29Мам

Бір қасық бал маусымдық аллергияның алдын алуы мүмкін бе?

Зерттеу жұмыстары аллергияны үй жағдайында емдеудің тиімсіздігін көрсеткеніне қарамастан, ғалымдардың бір тобы бал заманауи медицинаның құрамына кіре ала ма,  жоқ па, білгісі келеді.

Қытайдың Юньнань провинциясы, Луопин ауданы. Омарташы бал тұнған ұяшықты тексеріп жатыр. Сарапшылардың сөзінше, жергілікті бал микробқа қарсы күшке ие, бірақ шырындағы тозаңның маусымдық аллергиядан құтқара қоюы екіталай.
Фото: Станислас Фотра
, FIGAROPHOTO/REDUX

Маусымдық аллергия кезінде болатын созылмалы жөтел, түшкіру мен мұрын бітуінен әбден зәрезап болған адамдар оны жеңілдететін табиғи бал сияқты дәрмектерді іздегелі көп болды. Дегенмен аллергиктердің көпшілігі бұл тәтті дәмді неге жақтырмайды?

Аралар үйірін қамтамасыз етуге тиіс болған нәрге бай қоректік затты адамдар мыңдаған жылдар бойы жинап келеді. Тәтті қоймалжыңның емдік қасиеттеріне байланысты ежелгі мәдениет оған небір аңыздар мен ғажайыптарды теліп келді. Бүгінде ол тамақтағы ауырсынуды басатын бірден-бір бальзам.

Физикалық ахуалын жақсарту үшін балды пайдаланатын адамдар да жетерлік, көпшілік біріншіден, бал жергілікті флорадан алынатындықтан, аллергияға қарсы иммундық жүйені күшейте түседі деген сенімде.  

Дей тұрғанмен балдың аллергия және өзге де иммундық ауруларға қарсы тұрудағы қасиеті мен күші әлі де анық емес.

«Расында да ара балының маусымдық аллергияда көмектесетіні туралы дәйекті дәлелдер жоқ», — дейді Weill Cornell Medicine балалар  аллергологі және иммунолог Прия Катари. Дегенмен, сапалы сортын сатып алған жағдайда табиғи өнімнің денсаулыққа тигізер шарапатын көруге болады. Бұл үшін мыналарды білген абзал.

Бал және аллергия

Балды маусымдық аурулардың алдын алуға пайдалану иммундық терапия тұжырымынан шыққан болуы мүмкін. Бұл ем-ашара аллергендердің аздаған мөлшерін ұзақ мерзімге енгізіп, сол арқылы адамның иммундық жүйесінің өз күшімен жеңуін қамтамасыз етеді.

Теориялық тұрғыда бал аллергияны жеңілдетеді деген тұжырым шындыққа жанасады. Маусымдық аллергияны тудыратын тозаңдар ағаштар, шөптер мен астықтан жел арқылы тарайды, ал гүл тозаңын жинаған бал арасы ауада аллергендерді қалыптастыруға әсер етпейді. Катаридың айтуынша, осы айырмашылықтарына байланысты балдағы тозаңды әлдеқайда толерантты деуге болады.

Көптеген заманауи ғылыми консенсустар тұжырымы бал аллергиялық реакцияларға қарсы күресе алады деп түбегейлі шешім шығарған жоқ және жеткілікті зерттеулер де жасалмады. Сондай-ақ бір күн ішінде қанша бал жеуге болады деген сұрақ та жауапсыз, себебі, бір порция балда тозаң мөлшері әржолы әрқалай болуы мүмкін. Бұл тіпті бал аллергияға қарсы әсер еткен күннің өзінде жалпы өндірістегі өнім жергілікті аумақтағы аллергендердің түріне сай келмеуі мүмкін дегенді білдіреді.

Дегенмен аллергияға ем іздегендер рецептсіз және дәрігердің рұқсатынсыз жіберілетін дәрілер іздесе, бәлкім ауру симптомдарын баса алуы мүмкін.

«Адамдар шынымен де табиғи дәрі-дәрмек табуға зәру, бірақ мен біз аллергияны емдеуге жазып беретін дәрмектер қауіпсіз екенін және балаларға дейін жақсы көтеретінін көпшілікке жеткізгім келеді, – дейді ол. – Кейбір жағдайда  табиғи өнімдер біз ұсынатын ем-шараларға қарағанда әлдеқайда қауіпті және тиімсіз болуы мүмкін».

