14Окт

Нұр-Сұлтан: Бозоқтан бүгінге дейін…

Нұр-Сұлтан
Фото: Айбек Аханов

 

Нұр-Сұлтан шаһарын сәл ілгеріректе Астана деп таныдық, одан бұрынғы атауы – Целиноград. Одан да әріректе бір ғасырға жуық уақыт Ақмола деп аталып келді.

Қазақстан астанасының өткені VIII ғасырдан бастау алады екен. 1816 жылы Есіл-Нұра аймағына ат ізін салған офицер И.Шангин шағын қаланың жұрнақтары қалған ежелгі Бозоқ шаһарын байқайды. Ал 1946-1976 жылдары белгілі қазақ ғалымы, тарихшы, археолог Ә.Марғұлан осы маңдағы қалашықтар жайында деректер келтірген. 1927 жылы көне қалашықта Ақмолада туған өлкетанушы Л.Семенов қазба жұмыстарын жүргізеді. 1997 жылдан бастап қазақстандық белгілі археолог К.Ақышев Нұра мен Есіл өзендерінің әр тармағының бойында ауқымды зерттеу шараларын жасады. 1998 жылы Мемлекет басшысы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев­тың тапсырмасы негізінде К.Ақышев жетекшілік еткен Есіл археология­лық экспедициясы жасақталып, одан кейінгі жылы бүлінген қалашықтың аумағында қазба жұмыстарын бастады.

К.Ақышевтің пайымына сүйенсек, VIII-XV ғасырлардың шамасында Қазақстанның далалық аймақтарында ордакент-қалалардың пайда болуы, бекініс-баспананың салынуы, әскери бөлімше мен жергілікті билеу­шілер жайғасатын ордалардың тұрғызылуы отырықшылықтың нығаюуына себепші болған. Осындай қалашықтардың бірі – Бозоқ бастапқыда жергілікті билеушінің ордасына айналған көрінеді. Осы аумақ арқылы ХVІ ғасыр кезінде Сібір-Орта Азия керуен жолы жүріп өткен деседі.

Іргеміздегі Ресей империясының 1862 жылғы шешімімен Ақмола станицасына ресми түрде қала мәртебесі берілген. Осы уақытқа дейін де бұл аймақта бекініс болғаны белгілі. 1939 жылы Кеңес өкіметінің билігі Ақмоланы облыстың орталығы ретінде бекітті. Бұл уақытта мұнда 30 мыңнан шамалы ғана асатын тұрғын болған. Тың игеру жылдары Ақмола облысы Қазақстанның ең маңызды астығы мол өңіріне, ауыл шаруашылығы, машина құрастыру орталығына айналған-ды. 1960 жылы шыққан тың өлкесін құру туралы Жарлықтан соң, яғни 1961 жылы қаланың аты Целиноград болып өзгерді.

«Ақмола қаласы тым тозыңқы. Қала орталығы мен вокзал ауданындағы көзге ілінер Сталин кезіндегі бірнеше үй мен коммуналкаға айналған көпес үйлерден басқа ғимарат болмаған. Әкімшілік ғимараттар мен үйлердің тапшылығы қатты байқала бастаған. Мәселен, 1961 жылы қаланың тұрғын үй қоры адам басына шаққанда бес шаршы метрден келді. Оның өзі ескі, құлайын деп тұрған саман үйлер еді» деп жазады А.Дубицкий «Есіл бойындағы қала» деп аталатын еңбегінде.

Мұнда ең алдымен қазіргі Бейбітшілік көшесі, (ол кездегі атауы – Мир) қайтадан құрылды. Байырғы тұрғын үйлердің орнына биік те жаңа баспаналар бой көтере бастады. Шаһарда саябақ, сквер мен мәдениет ошақтары тұрғызылды. Мысалы, Теміржолшылар мәдени орталығы ашылды.Кейінірек аты бірнеше мәрте өзгеріп, қазіргі таңда «Жастар театры» деп аталады. Бірінен кейін бірі Целиноград машина өндіру мен түсті металдар өңдеу зауыттары, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі, астық өндірісі орталықтары халықтың игілігіне қызмет ете бастады. 1960 жылдардың басында қалада білім ордалары да пайда болып жатты. Ең бірінші болып студенттерді әйгілі педагогика институты қабылдаса, іле-шала медициналық институт та ашылды.

