Сүңгуірдің құл тасушы кемелерде жоғалғандардың тағдыр тәлкегін зерттеуі қасіретті дәуірдің адами қырын ашып, өз тегінің терең тарихына бойлай түсуіне көмектеседі.
Diving With a Purpose (DWP) ұйымының сүңгуірлік жөніндегі жетекші нұсқаушысы Джей Хэйглер АҚШ Виржин аралдарының Сент-Джон жағалауында Корал шығанағындағы балласт тастың біреуін ұстап көруде. Бұл тастар құл тасушы кемелерді анықтауда маңызды рөл атқарды. Олар кеменің жүк бөлігіндегі тұтқындардың салмағын теңгерімде ұстауға пайдаланылған. ФОТО: ДЭВИД ДУБИЛЕТ
Су денемді тоңазытып барады. Қалдықтарды аралап жүрмін. Мүлгіген дүние, тұла бойымды тыныштық, ризашылық, үйге оралу сезімі кернеді.
Менімен бірге су астына түсіңіз, соншалық терең емес, бәлкім бес метрдей бар шығар. Онда екі-екіден бөлінген 30-ға жуық дайверді көресіз. Олар Флориданың Ки-Ларго жағалауындағы қарқынды ағысқа қарамастан бір қалыппен сүңгіп, маржантастармен оюланған жәдігерлердің суретін сызып, өлшемдерін алуда. Мен өмірімде алғаш рет күйреген кеме қалдықтарының картасын жасауға көмектесіп жүрмін.
Дайверлердің дені афро-америкалықтар. Біз су асты археологиясын қорғаушылар ретінде жаттығып, зерттеу экспедицияларына қосылуға және әлем бойынша табылған құл тасушы кемелердің – Оңтүстік Африкадағы São José Paquete d’Africa, Коста-Рикадағы Fredericus Quartus, Christianus Quintus және АҚШ-тағы Clotilda сияқты – қалдықтарын құжаттауға керекті машықтарды игеріп жүрміз. 16-19 ғасырлардағы трансатланттық құл саудасында шамамен 12,5 миллион африкалық осындай кемелерге еркінен тыс мінгізілді. Клемсон университетінің профессоры, Трансатланттық құл саудасы жөніндегі дерекқор кеңесшісі Нафис Хан осылай дейді.
«Кемінде 36 000 рейс жасалды, – дейді ол. – Мың немесе сол шамада кеме батып кеткен болуы мүмкін».
Diving With a Purpose (Мақсатты сүңгу) – су астында көмілген тарихи-мәдени жәдігерлерді табу және сақтау үшін дайверлерді жаттықтыратын топ. Іргетасы қаланған 2003 жылдан бері DWP ұйымы осындай кемелерді іздеу және құжаттауда археологтар мен тарихшыларға көмектесу үшін шамамен 500 дайверді оқытты. Ұйым мақсаты – қара нәсілділерге, әсіресе олардың өз тарихын танып, өз оқиғаларын айта білулеріне көмектесу.
«Құл тасыған кемеге афро-америкалықтың сүңгуі мен мұны басқа біреудің істеуінің үлкен айырмашылығы бар», – дейді аты аңызға айналған дайвер Альберт Хосе Джонс. Ол – Қара нәсілді аквалангистер ассоциациясының қосалқы құрылтайшысы және DWP басқару кеңесінің мүшесі. «Су астына сүңгіген сайын әр жолы негізінен екі нәрсені ұғынасыз: біріншісі – бұл кемеде менің де ата-бабаларым болған шығар деген ой. Екіншісі – өз тарихыңның бар екенін сезіну. Тарих АҚШ жағалауынан басталмайды. Оның бастауы құлдық емес. Ол Африкадан – уақыттың, өркениеттің бастауынан басталады».
Вашингтон К.А. қаласындағы Афро-америкалық ұлттық тарих және мәдениет музейі DWP ұйымының «Құл қалдықтары» жобасы аясындағы жұмысын паш етеді. Аталған жобада зерттеу топтары құл тасушы кемелердің қалдықтарын тауып, құжаттайды және құл саудасы туралы анағұрлым инклюзивтік тарихты әңгімелейді.
«Diving With a Purpose мүшелері сүңгу машықтарын пайдаланып, су астына көмілген тарихты ашуға көмектесуде, – дейді музейдің құрылтайшы директоры және Смитсон институтының хатшысы Үшінші Лонни Банч. – Біз құлдық туралы көп нәрсе білеміз. Бірақ білмейтініміз де әлі аз емес. Мен соңғы меже су астындағы дүние деп айтар едім».
