Нагарахол жолбарыс қорығында жолбарыстар мен леопардтар көбейіп келеді – бұл Үндістанның табиғат қорғау шаралары жеміс бере бастағанын көрсетеді.
Қара пантера тик ағашының бұтағында демалып жатыр. Қара пантералар терісі қара пигментациямен боялатын генетикалық мутацияға ұшыраған қабыландардың түрі. Олардың түгінен теңбілді оюлардың ізін көруге болады.
Үндістанның оңтүстік-батыс штаты Карнатакадағы Нагарахол жолбарыс қорығының тұманға оранған орманды ландшафты қараған адамды тамсандырады.
Бір піл бұталар мен жапырақтарды жайпап, алып құлақтарын метрономдай бір қалыпты соғып кетіп барады. Алдымызда, жол бойында бизон тәріздес гаурлер жайылып жүр, біз жаққа тіпті назар аудармайды.
Соңғы 12 жыл орманда тұрып келе жатқан фотограф Шаах Жаңгтің жол сілтеуімен әрмен қарай жүре отырып, көлігіміз теңбіл бұғылар үйірі жанына тоқтады. Тыныштықты алыстан шыққан бұғының даусы бұзды. Бұл – маңайды жыртқыш торуылдап жүр деген белгі.
Осындай дауыстар бұл жерде барған сайын жиі естіледі. Нагарахол қорығында бенгалдық жолбарыстар мен үнділік леопардтар өріп жүр. Туристер осы мысықтарға, соның ішінде мутациядан қара пигментке ие болған ерекше батыл леопард – қара пантераны көру үшін ағылады. Осы мысық «жұлдызға» айналған.
Нагарахол жолбарыс қорығында қыстың тұманды таңында леопардтар гүлдеп тұрған маржан ағашына шығып алып, жатыр. Мына екеуі бір аптаға созылуы мүмкін жұптық кезеңінде бірнеше мәрте шағылысады.
«Әдетте, сафариге шыққан кезде, жолбарыс көрдің бе деп сұрайды ғой, – дейді Бенгалурудағы Жабайы табиғатты зерттеу орталығының ғалымы Крити Карант, – ал қазір, жолбарыс көрдім дейсің бе, керемет! Ал қара леопард көрмедің бе деп сұрайды».
Аумағы 848 шаршы шақырым парктің оннан бір бөлігінен азы келушілерге ашық. Оның оңтүстік шетінде Кабини өзені ағып жатыр. Әріректе жайылым алқаптары, жылғалар, қалың орман. Жолбарыстар мен леопардтардың бірге тіршілік етуіне қолайлы орта: бірі аласа ағаштар арасында жортса, екіншісі қауіпсіз ағаш басында тынығады.
Табиғат қорғау шаралары арқасында Үндістанда Нагарахол мен өзге қорықтарда осы дәу мысықты көру мүмкіндігі өткен он жылда едәуір өсті. Соңғы санақ бойынша Нагарахолда 135 жолбарыс бар, бұл он жыл бұрынғыдан 2 есе көп. 2018 ж. ресми санақ қазір бұл елде жабайы табиғатта 3000-ға жуық жолбарыс барын көрсетті. Бұл – 2014 жылғыдан 33%-ға көп. Леопардтар 2014 ж. бері 62%-ға өсіп, 13 000-ға жуықтаған.
Үлкен мысықтардың көбейгеніне қорықтан тыс жерлерде де көзге түсуі дәлел. Бұл олардың адамдармен қақтығысу ықтималдығын күшейтеді. «Орталық Үндістандағы үйімнің айналасында жолбарыстар жүреді», – дейді табиғат жанашыры Белинда Райт. Мадхья-Прадеш штатындағы Канха жолбарыс қорығының шетінде тұратын Райт Үндістан жабайы табиғат қорғау қоғамының құрылтайшысы.