1963 жылдың тұсында «Тың игеруші­лер» сарайы пайдалануға берілді. Сы­йымдылығы 2355 адамға шақталған бұл нысан салыстырмалы түрде алғанда Кремль­­дегі Съездер сарайынан ке­йінгі екінші орында тұрған. Кейін бұл ғимараттың атауы «Конгресс холл», тағы да кейінірек «Астана концерт залы» деп өзгертілді.

1975 жылдың 20 наурызында 1200 көрерменге арналған Жастар сарайы есігін айқара ашты. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін, яғни 1992 жылы Целиноград қаласы мен облысы қайтадан бастап­қы атауын еншілеп, Ақмола деген атқа ие болды.

Нұр-Сұлтан қаласы
Фото: Ерболат Шадрахов

 

Бас шаһардағы бастапқы өзгерістер.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев ел астанасын көшіру туралы ойын бірінші рет 1994 жылдың 6 шілдесі күні, Жоғарғы Кеңестің сессиясы отырысында депутаттардың талқысына салды. Елорданы ресми түрде көшіру шаралары 1997 жылы 10 желтоқсанда жүзеге аса бастады. Мемлекет басшысының 1998 жылдың 6 мамырындағы Жарлығымен Ақмола қаласының атауы «Астана» болып өзгерді. Жаңа астананың халықаралық деңгейдегі таныстырылымы 1998 жылдың 10 маусымы күні өтті. 1999 жылы Нұр-Сұлтан қаласына ЮНЕСКО-ның шешіміне сәйкес «Әлем қаласы» атағы берілді. Бұл атақ аса қысқа мерзімнің ішінде зор қарқынмен өркендеген жер бетіндегі жас қалаларға ұсынылады. Бразилия елінде өткен аталған байқауда Қазақстан елордасы барлық өлшемдерге сай келіп, түрлі елдің 12 шаһарын артта қалдырды. Сондай-ақ, 2000 жылдан бері бас қаламыз Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Астананы көшіру идеясы жүзеге аса бастағанда көпшіліктің көкейінде күмән мен қорқыныштың болғаны рас. Алматы секілді әсем де әйбат, климаты жайлы қалаға үйренісіп қалған шенеуніктер табан астында Ақмолаға қоныс аударуға жүрексінді. Бастапқы кезде бөлім меңгерушілерінің орынбасарлары, тіпті одан да төмен деңгейдегі қызметкерлерден құралған команда келді. «Президент күштік құрылымдарды ғана Ақмола қаласына қоныстандырады екен, басқаларымыз Алматыда қала беретін көрінеміз, арқа аймағында сегіз ай бойы қыс екен, сақырлаған сары аязы 40-50 градусқа дейін төмендейді екен, жазды күні қатты жел соғып, қара маса қаптап жүреді» дегендей алып-қашпа әңгімелер сол тұста жиі айтылды.

Нұр-Сұлтан
Фото: Максим Золотухин

Елорданың бас жоспарын жасауға халықаралық байқау жарияланғанда әлем елдеріне мәлім көптеген сәулетші бақ сынасты. Жеңімпаз ретінде есімі дүние­жүзіне белгілі жапон архитекторы Кисе Курокава танылып, оның ұсыныстары аясында қаланы дамытудың 2030 жылға дейінгі бас жоспары жасалды. Бұл маңызды құжатқа сәйкес, жақын уақыттың ішінде Президент Әкімшілігінің аппараты, Парламенттің қос палатасы, Жоғарғы сот, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің ғимараттары қайтадан жөндеуден өтіп, замануи тұрғыдан әрленді. Қаланың орталығынан «Интерконтиненталь», Қаржы министрлігі сынды зәулім нысандар салынды. Есіл өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысы жедел түрде жүруі үшін миллиардтаған сома инвестиция тарту қажет болды. Сол себептен де түрлі салықтардан босатылған «Ақмола – еркін экономикалық аймағы» құрылды. Бұл деген сөз – белгілі бір аймақты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуды жеделдету үшін шет мемлекеттерден инвестиция, озық технология мен басқару тәжірибелерін тартуды білдірді. Артынша алыс-жақын шетел мен еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген, мыңдаған азамат құрылыс жұмыс­тарына келе бастады.