Су асты. Мына тереңдікте. Бір күнгі жұмыстан кейін үйді бетке алған кеме үстінде ескен мұхит самалы мен теңіз суы әлдебір сиқырлы сезімдер тудырады. Қасыңдағылардың шаршаған жүздеріне қарап, мұғалім, мемлекеттік қызметкер, инженер, студенттерден құралған осы қарапайым адамдардың сүңгуді ұнататындықтан және осы істің маңыздылығына сенгендіктен қат-қабат шаруасына қарамастан ерікті ретінде үлес қосып жүргеніне жаның тебіренеді.
Кері қайтар жолда жетекші нұсқаушы Джей Хейглердің жаңғырған даусы мен ерекше қарқылдаған күлкісін ести аласыз, көздеріндегі жалынды және ұйқыға кетер алдында жаймен ғана «өмірімнің мәні осы» деген кездегі әсер етпей қоймайтын көңіл-күйін байқай аласыз.
Бұл сізді де еліктіруі мүмкін.
Сторителлер және дайвер Тара Робертс Атлант мұхитында батқан мыңдаған құл тасушы кеменің кейбірін құжаттауға көмектесуде. Ол қара нәсілділердің дауысын жоғарылататын инклюзивтік әдіспен DWP оқиғасын және әлемдік құл саудасының күрделі тарихын баяндау мақсатында жұмыс істеп жүр.
Бәлкім, бастаулардың басынан – мына жағалаудан ана жағалауға жасалған сапарлардың басынан және кемелердің ішінен бастау арқылы аз айтылған тарихтың, теңіз түбіне батқан оқиғалардың сырын ашармыз. Біз өткенге тағзым етіп, бір-бірімізге деген парызды жақсырақ түсінуге көмектесетін көптен жоғалған тарих жібін сабақтауды бастай аламыз. Қандай қоғамбыз және осы жағдайға қалай келдік деген оймен жүйемізді өзгерте аламыз.
Теңіз кешкендермен тамырымыз тереңде жалғанған. Осы жолда опат болған 1,8 миллион әруақпен байланыстымыз. Атлант мұхиты ұмыт болған адамдарға толы, мұнда есімдері ешқашан мәлім болмайтын жандардың рухтары құжынап жүр. Бұл әруақтар ешқашан аталмаған, артынан ешкім аза тұтпаған. Арманшылдар, суретшілер, ойшылдар, ғалымдар, фермерлер. Олар трюмге тиелген жүк не зат, бет-жүзі беймәлім статистика емес, құлдық құрығы байланған адам деген түсініктен жоғары.
Олардың ақысын қайтаратын күн де алыс емес. Оқиғаларын су түбінен шығаратын, махаббатпен, армен, құрметпен толықтай баяндайтын уақыт келді. Тым көпке созылған жараны емдейтін күн ақыры туды. Бұл – арман. Бұл – уәде. Бұл – DWP ұйымы қолға алған осы жұмыстың, осы су әлемінің қайта тірілу мүмкіндігі.
«Бұл кемелер опат болғандарды құрметтеуімізге мүмкіндік береді – дейді Банч. – Осындай жерлерді тауып, осы кемелерге сүңгіген сайын, бұл туралы көбірек ізденген сайын есімдері ешқашан мәлім болмайтын құрбандарды жоғалды деп айта алмаймыз. Олар есте сақталмақ».
Алайда бұл жолда бір ақиқат-кедергі бар: батып кеткен кемелерді табу қиын екені баршаға мәлім. Сол кездегі кемелер негізінен ағаштан жасалғандықтан, уақыт өте ыдырап, теңіз суына сіңіп кете барды. Бүгінгі іздеушілер лай судан табиғи емес, қолдан жасалған материалдарды табу үшін магнитометр және шолушы гидролокатор тәріздес құрал-жабдықтарды пайдаланады. Бұл жұмыстар қолайсыз жағдайларда және мазасын алуға болмайтын қайнаған теңіз тіршілігінің ортасында атқарылуы мүмкін.
«Егер бір жерге килігер болсаңыз, оны ешкім тиіспеген бұрынғы қалпына келтіре алмайсыз, – дейді Қара нәсілді археологтар қоғамының қосалқы құрылтайшысы және DWP ұйымының нұсқаушысы Аяна Флеуеллен. – Сондықтан біз құжатқа түсіретін дүниеге шын ықыласымызбен кірісеміз және батқан кеме немесе мұхиттағы тіршілік иелерін мазаламауға кепілдік беру үшін айналамыздағы қоршаған орта туралы жақсы хабардармыз».