Мәселен, 1 жасқа толмаған балаларға бал беруге болмайды, себебі оның құрамында балаларда болатын ботулизмді қоздырушы Clostridium бактериялары болуы мүмкін. Катари бұдан басқа табиғи қоспалар, мәселен, гинкго немесе куркума қан кету қаупін тудырады дейді.

Балдың ашылмаған қасиеттері

Аллергияның әсерін жеңілдету үшін балдың табиғи түрін пайдалануға асықпаңыз, себебі қазіргі таңда оны заманауи медицинаға енгізуге сұраныс артып келеді.

Балдың емдік қасиеттерін зерттеп жүрген Сан-Антониодағы Техас  университетінің доценті Ферхат Өзтүріктің айтуынша, ол тек тағам емес,  қоректік фармацевтикалық агент.

«Бал мыңдаған жыл бойы тамаша ем түрі болды, – дейді ол. – Алайда антибиотиктер мен басқа да заманауи дәрілердің пайда болуы оны ығыстырып, адамдар ондаған жыл бойы балды қолданудан  бас тартып келді».

Балды жағу арқылы күйікті емдеуге, жараның жазылуын жеделдетуге болады және химиотерапия алып жүрген онкологиялық диагнозы бар науқастар ауыздағы ауырсынуды басу үшін қолданады деген дерек бар.

Ал ішке қабылдау кезінде диарея, ішқатуы мен бүруі сынды асқазан-ішек симптомдарын жеңілдететін қасиеті бар. Осындай терапиялық ем-шараларға қолданылуы есебінен зерттеушілер омарта шаруашылығы өнімінің басқа түрлерін де зерттеп көрмекке ниеттеніп отыр. Нақты айтқанда, бал арасының аналық сүт, прополис, ара балауызы сынды түрлеріне түрлі клиникалық сынақтар жасау жоспарланған.  

Өзтүріктің айтуынша, балдың емдік әсерінің басым бөлігі оның микробқа және оксидантқа қарсы қасиетімен тығыз байланысты. Бал аралары өсімдіктердің шырынын жинаған кезде олар өсімдіктер патогендерден қорғану үшін бөлетін фенол шайыры, флавоноидтар және иілік заттектер сынды химиялық заттарды да сіңіріп алады. Ал олар адам ағзасына жасартатын, қатерлі ісіктің алдын алатын және қабынуға қарсы әсер беретінімен белгілі.

«Бал біздің ағзамыздың табиғи жолмен, өз күшін пайдалану арқылы күресуіне көмектеседі», – дейді Озтүрік. Өсімдіктердің диабет, қатерлі ісік және жүрек-қан тамырлары ауруларын қоса алғанда бірқатар созылмалы ауруларды басуына себепкер болатын дәл осы химиялық заттар.

Сөйте тұра нарықтағы балдардың барлығы бірдей емес. «Даладағы омартада жиналған балдың құрамында болатын микробқа қарсы күш дүкендегі балға қарағанда бес есеге артық», – дейді ол.

Атап айтқанда, жаңа зеландиялық Манука балы антиамикробты бал агенттері арасында ең мықтысы саналады, дейді Корнель университеті энтомология кафедрасының доценті Скотт МакАрт. Бұл осы өнімнің құрамында алкалоидтардың, соның ішінде метилглиоксальдың (MGO) көптігінен. Соның есебінен медициналық көрсетілімдегі озық емдік зат бола алады.

Балдың осы бір қымбат түрін көпшілік оның денсаулыққа пайдасы да көп деген сеніммен пайдаланады. Дегенмен «құрамындағы MGO мөлшері жоғары болып келетін манука балының адам денсаулығына пайдасы мен жараларды емдеудегі тиімділігі қазіргі таңда ғылыми тұрғыда жеткілікті дәйектелген жоқ», – дейді МакАрт.

Балдың емдік қасиетін әсірелеп, оны панецея есебінде көретін адамдар әлі баршылық. Соған қарағанда денсаулыққа тигізетін пайдасы туралы түрлі долбар ешқашан жойылмайды.

Дегенмен ауырып қалған күндері балмен сақайып аламын деп санасаңыз, онда жергілікті омарташылар жинаған балды пайдаланыңыз дейді Өзтүрік. Осылайша, оның шипасын көріп қана қоймай, табиғаттағы ең еңбекқор жаратылыс иелері туралы көбірек біле түсесіз.

«Бал – мыңдаған жыл бойы жер бетіндегі өркениетке тек пайдасын тигізіп келді, – дейді Өзтүрік. – Сондықтан ол туралы әлі де зерттей беру керек».

Автор: Татьяна Вудалл