«Құрылыстың алғашқы айлары туралы айтқанымда, ойымыз бір жерден шыққан көптеген адам есіме түседі. Сол күндері менің қасымда болған, қолдаған, жаңа астана үшін жаны ауыр­ғандардың бәріне алғысым шексіз. Олардың қатарында Астананы көшіру туралы комиссияның бірінші төрағасы Николай Михайлович Макиевский, қаланың бас жоспарын жасаған Кисе
Куракова, Президент Іс басқармасы­ның бастығы болған Владимир Ни, қаланың бірінші мэрі Аманжол Бөлекбаев, ескі қаланы жаңартуға еңбек сіңірген Әділбек Жақсыбеков пен басқалары бар», – деп еске алады Елбасы Н.Назарбаев.

Жаңа астанада ең алдымен «Бәйтерек» монумент-кешені салынды. Архитектор Ақмырза Рүстембеков­тің жобасы 1997 жылы іске аса бастады. Бүгінде елорданың ең көрікті нысандарының бірі саналатын монументтің ресми түрде таныстырылуына 2002 жылы куә болдық. Бүгінгі таңда жаһандық көшбасшылар осы жерде жиі бас қосады. Нұр-Сұлтан қаласы осы «Бәйтеректің» биігінен алақандағыдай көрінеді.
Әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыру мақсатында ел астанасында «Бейбітшілік және келісім сарайы» ірге қалады. Бұл ғимарат халықтың арасында «Пирамида» деп аталып кетті. Пирамиданың авторы – британдық архитектор Норман
Роберт Фостер. Әлі күнге дейін Жер бетіндегі негізгі дін, этнос пен мәдениет салаларының жетекшілері әр үш жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласында бас қосады. Елордада тұрақты негізде Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съездері, Астана экономикалық форумы мен басқа да халық­аралық маңыз­ды іс-шаралар өтеді. Нұр-Сұлтанда ЕҚЫҰ-ның тарихи маңызы зор саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері ұйымдас­тырылды. 2011 жылдың басында рес­публиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының саңлақтары мен қонақтарына құшағын айқара ашты. 2017 жылы Нұр-Сұлтанда «Expo-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті. Бұл жаһандық жауапты шараға елорда небәрі үш жыл ішінде да­йын болды. Көрме өткен айларда мұнда 2,1 миллиондай адам келген. Оның 1,4 миллионға жуығы – шетел азаматтары.

Осылайша, Ақмола мен Целиноград атаулары тарихтың қойнауына еніп, 23 жылда Нұр-Сұлтан Қазақстанның символына айналды. Есіл өзенінің оң жағалауында мүлдем өзгеріс енбеген тарихи ғимараттар да баршылық.

Нұр-Сұлтан
Фото: Ерболат Шадрахов

 

«Нұр-Сұлтан» деп аталды нұрлы қала.

Былтыр Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың «Астана» деген атауын өзгертуді ұсынып: «Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгілік ету керек. Ол үшін біздің астанамыз біздің президентіміздің атын алып, «Нұрсұлтан» деп аталу керек», – деген-ді. Еліміздің Ата Заңына сәйкес, Үкімет астананың атауын өзгерту туралы құжаттарға түзету енгізу үшін рес­публикалық референдум өткізу жөнінде Қазақстан Президентіне ұсыныс жасады. Президент бұл ұсынысты референдумға шығармай, Парламенттің қарауына жіберу жайында шешім қабылдады. Содан кейін Мәжіліс депутаттары заң жобасын екі оқылымда да мақұлдады.

Елорданың атауын «Нұрсұлтан» деп өзгерту жөніндегі шешімді Астана қаласының Мәслихат депутаттары алдына дауысқа салуға берместен
бұрын, Астана қаласының сол кездегі әкімі Бақыт Сұлтанов сөз сөйлегені есімізде. «Кешегі Елбасымыз­дың тарихи шешімі Қазақстанның қайта түлеуіне серпін беріп, үлкен өзгерістерге жол ашты. Бас­тама­лары­ның бірі жеке қолтаңбасына ай­­налған елордамыз болса керек. Енді
Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгілік тарихқа қалдырды.