Мұхиттың құмдақ табаны өздігінен жабылып-ашылып отырады. Бүгін көзге іліккен нәрсе ертеңінде ғайып болады. Тарихшылар мен археологтар бас қосқан тиісті деңгейдегі экспедиция жылдарға созылуы мүмкін. Алайда ізденіске керегінше уақыт арнау маңызды.
«Біздің бірдей екенімізді өткеніміз де айғақтайды, – дейді Калинда Ли. Ол Атлантадағы азаматтық және адам құқығы жөніндегі ұлттық орталықта бағдарламалар мен көрмелер жетекшісі болып істейді. – Өткен шақ керекті контекстпен қамтамасыз етеді… және нәсілдің біз үшін не білдіретіні, не білдіргені бойынша әділ боламыз десек, осы іспен айналысуымыз керек».
DWP туралы Афро-америкалық ұлттық тарих және мәдениет музейінде көрген қара нәсілді дайвер әйелдер бейнеленген фотосуреттен білдім. Бұл фотода сондай-ақ жиырма жылдай уақыт бұрын ұйымның қызметін бастаған визионер Кен Стьюарт та бар еді. Ол Флорида-Кис архипелагындағы Бискейн ұлттық паркінде жалғыз археолог Бренда Ланзендорфты кезіктіреді. Ланзендорфке 1827 жылы су астына кеткен Guerrero испандық құл тасушы кеменің қалдықтарын табу үшін дайверлер керек екен. Ұлттық қара нәсілді аквалангистер ассоциациясының оңтүстік өңір өкілі ретінде Стьюарттың көптеген дайверлермен байланысы бар-тұғын. Стьюарт солардың бірнешеуін жинайды. Олар кеме батқан жерлерді картаға түсіруді үйренеді. Стьюарт топтың су астына зерттеу мақсатымен сүңгитін уақыты келгенін мәлімдейді. Сол уақыттан бері DWP суға батқан 18 кемені құжатқа түсіріп, алты елде 18 000 сағаттан аса жұмыс істеген.
Стьюарт аяғын жылдам басатын Нью-Йорк тұрғыны секілді ырғақта жүреді. Оның келбеті күйлі, тұз-бұрыш түстес сақал-мұрты барынша ұқыпты қойылған, дауысы махаббат әнін шырқайтындай тембрмен жоғары-төмен еліктіре шығады. Ол мені осы саяхатқа шақырған және оның барысында дем беріп келе жатқан бұлбұл құсым сияқты.
Қатарларына қосылуға шақырған кезде «иә» деп кесімді жауап бергенімде жүрегімнің ытқып кетердей болғаны есімде. Осы жауап қуатты толқын тудырып, ақыр соңында өмірімді тап-таза етіп сүртіп тастады. Кейіннен саяхаттау және DWP оқу бағдарламасына қатысатын қажетті дайверлерді іске тарту үшін коммуникациялар жөніндегі директор лауазымынан, Уашингтон К.А. қаласындағы пәтерімнен бас тартып, шағын банк шотымдағы қаражатты шығарып алдым.
DWP қатарына қосылуымның бір себебі қызық іздеуімде еді. Әлемдегі сүңгу орындары. Өзімді физикалық тұрғыда ынталандыру. Соңғы жылдарда өзімді жоғалтып алғандай сезімде жүргенім де рас. Бейнебір ешкімге тиесілі емеспін, тұрмыс құрмағанмын, балаларым да жоқ және жақын достарымның арасында соңғы 15 жыл ішінде үш елде, сегіз қалада, үш құрлықта 10 түрлі мекенжайда тұрған мен ғана едім. Журналдар мен жаңалық сайттары үшін репортаж таратып, әлемді шарлап жүрген әңгіме баяндаушы – сторителлер ретінде өзімді әлем азаматынан бөлек желмен ұшқан жапырақтай сезіндім. Тамырсыз. Қазықсыз.
Мен сапарға дайындала отырып, бір өзекті сұрағыма жауап табудан үміт еттім: жоғалған құл саудасының тарихын табу, ол туралы айту менің өзіме қара нәсілді америкалық әйел ретінде қай жаққа, кімге тиесілі екенімді анықтауға қалай көмектесе алады?
DWP жетекші нұсқаушысы Камау Садики (сол жақта) 20-дан астам су асты зерттеу жобасына қатысқан. Ол Оңтүстік Африкада São José Paquete d’Africa және Алабама штатының Мобил қаласы маңайында Clotilda құл тасушы кемелерін анықтауға көмектескен. Лос-Анжелестегі Калифорния университетінің археология бойынша докторантура тәлімгері Джуэлл Хамфри бірінші сүңгу сапарына бара жатыр. Ол батқан құл тасушы кемелерді іздейтін, афро-америкалық тарихты құжаттайтын жаңа буын өкілі. Профессор атануға дайындалып жүрген Хамфри университет ұстаздарының 3 пайызын құрайтын қара нәсілді әйел көшбасшылардың қатарын арттырғысы келеді.
