9Авг

Неліктен жастар арасында жүрек талмасы жиілеп барады?

Жүрек талмасы немесе миокард инфарктісі жүрекке қан жеткізетін тамыр ішінара немесе толық бітеліп қалғанда болады. Бұл ангиограмма инфарктен кейін жүрек бұлшықетінің бір бөлігінің өлімін көрсетеді. Жас және орта жастағылар жүрек ауруы қаупіне жиі ұшырай бастады, бірақ бұған мән беретіндері некен-саяқ.

Зерттеулер инфаркт 50 жасқа толмағандар арасында жиілеп бара жатқанын көрсетіп отыр.  Оның салдары әсіресе әйелдерге ауыр тиеді.

Бір қуантатыны – біз оның қалай алдын алу керектігін білеміз.

Деректер 10 жыл бұрынғығымен салыстырғанда, ересектер арасында жүрек аурулары артып жатқанын, оған негізінен – өмір салтының нашарлауы, атап айтқанда, дұрыс тамақтанбау мен қозғалыстың аздығы себеп екенін көрсетеді.

Кейбір  зерттеулер COVID инфекциялары бұл жағдайды ушықтырып отыр деп пайымдауға негіз болды.

Ең алаңдатарлық тенденция, инфаркт егде жастағы адамдар арасында азайғанымен, жастар мен орта жастағылар арасындағы үлесі бүкіл әлемде артып келеді.  National Geographic-ке сұхбат берген көптеген дәрігер бұл үрдісті денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп санайды. (Мақаланың түпнұсқасында young adults – 20 мен 50 жас аралығындағы адамдар деп көрсетілгендіктен, бұдан әрі қарай біз «жастар мен орта жастағылар», қысқартылған түрде ЖОЖ деп береміз – редактор).

Кейінгі оқиғалар бұл дабылдың бекер емес екенін дәлелдеп бергендей. Шілде айының соңында NBA жұлдызы Леброн Джеймстің үлкен ұлы 18 жасар Бронни Джеймс Оңтүстік Калифорния университетінде баскетбол жаттығулары кезінде жүрегі тоқтап, құлап қалды. (Ол аз уақыт ауруханаға жатып шықты).  

Жүрек тоқтауы мен инфаркт бір нәрсе емес, дегенмен осы және басқа да ұқсас оқиғалар жүрек-қан тамырларының саулығы мен ЖОЖ-ға қатысты мәселелерді кеңірек көтереді.

Бригам және әйелдер ауруханасының аға профилактикалық кардиологі, Бостондағы Гарвард медициналық мектебінің медицина профессоры Рон Бланкштейн: «Жастардың да, орта жастағылардың да жүрек тоқтауы не инфаркт ауруларына шалдықпасына әуелден кепілдік жоқ, бірақ көпшілік оны әлі де егде жастағы адамдардың ауруы деп ойлайды. Әйтсе де бәрі білуі керек нәрсе – дұрыс қадамдар жасасаңыз, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға болады».

Жүрек талмасы ЖОЖ арасында жиілеп барады

Бронни Джеймс ұшыраған жүрек тоқтап қалу дерті жүрек қағысының бұзылып, соғуын кенет тоқтатқаннан болады. Бұл қан ағысы ішінара немесе толығымен бітеліп, жүрекке қан жетпей қалғанда болатын инфарктен өзгеше.

Жүректің тоқтап қалуы кардиомиопатия (жүрек бұлшықетінің қалыңдауы), жүрек жеткіліксіздігі, аритмия (жүрек қағысының бұзылуы) және әрине, инфаркт сияқты бірнеше жағдайларға байланысты болуы мүмкін болғандықтан, дәрігерлерге мұның ЖОЖ тобында жиілеп бара жатқанын зерттеу және анықтау қиын.

Бірақ зерттеулер миокард инфарктісі деп те аталатын жүрек талмасы ауруының ЖОЖ-да жиі кездесетінін көрсетіп отыр. Жалпы белгілерге кеудедегі ауырсыну немесе жайсыздық; жақ, мойын, арқа мен қолдың ауырсынуы; ентігу; және әлсіздік сезімі жатады.