Нұр-Сұлтан
Фото: Екпін Хасенжан

 

Бас жоспарда не мән бар?

Қаланың гүлденуі, өркендеуі мен қанат жаюы ең әуелі бас жоспарға байланысты. Сол себептен осы тақырыпты тағы аша түссек, Елбасы
Н.Назарбаев жаңа астананың алғашқы шегесі қағылған күннен бастап, болашақ жоспарын егжей-тегжейлі ойлас­тырып, архитектуралық доктринасына дейін қалыптастырған. Бұл туралы ол «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде былай дейді: «Конкурсқа айтулы сәулет компаниялары мен бүкіл әлемге таныл­ған архитекторлардан 50-ден астам жоба түсті. Жапония, АҚШ, Аустралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан мен Латвия сәулетшілерінің ұсыныстарын ерекше атап өтуге болады. Бүкіл жоба Конгресс-холға қойылып, әркімнің осы идеялармен танысуына толық мүмкіндік туды. Ұсыныстар топтамасының ішінен халықаралық конкурстың шарттары мен талаптарына жауап бере алатын 27 жоба іріктелді. Сөйтіп конкурс қорытындысы бойынша, Қазақстанның жаңа астанасын салудың бас жоспары ретінде заманымыздың аса көрнекті сәулетшілерінің бірі, жапон концептуалисі Кисе Курокаваның жобасы қабылданды».

Курокаваның концептуалдық идея­сы – шаһарды ғаламдық үдеріс тұрғысынан қарастыра отырып, оның табиғатпен байланысын жоғалтпай, жасыл желекті мекенге айналдыру. Осыны басты қағидат етіп жасалған бас жоспардың нәтижесінде, елордамыз аз уақыт ішінде урбандалу мен табиғи орта әсем үйлескен қала ретінде бой көтерді.

Нұр-Сұлтан
Фото: Никита Бассов

Доктор Курокава ұсынған қала құрылысы тұжырымдамасы негізінде елорданы дамытудың 2030 жылға де­йінгі Бас жоспары әзірленді.Айта кетерлігі, Курокава жасаған Бас жоспарға кейінірек өзгерістер енгізілді. Өйткені жапон сәулетшісі қаланы жобалаған кезде тұрғындардың саны тез өсетінін болжамаған сыңайлы. Өйт­кені кез келген жоба бұрынғы тәжірибелерге сүйеніп жасалады. Ал осыған дейін ешбір елде аз ғана уақыт ішінде әлемдік деңгейдегі астана салынған емес. Осылайша, тұрғын саны 2030 жылдары шамасында ғана 1 миллион­ға жетеді делінген шаһар, аталмыш межені 12 жыл бұрын бағындырды. Бұл – ел халқының 5 па­йызы. Салыстырып көріңіз, 1997 жылы елорда жаңа ауысып келгенде қаланы небәрі 300 мыңға жетер-жетпес адам мекен еткен-тұғын.

Өзгертілген Бас жоспарға сәйкес, шаһардың өзін ғана емес, Нұр-Сұлтан агломерациясын толықтай дамыту көзделген. Қазіргі таңда агломерацияның аумағы 2,18 мың шаршы шақырымды құрап отыр. Халық саны 1,2 миллионнан асты.

Нұр-Сұлтан
Фото: Никита Бассов

 

3D модель мен мастер-жоспар туралы не білеміз?

Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласының 3D картасы жасалып жатыр, яғни ғимараттар мен инженерлік желілер цифрландырылуда. 3D карта – жаңа сандық құрал, ол тірі организм сияқты толығып, жаңарып отырады. Мысалы, қызыл сызық қай жерлерге белгіленген, қай жерден инженерлік желілер өтеді, қай жерде бос жер учаскелері бар, осының бәрі осынау картада бар. Бүгінде астанамыздың жартысынан астамы цифрландырылды.

