13Қаң

Адам мен орман тынысын тарылтқан аласапыран

Су деңгейінің көтерілуі мен заңсыз ағаш кесу Үндістан-Бангладеш жағалауын қорғап тұрған тал-теректерді жалмап барады.

Кезінде Горамара шығысын жалғап жатқан Сагар аралға айналып шыға келді.

Кіре беріс есігінің алдына әлдеқашан жан тапсырған досының өлі денесі шайылып келгенде Булу Халдар үйін сақтап қала алмайтынын түсінді.

Бангладештің оңтүстік-батыс жағалауында Кулна ауданы орналасқан. Мұндағы Шығыс Дхангмариді қорғап тұрған бөгетке Пасур өзені қауіп төндіріп тұрғанына біршама уақыт өтті. Алғашқыда, дауыл бетонның бетін тіліп өтті. Кейін, 2017 жылдың соңында, өзен жердің борпылдақ қабатын опыра бастады. Тұрғындар қапшығымен құм төсеп, жанталасса да бұл бірнеше күн амалдауға ғана жетті. Ақыры өзен Халдар бақшасы арқылы зиратқа сауылдап ағып, сүйектерді сыртқа шығарып, ауылдың ауыз су бассейндерін ластап, оның жалғыз бөлмелік лашығын қоп-қоңыр лай сумен белуарға дейін басып қалды.

Ұқыпты киінген, жасы елу шамасындағы жесір Халдар жақын маңдағы ауылды қоршап жатқан Сундарбан мангр тоғайына көз тікті. Оған ағаштар уақыт өткен сайын тізе бүгіп жатқандай әсер қалдырды. Орманның осалдығын сезген су да күш алғандай еді. Бір таңғаларлығы, Халдардың сөзінше, ауылдың үйме топырағы көпке дейін дес бермепті. «Ағаштар біздің қорғанымыз еді, алайда біз оларды бағаламадық, – деді ол, – соның зардабын енді тартып жатырмыз».

Сундарбан мангр тоғайының батыс алқабындағы Горамара аралында (Үндістан) ағаш кесу мен теңіз деңгейінің өсуі, сондай-ақ теңіздің топырақты кеміруі кесірінен жағалау қорғаны болған мангр орманы жұтаңдап кетті. Нитья Гопал баспасынан айырылды.

Бангладеш пен көршілес Батыс Бенгал Индия штатында климат өзгерісінің кесірінен табиғи қорғанышын жоғалтқан Шығыс Дхангмари секілді мыңдаған ауыл бар. Жері жазық және Гималайдың еріген қарымен толығатын өзендері осы жазық даланы басып өтеді. Су жиі таситын болып барады. Бенгал бұғазында циклон кесірінен кейде мыңдаған адамға дейін көз жұмады.

Десек те, аймақтың жағалауын мекен еткендер әлемдегі ең үлкен, созылып жатқан Сундарбан мангр орманына сеніп келді. Үндістан-Бангладеш шекарасының екі жағында 10 000 шаршы шақырымынан астам аумақты алып жатқан, ағаштардың тасқынға шыдас беретін құдды бір қорған іспеттес тығыз батпақ, адуынды дауылды ауыздықтап, жойқын циклондардың бетін қайтарып отырған еді. Ауыл тұрғындары үшін орман – балдың, суы – балықтың қайнар көзі. «Сурданбан – біздің анамыз, – деді Бангладештегі Харинагар балықшылар қауымдастығының хатшысы Джойдев Сардар, – бізді қорғап, асырайды».

Алайда жылдар өте келе адам мен табиғаттың озбырлығынан мангр алқабының күш-қуаты сарқылғандай көрінеді. Аймақ тұрғындарының тез өсуіне орай, үй-жай салу үшін құрылыс материалы ретінде ағаштарды заңсыз кесу орманның аясын тарылтты. Сондай-ақ теңіздің басып кіруі салдарынан су тұздылығы артып, Сундари секілді орманға атау беріп тұрған, дауыл тоқтатар көптеген ағаш түрлері жойылуда. Тұздылық деңгейінің өзгеруіне құрлық пен теңіздің де қосқан үлесі айтарлықтай. Үндістан өзендеріндегі жоғарғы бөгеттер Сундарбанға тұщы судың ағынын баяулатса, климат өзгерісі әсерінен теңіз деңгейінің көтерілуі мангр тоғайларына неғұрлым көбірек ащы суды әкеп құйды.

