21Май

Әйел денсаулығы: соңғы зерттеулердің айтары көп

Сіз әйел болсаңыз, әсіресе, ақ нәсілді болмасаңыз (әңгіме АҚШ туралы болып отыр – ред.), дәрігерден көңіліңіз қалуы мүмкін. Мұның себебі – көбіне әйелдерге эндометриоз, шизофрения, назар тапшылығы және гипербелсенділік секілді диагноздар қойылмайды. Америка Құрама Штаттарында қара нәсілді әйелдер жүктілік кезіндегі асқынулардан ақ нәсілді немесе хиспаник әйелдерге қарағанда үш есе жиі көз жұмады. Ал ғалымдар әйелдердің бала емізгенде неліктен қиындықтарға ұшырайтынын әлі күнге түсіне алар емес.

Денсаулық сақтау саласындағы зерттеулер әйелдерді, әсіресе, ақ нәсілге жатпайтын әйелдерді ескере бермейтін. Жаңа зерттеулер назар тапшылығы мен гипербелсенділік синдромынан бастап, аналар өлімінің негізгі себептеріне дейінгі ауруларды емдеуге және нақты диагностика жасауға мүмкіндік беретін биологиялық жаңалықтарға жол ашты.

ФОТО: СТИГУР МАР КАРЛССОН, HEIMSMYNDIR/GETTY IMAGES

Мұның ешбірі жаңалық емес. Әйелдердің денсаулық мәселелері көбіне еленбейтінін әрі азырақ зерттелетінін бұрыннан білеміз. Бірақ қазір бір жақсысы, зерттеушілер бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысып жатыр. Олардың зерттеулері менструациядан бастап климаксқа дейінгі жағдайларда нақты диагноз қоюға және мақсатты емдеуге мүмкіндік беретін жаңалықтар ашып жатыр.

Сол жетістіктердің бірнешеуіне тоқталып өтейік.

  1. Әйелдер мен қыздарда зейін қоя алмау және гипербелсенділік синдромының белгілері өзгеше болады

Ғалымдар ұзақ уақыт бойы зейін қоя алмау және гипербелсенділік синдромын «тек ерлерге тән бұзылыс» деп санап келді деп жазады Кейлин Линч 2024 жылғы қаңтарда жарияланған мақаласында. Ол әйелдерге осы диагнозды қою 2020–2022 жылдары екі есе артқанын айтады.

Мұндай үлкен өзгерістің себебі неде? Сарапшылар мұның әйелдер мен қыздарда жиі кездесетінін айтады. Әдетте бұл диагноз гипербелсенділікпен байланыстырылатынына қарамастан, оның зейінсіз түрі де болады. Кейлин синдромның мұндай түрі «жинақы болмаумен, ұмытшақтықпен және міндеттерді бастау және орындаудағы қиындықтармен сипатталады» дейді.

Қыздар мен әйелдер осы синдромның зейінсіз түріне бейім келеді әрі оның белгілері байқалған күннің өзінде эмоциялық немесе оқудағы қиындықтар ретінде қабылданады.

«Оларды көбіне аспанда қалқып жүретін арманшылдар ретінде қабылдайды, – дейді Дьюк университеті жанындағы Әйелдер мен қыздардың назар тапшылығы мен гипербелсенділік синдромын зерттеу орталығы директорының бірі Джулия Шехтер. – Мұндай белгілердің кері әсері де бар, бірақ байқалмай қалуы да кәдік». Кейлин мұның салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтады.

  • Менструация циклі миыңызды өзгерте алады

Ми белсенділігі туралы зерттеулердің 0,5 пайызына ғана әйелдер қатысады әрі бұл үлкен проблема деп жазады Санджай Мишра 2024 жылы ақпанда жарияланған мақалада. Дәл осы теңсіздік кесірінен біз менструацияның миды қалай өзгертетінін енді түсіне бастадық.

Иә, дәл солай! Менструация миды өзгерте алады. Санджайдың айтуынша, жаңа зерттеулер әйелдердің ай сайынғы циклі мидың эмоцияны, есте сақтау қабілетін және іс-әрекеттерді бақылайтын аумақтарын түбегейлі өзгерте алатынын көрсеткен.

Бұл зерттеулер осы өзгерістердің етеккір кезінде кей әйелдерде болатын эмоциялық тұрақсыздыққа байланысты екеніне дәлел бола алмайтынын айта кету маңызды. Бірақ сарапшылар бұл Альцгеймер мен торығу ауруларының дамуына бейім әйелдерді нейроғылыми зерттеулерге көптеп қатыстыру қажет екенін көрсетеді дейді.

«Миды әйелдер денсаулығын зерттеудегі негізгі бағытқа айналдыру керек», – деді Германияның Лейпциг қаласында орналасқан Макс Планк қоғамының Адам санасы және нейробиология ғылымы институтының нейробиологі, психиатр Джулия Сахер.

  • Таңертең жүрек айну жеңіл сырқат емес

Жүкті әйелдердің көбінің таңертең жүрегі айниды. Ештеңе етпейді, солай емес пе? Бірақ бұл ұғым жүкті әйелдердің гиперемезисі (HG) деп аталатын ауыр жағдайды емдеуге кедергі келтіруі мүмкін. 2024 жылғы қаңтарда Сэм Джонс жазғандай, бұл жағдай жүкті әйелдердің 2 пайызында болады және «өмірге қауіп төнетіндей үнемі жүрек айнып, құсады» деп сипатталады.

Симптомдар адамның діңкесін құртатын болса да, дәрігерлер мен зерттеушілер Сэмге әріптестерінің осы ауруды «долылық» ретінде қабылдап, жоққа шығаратын кездері болатынын айтқан. Сондықтан, оны емдеу амалдарын зерттеу дұрыс қаржыландырылмағаны таңғалдырмайды.

