21Қыр

COVID зардабы созылмалы дертке ұласуы мүмкін. Мынаны біле жүріңіз

Алғашқы SARS-CoV-2 инфекциясынан түзілген антиденелер сіздің ағзаңызды біраз уақыт қорғауы мүмкін. Бірақ иммунитет бәрібір әлсірейді. Әрбір жаңа инфекция қаншалықты жеңіл өтсе де, денсаулығыңызға өз зиянын тигізбей қоймайды.

Фармацевт 2022 жылдың 22 ақпанында Мэриленд штатындағы Хагерстаундағы Meritus медициналық орталығының вакцинация клиникасында COVID-19-ға қарсы қосымша екпені дайындап жатыр. Қазіргі уақытта қайта жұққан COVID инфекцияларының асқынуын болдырмаудың ең жақсы жолы – COVID-ке қарсы вакцинацияның мәртебесі туралы үнемі хабардар болып отыру.
Фото: Кенни Холстон, THE NEW YORK TIMES/REDUX

Мехназ Куреши толық вакцина алғанына, қайта егілгеніне қарамастан, COVID-19-ды 7 рет жұқтырды. Англиядағы Пирбрайт институтының мал дәрігері және вирусологі COVID-19-ды вирус енді өршіп жатқан кезде, яғни 2020 жылдың наурызында жұқтырды. Кейін оның отбасы мүшелерінің бәрі де ауырды.

Сол кезде Курешидің ауру белгілері жеңіл, ал отбасы мүшелерінің жағдайы мүшкіл болды. Кейбірін ауруханаға жатқызып, жасанды тыныс алу аппаратына қосуға тура келді.Екі баланың анасы әрі отбасында бәрінің негізгі қамқоры ретінде оның өзін ойлауға, өз бойындағы ауру белгілерімен күресуге мұршасы болмады. «Мен өзім туралы мүлдем ұмыттым», – дейді Куреши. Алайда COVID-19 оны ұмыта қойған жоқ.

Куреши өзінің әр төрт-алты ай сайын қайталап ауырғанын айтады. Осылайша ол жеті рет өмір мен өлім арасында болды. Әрбір ауырған сайын аурудың белгілері де күшейе берді.

Алғашқы SARS-CoV-2 инфекциясы ауруды қайта жұқтырудан 7 айға дейін қорғауы мүмкін, нәтижесінде иммунитет әлсірейді. Жеңіл түрде өтсе де COVID-19 қайталап ауру ағзаға барынша зиян тигізеді. Себебі әр ауырған сайын қосымша инфекцияның салдары ағзада жинала береді. Бұл америкалық ардагерлерді зерттеу барысында дәлелденді. Дегенмен олар ақ нәсілді егде жастағы ер адамдар болғандықтан, ардагерлердің жай-күйі бүкіл қоғамның халін дәл көрсете алмайды. Зерттеу барысында SARS-CoV-2-нің кез келген түрін қайта жұқтырған адамның диабет, бүйрек аурулары, орган жеткіліксіздігі, тіпті психикалық проблемаларға шалдығу ықтималдығы жоғары екенін көрсетті.

Куреши алғаш ауырғанда бәрі жеңіл өтті, екі-үш күн дене қызуы көтеріліп, суық тиюдің белгілері мен аздап ауырсыну ғана байқалды.  «Мендегі негізгі ауру белгісі дәм мен иіс сезудің жоғалуы болды», деп есіне алады. Бірақ ең соңғы инфекция әбден әбігерге салды. Ол бір апта бойы төсекке таңылып, жүріп-тұруға шамасы келмеді. Тіпті когнитивті қабілеті де зардап шекті. «Мен адам сияқты ойланудан қалдым, – дейді Куреши. – Соңғысы шынымен жаман болды».

АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы 11 қыркүйекте Pfizer мен Moderna-ның COVID-19-ға қарсы жаңа вакциналарын мақұлдады, бұл инфекция қайта күшейіп жатқан кезеңде жақсы жаңалық болды. Әлі жарияланбаған, сарапшылар бағасын беріп үлгермеген Moderna-ның алдын ала деректері XBB.1.5 негізіндегі жаңа екпенің аса мутацияланған ең кейінгі Omicron BA 2.86-ға ғана емес, сонымен қатар қазір жүріп жатқан EG.5.1 мен FL.1.5.1 секілді басқа штамдарға да қарсы антиденелердің жеткілікті деңгейін тудырады.

Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының (CDC) иммундау тәжірибесі бойынша консультативтік комитеті жаңа вакцинацияларға дауыс беріп, CDC директоры Мэнди Коэн комиссияның ұсыныстарына қол қойды. «Енді CDC алты айлық сәбиден бастап, барлық адамға өзін және жақындарын барынша қорғау үшін COVID-19-ға қарсы жаңартылған вакцинацияны ұсынады».

«Мен барлық профилактикалық сапарларымда пациенттерге алғашқы COVID вакцинасын алуды ұсынамын. Сондай-ақ соңғы жаңалықтардан хабардар болып отыруға кеңес беремін», – дейді Лонгвью қаласындағы (Уашиңтон штаты) Lavender Spectrum Health компаниясының отбасылық медбикесі Натали Пол. Вакциналар мен бустерлер жаңа немесе қайталанатын инфекцияларға толық тосқауыл қоя алмаса да, ауыр асқынулардан, госпитализациядан сенімді қорғайды. «Мен оны өзім де алмақшымын».

