7Апр

Ақпаратты кешіктіру – індетті өршіту

rat

Данияның аң фермасындағы мына құндыздың бірі 2020 жылы Еуропада екі түрлі мутацияға ие коронавирусқа шалдықты. Дәл осы штамм кейінірек Мичиган фермасындағы құндыз бен сол маңда тұратын төрт адамнан анықталды.


National Geographic редакциясының қолына түскен құнды мемлекеттік құжаттар CDC ұйымының 2020 жыл соңында Мичиганда COVID-19 дертінің жануардан адамға жұғу мүмкіндігіне орай жасаған зерттеуін өзгеше тұрғыдан бағалау керектігін көрсетеді. Құжаттар мен агенттіктің мәлімдемелеріне қарағанда, CDC фермадағы құндыздың вирусты адамдарға жұқтырған болуы мүмкін екенін және оны 2021 жылғы наурызда өздерінің уеб-сайтын жаңартпастан кемінде үш ай бұрын білгені анық байқалады.

Коронавирус зерттеушілерінің айтуынша, мұндай уақиға туралы хабарды жалпақ жұртқа дер кезінде жарияламау оларға SARS-CoV-2 вирусының адамнан басқа да түрлерге жұғып, мутацияланып, кейін адамға әлдеқайда қауіптірек немесе жұқпалырақ штамм ретінде оралуы мүмкін екенін ертерек анықтауына кедергі келтірген болуы да мүмкін.

«Бұдан түйеріміз – ашықтық әркез маңызды: сіз неғұрлым ертерек білсеңіз, соғұрлым тезірек әрекет ете аласыз», – дейді Канададағы Гуельф университеті жанындағы қоғамдық денсаулық сақтау және зооноз орталығының директоры Скотт Уиз. Оның сөзінше, вирустың әралуан түрлер арасында таралуы ықтимал екендігі туралы ақпарат өзге елдердің пандемияны эпидемиологиялық бақылауы мен оған қарсы амалдарды күшейтуіне көмектесуі мүмкін еді.

Ақпарат еркіндігі туралы заңға сәйкес жарияланған осынау мыңдаған бет құжаттардың ішінде фермадағы құндыздардың ауру жұқтырғаны растала салысымен, 2020 жылғы 8 қазанда агенттіктен көмек сұраған Мичиганның денсаулық сақтау саласы басшылары мен CDC арасындағы электронды хаттар да бар. Әлгі хаттардан ауру анықталған бірнеше күн ішінде CDC-дың ветеринар-эпидемиологтар орталығы өкілдері Мичиганға аттанып, вирустың қалай таралғанын зерттеу аясында фермадағы құндыздар мен сол маңдағы адамдардан вирус үлгілерін алғанын көруге болады.

Ақырында құндыз фермасындағы екі жұмысшы мен құндыздарға қатысы жоқ екі адамнан алынған анализ үлгілері олардың бұрын құндыздарда анықталған және Еуропада құндыздан адамға берілген айрықша коронавирус штамын жұқтырғаны мәлім болды.

CDC бұл нәтижелерді ресми түрде жарияламағаны себепті аталған жайт турасында бұқаралық ақпарат құралдарында онша талқыланған жоқ, тек 2021 жылғы сәуірде, яғни CDC өз уеб-сайтын жаңартқаннан кейін бір ай ішінде Detroit Free Press басылымында жалғыз мақала жарық көрді. CDC баспасөз хатшысы Ник Спинелли электронды пошта арқылы National Geographic редакциясына берген жауабында барлық тиісті ақпараттың ақырында CDC уеб-сайтында жарияланғанын, сондай-ақ осыған ұқсас жайттар Еуропада анықталғандықтан мұның таңғаларлық немесе күтпеген жаңалық болмағанын айтып ақталды.

Оған қоса Спинелли әлгі төрт үлгінің геномы 2020 жылғы 4 қараша мен 2021 жылғы 23 ақпан аралығында коронавирус жөніндегі жалпыға қолжетімді жаһандық деректер базасы – GISAID сайтында жарияланып, жұртшылықтан одан хабардар болғанын айтады. Алайда деректер базасының талабы бойынша қолданушылар есептік жазбасын тіркеп, сайтты қалай шолып шығуды білуі және геном тізбегінің суретін түсіне алуы керек-тін.

CDC жүргізген зерттеу барысында, оның ішінде 2021 жылғы қаңтардың басында жолдаған электронды хатында агенттік өкілдері National Geographic редакциясына АҚШ-та вирустың құндыздан адамға жұққаны жөнінде ешқандай дәлел жоғын бірнеше рет хабарлаған. Ал ішкі электронды хаттар мен Спинеллидің мәлімдемелері мұны теріске шығарады: 2020 жылғы 4 қарашаға дейін Мичигандағы ферманың екі жұмысшысынан алынған вирустық геномда құндыздарға қатысты мутациялар бар екені, ал желтоқсанның соңына таман геномның үшінші мәрте тізбектелгені және бұл туралы GISAID сайтына жүктелгені белгілі болған.