МОЗАМБИК ЖӘНЕ ОҢТ. АФРИКА: АФФИРМАЦИЯ
Сапарым ұзындығы үш шақырым, ені 500 метрдей, Мозамбиктің солтүстігіндегі Ilha de Moçambique (Мозамбик аралы) аралынан басталды. Бұл арал 16-19 ғасырлар арасында португалиялық Шығыс Африканың отаршылар астанасы болған. Португалиялық отарлаушылар уақыт өте оны құл саудасы орталығына айналдырған; жүз мыңдаған африкалық осы порттан жөнелтілген.
DWP ұйымы мен Афро-америкалық тарих және мәдениет музейі ұйымдас- тырған Slave Wrecks (Құл кемелерінің батуы) жобасы шақыртуымен келдім. Жобаға Джордж Уашингтон университеті, Оңтүстік Африканың Изико музейлері, АҚШ Ұлттық парктер қызметі, DWP және тағы да басқа ұйымдар атсалысты.
Аралда түрлі-түсті бояулар көп: ғимараттар отаршылық стильде қызыл, алқызыл, көк түстерге боялған. Суға сүңгімейтін күндері көшелерді аралап, топырақ төселген жолдармен жүремін. Мен matapa de siri siri тағамын жеймін, бұл – көпсітілген шпинат тәріздес теңіз балдырлары, кешью және кокос сүтінен жасалған рагу. Кетіп бара жатқанда күлімдеген доспейіл жүздерден Tudo bem – «жағдайың қалай» деген сөзді естимін.
Сондай-ақ, батып кеткен São José Paquete-d’Africa кемесі туралы әңгімелерді де естимін. Португалиялық бұл кеме 1794 жылы Лиссабоннан Мозамбикке жолға шыққан.
Құл саудалаушылар көпшілігі Макуа этникалық тобына жататын 500-ден астам адамды кеменің жүк бөлігіне тиеген. Бразилияны бетке алған кеме 27 желтоқсанда таңертең Оңтүстік Африкадағы Кейптаун жартастарында тағдырымен жолығады. Тұтқын африкалықтардың екі жүз он екісі өлтіріліп, аман қалғандары құлдыққа сатылады.
Slave Wrecks жобасы 2008 жылдан бері São José және басқа да батып кеткен кемелерді табу миссиясын атқарып келеді. Дәйектер айналып келгенде Кейптаун шетіндегі Клифтон округіне сілтеді.
«Біз батқан кеме мен Клифтон туралы білдік, өйткені қазына іздеушілер сексенінші жылдары оны голландтық кеме деп таныған» – дейді Изико музейлерінің қызметкері, Slave Wrecks жобасының жетекші археологы және қосалқы құрылтайшысы Джако Бошофф. Бірақ ол: «Бұл қате анықтама шығар, өзіміз барып көрелік», – деп ойлайды.
DWP іздеу жұмыстарына көмектесуге дайверлерін ұсынды. Кен Стьюарт менің хабаршым болса, Камау Садики жолкөрсетушім, сенсейім еді. Ол менің әрі нұсқаушым әрі сүңгудегі серіктесім болды. Садики 20-дан астам миссияда болған. Ол 2013 жылы Кейптаунға барып, São José кемесінің қалдық жәдігерлерін табу және оларды ұстап көру үшін мына дүлей ағынды суға сүңгудің қаншалықты маңызды болғанын әңгімеледі.
«Бейнебір айқайлаған, шыңғырған, ауырсынған дауыстарды естіп, кемеде кісендеулі күйде жанталаса батып, теңізге жұтылып бара жатқандайсыз, – дейді ол, – білесіз бе, суға сүңгігенде біз маска киеміз және кейде ол терлеп кетеді, ал менікі көз жасына толады».
Зақым. Дәл осыдан қорыққанмын. Бірақ оқиға кенет өзгеріп, күтпеген, жан тебірентер күйге енді.
São José кемесін идентификациялап, оның жүк бөлігінде тұтқында болғандардың кейбірі макуа болғанын анықтағаннан кейін, құрамында Банч пен Садики бар топ осы жаңалықты жеткізу үшін Мозамбик аралына қарсы беттегі макуа этникалық тобының ұрпақтары тұратын Моссирил ауылына кері қайтты.