Қайталанатын инфекциялар санының өршуі

Расталған инфекциядан айыққаннан кейін 45 күннен соң ПТР сынағы COVID-19 тудыратын SARS-CoV-2 вирусына оң нәтиже берсе, CDC мұны реинфекция деп анықтайды. Америка Құрама Штаттарында 2021 жылдың аяғында Дельта нұсқасының өршуі кезінде тіркелген барлық COVID жағдайларының шамамен 2,7 пайызы реинфекциялар болған. Бірақ Omicron пайда болған және оның жұқпалы қосалқы нұсқалары өршіген кезде жағдай айтарлықтай нашарлады.

CDC талдаулары көрсеткендей, 2021 жылғы қыркүйек пен 2022 жылғы желтоқсан аралығындағы COVID-пен ауырғаны зертханалық жолмен дәлелденген ересек адамдардың  инфекцияны қайт жұқтыруы Omicron BA.1 кезінде 10,3 пайызға,  BA.2 кезінде 12,5 пайызға,  BA.4/BA.5 кезінде 20,6 пайызға,  BQ.1/BQ.1.1. кезінде 28,8 пайызға өскен. Жарияланған зерттеудің 91 мета-талдауы вакцинацияның вирусты қайта жұқтыру қаупін азайтатынын көрсетті.  Бұл – жақсы жаңалық.  Дегенмен Omicron нұсқасын қайта жұқтырудың алдын алуда вакцинаның тиімділігі төмен екенін байқауға болады.

Бірақ қайта жұқтыру саны жете бағаланбаған болуы мүмкін. Өйткені SARS-COV-2 жұқтырған адамдардың барлығы тест тапсыратындай деңгейде ауырмауы мүмкін. Реинфекция (қайта жұқтыру – ред) кезінде симптомдар көбіне жеңілірек болады, сондықтан нақты санды есептеу мүмкін емес. Вирусолог Куреши вирус жұқтырдым-ау деп күдіктенген кезде бірден COVID-ке тест тапсырады.  Сондықтан да ол қаншалықты жиі реинфекция болғанынан хабардар.

Канадалық зерттеулер көрсеткендей, қанында антидене байқалған (бұл – SARS-CoV-2 жұқтырғанының дәлелі) адамдардың 40 пайызында соңғы алты айда ешқандай симптом болмаған. Вирус жұқтырғанын тіпті білмеген де. Өзге де елдерде жүргізілген зерттеулер ауруды қайта жұқтыру жиілігі 5-15 пайыз аралығында екенін көрсетті. Сербиядағы COVID-19 жағдайларын талдау барысында ауруды қайта жұқтыру пандемия кезінде ұдайы өршіп отырғанын, сондай-ақ 2022 жылы желтоқсанда Omicron шыққан кезде күрт өскенін аңғартады.

Кімнің ауруды қайта жұқтыру ықтималдығы жоғары?

Паулдың айтуынша, адамдармен бетпе-бет кездесетін жерде жұмыс істейтіндер, мәселен, мұғалімдер мен басқа да мектеп қызметкерлері, денсаулық сақтау мамандары; сондай-ақ қарт кісілері мен шиеттей балалары бар үйелменді отбасыларда COVID инфекцияларын қайта жұқтыру жиі байқалады. Мысалы, COVID-19 клиникалық бөлімшелерінде жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің клиникалық емес бөлімшелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге қарағанда ауруды қайта жұқтыру қаупі төрт есе жоғары болуы мүмкін.

Зерттеулер көрсеткендей, кішкентай балалары бар отбасылардың да COVID-19 жұқтыру қаупі айтарлықтай жоғары. Шындығында, 850 000-ға жуық америкалық отбасының 70 пайыздан астамы оқу жылы кезеңінде COVID-19-ды баласынан жұқтырған болуы мүмкін.

«Қазір бірнеше COVID-инфекциясын жұқтырған көптеген адамды емдеп жатырмын,  – дейді медбике Паул.– Олардың көпшілігінде мектепке баратын баласының болуы секілді қауіп факторлары бар».

Куреши секілді Кристин Мишель де екі кішкентай баланың анасы. Ол алғаш рет COVID-19-бен 2020 жылдың желтоқсанында – вакциналар қолданысқа енді шығайын деп жатқанда ауырған болатын. Дегенмен, кейін толық вакцина алғанына да, ревакцинация жасатқанына да қарамастан, 2022 жылы шілде айында BA.5 Omicron толқыны кезінде COVID-19-ға қайта шалдықты. Екі баласы да дер кезінде толық вакцина алғанымен, ұлы үш рет, ал қызы екі рет ауырып шықты. «Оларда айтарлықтай ауру белгілері болған жоқ, бірақ мен ана ретінде олардың біртүрлі болып жүргенін байқап, тест жасаттым», – дейді Нәшвилдегі Вандербильт-Инграм онкологиялық орталығының онкология зерттеушісі Мишель.

COVID-19 өршіп тұрған кезде мектептердің қайта ашылуы балалардың еріксіз түрде, өздері де білместен айналасына ауру тасымалдауына түрткі болуы мүмкін. «Қаншама бала жай ғана серуендеп жүріп COVID-19 таратты екен? Оны ешкім аңғарып та жатқан жоқ», – дейді Мишель.

SARS-CoV-2-ге қарсы антидененің деңгейі, әсіресе ауру белгілері ауыр болмаған науқастарда үш ай ішінде айтарлықтай төмендейді.Алайда алдыңғы инфекцияға немесе вакцинаға байланысты иммундық жауап әр адамда әртүрлі болуы мүмкін.

«Бұдан ешкім де қашып құтыла алмайды, –  дейді Куреши. – Ерте ме, кеш пе, сіз де бұл инфекцияны жұқтырасыз».

Автор: Санджей Мишра