Күндізгі ауысым жұмысшылары Сагар аралының қапталындағы қорғаныш нысандарын жөндеп жатыр. Циклондар мен дүлей дауылдардың күшейгеніне қарамастан шұғыл шаралар мен паналарды жақсарту арқасында қаза тапқандар саны да азаюда.

«Тұзды жер көлемі барған сайын артып келеді, – деді Бангладеш инженерлік және технология университетінің су және тасқын ресурстарын басқару институты профессоры Машфикус Салехин. – Жаңа аймақтар тұздалып, ал орташа тұзды аймақтар тұруға жарамсыз боп, бұл үлкен проблемаға айналып жатыр». Ең сорақы деген сценарий орын алып, бұл ғасырда теңіз деңгейі шамамен 1.8 метрге көтерілсе, тек қана Бангладештің өзі Сундарбандағы мангр тоғайы­ның 2000 шаршы шақырымынан астам аумағынан айырылады.

Ең жағымды сценарийдің өзінде шамамен 200 шаршы шақырым аумақ су астына кетеді екен. Адам күні толықтай осы орманға қарап тұрған бұл елдер үшін бәрі үлкен апатпен аяқталуы  мүмкін деп Салехин мен басқа да ғалымдар үрейін жасырмайды. Құрлық онсыз да өздігінен құрып барады. Мангр ағаштарын тік ұстап тұратын шырмалған тамырлары болмаса, топырақ теңізге желінеді және жоғарғы бөгеттер өзеннің тұнбасын ұстап қалып, ол бұрынғыдай толықпайды.

Үндістанның Хугли өзеніндегі аралдарға қарасақ, Сундарбан аймағының батыс жағындағы Ганга сағасында топырақ пен ағаштардың азайып бара жатқанын байқауға болады. Қалай болғанда да бір ғасыр бұрын мангр тоғайымен көмкерілген үш арал – Лохачахара, Супарибханга мен Бедфорд – жер бетінен түбегейлі жоғалған. Қалғандары тез мүжілуде: XX ғасырдың ортасынан бастап, үйі су астына кеткен тұрғындарымен толығып жатқан Сагардың өзі шамамен 50 шаршы шақырымға кішірейген.

Горамара аралы. Тулаған толқын тынышталғаннан кейін Кишари Мандал сиыр­ларын бағуға шықты.
Сагар. Биджой мен Сона Бэг балаларымен бірге 2017 жылы толқын талқандаған мектеп үйіндісінің үстінде тұр.

Сундарбанның кей бөліктерінде теңіз жылына шамамен 180 метрге ілгерілеп келеді. «Сурданбан айналасын мекендеген адамдар барынан айырылуы мүмкін, – деді Калькуттадағы Джадавпур университетінің доценті Тухин Гхош, – бұл қазір боп жатқан оқиға. Жойылып жатқан мангр тоғайларынан қашықта орналасқан Калькутта мен Дакка секілді қалалардың өзі циклондар мен дауылға тым осал».

2018 жылдың ақпанында Шығыс Дханмаридің (Бангладеш) батысындағы Чунар өзенін тасып кетуден қорғап тұрған бөгеттің бір бөлігі опырылды. Бұл мұндай жағдайдың бір жылдың ішінде үшінші рет қайталануы. Күн сайын он алты үйдің суға шайылуы жергілікті халық үшін үйреншікті жайтқа айналды. Алайда соңы жоқтай көрінген төтенше оқиғаларға қарап, көненің көзі қариялардың өзі мұның арты жақсыға әкеп соқпайтынын айтады. 2018 жылғы құрғақшылық маусымында күріштің өнімділігі айтарлықтай аз болып, әрбір гектардан жарты метрикалық тоннадай алынатын өнім азық-түлік бағасының өсуіне әкеп соқты. Көптеген аймақта көкөніс­тер тіпті өспей қойды.