«Қаланың 3D моделін құру жұмыс­тары жүргізілуде. 3D карта – гео­ақпараттық орталықтың бір ғана бөлігі. Геоақпарат орталығын құру инженерлік желілердегі жүктемені көруге, қала құрылысы процестерін болжауға және модельдеуге, бос жер учаскелерінде заманауи база құруға, оларды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл – өте маңызды жұмыс. Комьютерді ашып, genplan.saulet.astana.kz сайтынан нақты режимде қаланы барлық инженерлік желілерімен қоса жоғарыдан да, төменнен де көруге болады. Бұл өте қолайлы деп санаймын. Бұл қуаттылықты уақытында арттырып, жөндеу жұмыстарын жоспарлау және жаңа нысандарды инженерлік желілерге қосу процесін де жеңілдетеді. Сонымен қатар, қала құрылысы процестерін модельдеуге және мектеп, балабақша мен ауруханамен қамтамасыз ету қажеттіліктері туралы мәліметтерді болжауға мүмкіндік береді», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Нұр-Сұлтан
Фото: Ерболат Шадрахов

Сонымен қатар «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары жүзеге асуда. Бұл – қала құрылысы тұжырымдамасынан тұратын кеңістіктік даму стратегиясы. Ол қалада жайлы ортаны құруға баса назар аудара отырып, қалалық жоспарлаудың әмбебап құралына айналады. Мастер-жоспар Нью Йорк, Лондон, Стокгольм, Хельсинки, Шанхай, Токио, Сидней сияқты көптеген қалаларда бұрыннан қолданылады. Бұл құжат қаланың даму кезеңдерін болжауға және ресурс­тарды неғұрлым тиімді жоспарлау­ға мүмкіндік береді. Бұл жоспарда жолдардың трафигі қандай, электр энергия­сына қажеттілік қандай деңгейде, құрылыс тығыздығы қалай болуы тиіс деген мәселелер қамтылады. Мастер-жоспардың пилоттық жобасы 2020-2025 жылдарға арналған абаттандыру бағдарламасына енген. Оның бірінші кезеңі – 5 мультиорталықты дамытуды көздейді. Оның ішінде ескі алаң, Бейбiтшiлiк көшесі, Бөгенбай Батыр даңғылы, Еуразия ауданы көшелерінің алаңы, Қосшығұлұлы көшесі, Әзірбаев, Қошқарбаев пен Жүргенов көшелерінің аудандары абаттандырылатын болады.

«Қала тұрғындарының өтініштері бойынша қоғамдық кеңістіктердің қажет екендігін ескере отырып, биыл оларды кеңейту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп келеміз. Мәселен, Б.Момышұлы даңғылы бойымен жағалауға дейін жаяу жүргіншілер желекжолын абаттандырамыз. Толқын тәрізді аллея аумағында пинг-понг пен шахматқа арналған үстелдер, дем­алуға және әткеншек тебуге арналған көлеңкелі аймақтар орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл Триатлон паркін жаңа бөртегүл бағымен біріктіре отырып, эко-маршрут құруға мүмкіндік береді. Онда мыңнан астам бөртегүл көшетін отырғызамыз. Бөртегүл бақшасы болады», – деп түсіндірді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Былтыр Триатлон саябағын ауқымды абаттандыру басталды. Сондай-ақ, қалада алғаш рет көпір алаңдары абаттандырылды. Сарайшық көшесіндегі көпірдің астында спортпен айналысуға арналған бірнеше зона ашылды, саябақ аумағында футбол алаңдары орнатылды. Биыл мұндай жұмыс­тар Триатлон мен Президент саябағы арасындағы көпір тұсында да жалғасын табуда. Мысалы, Тұңғыш Президент саябағында көлеңкелі бас­тырмалар, әткеншектер, үш субұрқақ, оның ішінде тұманды булану, орындықтар орнатылған. Алдағы уақытта өзен арқылы вело-жаяу жүргінші көпірін салу жоспарланып отыр. Бұл көпір екі сая­бақты – Тұңғыш Президент саябағы мен Есіл өзенінің бойындағы саябақты бірыңғай клас­термен біріктіруге мүмкіндік береді. Осылайша, қала тұрғындары аудандар арасында кедергісіз жүре алады. Көпірдің бойы демалыс орындарымен жабдықталмақ.