Десе де, мұндай зерттеулер ақырындап жүргізіліп жатыр. Кейінгі жылдары зерттеулер әйелдердің гиперемезисіне байланысты нақты гормонды тауып, дәл сол гормон осы жағдайға әкелетінін анықтаған. Дәрігерлер оларды қалай тағайындау қажет екенін білсе, бұл жаңалықтар емдеудің жаңа әдістерін табуға көмектесуі мүмкін.

  • Босану кезінде көп адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін құралдар табылды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде күніне 800-дей адам жүктілік пен босану кезіндегі асқынулардан көз жұмады. АҚШ-та, әсіресе, қаранәсілді әйелдер арасында ана өлімі көбейіп келеді. Бірақ алдыңғы қатарлы зерттеулер ана өлімінің преэклампсия, анемия және сепсис сияқты негізгі себептерінің алдын алу мүмкіндіктерін ұсынуы үміт сыйлап отыр.

Рэйчел Фэрбенк 2023 жылғы шілдеде хабарлағандай, АҚШ тамақ өнімдері және медикаменттер сапасын санитариялық бақылау басқармасы қандай пациенттерде преэклампсия даму қаупі бар екенін болжауға болатын алғашқы қан талдауын мақұлдады. Преэклампсия кезінде жоғары қан қысымы қан айналымын шектейтіні сонша, бұл органдар жұмысын тоқтатып, өлімге әкелуі мүмкін. Преэклампсияны анықтау қиын, себебі бұл жүктілік кезінде жиі болатын басқа ауруларға ұқсайды. Сондықтан жаңа тест жағдайды расымен өзгертуге көмектесуі мүмкін деп жазады Рэйчел.

Зерттеушілер босану кезінде қатты қан кету салдарынан болуы мүмкін қан тапшылығының  да қарапайым шешімін тапты: ағзаға дәрі тамызғыш арқылы темір енгізу. Әдетте бұл жағдайда құрамында темір бар қоспалар тағайындалғанымен, зерттеулер көрсеткендей, дәрі тамызғышпен 15 минут темір қабылдау төрт апта бойы күніне төрт таблетка ішкенмен тең.

Дәрігерлер бұрыннан кесар тілігін жасау кезінде сепсиске әкелуі мүмкін инфекциялар қаупін төмендету үшін азитромицин антибиотигін тағайындайды. Бірақ жақында жүргізілген клиникалық зерттеулер табиғи босану кезінде препараттың бір дозасын беру босанғаннан кейінгі сепсис жұқтыру қаупінің (үштен бір жағдайда) алдын алатынын анықтады.

  • Иық сіресуі синдромы өтірік емес

Иық сіресуі синдромы – иықтағы байланыстырушы талшықтар қабынып, қозғалтпай қалуы. Жылдар бойына жалғасуы мүмкін ауыр жағдай әлі толық зерттелмеген, бәлкім, мұның себебі одан зардап шегетіндердің төрттен үші әйелдер болғаннан шығар, деп жазды Ерин Блэйкәмор 2023 жылғы қарашада жарияланған мақалада.

Бұған әсер ететін фактор климакс болуы мүмкін. Ериннің хабарлауынша, ғалымдар климакс кезінде әйелдердің елу пайызға жуығында болатын буын ауырсынуына эстроген деңгейінің азаюы қалай ықпал ететінін зерттеп жатыр. Жуырда жүргізілген бір зерттеу эстроген деңгейін арттыру үшін гормонды терапиядан өтіп жүрген адамдарда иық сіресуі синдромысирек анықталатынын көрсетті.

Ерин зерттеулер енді басталғанын ескертеді. «Бірақ бұл зерттеушілер бұрын бас сұға бермеген салаға енудің алғашқы амалы. Әрі климаксқа жақындап қалған (немесе соған жеткен) адамдар үшін бұл тым ерте болмауы мүмкін».

  • Ысынып-суынудан емдейтін дәрі табылайын деп қалған сияқты

Зерттеушілер климакс кезінде эстроген деңгейінің төмендеуі ысынып-суынуға әсер ететінін анықтағанын ерекше құбылыс деуге болады деп жазды Мэрил Дэвидс Ландо 2022 жылғы желтоқсанда жарияланған мақалада.

«Терлеу, жүрек соғысының жиілеуі, бас айналу, шаршау және/немесе үрей» секілді белгілер әйелдердің 80 пайызында байқалады деп жазады ол. Әсіресе қара нәсілді және байырғы америкалықтарда ерекше байқалатын ысынып-суыну күніне бірнеше рет болып, орташа есеппен төрт жылға созылуы мүмкін.

Жиналған зерттеулер эстроген деңгейінің төмендеуі аралық ми бөліміндегі дене температурасын реттейтін нейрондар шоғырына ықпал етіп, дене қызуының тұрақсыздануына әкелетінін көрсетті. Қазір компаниялар осы нейрондарды тежейтін және ысынып-суынуды тоқтататын препараттарды сынап жатыр.

Мұндай дәрілік препараттардың дамуын бұрыннан күттік дейді Солтүстік Каролина университеті медицина мектебінің акушерия және гинекология кафедрасының меңгерушісі Мэрилу Геневьев Нил Перри. Орта жасқа жеткен әйелдердің бәрінде дерлік ысынып-суыну болатындықтан, кейінгі он жылға дейін ысынып-суынудың биологиясын түсінбей келгеніміз таң қалдырмай қоймайды» дейді ол.

Автор: Эми Маккивер