Ән шырқау, би билеу және сөз сөйлеу рәсімінен кейін сол жердегі ең жоғары мәртебелі макуа – тайпа көсемі Эвано Нхогаче жіті нұсқауымен Банчке бақалшықтан жасалған арнайы түтіктегі арал құмын сыйға тартты.
«Ол ата-бабалары менен Оңтүстік Африкаға оралғанымда… осы құмды күйреген кеменің жанына себе ала ма деп сұрап жатқанын айтты. Осылайша олар 1794 жылдан бері алғаш рет өз жерінде ұйықтай алатын болады», – дейді Банч.
Алабама штатындағы Мобил өзенінің мына сағасында «Клотилда» кемесінің қалдықтары жатыр. Ол 1860 жылы АҚШ-қа тұтқын африкалықтарды әкелген құл тасушы кемелердің соңғысы саналады. Кеме капитаны кемені өртеп жіберуге тырысты, өйткені 1808 жылдан бастап құлдыққа салынған адамдарды әкелуге тыйым салынған болатын.
«Мен байсалдылығымды жоғалтып алдым, – деп жалғастырды Банч сол сәтті еске ала отырып, басын шайқай, – көзімнен жас төгілді… Ойыма қарама-қайшылықтар, айналамды қоршаған әсемдік және өзімнің тарихшы екенім келді, тірі адамдар осыны сезініп, осылай ойлайды».
Зерттеу тобы тайпа көсемі Нхогаченің өтінішін орындау үшін Оңтүстік Африкаға оралды. Күн жаңбырлы, боранды, жабырқаулы еді. 2015 жылдың 2 маусымы болатын. Шамамен 30 адамдай жиналды. Садики мен тағы екі дайвер суға түсіп, әрқайсысы каури-бақалшық түтігінен келген топырақтарын төкті.
«Біз біраз тұрдық. Бір-бірімізбен құшақтасып, толқын ұрып, суға малынған кездің бір сыры бар деп ойлаймын, – дейді Садики, – мен мүлде сөйлей алмадым. Үшеуміздің де көзімізден жас сорғалады».
Кеме батқан жерді өз көзіммен көру үшін Кейптаунға келгенмін. Пальма ағаштары, төселген тротуарлары және жүгірушілерге толы жағалаудағы аудандарды жалғайтын үш шақырымдық Си-Пойнт жағажайында отырмын. Бұл São José кемесі батқан жерге таяу маң. Күн шуағы төгілген ашық күнде соғылған ашулы толқындарды тыңдап, екі ғасырдан астам уақыт бұрын кеменің мына жартастарға соғылғанын, қараңғылыққа қалай батқанын елестетіп көрем. São José жүк бөлігінде кеме батқан түнде болғандардың не сезінгендерін ойлағанда жүрегім ауырады. Сол апат шынайы энергия түрінде әлі де теңізден ұрып тұрғандай, оны мен де сеземін.
Бірақ бұл жолы мен басқа нәрсе сездім. Емделу. Аяқталу. Не болғанын білгеннен кейінгі бекіну. Осылай үміт пен мүмкіндіктерге ауысамын. Жаңа линза арқылы махаббат көзқарасы тұрғысынан терең жараны емдеп жазу мүмкіндігін, Америка тарихындағы ең жан ауыртар кезеңді интерпретациялау жолын көре бастаймын. Және бұл да бір ашылым сезіміне бөлейді.
«Клотилда» бортында әкелінген африкалықтардың кейбірі құлдық жойылғаннан кейін кемеде аман қалғандар құрған Африкатаундағы Ескі үстірт қорымында жерленген.
КОСТА-РИКА: ұқсастық іздеу.
Коста-Риканың Кариб теңізі жағалауында, Лимон провинциясының бір-бірінен шамамен 13 шақырым қашықта орналасқан Пуэрто-Вьехо-де-Таламанка және Кауита қалаларына бет алдым.
Ол кезде 19 және 18 жаста болған бөлелер Кевин Родригес Браун мен Пит Стефенс және олардың әпкесі Сониа Родригес Браунмен кездестім.
Бұл жігіттер 14 жасынан бастап Centro Comunitario de Buceo Embajadores y Embajadoras del Mar (Теңіз қауымдастығы елшілерінің дайвинг орталығы) коммерциялық емес ұйымында су астында жүзумен айналысқан. Орталық 2014 жылдан бері жергілікті жасөспірімдер мен жастарды аквалангист және азаматтық ғалымдар ретінде дайындап-оқытумен айналысады.
