Теңіз тасбақалары мұхиттарды шарлаумен 100 миллион жыл тіршілік етіп келсе де соңғы бірнеше онжылдықта бұл бауырымен жорғалаушылардың басына қара
бұлт үйірліп тұр.
Адамның теңіз тасбақалары тағдырына үмітпен қарауға шақыратын әрі еріксіз үрей туғызатын әрекетіне куә болғаңыз келсе Бурдж-аль-Араб қонақүйіне барғаныңыз жөн. Дубайдағы жасанды арал үстіне тұрғызылған жалт-жұлт еткен ақ-көк әйнекті қонақүйге жиырма жыл болған. 700 шаршы метрлік хан сарайындай люкс нөмірдің өз кинотеатры бар. Демалыс күндерін мұнда өткізу құны $50 000 дейін барады. Алайда мен мұнда оның ақша төлемейтін қонақтарына бола келгенмін.
Британдық теңіз биологы Дэвид Робинсонды кездестірген соң екеуміз көлік тұрағына лифтімен түстік. Ломбарджинилердің қасынан өтіп, барар жерімізге беттеп келеміз: мына құбыр мен пластик бассейн лабиринті теңіз тасбақаларының интенсивтік терапия алатын ауруханасы. Түтіктердің бірінде жасыл тасбақа ішкі ағзасына ем қабылдауда. Бір қабатты аквариум жойылу қаупі төнген бисса тасбақаларымен толтырылыпты.
Сауықтыру орталығы бар қонақүйге холдингтік компаниялар тобы иелік етеді, ал оның қозғаушы күші – Дубай әмірінің өзі. Жоғары мәртебелі Шейх Мұхамед ибн Рашид аль Мактум өзі басқаратын қаланың қоршаған ортаны қорғау үлгісі болғанын қалайды. Мұндағы қызметкерлер ішектеріне шар жабысқан, ауға түсіп, қанаты сынған, басы жарылып, кемеден лақтырылған тасбақаларды өз көздерімен көрген.
«Осыны істеген өзіміз, – дейді Робинсон, – әрбір аспекті, тасбақаның әрбір түрі, олардың бастан кешіп отырғаны антропогендік қауіптен туындап отыр».
Көлік дөңгелегіндей ғана атлантикалық ридлеядан салмағы ақ аюдан да асып түсетін терілі тасбақаларға дейін әлемдегі бұл рептилияның жеті түрінің алтауына «осал», «қауіп төнген» және «жойылу алдында» деген категория берілген. Алайда жетінші түрге жататын аустралиялық жасыл тасбақалардың әзірге мәртебесі белгісіз.
Дегенмен тасбақалар тіршілігін жалғастыруда. Жақында жүргізілген зерттеу нәтижесінде теңіз тасбақалары колониялары ішінде популяциялары азайғандарына қарағанда көбейгендерінің саны екі есе артқаны байқалған. Ғалымдар биыл АҚШ-тың «Жойылып бара жатқан сүтқоректілер мен құстарды сақтау туралы заңымен» қорғалатын тасбақа популяциялары артып жатқанын анықтады. Басынан жарақат алып, аралда 546 күнін өткізген бір жасыл тасбақа тұқымдастары арасында тіркелген ең ұзақ саяхатты бастан кешкен. Қадағалау құрылғысы істен шыққанға дейін әлгі тасбақа Таяу Шығыстан Тайланд жағалауына дейін 8 282 шақырым жолды жүзіп өткен екен.
Теңіз тасбақалары бұған дейін анықталғанындай өмір сүруге, кез келген өзгеріске әлдеқайда бейім тұратынын көрсеткен. «Мен осы күні жиі кездестіруге болатын жарақат, деформация мен аурудың жан түршіктірер талай түрін көрдім, – дейді Халықаралық табиғат қорғау одағының (ХТҚО) теңіз тасбақаларын зерттеу бағдарламасына жетекшілік ететін Браян Уоллас.
