа сауыты бар әйелді алу үшін Гобероға аз уақытқа оралды. Қазба жұмыстарын жүргізіп жатқанда, сүйек іздеуші Адаму баланың бассүйегін байқап қалады. Сол қабірді қазу барысында «ДНҚ адам» деп атаған басқа қаңқаның аяғына кезікті.
Сереноның айтуынша, орталық Сахарадан ежелгі адамның ДНҚ-сын әлі ешкім алған жоқ. Ал егер үлгі алып, оны қазіргі африкалық популяцияның ДНҚ-сымен салыстыра алсаңыз, бұл Гоберо ұрпақтарының құпиясын ашып, Көкорай Сахара дәуірі аяқталған тұста олардың қайда кеткеніне сәуле түсіріп, Африка тарихындағы келесі эпикалық тараудың басы болуы мүмкін.
Алайда қабірлер тереңде болмағандықтан және мыңдаған жыл бойы шөлдегі шақырайған күн мен ыстықтың әсерінен ДНҚ үлгілері үшін оңтайлы саналатын сүйектердегі коллаген мен тістегі дентин қатты ыдыраған. «Басқаларынан тереңірек қабірді таба алсақ, жарамды үлгі аламыз деп ойладым», –
деді Серено. Жер бетінен шамамен 30 см тереңдікте табылған «ДНҚ адам» жақсы сақталған болуы мүмкін.
Уақыт тапшылығы Сереноның қаңқаларды жинауына тағы кедергі болды. Ол қабірді жауып, бір күні тағы қайтып келеміз деген үмітпен белгі қойды. «Гоберо мені жібергісі келмейді», – деді күліп.
Қазір Нигердегі жағдай одан сайын ушығып кетті. Өткен шілдеде әскери төңкеріс демократиялық жолмен сайланған президентті орнынан тайдырды. Наурызда оның жетекшілері АҚШ әскерилерінен елден кетуді талап етті. Біраз уақытқа дейін Сереноның шөлге оралуы екіталай.
Мен зертханадан көруге келген дүниемді таптым: анасы мен екі баласының мүрдесі. Серено мүрдені бүлдірместен әуелгі қалпында аршып тазартыпты. Ал палеосуретші Тайлер Кэйллор барлық сүйектің құймаларын алып, дәл көшірмесін жасапты. Көрермен айналып өтіп, қабірдің төменгі бөлігін қарап шығуы үшін ол оны тігінен қойыпты. Мұны көргенде, төсекте балаларымызды құшақтап жатқан жан жарым есіме түсті.
Осы жылдар ішінде команда жаңа деректерді анықтады. Үшеуі де б.д.д. 3400 жылы жерленген екен. Қабірге алдымен 25 пен 35 жас аралығындағы әйелді, одан кейін жеті жасар, сосын бес жасар баланы қойып, ұшы мінсіз төрт жебені қоса көмген. Ал сүйектердің астынан табылған тозаң олардың қауырсынды целозия (Celosia argentea) гүлімен бірге жерленгенін көрсетті.
Бұлар анасы мен балалары екеніне ешқандай айғақ жоқ. Бірақ менің қиялым оқиғаны былай толықтырады: оларды кім жерлегенін білу мүмкін емес, бірақ мен бұл оқиғаны күйеу мен әкенің рөлінсіз елесте алмаймын. Оларды жерлеу ғұрпынан махаббат пен ауыр қайғыны көремін. Мен ежелгі адамдармен эмоциялық байланысты алғаш рет сезіндім. Тіпті 5400 жыл уақыт өткеннен кейін де олардың қайғысын сезініп отырмын.
Мынап материалды да оқып көріңіз: Тынымсыз эволюция
Автор: Питер Гуин
Фото: Палоло Верцоне