Үлкен қауіптің жоқтығы

Спинеллидің айтуынша, вирустың адамдар арасында таралуында құндыздар айтарлықтай маңызға ие екені немесе құндыздан жұққан штамм Мичиганда ұзақ уақыт бойы таралғаны туралы еш дәлел жоқ. Канадағы Саскатчеван университетінің вирусологы Анджела Расмуссеннің пікірінше, сол кезде Мичиган тұрғындарына ешқандай қосымша сақтану амалдарын жасаудың қажеті болмаған, өйткені сақтану шаралары, оның ішінде маска тағу және әлеуметтік арақашықтық сақтау жөніндегі кеңестер бұрынғыша қалған еді.

CDC дерегіне қарағанда, Мичигандағы бұл төрт жағдайдан бөлек АҚШ-та коронавирустың құндыздан адамға жұққанын дәлелдейтін фактілер жоқ. Құндыздан басқа, Канададағы аққұйрық бұғы мен Гонконгтағы атжалман адамға вирус жұқтырған жануарлар болып саналады.

Өзге түрлер де, оның ішінде арыстандар, жолбарыстар, гориллалар, қорқаулар, иттер мен мысықтар коронавирус жұқтыруға бейім екені анықталған, бірақ олар COVID-19 дертінің адамдар арасында таралуында оншалықты үлкен рөлге ие болуы неғайбыл деп мәлімдейді CDC пен өзге сарапшылар.

Ақпараттың аздығы

Спинеллидің ойынша, CDC құндыздың адамдарға вирус жұқтырғанын сенімді түрде айта алмайды. «Ферма төңірегіндегі қауымдастықта генетикалық тізбектің аз болғаны себепті, мутация фермадағы құндыздардан пайда болды ма, әлде қауымдастық ішінде бұрыннан бар ма еді – оны кесіп айту мүмкін емес», – дейді ол.

Бірақ өзге сарапшылардың айтуына қарағанда, мутация кездейсоқ жағдайда пайда болғанымен, бұл штамның басқа жерден келуі екіталай. «Мутация неғұрлым көп болса, демек оның кездейсоқ пайда болу ықтималдығы соғұрлым аз», – дейді Уиз.

Расмуссеннің сөзіне сүйенсек, осындай зерттеулерде тоқетер жауаптың болмауы вирус геномының тізбегі (вирус жұқтырған адамдардың да, жануарлардың да) туралы қосымша зерттеулер жүргізу керектігін көрсетеді. Геном тізбегінің көптігі эпидемиологтардың өз зерттеулеріндегі белгісіз тұстардың шешімін тауып, вирустың бір адамнан немесе жануардан өзгелерге қалай жұғатынын түсінуіне көмектесер еді.

Мичиганның төрт тұрғыны жайында оншалықты ақпарат жоқ, бірақ олардың ішіндегі бір үйде тұратын екі адамның құндыз фермасымен байланысы болмаса да вирус жұқтыруына қарап, бұл штамның фермадан тыс аймаққа таралып, бірнеше ай бойы ел арасында жүргенін аңғаруға болады.

Спинеллидің сөзінше, төрт адам түгелдей құлан-таза айығып шыққан, ал әлгі фермадағы тірі қалған құндыз кейін коронавирус тестінде теріс нәтиже көрсеткен.

Электронды хаттардан белгілі болғандай, Иллинойс әуелгіде Мичигандағы фермадан құндыз терілерін штатқа кіргізуге аса құлшына қоймаған, бірақ кейін 2021 жылғы қарашада 17 мыңнан аса теріні қабылдаған. Өзара алмасқан хаттарды тексере келе, сондай-ақ CDC пен бірнеше штаттың қоғамдық денсаулық сақтау өкілдері құндыздар арасында коронавирус өршіп бара жатқанына куә болып, құндыз елтірісін өндіруді тоқтатуға шақырған ескертпелерді естіген фермерлердің психикалық жай-күйіне алаңдаушылық танытқаны да анықталды.

2022 жылғы ақпанда АҚШ-тың кәсіпкерлер палатасы елде құндыз өсіруге тыйым салатын заңды қабылдады. Бұл заң әзірге Сенатта қабылданған жоқ, бірақ құндыз өсіру саласын адамдарға қауіпті әрі адамгершілікке қайшы деп санайтын жануарларларды қорғау ұйымдары тарапынан қызу қолдауға ие болды.

Наурыз айында Ирландияда аң шаруашылығына тыйым салатын заң қабылданды. Ал 2020 жылы құндыз елтірісін өндіру жөнінен алда келе жатқан Дания мен Нидерланд коронавирустың таралуынан қауіптеніп, құндыз фермаларындағы миллиондаған жануарды қырып салды. Нидерланд құндыз өсіруді тоқтатуды қолдап, осылайша өздеріндегі құндыз өнеркәсібінің жабылуын жылдамдатты.

АВТОРЫ: ДИНА ФАЙН МЭРОН

ФОТО: ОЛЕ ДЖЕНСЕН