Бангладеш. Аға­йынды Мохаммад Гиасуддин (сол жақта) мен Мохаммад Шобудж Хавладарлар кішкентай Халитабуния аралының опырылып жатқан жағалауында қалды. Көп адамдар тасқынмен тоқыраған Сундарбанды тастап кетті.
Сагар. Ганга Дельтасына мінажат ету үшін суға түсуге келгендерге арналған құтқарушы.

«Кейде судың бүлінуінен тек қана ағаш ұсталары ғана жұмыс жасайтындай көрінеді», – деді фермер Бимол Сардар.

2018 жылдың көктемінде, шығыс Бангладештің кей аудандарында таралған ауру елдің осы тыныш түкпірін сұлатып кетті. Батпақтан бастау алуы мүмкін деген тырысқақ ыстық ауа мен Сурданбаyстың сортаңдау суларында құтырып тұр. Мен барғанда жергілікті дәрігер үлгере алмай жатты.

«Бұрын айтарлықтай проблема болмаған судан түрлі ауру шығып жатыр, – деді Шивапада Мондоль, – жағдай қауіп төндіруге жақын». Кабинетінің сыртындағы зембілде жатқан сүйегі көрінген арық шал жан даусымен ішкен-жегенін құсты, ал қызы оған көбірек сұйықтық ішкізуге тырысып жатты.

Ақыр соңында, жаңа Сурданбанда тұрудың мүмкін еместігін дәлелдегісі келгендей жиырмадан астам отбасы үйлерін тастап, сәуір айында Бангладештің астанасы Даккаға көшіп кетті. Дүниежүзілік банк 2050 жылға дейін Сурданбанс жағалауындағы халықты қоса алғанда 13 миллионнан астам бангладештіктер климат өзгерісі дағдарысына байланысты қоныс аударуы мүмкін деген болжам жасап жатыр. Батыс Бенгал туралы болжам да көңіл көншітпейді.

Қиындықтарға қарамастан, кей адамдар болашаққа қатысты оптимистік көзқарасын сақтап отыр. Шекара аумағындағы қос ел үкіметі бұл табиғат апаттарынан сабақ алып, мангр тоғайын аяусыз отаған компаниялардың барлығын қатаң бақылауға алды. Қылмыскерлер жазаланып жатыр. Дауылдан қорғар қосымша паналар салып, дүлей басталмастан бұрын 150 мыңға тарта еріктілерді іске тарту арқылы Бангладеш шенеуніктері қаза тапқандар санын күрт азайтты. Тіпті, Сундарбанның ең кедей деген аудандарының тұрғындары керемет бейімделу қасиеттерін көрсете білді. Тұздылықтың ауытқуына байланысты олар күріш өсіруден бас тартып, асшаян шаруа­шылығына кірісті.

Алайда мангр тоғайын сақтап қалу жолындағы болашақ еншісіндегі күресте Бангладештің өзі үшін де қиындықтар көбейіп жатыр. Дакка Үндістанның демеу­шілігімен Сурданбанс маңындағы Рампалда көмір электро­станциясының құрылысын бастады, алып құрылыс басқа да қоршаған ортаны ластайтын өнеркәсіптерге жол ашуы мүмкін. Қытай Брахмапутра су бассейніне көп бөгет салуды ұсынуда, бұл мангр тоғайындағы тұщы су қорының сақталуына қауіп төндірері сөзсіз. Температураның төмендеуі мен тұрақсыз жауын мен дауылдарға себеп болып отырған климат өзгерісі тағы бар.

Түйткілді мәселелердің көбеюіне байланысты тұрғындардың көкейін кернеген сауал да көбейіп барады.

«Бұл мекеннің тірегі – Сундарбан, – деді Булу Халдар – орманды алқаптың жоғалуы – оның да түбіне жетеді».

 

 

Автор: Питер Шварцстейн, фото: Арко Датто