14Шіл

Маймыл шешегі қаншалықты жұқпалы және екпе алу қажет пе?

Бұл ауру қазір жаһандық ауқымда жылдам жайылуда. Алайда ауру жұқтыру қаупін азайтудың қарапайым жолдары жоқ емес. Білуіңіз керек нәрселерді осы жерден оқи аласыз.

Екі жылдан асқан коронавирустық пандемиядан шаршап-шалдыққан әлемде тағы бір індет – маймыл шешегі бұрынғын бетер қарқынмен етек алуда. Мұның COVID-19 тудыратын вирустан айырмашылығы зор және ол науқастарды ауруханаға жатқызып, тіпті ажал құштыра алады. Маймыл шешегі ауру жұқтырған адамды кемтар кейіпке түсіре алады: терінің ірің толған зақымдану ошақтары кетпейтін тыртық қалдыруы мүмкін.

Қазіргі шақта алты құрлықта 61 елде 7 492 ауру жұқтыру жағдайы тіркелген, осы уақыт аралығында 27 маусымнан бері жаңа инфекция жұқтыру көрсеткіші 82 пайызға артып отыр. Америка Құрама Штаттарында маймыл шешегі 34 штатты, Колумбия аймағын және Пуерто-Риконы қамтыды. Қазіргі таңда ауырғандар саны 700 және ауру жағдайларының көбі жеңіл болса да, Африкада үш өлім жағдайы тіркеліп отыр. Індет айтарлықтай деңгейде белгілі бір шеңбер ішінде, яғни бір-бірімен жыныстық байланыста болған ер адамдар арасында айналуда.

Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус айтқандай, «көп жағдайда ауру жұқтырғандар анықталмай жатқан» болуы әбден мүмкін. Тест алудың шектеулі болуымен қатар, кей науқастарда салыстырмалы түрде зақымдану деңгейі төмен болып отыр, бұл есептеуді күрделендіре түседі.

Аурудың таралуы зерттелмеген аумақтарға еніп, маймыл шешегін жұқтыру жағдайы вирус эндемикалық саналатын Африкаға бармаған адамдар арасында да тіркеліп, жаңа жерлерде де инфекциялар пайда болуда. ДДСҰ-ның Еуропадағы өңірлік директоры Ханс Хенри П. Клюгенің хабарламасында: «Өз-өзімізді жай ғана жұбатудың керегі жоқ, әсіресе сағат, күн және апта сайын үдеп, бұрын болмаған аймақтарға таралып бара жатқан Еуропа өңірінде бұған жол жоқ», – делінген.

ДДСҰ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті 18 шілдеден басталатын апта ішінде індеттің тарауы денсаулық сақтау саласындағы жаһандық төтенше жағдай санатына жатар-жатпасын анықтайды. Олар маймыл шешегі таралуын бақылауда ұстау үшін қарқынды іс-шаралар керек екенін атап өтті.  

«Көп елде етек жайған індет толқыны тосын жағдай болғанмен, таңырқайтын жағдай емес», – дейді ДДСҰ-да маймыл шешегі жөніндегі техникалық жетекші Розамунд Льюис. Африкада ауру жағдайлары ондаған жылдар бойы артып келеді. Нигерияда жалғасып жатқан індеттің таралуы 2017 жылы басталды (және қазіргі таралудың ошағы болуы мүмкін), ал тағы бір ошақ көзі – Конго Демократиялық Республикасында 2020 жылы шамамен 6000 күдікті жағдай тіркелді.

Ауруларды бақылау және алдын алу басқармасы қолға алған 2022 жылдағы маймыл шешегінің таралуына қарсы әрекет жобасының эпидемиологы Андреа Макколлумның айтуынша, COVID-19 жағдайлары маймыл шешегі індетін елеусіз қалдырса да, сарапшылар бұл індет байқаусызда жаңа эндемиялық ошақтарды қалыптастырып,  АҚШ-та және басқа мемлекеттерде адамнан жабайы табиғатқа жұғуы мүмкін деп алаңдап отыр. Сосын вирус жануарлардан адамдарға қайта жұғып, оны жою әлдеқайда қиындай түсуі не мүлде мүмкін болмай қалуы ғажап емес.