«Теңіздерді жұтатып, жағалауларға билік орнатып және ғаламшарды ысытып жіберумен осы жануарларды құрдымға итермелеп жатқан жоқпыз ба?» деген сауал орынды. Алайда бірнеше елде теңіз тасбақалары туралы ақпар жинағаннан кейін, оның орнына басқа сауал тастағанымыз жөн бе деп ойлаймын: осы күні біз осы бір мақұлықтардың тіршілік етуін қаншалықты жақсарта алуымыз мүмкін?
Теңіз тасбақаларымен шамалы ғана уақыт өткізген болсаңыз, оларға деген сүйіспеншілігіңіз оянбауы мүмкін емес. Олар қанат сияқты алдыңғы жүзбеаяқтарының көмегімен мұхиттарды шарлай жүріп, артқы аяқтарымен құм қазып, ұя салады. Олардың аузы құстардың тұмсығына ұқсайды. Бұл, бәлкім, арғы тектері бір болғандықтан шығар. Десе де терілі тасбақаның жөні бөлек. Оның терісі қалың, сүйекті сыртқы қаңқасы мүйізтұмсық мүйізі мен адамның тырнағын түзетін элемент – кератин қалқанымен қапталған. Бисса тасбақасы маржандарды тұншықтырып тастауы мүмкін жөкесімен қоректену арқылы рифтерге көмектессе, үлкенбасты тасбақа күшті жағымен семсерқұйрықтыларды шайнап жұтады. Терілі тасбақа медузамен және асцидиямен қоректенетіндіктен еш қиналмастан Жапония жағалауынан Калифорнияға дейінгі аралықты жүзіп өте алады.
Теңіз тасбақасы құрлықтағы тұқымдастарынан 100 млн жылдан астам уақыт бұрын бөлініп шыққан. Олар екі миллион жыл бұрын динозаврлардың көзін жойған астероидтардан аман қалған. Бүгін теңіз тасбақасын Антарктикадан басқа бүкіл құрлықтың жағалауынан табуға болады.
Олар біздің оқиғамызды баяндайды: қытай мифологиясында теңіз тасбақасының аяғы аспанды тірейді. Ем іздегенде оларға жүгінеміз: Батыс Африкада бір кездері тасбақа еті алапесті емдейді деген сенім болған. Бүгінде оның сүйегі мен сауыты Қытай, Мексикада дәрі ретінде сатылады.
Осы ортақ тарихтың көп кезеңінде тасбақалар аман қалумен шектелмей, тіпті көбейіп те отырған. 1494 жылы екінші саяхаты кезінде испандық бір дін қызметкері Кристофер Колумбтың кубалық теңіз тасбақалары туралы ойын жеткізе отырып, былай сипаттаған: «Олар теңізде өріп жүретін және олардың ірілігі мен көптігі сондай, кемелер олардың үстіне шөгіп қалатындай көрінетін».
Кей ғалымдар Колумбқа дейінгі Кариб теңізінің өзінде 91 миллион ересек жасыл тасбақа болған деседі. Бұл бүгінгі таңда әлем бойынша барлық түрлерін қосқандағы ересек тасбақа санынан шамамен 10 есе көп мөлшер.
Хелен Физи екеуміз Коста-Риканың қараңғы түнінде қызыл шаммен жағажайды кесіп бара жатқанымызда жаңбыр себелей бастады. Физи бауырымен жорғалаушылардың қара нарығын зерттеп жүрген аспирант. Ол Paso Pacífico деп аталатын АҚШ-тың табиғат қорғау жөніндегі коммерциялық емес ұйымымен жұмыс істейді. Физидің қалтасында GPS трансмиттері имлантацияланған жасанды тасбақа жұмыртқасы бар және біз оның потенциалдық «мамасын» іздеп жүрміз. Ол қараңғыда жападан жалғыз топырақ шашып жатқан зәйтүнтүстес тасбақаны нұсқады. Жүкті тасбақа жұмыртқа салып жатқанда Физи тасбақаның арт жағынан келіп, көлемі үстел теннисінің шарындай ғана болатын жұмыртқа арасына трансмиттерді салды. Физи асыққан браконьерлер оны шын жұмыртқалармен бірге әкетеді деп үміттенеді.