Нұр-Сұлтан
Фото: Никита Бассов

Биылғы көгалдандыру жұмыстарының ерекшелігі – парк пен сквер сияқты көрікті жерлеріміздің іргелес аумақтарын да қамтып жатқанымызда жатыр. Бұл «бетон орындар» санын азайтады. Мысалы, «Астана Опера» аумағында емен бағы, Триатлон саябағында бөртегүл бағы, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театры мен «Астана Балет» аумағында жасыл бақ пайда болмақ.

«Қазір барлық жерде ағаш отырғызылуда. Өзім де қаланы көгалдандыруға қатысамын. Қаланың барлық ауданын, соның ішінде елдімекендерді көгалдандырамыз. Ағаш отыр­ғызуға қала тұрғындары, еріктілер мен кәсіпкерлер де қатысатыны бізді қатты қуантады. Осы жылы 1 миллионнан астам ағаш, бұта мен көшет отырғызуды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде қаланың жасыл түске айналғанын, жаңа экоаймақтар мен «жасыл аралдар» пайда болғанын көруге болады. Елорданы «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында дамытудамыз. Осы жылы жалпы алғанда 160 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырамыз», – деді елорда әкімі.

 

«Жасыл белдеу» жайқалып тұр.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласын қоршап, қаулай өскен жасыл белдеу елорда тұрғындары мен қонақтарына таза ауа­мен тыныстауына мүмкіндік беретін орынға айналды. 1997 жылдан бері «Жасыл белдеудің» аумағы бірнеше есе кеңейді. Онда жыл сайын тал-ағаштың сан түрі отырғызылып, флора мен фау­наның дамуына қолайлы орта қалыптасты. «Жасыл белдеу» құру идеясы қаланы желден қорғауды және қолайлы экологиялық орта жасау мақсатынан шыққан. Алайда, уақыт өте қала маңындағы орманды алқап бас шаһар тұрғындары мен қонақтарының емін-еркін серуендеп, демалыс күні бой жазуына мүмкіндік беретін орынға айналып шыға келді.

Жазық даланың орманға айналуы табиғат үшін де пайдалы. Алғашында көпшілік, тіпті, табиғаттанушылардың өзі бұл жер тал егуге жарамсыз, оған ағаш өспейді деген ойда болды. Алайда біздің орманшылар мен ғалымдар бұл мәселеге жауапкершілікпен қарады. Табиғи ортаға тез бейімделетін көшеттерді іріктеп, нәтижелі экологиялық жоба жасай алды. Қаланың айналасындағы 60 мың, қала ішіндегі 20 мың гектар аумаққа ағаш егілді», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы «Жасыл белдеуде» болған кездесулерінің бірінде.

Нұр-Сұлтан
Фото: Ерболат Шадрахов

Елбасы 2014 жылы алдағы 6 жылда орман көлемін 100 мың гектарға дейін жеткізуді мақсат етті. Сол межелі міндет орындалды. Бүгінде «Жасыл белдеу­де» 9 миллион 600 мыңнан астам ағаш пен 1 миллион 800 мың бұта жайқалып өсіп тұр. «Жасыл белдеу» қаланың экология­лық жағдайын жақсартуға ықпал етіп, елордадағы ауа сапасын көтерді. Арқа төсіндегі ақ түтек бораннан көз ашпайтын мекеннің ауа-райы қолайлы болып шыға келді. Жан-жағындағы «Жасыл белдеу» қала тұрғындары мен қонақтарын желден қорғады.