«Бізді демалушы дайверлер деп атайды, алайда біз қайта жасаушымыз, – дейді Теңіз елшілері ұйымының қосалқы құрылтайшысы, журналист Мария Суарез. – Біз сүңгу ісін, Коста-Рика тарихын, балалардың теңізге құрметін жандандырудамыз».
Теңіз елшілері айлақта күйреген болуы ықтимал екі кемені анықтау, құжаттау бойынша қауымдастық талпынысына жетекшілік етеді әрі DWP ұйымымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.
Браундар – Пуэрто-Вьеходағы ең байырғы әулеттердің бірі, олардың арасында түсі бөлек (тіпті бір отбасы ішінде) 200 –ден астам туысы бар. Жуырдағы әңгімелер бойынша бұл жақтағы алғашқы Браун ата айлақтағы құл тасушы кемелердің бірінің жүк бөлігінде келген.
Тарихшылар мен археологтар Кауита ұлттық паркіндегі сулардан табылған кірпіштер, зеңбіректер, зәкірлер, бөтелкелер мен құбырлар даниялық Fredericus Quartus және Christianus Quintus кемелеріне тиесілі екеніне сенімді куәлік ететін дәйектер жинады.
Бұл екі кеме 1708 жылы Даниядан шығып Батыс Африкадан алған 806 тұтқынмен даниялық Батыс Үндістандағы Сент-Томасқа бет түзейді. Алайда тұтқындардың бас көтеруінен сақтану үшін екі конвойға бөлініп келе жатып, ауа-райының нашарлауынан және навигациялық қателер салдарынан бағыттарынан жаңылады. 1710 жылы наурыз айында Кауитадағы айлаққа келіп тоқтайды. Екі кеменің де экипажы бүлік шығарып, теңізшілер кемедегі алтынды өзара бөлісіп алады да Fredericus кемесін өртеп жібереді. 650-дей африкалық жағалауға жеткен соң Christianus кемесін де суға батырады.
Кейіннен шамамен 100 африкалық қайта тұтқынға алынып, қайыра құлдыққа салынады. Бірақ кейбірі тауда жоғалады. Кейбірі жергілікті брибри халқына араласып, бүгінде осы жерлерде тұрып жатқан ұрпақтарын қалдырғанға ұқсайды.
Кевин Родригес Браунның айтуынша, Браундар әулетінің бойында жартылай брибри халқының, жартылай «Афро» (коста-рикалықтар тегі африкалық адамдарды осылай атайды) қаны бар. Бірақ ол кеме батқан жерге сүңгігенге дейін афро қаны 100 пайыз ямайкалықтардан деп ойлайтын, өйткені олардың 1800 жылдардың аяғында теміржол құрылысы үшін Коста-Рикаға иммигрант болып келгенін білетін.
Сония жас дайверлердің су астынан жәдігерлер таба бастауымен бірге өз көкейінде және халық арасында пайда болған сұрақтың өзегі тереңдей түскенін айтады. Оны «Бұл неліктен тарих бетіне түспеген? Не үшін әулетіміз оны бізге айтпаған? Неге қоғам бұл туралы ешқашан жақ ашпайды?» деген сұрақтар мазалайды.
«Мен де өзіме сұрақ қоямын, – деді ол сөзін жалғап, – мен кіммін? Меніңше, бұл әркім өзіне қоя алатын ең әдемі сұрақ» Мен кіммін? Мұндай сұрақтар құлаққа таныс естіледі.
Коста-Риканың солтүстігіне қарай шамамен 3000 шақырымда Мексика шығанағы бойында, Алабама штатындағы Мобил мен Африкатаунда тегі африкалық тағы бір қауым орналасқан
Африкатаунда көбі ата-бабаларының 1860 жылы Clotilda (тұтқын африкалықтарды АҚШ жағалауына әкелген соңғы кеме саналады) кемесімен келгенін анық біледі. Олар да Клотильда мен Африкатаун тарихы кеңінен танылуы үшін күресуде. 1808 жылы АҚШ трансатланттық құл саудасын тоқтатады. Бірақ Алабама штатындағы плантация қожайыны әрі кеме құрастырушы Тимоти Мейер солтүстіктің бір топ бизнесмендерімен заңды айналып өте алам деп келіседі. Ол Батыс Африка экспедициясына демеуші болып, 110 тұтқынды Clotilda кемесімен АҚШ-қа әкеледі (жолда екеуі көз жұмған). Артынша айғақты жою үшін кемені өртеп жібереді. Ал тұтқындардың көбін экспедицияны демеушілерге үлестіріп береді де 32 адамды өзіне алып қалады. Бес жылдан кейін, 1865 жылы Азамат соғысы аяқталып, тұтқындар босатылады. Олар ағаш өнеркәсібі мен оқ-дәрі жасайтын зауыттарда жұмыс істейді; әйелдер көкөніс егіп, өнімін үй аралап сатады. Осы ерлер мен әйелдердің кейбірі ақша жинап, өз жобасымен үй салу үшін 23 га жер сатып алуға қол жеткізеді.