Азияның кей бөліктері мен Латын Америкасында тасбақа жұмыртқасы жоғары бағаланады. Оларды қайнатуға, қуырып жеуге не лимон, қызанақ шырыны мен бұрыш араластырып ішуге болады.
Көп елдерде тасбақа жұмыртқасын сатуға көп жылдан бері заңмен тыйым салынған. Десек те 2018 жылы Мексиканың Оахака қаласында қоқыс қаптарына 22 000 тасбақа жұмыртқасын тиеген пикап көлігін полиция ұстаған. Екі жыл бұрын Малайзияның қадағалаушы органдары 19 000 жұмыртқаны ағаш қайықпен тасып бара жатқан төрт филиппиндікті қолға түсірген. Осы қарақшылар қалтасын майламақ болған $7400 өз еліндегі орташа жылдық табыстан үш есе көп сома еді. Физидің айтуынша, жұмыртқа ұрлау көбіне кедейшілік, есірткі не ішімдікке әуестердің өміріне тікелей байланысты. Бірақ мынадай жалған жұмыртқалар ұйымдасқан қылмыстық топтарды тоқтатуға көмектесуі мүмкін.
Өткен сенбіде Коста-Риканың Гуанакасте қаласының маңайында қарақшылар 28 ұяны тонаған, солардың арасында Физидің трансмиттерлі жұмыртқасы салынған ұя да бар.
Дүйсенбі күні Физи смартфонынан жұмыртқалардың түбектен шығып, құрлықта орын ауыстырғанын көрді. Ол жағалаудан 137 шақырым жердегі көршілес Сан-Рамонға бет алып, қарақшылардың соңына түсті. Бірер уақыттан кейін жұмыртқа тиелген көлік әлдебір супермаркеттің жүк тиеу платформасына барып тоқтады. Сол жерден әрмен қарай біреудің үйіне дейін жеткенше басқа қолға табысталса керек.
«Тұзақ» жұмыртқа бұл күресте тиімділік көрсетсе де, бұл тасбақалар бастан кешіп отырған проблемалардың бірі ғана. Мұхитқа қарап бой түзеген зәулім ғимарат, қонақүй мен қосалқы нысандар тұрғызу арқылы олар ұя салатын жағажайларынан айырылып жатыр. Жағалауларды жарыққа көміп, олардың бағыт-бағдар анықтау түйсігін бұздық. Бұл рептилия түрлері жұмыртқалауға қолайлы құмды тапқанымен, жарық кесірінен бастары ауған жаққа тентіреп кететін жағдайлар жиі орын алып тұрады. Кейбірі көлікке қағылады. Мұнайлы улы заттардан пластик қалдықтарға дейінгі түрлі қоқыстардан зардап шегеді. Ашыққан үлкен басты тасбақалар медуза мен целлофан қапты ажырата алмай, опат болып жатады.
Жаңа зерттеулер өткен 150 жылда 9 миллион бисса тасбақасы пышаққа түскенін көрсетті. Көбісі оттай қызыл және алтын түстес сауыттары үшін құрбан болған: оны шаш қыстырғыш, көзілдірік жиектемесін, әшекей бұйым қорабын жасауға және жиһаздарды сәндеуге пайдаланады.
Жойылып бара жатқан жануарлар түрлерінің саудасы жөніндегі халықаралық конвенция (ағылш. – Convention on International Trade in Endangered Species, қысқ. CITES) бойынша тасбақа өнімін сатуға 1970-ші жылдары тыйым салынғанымен, тыйым сақталып отырды деуге келмейді. 2012 жылы зерттеушілер Жапония мен Қытайда саудаға шығарылған мыңдаған бисса тасбақасын тапқан. Оларға қатысты нақты дерек жоқ, дегенмен ғалымдар дәл қазір әлемде ұя салатын небәрі 60-80 мың аралығында аналық тасбақа қалды деп топшылайды.