Жасыл белдеуге «Жасыл аймақ» кәсіпорнына қарасты «Аршалы», «Астана», «Батыс», «Бозайғыр», «Вячеслав», «Ерейментау», «Қызылжар» сынды орман шаруашылықтары күтім жасайды. Бір ғана «Қызылжар» орманшылығына тиесілі мемлекеттік орман қоры 12 мың гектардан асады. Орман қорындағы әр аумақта өрт қауіпсіздігінің шаралары қатаң сақталады. Кәсіпорын мамандары белдеуде орманды дала және дала аймақтарының табиғи ерекшеліктеріне сай төзімді ағаштар мен бұталар отыр­ғызылғанын айтады. Сол үшін ағаш пен бұтаның 104 түрі сыналып, 28 түрінің тұқымы өндіріске жіберілген екен. «Жасыл Аймақ» кәсіпорнының ауданы 110 гектар болатын «Ақ қайың» және 69 гектар болатын «Дамса» деп аталатын екі тұрақты суармалы орман тәлімбағы бар. Бұл тәлімбақтарда жыл сайын
8 миллионнан астам көшет пен тамыр­ланған шыбық өсіріледі. Кейіннен бұл көшеттер Нұр-Сұлтан қаласы аумағындағы белдеуге отырғызылады.

«Жасыл белдеуде» венгр бөртегүлі, кәдімгі қарағай, үйеңкі жапырақты, қайыңның бірнеше түрі мен терек сияқты солтүстік өңірлердің климаттық жағдайларына бейімделген ағаштарды кезіктіруге болады. Осыдан 11 жыл бұрын отырғызылған ағаштардың биіктігі қазір 6-7 метрге жетті.

«Жыл сайын белдеудің аумағындағы 5 мың гектар жерге көшет отырғызылады. Белдеу жобасы қолға алынғаннан бергі аралықта 90 мың гектардан астам орман отырғызылды. Нұр-Сұлтан қаласының аумағын қоршап, оңтүстік, солтүстік, батыс пен шығыс бөліктерінде орман пайда болды. Қыс басталғанда орманшылар қылқан жапырақты жас ағаштарды қорғау жұмыстарына кіріседі. Орман аумағынан талды заңсыз кесу үшін жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан тұрғындар осы заңды бұзбайды», – дейді орманшылық өкілі Жанайдар Теміров.
Маман «Жасыл белдеуге» көшеттер 10-25 сәуір аралығында отырғызылатынын айтады. Жидек теру маусымы кезінде белдеуге келіп жидек теретіндердің қарасы қалың. Белдеу тұрғындардың алаңсыз демалысына арналғандықтан мұнда қарақат жинау­ға тыйым салынбайды.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қазір белдеу аумағында қырғауылдарды көбейту үшін қырғауыл ареалын кеңейту және реконструкциялау жұмыс­тарының жүргізіліп жатқанын айтады. Қырғауыл өсіру белдеудегі зиянкес жәндіктермен нәтижелі күресуге мүмкіндік береді.

Қырғауылдан бөлек, «Жасыл белдеу» аумағында ақ пен сұр кекілік сынды құстармен бірге түлкі, қоян, қарсақ, елік, қабан сынды жан-жануарды көптеп кезіктіруге болады. Қабандар жайылатын «Вячеслав» орман шаруа­шылығында аң аулау­ға тыйым салынады.

EXPO
Фото: Ерболат Шадрахов

«Тұрғындардың «Жасыл белдеу» аумағын аралауына жағдай жасау мақсатында мұнда велосипедшілерге арналған жол төселді. «Жасыл белдеудің» оңтүстік-батыс бөлігінде тұратын тұрғындар орман ішін велосипедпен аралай алады. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер велосипедті жалға алу қызметін де ұсынады», – дейді «Астана орманы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күзет және қорғау учаскесінің бастығы Қанатбек Абылайхан. Қазіргі таңда белдеу аумағында атпен серуендеуге арналған жол әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Жасыл белдеудің» аумағына скейт­бординг пен футбол алаңы және теннис кортын салу жоспарда бар екенін айтады. Мұнан бөлек балаларға арналған ойын алаңдары да орнатылмақ.

Жақында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы елорданың «Жасыл белдеуіне» ұлттық саябақ мәртебесін беру мәселесін зерделеуді тапсырды. Қазір бұл мәселе бойынша өкілетті органдар жұмыс жүргізіп жатыр. Сол арқылы елорданы дамытудың жоспарына түзетулер енгізіліп, шаһар аумағындағы бос жатқан жерлерде сән-салтанаты жарасқан ғимараттар, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер бой көтермек.