АҚШ-тың екі ауруханасында 2000-2016 жылдар аралығында инфарктпен ауруханаға жатқызылған 2000-нан астам ЖОЖ-ға жүргізілген зерттеу әрбір бесінші адам 40 жаста не одан жас екенін және бұл топтың үлесі кейінгі онжылдықта жыл сайын 2 пайызға артып жатқанын көрсетті.

American Journal of Medicine журналында жарияланған 2019 жылғы зерттеу сонымен қатар инфарктен зардап шеккен 40 және одан кіші жастағы адамдардың саны инфарктен, инсульттен немесе басқа себептерден қайтыс болып жатқан егде жастағы адамдардың санымен бірдей екенін  анықтады.

Шын мәнінде, наурыз айында JAMA Network-те жарияланған редакциялық мақалаға сәйкес, 2020 және 2021 жылдары жастар арасында жүрек ауруларының өсуі АҚШ-та өмір сүру ұзақтығының 4 пайызға төмендеуіне себеп болған.  

Кімге қауіп көбірек?

Бұл мәселе Америкаға ғана тән емес. Зерттеулер көрсеткендей, мәселен, Пәкістан мен Үндістандағы адамдар да жастай жүрек талмасынан зардап шегеді. «Жүрек-қан тамырлары аурулары да, қауіп факторлары да ел таңдамайды», – дейді Бланкштейн.

Инфаркт әдетте әйелдерге қарағанда ерлерде көбірек кездескенімен, соңғы зерттеулер ЖОЖ тобындағы әйелдердің сол жастағы ерлерге қарағанда, жүрек талмасына жиі шалдығатынын және салдары да ауырырақ екенін көрсетті.

Circulation журналында жарияланған 2018 жылғы зерттеу 35 пен 54 жас аралығындағы адамдар арасында инфарктпен ауруханаға жатқызылғандардың жалпы үлесі 1995-1999 жылдардағы 27 пайыздан 2010-2014 жылдары 32 пайызға дейін өскенін анықтады. Ең көп өсім ЖОЖ еркектермен салыстырғанда (30-дан 33 пайызға дейін) ЖОЖ әйелдер арасында (21-ден 31 пайызға дейін) болғаны байқалады.

Зерттеу нысанасындағы әйелдердің көбі қара нәсілді болған әрі бұрын қан қысымының жоғарылауы, қант диабеті, созылмалы бүйрек ауруы, инсульт секілді аурулармен ауырған.

Деректерге сүйенсек,  дәрігерлер көбіне әйелдердегі симптомдарды елемей,  қауіп төндіретін факторларды дұрыс бағаламаған және ауруды тежеуге көмектесетін дәрі-дәрмектерді тағайындауға құлықсыз болған.

Ең үлкен қауіп факторлары қандай?

Зерттеулердің көпшілігі әсіресе тұқымында әртүрлі нәсіл мен этностң қосындысы бар адамдарда жүрек ауруларының қауіп факторлары жас кезінде дамиды және инфарктке ұшыраған жас, сау көрінетін адамдарда сол алғышарттардың кем дегенде біреуі болады.

Ең үлкен қауіп факторлары – жоғары қан қысымы, қант диабеті, жоғары холестерин және семіздік; бұлардың барлығы оттегіге бай қанды жүрекке жеткізетін артериялар мен қан тамырларын бітеп, зақымдауы мүмкін.

«Бұл жағдайлардың кейбірі тұқымынан берілуі мүмкін болса да, олар көбіне бала кезде басталатын дұрыс тамақтанбау және отырықшы өмір салты секілді зиянды әдеттерден туындайды», – дейді профилактикалық кардиолог және Америка кардиология колледжінің жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу кеңесінің төрағасы Юджин Яң.

Сондай-ақ, COVID те жүрек қан тамыр жүйесіне тікелей әсер етеді екен. Journal of Medical Virology басылымында жарияланған 2022 жылғы зерттеу пандемияның бірінші жылында жүрек талмасынан өлу фактісі 14 пайызға өскенін көрсетті. Ең үлкен өсім 25 пен 44 жас арасындағыларда байқалды.