Ал кей елдерде әлі күнге күнкөріс қамы үшін тасбақа етін аулаға рұқсат етілген. Бұл елдерде мұндай практикаға тыйым салынған күннің өзінде заңды қадағалау қиын. Мозамбик пен Мадагаскардың өзінде, мәселен, жыл сайын браконьерлер он мыңдаған, тіпті жүз мыңдап жасыл тасбақаны заңсыз аулап жатуы да мүмкін.
Тасбақаны қорғау керектігін халық түсініп қолдаған жерлерде үміт оты жанғандай еді. Коста-Рикада өткізген таңдарымның бірі. Корольдік пальма арасынан мұхит суы сағымдай жылтырап көрініп тұрған шақта жүк көлігімен келе жатқанмын. Көлікке 96 000 тасбақа жұмыртқасы салынған 80 үлкен қап тиелген болатын. Бірнеше шақырым жердегі ашық қораға кірдік. Адамдар нәзік жүкті сұрыптайтын үстелге қойған бойда, әйелдер жұмыртқаларды кішірек қаптарға сұрыптап сала бастады. Көп ұзамай бұл жұмыртқалар қайта оралып, мейрамханалар мен барларға сатылып, сонау шалғайдағы Сан Хоседей жерлерге дейін жол тартады. Мұның бәрі заңды, тіптен мұндай практика тасбақаларға көмектесуі де мүмкін болғасын айтып отырмын.
Коста-Риканың Тынық мұхит жағалауындағы жоғарғы түбегі – Осшеналдағы мына жағажайда ай сайын әлемдегі ең үлкен жаппай жұмыртқалау «науқаны» болып тұрады. Мұндағылар arribada деп атайтын осы құбылыс түнде басталып, таңға дейін жалғасады. Аналық зәйтүнтүстес тасбақалар теңізде жиналып, жұлдыз көмкерген аспан астында олардың сұлбасы көріне бастайды. Артынша әлдебір тылсым белгімен олар жағалауға бас салады. Толқын боп келіп, бір-бірін таптап өтіп, айналада өріп жүретін қаңғыбас иттер мен аш жанаттарға мән берместен құмды қазуға кіріседі де, артынша ұяшықтарын жұмыртқаға толтырып тастайды.
Адамдар мұнда таңсәріде келе салысымен қазылып, артынан қайта көмілген жерлерді іздейді. Ал тапқан кезде олар отыра қалып, жұмыртқаларға жеткенге дейін қаза жөнеледі. Сонан соң жасөспірімдер мен әйелдер қоржындарын толтыруға кіріседі.
Коста-Рика 1970-ші жылдары жұмыртқа жинауға тыйым салып көргенімен, одан еш нәтиже шықпады. Зерттеушілер ақыр соңында заңды әрі қадағаланатын ішкі саудаға рұқсат беру жөнінде келісімге келген. Осылайша arribada кезінде тасбақалар жағажайға сыятын мөлшерден әлдеқайда көп ұя қазатыны байқалды. Браконьер араласпаған күннің өзінде, жұмыртқалардың жартысына жуығын тасбақалардың өздері сындырып алатыны анықталды. Осыдан кейін Коста-Риканың үкіметі Осшеналдағы бірнеше жүз тұрғынға заңды түрде жұмыртқалардың бір бөлігін жинап алуға рұқсат береді.
Бүгін көпшілік Осшеналдағы жұмыртқа жинау үрдісіне жетістік ретінде қарайды. Тұрғындар жұмыртқаның аз бөлігін теріп алады. Кейбір биологтар, жағажайдағы артық жұмыртқаларды жинап алу қалғандарын микробтардан қорғайды екен. Саудадан түскен қаражаттан жағажай күзетінің жалақысы төленіп, браконьерлікпен күреске жұмсалады. «Негізі біз дұрыс істеп отырмыз», – дейді Руиз Авилес.