Жаз айларында Кабини өзенінің суы тартылған кезде айналадағы аумақ жайылымға айналып, теңбіл бұғылар мен басқа да жануарлар өрістеп келеді. Бұл ландшафта үлкен мысықтар үшін азық мол.
2006 жылға дейін Үндістанда жолбарыс санағы төрт жылда бір жүргізілді. Ол он мыңдаған шаршы шақырым аумақты шарлайтын санақшылардың жолбарыс іздерін зерттеуіне жүгінетін. Қазір санақ негізінен тұзақ-камера суреттеріне сүйенеді. Суреттер жолбарыстар мен леопардтарды өзіндік жолақтары мен теңбіліне қарап, идентификациялауға мүмкіндік береді.
Карнатака штатындағы ормандардың бас қорықшысы Виджай Мохан Радж Нагарахол және басқа да қорықтардың жетістік сыры браконьерлікпен күрес персоналын стратегиялық тиімді орналастыруда дейді. Алғы шептегі қызметкерлер қазір жақсы жаттыққан, жақсы жабдықталған. Өйткені Үндістан әлемдегі жолбарыс санын 2 есе көбейту жөніндегі 2010 ж. халықаралық жоспар аясында міндеттеме алған соң, үкімет қаржыландыруды арттырған. «Бұл заңсыз аң аулау не ағаш кесу үшін орманға барам деген кез келген адамға ең үлкен тосқауылға айналды, – дейді ол, – мұндай баса-көктеп кіру қазір тоқтаған».
Нәтижесінде бұғы, қабан тәрізді аңдардың саны өсіп, жолбарыс пен леопардтардың көбеюіне ықпал етті.
Нагарахол мен осы тектес қорықтардағы дәу мысықтардың болашағы бір жағынан көршілес орналасқан қауымдармен бетпе-бет келуін азайтуға да байланысты. Парк аумағының сыртындағы мен барған бір ауылда балалардың жол бойында ойнап жүргенін көрдім.
Жолбарыс Нагарахолдағы су құдықтарының бірінен су ішіп тұр. Қорық аумағында парк қожайындары күннен қуат алатын құдықтар орнатқан, су деңгейі төмендеген кезде олар іске
қосылып, жыл бойына маңызды су көзімен қамтамасыз етуге көмектеседі.
Үндістан қорықтары ішіндегі аумақ үшін тартыс күшейген сайын жолбарыстар мен леопардтар осындай ауылдарға жиі келіп, малға, кейде адамға да шабады. Тек Карнатака штатында 2019-2021 ж. кемінде 9 адамды жолбарыс өлтірген.
Райттың айтуынша, үлкен мысық туризмінен келетін табыс артып жатса да, бұл ақшаның жергілікті халыққа көмегі тимеді. «Сондықтан олар жолбарыстардың мұнда тіршілік етуінен пайда көріп отырғандай сезінбейді», – дейді. Жабайы табиғатты қорғау жөніндегі құзіретті органдар жолбарыс жеген малдың ақысын төлейді. Кейбір ауылдарды жолбарыстар аймағынан әрірек те көшірді. «Бірақ жергілікті қауымдар қорықтардың жетістігіне мүдделі болуы үшін одан да көбірек істеу керек, әйтпесе соңғы он жылдықта қол жеткізілген табыс жойылып кетуі мүмкін», – дейді табиғат жанашырлары.
Леопард мен қара пантера маза қаштырар жағдайға қадала қарап тұр. Ағашқа өрмелей білу леопардтарға көмектесетін керемет күш – олар күші басым жолбарыстардан осылай сақтанады. Леопардтар, әдетте, күндіз жерден биік, бұтақтарда жатып тынығады. Аң аулауға кешкісін түседі. Леопардтар өлтірген жемтігін қорқаулардан қорғау үшін ағашқа өрмелеп алып шыға алады.
Автор: ЮДХИДЖИТ БХАТТАЧАРДЖИ
Фото: ШААЗ ЖАНГ