Ковид ағзадағы қабыну реакцияларын белсендіреді және қанды қойылтып, тұтқыр етеді. Бұдан қанның ұйығыштығы артып, артериялар бітелетіндіктен, әсіресе инфекция жұқтырған адамдар осал бола түседі. Дегенмен дәл ЖОЖ-дың COVID-ке байланысты жүрек-қан тамырлары асқынуларына неліктен осал екендігі әлі күнге дейін түсініксіз.

Темекі, кокаин, марихуана және алкоголь тұтыну сияқты басқа факторлар да ЖОЖ тобында инфаркт қаупінің жоғарылауының себебі.

Қауіптен бейхабарлық

Әйтсе де ЖОЖ-ды бұл мәселе алаңдатпайды. Қаңтар айында Огайо штаты университетінің Уекснер медициналық орталығы жүргізген сауалнама 45 жасқа толмаған адамдардың 47 пайызы жүрек ауруынан қауіптенбейтінін  көрсетті; Сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі өздерінде жүрек аурулары бар-жоғын нақты білмейтінін айтты.

Сол сияқты, айтарлықтай қауіп факторлары бар жас және орта жастағы 3500 адамның жартысы ғана жүрек талмасына ұшырағанға дейін өздерінде жүрек ауруының қаупі барын білген. Сондай-ақ бұдан да аз бөлігі, әсіресе әйелдер өздеріне дәрігерлерінің қауіп төніп тұр деп ескерткенін айтқан.

Сарапшылар жастар мен орта жастағыларды жүрек саулығына көңіл бөлуге үндеу ерекше қиын екенін айтады, өйткені олардың отбасы мен мансап құрудан қолдары тимейді. Сондай-ақ медициналық сақтандыруы бар болу ықтималдығы аз топ та – осы жастағылар.

Бірақ бұл тек олардың кінәсі емес. Денсаулық сақтау жүйесі жүрек ауруымен ауыратын ЖОЖ-ды дер кезінде анықтауға және емдеуге арналмаған, бұл дәрігерлер арасында жастардың жүрек ауруларына шалдығу қаупі төмен деген қате түсінікті нығайта түседі.

Америка Жүрек қауымдастығы (АЖҚ) жасаған ең көп қолданылатын «қауіп калькуляторы», мәселен тек 40-75 жас аралығындағы адамдарға төнетін қауіпті ғана бағалайды.

Сонымен қатар, инфаркт болған ЖОЖ-дың көпшілігі жүрек талмасы ұстағанға дейін, қазіргі нұсқаулыққа сәйкес бұл топтағы адамдарда холестеринді емдеу қарастырылмаған. Дәл сондай қауіп факторлары болғанына қарамастан, ерлермен салыстырғанда әйелдерге қатысты холестерин мәселесі тіпті ушығын тұр.

Инфаркт қаупін қалай азайтуға болады?

Ең бастысы, ертерек алдын алу. Қауіп факторларын елемей жүре берсеңіз, соғұрлым жүрек ауруына шалдығу ықтималдығы да жоғары. Дұрыстап емделмеген жағдайда оның салдары тым ауыр болмақ.

«Өзіңіздегі қауіп факторларын анықтап, олармен қалай күресу жоспарын құрыңыз», – дейді АЖҚ-ның бас ғылыми және медициналық қызметкері Мариэлл Джессуп.

АЖҚ «Life’s Essential 8» қағидасын, яғни жүрек-қан тамырлары саулығын сақтауға және жақсартуға көмектесетін негізгі іс-қимылдарды ұсынады . Оған дұрыс тамақтану, тұрақты физикалық белсенділік, темекіден бас тарту, ұйқының толыққандылығын сақтау, сондай-ақ салмақты, холестеринді, қандағы қант пен қан қысымын реттеу кіреді.

«ЖОЖ аралығы – денсаулыққа көңіл бөліп, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға мүмкіндік беретін керемет кезең, – дейді Солтүстік-Батыс университетінің Фейнберг медицина мектебінің кардиология бойынша медицина кафедрасының доценті Джон Уилкинс.  –ЖОЖ тобындағы адамдарды жүрек қан тамырлары ауруларынан сақтандыру үшін неғұрлым жақсы жұмыс істесек, олардың «дені сау жылдары» соғұрлым ұзақ болады».

Автор: Кэйти Кэмеро