Бұл осы тәжірибе басқа жерлерде де қолданылуы тиіс дегенді білдірмейді. Жұмыртқаға деген мұндағы сұраныс, айталық, Мексикадағы сұраныстың бір бөлігін ғана қамтуы мүмкін. Және жұмыртқалардың бір бөлігін жинап алу тасбақалардың көбірек ұрпақ өрбітуіне жағдай жасайды. «Менің ойымша, Осшеналды басқа өңірлер үшін үлгі етудің еш қажеті жоқ, – дейді Оңтүстік-шығыс Луизиана университетінің профессоры, коста-рикалық Ролдан Валверде. Кей сарапшылар жұмыртқаларды жинауға рұқсат беру заңсыз ұрлаудан келетін әлдеқайда көп шығынның алдын алады деп айтса, басқалары мұндай сауданы заңдастыру қара нарықты қыздыра түседі деп қауіптенеді. Өкінішке орай, ақпараттың әрқилылығына байланысты дұрыс шешім шығара алмадық.
Іс жүзінде тасбақалардың қай түрінен қаншасы қалатыны немесе олардың аман қалуы үшін қанша жұмыртқа қажет екені белгісіз. Жаңа зерттеу ұяға негізделген кей популяциялардың есебі шамадан тыс әсіреленгенін алға тартады. Ұя саны да тасбақа санын нақты көрсетпейді. «Теңіз тасбақалары өз өмірлерінің 99 пайызын суда өткізеді, сондықтан су ішінде не болып жатқанына мән берген жөн», – дейді теңіз тасбақасына маманданған биолог Николас Пилчер.
Пилчер Абу-Дабиден батысқа қарай шамамен 80 шақырым жерде таяз судағы балдыр арасында жасыл тасбақаның соңынан катермен жүзіп келеді. Катердің тұмсығында Әмірліктердің Табиғатты қорғау қорында жұмыс істейтін Марина Антонопоулоу отыр. Пилчер сигнал беріп айқайлаған кезде ол тасбақаны ұстап, катерге салу үшін оның арқасына секірмекші.
Антонопоулоу мен бір топ ғалым, олардың ішінде Абу-Даби әкімшілігінің өкілдері де бар БАӘ-нің Марава теңіз биосферасы резерватында жүйткіген жасыл тасбақалардың қайда бара жатқанын анықтамақ. Пилчердің табан астында бес-алты жасыл тасбақа жүр. Зерттеуші топ олардың кейбіріне сенсор тағып, қайтып суға жібереді. «Біз судағы мына тасбақалардың тіршілігін жұмыртқа салатын жерлерімен байланыстыруға тырысамыз, – дейді Пилчер. – Бұл – тасбақаларды сақтаудың таптырмас жолы».
Бірақ тасбақалар көбіне бір мемлекет қарауындағы суда қоректеніп, басқа мемлекетке тиесілі жағажайға жұмыртқалайды. Әсіресе, Таяу Шығыстағы жағдай дәл осылай. БАӘ-дегі мына сауыттылар жұмыртқасын Оман, Сауд Арабия, Кувейт, Иран, тіпті, Пәкістанда салуы мүмкін. Табиғат қорғаушылар мен Абу-Даби әкімшілігі ол жақтарға қай тасбақалар баратынын білместен басқа елдермен келіссөздер жүргізе алмайды. Әрине, бұл маңызды, өйткені, Таяу Шығыстың даму қарқыны күшті және Пилчердің сөзінше тасбақаның ұялайтын мекендері барған сайын тарылып барады.