150 жылдан асса да Африкатаун әлі бар және 1960 жылдары гүлдене түсті: сол уақыттары 12 000 тұрғыны, шаштараздары, азық-түлік дүкендері, шіркеулері, қорымы болған. Олардан қалған хаттар, суреттер, құжаттар мен әңгімелер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, көбінде әлі күнге сақталған.
«Олардың бойында осының бәрін істерліктей данышпандық, зейін және құштарлық пен от-жалын бар-тұғын. Кейінге көз тастай отырып, 10 жылда не бітірдім деп өзіме сауал қойып та көрем, – дейді күле отырып Джереми Эллис. Ол кемеде болған Полли және Роуз Аллен есімді тұтқындар ұрпағы. – Егер өз бойыңдағы ДНҚ-ны түсінуге деген нәрсе толқытпаса, онда сізді не қызықтыратынын білмеймін».
2019 жылы бір топ археолог Мобил өзенінің бір сағасынан Clotilda кемесінің қалдықтарын тапқанын мәлімдеді. Қалдықтар балшыққа терең батқандықтан, көп бөлігі жақсы сақталған. Бұл бұрын-соңды табылған құл тасушы кемелердің ең жақсы сақталғаны болып отыр.
«Қауымдастықтағылар «кемені табуымыз керек» деп көп айтатын, – дейді зерттеу тобының мүшесі болған Садики, – олар өз тарихын баяндауға септесетін жәдігер табу қаншалық маңызды екенін біледі».
Афро-америкалықтардың көбі құл тасушы кемеге дейін созылатын түп-тамырын білмейді. Олар генеалогия мамандары айтатын «1870 жылдың кірпіш қабырғасына» тіреледі. 1870 жылға дейін АҚШ-та халық санағында құлдыққа салынғандардың аты-жөні, жеке деректері есепке алынбаған.
Коста-Рикадағы соңғы күндердің бірінде Мария Суарес, Кевин Родригес Браун және тағы басқа жастар кеме батқан жерді көрсетуге алып шықты. Маска мен киімімді киіп, суға сүңгідім. Су көкпеңбек-жасыл түсті, лайлы. Денеме жылы сезіледі. Өзімді үйдегідей еркін сезініп, тереңірек сүңги бердім.
Міне, зәкір сұлбасы. Теңіз түбінде жартылай көміліп жатыр, үстін маржантастар көмкерген, айналасы балдыр.Үстінде жүріп, йоруба, фон, асанте тайпаларының үрейлі, кенеттен осы жағалауда еркіндікке шыққан адамдарын, бәлкім жастарды елестеттім. Бойымды өз тарихымды білуге деген буырқанған, жойқын құлшыныс биледі.
Африкалық ата-текті зерттеумен айналысатын генеалог Ренату Ярборо Сандерстің қызметіне жүгініп, одан түп-тұқиянымның құл тасушы кемеге дейінгі ізін анықтап беруді өтіндім.
«Мен мұндай нәрсе мүмкін емес деп айтқанды ұнатпаймын, – дейді ол басын шайқап, – бірақ мұның ықтималдығы мүлде аз».
Ярборо Сандерс менің ең байырғы танылған тегім – бабамның бабасы, 1837 жылы құлдықта дүниеге келген Джек Робертс туралы білуге тырысатынын айтты.
Анамда атам Джек пен оның әйелі Мэридің суреті бар. Олар келбетті адамдар болған. Атамның қысқа қиылған ақ шашы, сәндеп қойылған ақ сақалы болған, ал әжем көбелек галстук таққан. Телефон қоңырауын күтіп отырғанымда Атлантадағы үйімнен әулетім шыққан қала – Солтүстік Каролина штаты, Чоуан округіндегі Эдентонға баруды ұйғардым. Анам мен оның 13 аға-әпке, бауырлары ауылда үлкен үйде тұрған. Әулетімізге тиесілі сол үй әлі бар. Бірақ әбден тозған. Бала кезімде келгендегі әсерім – жүгері алқабы мен мүлгіген тыныштық еді.
Қазір де мұнда оралу кеудемде күйзеліс оятты.
