23Мам

Сауыртаудың саф сиқыры

Сауыртаудың сан сілемдері мен жықпылды жоталары. Мың рет естігенше, бір рет көрген артық. Зайсан ауданы, Жаңатұрмыс ауылынан 7 шақырым жерде, Сауыр тауларының етегінде «Saurtau» эко резорты орналасқан. Асқар тау арманға жетелесе, жасыл аймақ шалқар шабыт сыйлайды. Күнделікті күйбең тірлікті ұмытасыз. Тау қойнауларынан күн нұрына шағылыса ағып жатқан зәм-зәм бұлақтар, жанды еліктірер тастан тасқа ырғыған толқынды өзендері, тау етегін қош иіске бөлеген жусан мен қырық түрлі ауруға ем болар қасиетті емдік шөптердің бәрі осында. Сол табиғат сұлулығы мен кереметіне ие, ойыны да, сауығы да, емі мен шипасы бар, бүкіл кереметті бір жерге шоғырландырған қасиетті өлкені өз көзімізбен көрмек ниетте жолға шықтық.

«Saurtau» естімедім демеңіз!

Салқын да саф ауасы танау желпінткен тау бөктеріне жеткенше асығып, тау етегінде тігілген ағаш үйлерге көз тастап келеміз. Ара-арасында киіз үйлер тігіліпті. Кесе толы піскен айран, ащы құрт, сілекейіңді шұбыртатын балдай тәтті сары майдан ауыз тиіп үлгермесек те, ауыл адамдарының қонақжайлығы мен кең пейілі жанарынан, күлімдеген жүзінен-ақ аңғарылады. Таудың қиын-қыстау жолдарымен көтеріліп, жонның үстімен келеміз. Қасиетті Сауыртау бөктері қашанда сырға толы, әр бір өскен жусаны, әр бір шиыршық құмы әлде бір сырды бүккендей құпия кейіпте. Жолай алмалы бау кездесті. Мөлтілдеп ағып жатқан бұлақ басында алма ағашы иіле жемісін төгіп тұр. Жан-жағымыз теп-тегіс ашық дала. Мұп-мұздай бұлақ суын ішкен сайын ішкің келе береді. Алдымызда тізбектеліп, бір отар қой кетіп барады. Ауыл алақандағыдай көрініп, иір-иір жол құтты мекенге де маңдай тіретті. Күн ұясына бата біздер жұрт мақтаған «Saurtau»-ға да жеттік.

Қонақ үйдің бірінші қабатында мейрамхана, жуынатын бөлме, массаж бөлмесі орналасқан. Қонақтарға Wi-Fi тегін және жеке автотұрақ ұсынылады. «Сауртау» тау­лы-курортында екі адамға арналған қонақүйден бастап үлкен ұжымдарға қыз­мет көрсететін VIP кешендер, күнделікті бар, мейрамхана, хауыз, моншалар жұмыс істейді. Келушілерге күніне 2 пантымен ванна, фито бөшке, пантымен ингаляция және 4 рет тамақтану ұсынылады. Қонақ бөлмеде әңгіме-дүкен құра отырып дәрілік шөптер қоса демдеген шайдан құмарлана іштік. Сауыртаулық мамандар самауырынға шоқ салып, қазан астына от жағып, тамақ әзірлеуге кірісті. Әп-сәтте ошаққа піскен ыстық таба нан, қолдың сары майы, қой сүтінен жасалған құрт дейсін бе, құда күткендей дастарханды жайнатып тастады. Шай артынан тамақ келді. Айтпақшы, алдымызға қойған қымыз, қымыранды ауыл адамдары өздері дайындаған екен. Көже мен түрлі сусындар, бағлан қозының еті, жент, ірімшік, құрт-май, бәрі-бәрі жергілікті таза өнімдер. Алдымызға ұлттық тағам ұсынылды.

Ерекшелігі, демалушылар арасында өзіміз ас әзірлейміз деген кісілер болса, ет пен көкөніс, бақша дақылы, басқа да сұраныс­тарын осы жерден таба алады екен.

Ойын-сауық пен тыныш табиғатты бағалайтын демалушылар үшін таптыр­мас орын осы «Saurtau»-да. Егер жолдың жақындығы мен таулы аймақта орналасқаны көңіліңізден шықса, жыл он екі ай осы өңірге тартып отырыңыз. Ол жерден әсем табиғатты, нулы тоғайдың көрінісін тамашалауға болады. Отын арқылы жылитын моншада қыздырынуға үлкен мүмкіндік бар. Іскерлік кездесулер мен келіссөздер жүргізу үшін конференц-зал қызметін пайдалана алсыз. Демалыс үйлерінің құрылысына жұмсалған шайыр ағашы тыныс алу жолдарының ауруына ем және суықты жойып, бактерияға қарсы күресетін қасиеттері бар.

Қоршауы жоқ кең даладан жылқы, бұғы, тауыс, үйректер, аққулар, көгершіндер, тасбақа және басқа да көптеген тіршілік иелерін көре аласыз. Орманда сілеусін, суыр, марал, қоңыр аю, арқар, елік мекендейді. Атпен серуендеу, пониге міну, велосипедпен немесе квадрациклмен қыдыруға жағдай жасалған. Демалушылардың бадминтон, үстел теннисі, шахмат, дойбы, нарды ойнап, тіпті, садақ ату үшін де мүмкіндік қарастырылған. Бұдан өзге үңгірлерді аралап, сан сырды ішіне бүгіп жатқан тау-тас­тың тарихымен танысуға мүмкіндік бар.

Бұл жердің табиғаты мүлде бөлек. Тау бөктерінде ақ балтыр теректер мен саялы ағаштар. Құдды жап-жасыл кілем төсеп қойғандай. Ғажайып өлкеде 2000-ға жуық өсімдік түрі өседі. Жотаның оңтүстік беткейінде итмұрын, тобылғы және ырғайдың бірнеше түрін, ал солтүстік беткейінде орал миясы мен арша секілді өсімдік түрлері кездеседі. Тау басынан теріскей бетіне қарай қарағай, қайың, тал, терек, күнгейіне қарай арша, алтын тамыр, еңлікгүл, рауғаш сынды шөптер кездеседі. Тау самалы мен сарқырап аққан мөлдір бұлақ тынығушыларды ғажайып өлкеге келгендей күйге бөлейді. Ұшар басында жыл он екі ай қар жататын таулардың сұлулығын сөзбен де, камерамен де жеткізу мүмкін емес.


Толық ақпаратты біздің Instagram парақшадан ала аласыз.