Теңіз тасбақаларын қорғау шаралары өткен онжылдықтарда әлемнің көп жерінде жетістікке жетті. Флорида мен Гавайида жағалаулық шипажайлар мен қонақүйлер жағалауларда жарықтарын азайтса, бейқам тасбақалардың балық ауларынан құтылуына мүмкіндік беретін құрылғыларды қолдану Мексикада атлантикалық ридлеяны және Атлант мұхитында үлкен басты тасбақаны құтқаруға көмектесті. Мұндай әдіс өзге өңірлерде тәжірибе ретінде қолданыла бастады. Балық аулау кәсібін жауып, кездейсоқ ілініп қалуын болдырмас үшін коммерциялық балықшылықтағы қармақ-құрылғыларды алмастырдық. Бірнеше балық аулау кемесінде тасбақа тірлігін құжаттайтын бақылаушылар жұмыс істейді.
Десек те, жетістіктеріміз бола тұра, жаңа кедергілерге де тап болып жататын кездер болады. Тасбақаның жұптасуы өздері жұмыртқа салатын құмның температурасына байланысты. Жылырақ құмдағы жұмыртқалардан көбіне ұрғашы тасбақалар шығады, сондықтан климат өзгерісі салдарынан тропикалық аймақтарда құм температурасы артып, аналық тасбақаның саны артқаны байқалып отыр.
Калифорнияның Сан-Диего қаласы. Жылы кештердің бірі. Шығанақта тұрып, бір топ ғалымның жасыл тасбақаны ұстап алғанын көрдім. Бірнеше жылдан бері АҚШ-тың Ұлттық мұхит және атмосфера әкімшілігінде істеп келе жатқан Камрин Аллен уақыт жоғалтпай, түтікшеге тасбақа қанын құйып алды. Ол теңіз тасбақаларының жұптасуын зерттейді. Мұнда аналық пен аталықтардың арасы шамалы алшақтаған, алайда жуырда Аустралияда өткізген зерттеуінің нәтижелері оны мазасыз күйге түсірді.
Ұлы тосқауыл рифт шетінде орналасқан 21 гектарлық Рейн құмды аралы жасыл тасбақалар үшін Жер бетіндегі ең үлкен ұялау мекені саналады. Аллен мен оның әріптестері температураның көтерілуімен Рейн аралында дүниеге келген аналық тасбақалар саны аталықтардан асып барады. Дәл қазір олардың ара қатынасы 116/1-ге тең.
«Мұндай нәтижелерді көргенде зәрем зәр түбіне жетті», – дейді Аллен. Бұл климат өзгерісі төндірген жалғыз қауіп емес. Дауылдар күшейген сайын тасбақа ұяларын тас-талқан етіп жатыр. Теңіз деңгейінің көтерілуінен ұялау аймақтарын су басып, жұмыртқалар су астында қалып қояды.
Осыған қарамастан, үміт сәулесі жоқ емес. 100 миллион жыл бұрын тасбақалардың ауыр уақытқа төтеп беру стратегиясы болмағанда аман қалмас еді. Олар ағзаларындағы зат алмасу процесін баяулатып, айлар бойы қоректенбей жүре алады. Он жылда бір көрініп, жылдар бойы жұмыртқалау кезеңдерін жіберіп отырған аналықтар бар. Жаңа зерттеулер популяцияға қауіп төнгенде аталықтары көп аналықпен жұптаса беретінін көрсетіп отыр. Және теңіз тасбақалары дағдарысты кезеңдерде ұялау жағалауларын басқа жаққа ауыстыра да алады.
Тасбақалардың әмбебаптылығына көзі жеткен соң Алленнің бастапқы қорқынышы сейілді. «Кейбір шағын популяциялары жоғалуы мүмкін, бірақ теңіз тасбақалары ешқашан түгелімен жойылып кетпек емес, – дейді ол, – меніңше өзгелермен салыстырғанда тасбақалардың адамзат пен жаһандық жылынудың әсерінен аман қалу ықтималдығы әлдеқайда жоғары». Тек оларға көмек көрсету керек.
Автор: Крейг Уэлш, фото: Томас Песчак