Көліктен түсіп, айналама қарап тұрмын. Неліктен бұл ой дәл қазір басыма сап ете қалғанын білмеймін. Бірақ небәрі төрт сыныптық білімі бар атам 1930 жылдары әлдебір құл иеленушінің плантациясы болған осы жер мен үйді сатып алуға қол жеткізген. Бұл ой отбасылық мұраға қатысты көп нәрседен хабарсыз екенімді түсінуге жетеледі.
Эдентон орталығындағы Норт-Брод көшесіндегі қонақүйден бөлме алдым. Қала дәл Альбемарл Саундта орналасқан. Мұқият бапталған көгалдарда сап түзеген тал-теректер үстінен отарлық жекежайлар менмұндалайды, шамасы мұнда құлдыққа салынғандар немесе плантация бизнесінен пайда тапқандар тұрған. Ата-әжемнің үйіне келіп өткізген жылдардың бәрінде қала орталығына аяқ басуым осымен екінші не үшінші мәрте шығар.
Мен надандық, нәсілшілдік нышандарымен, бұрынғының күрделілігін әдейі кетіру жағдайларымен бетпе-бет келуге әзірмін. Бірақ таң қалдым. Көшеде доспейіл адамдар қол бұлғады. Дүкен қожайындары, даяшылар шүйіркелесе кетті. Қиыр Оңтүстіктің үні құлағыма жылы естілді. Афро-америкалықтар көтерілісі мен жетістіктеріне арналған тарихи белгілер тротуарлар бойында орналасқан әрі үлкен Конфедерация монументінен қашық емес.
АҚШ Виржиния аралдарының тарихи ескерткіштерді сақтау жөніндегі мемлекеттік басқармасы DWP ұйымын Корал шығанағында батып кеткен, бортында адам тасыған болуы ықтимал 1700 жылдардағы №1 сауда кемесінің қалдықтарын картаға түсіру жұмысына шақырды. Мына адмиралтейлік зәкір, кеме құрылысының әдісі және бүлінбеген бөтелке кеменің жасалу күнін барынша нақтылауға көмектесті. ФОТО: ДЖЕННИФЕР ХАЙЕС
Қарама-қайшылық.
Ең көзге түсер белгі Теңіз жерасты теміржолы арқылы құлдықтан қашқан жергілікті әйел Гарриет Джейкобс құрметіне қойылған. Ол 1861 жылы «Күң қыздың оқиғалары» атты құл өмірі туралы әңгіме жазып, құрметті аболиционистке айналады.
Эдентонның тарихи интерпретаторы Шарль Бойеттің баяндауынша, Теңіз жер асты теміржолы деген құлдықтағы адамдарға су жолы бойынан «еркіндік табуға көмектесетін жасырын байланыс пен қауіпсіз орындар желісі» еді.
Мен Теңіз жерасты теміржолы туралы ешқашан естімеппін.
Генеалогия маманы Ярборо Сандерс Zoom арқылы хабарласты. Жаңалығы бар екен.
Бірінші. Джек бабам өз атамнан гөрі көбірек жер сатып алған: барлығы кемінде 70 га. Бәлкім әулетімізге тән қасиет, мен де 31-ге толғанша 3 үй сатып алғанмын.
Екінші. 1865 жылы Ролиде Азаттыққа қауышқандар съезінің делегаты болған. Бұл Азамат соғысынан кейін бұрын құлдықта болғандардың арман-мақсаттарын қарастыруға арналған штаттық жиналыс.
Үшінші. Джек ротасының екінші полкінде Құрама Штаттардың түрлі түсті әскери жасақтары қатарында Азамат соғысына қатысқаны туралы дәлелдер бар. Ярборо Сандерс: «Егер ол сенің бабаң болса, бұл үлкен іс» – деді. Кеудемді мақтаныш кернеді. Мен мұңлы адамдардың, құрбандардың не тексіздердің ұрпағы емеспін. Джек мен үшін шынайы адамға айналды – мінсіз емес, бірақ шынайы.
Эдентон да.
Құл тасушы кемелерді зерттеу ауыр тиеді, қолдау көрсетіп, жасымды сүртіп жұбататын жандарға мұқтаж болармын деп едім. Керісінше, күш-қуат таптым. Шытырман оқиғаларды бастан кештім.
Тамыр жаятын әлдебір мықты, қажет нәрсе таптым.
Бәрі музейдегі бір суреттен басталған еді.
Үйге қош келдіңіз.
АВТОР: ТАРА РОБЕРТС, ФОТО: УЭЙН ЛОРЕНС
Мақаланың толық нұсқасын National Geographic Qazaqstan журналынан оқи аласыз.