Қазіргі таңда маймыл шешегі таралуының және тағы бір пандемияның алдын алу мақсатында жаһандық шаралар қолға алынуда. Осы мақсатта қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі лауазымды тұлғалар қауіп тобындағыларға екпе алуды ұсынады. Байден әкімшілігі аса үлкен сұраныстағы вакциналардың жеткізілуін жеделдетуде.

Мына жерде осы вирус, оның қатері, алдын алу жолдары және маймыл шешегіне қарсы екпе алу қажеттілігі жөніндегі мәліметтермен таныса аласыздар.

Маймыл шешегі деген не?

Маймыл шешегі қарашешектің әлдеқайда жеңілдеу және жұқпалылығы азырақ түрі саналады. Екеуі де 12 ДНҚ-вирустар түріне жататын  ортопоксвирус  және оған сиыр шешегі мен түйе шешегі де жатады.

«Екі анық генетикалық тармақ немесе түрлілік бар», – деп түсіндіреді АҚШ Аллергия және инфекциялық аурулар жөніндегі ұлттық институтының (АИАИ) вирусологы Бернард Мосс. Бірі – Конго өзені бассейніндегі маймыл шешегі әрбір жұққан оныншы адамға ажал құштырады. Қазіргі жаһандық індет вирустың екінші түрі – өлімге соқтыруы анағұрлым төмен батыс-африкалық маймыл шешегі екені расталған, оның өлім көрсеткіші бір пайызға жетпейді.

Бұл адамға жануарлардан жұғатын зоонозды ауру. Алғаш 1958 жылы Даниядағы бір зертхана маймылдары арасында анықталған ауру атауы қате болуы да мүмкін. Вирус тасымалдаушылары Африканың эндемиялы тропикалық ормандарындағы ұсақ сүтқоректілер деп есептеледі, бірақ ол көптеген сүтқоректілерге жұға алады және жабайы аңдарда тек екі рет: 1985 жылы Конго Демократиялық Республикасында жолақты тиінненжәне 2012 жылы Кот-д’Ивуарда  қарасұр маймылдан анықталған. Аурудың іс жүзіндегі резервуары белгісіз болып қалып отыр.  

Ауру 1970 жылы алғаш рет адам ағзасында байқалған жағдайдан бері – ол кезде Конго Демократиялық Республикасында жаңа туған нәрестеге осындай диагноз қойылған болатын – инфекция жұғу жағдайлары көбіне Африканың батыс және орталық бөліктерінде болды. Льюистің айтуынша, бастапқыда олардың көбі жабайы аң аулау және етін бөлшектеуден жұққан оқиғалар болатын.

Кейіннен тығыз қарым-қатынас вирустың адамдар арасында жайылуына әкелді. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының қызметкері МакКоллумның айтуынша, мұндай ауру жұқтыру жағдайлары өзіндік бір «кішкентай вирус фабрикалары» іспеттес. Алайда жуырдағы уақытқа дейін вирустың бір қауымдастық ішінде бірнеше үйден тыс таралуы сирек еді.

Бұл ауру кемінде 52 жыл бұрын сипатталған болса да, Льюис айтқандай, «іс жүзінде біз ол туралы жеткілікті білмейміз».

Бұл ауру жыныстық қатынас арқылы беріле ме?

Ұлыбританиядағы бастапқы екі жағдайдың бірінде вирус анасына, әкесіне және олардың сәбиіне жұқса да, қазіргі маймыл шешегінің бұрқ етуі көп жағдайда бір-бірімен жыныстық қатынасқа түскен ер адамдарда байқалып отыр, яғни ауру жағдайларының 99 пайызы жыныспен байланысты.  Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің өкілдері үшін бұл қауымды стигматизациялаусыз жалпы жұртшылықтың таным-білімін арттыру қиын мәселеге айналды.

Аурудың таралуы Испания мен Бельгиядағы көңіл көтеру кештерінде күш алғанға ұқсайды. Бұл туралы Associated Press агенттігіне ДДСҰ инфекциялық аурулар сарапшысы Дэвид Хейманн айтты. Пандемияның бастапқы күндерінде COVID-19 вирусының жайылуына үлкен жиындар қалай әсер етсе, бұл оқиғалар да аурудың елдер арасында таралуына солай жол ашқан.

«Бірақ дәйектер маймыл шешегі жыныстық жолмен берілетін ауру емес екенін айтады», – дейді Мосс. Науқаста ауру симптомдары байқалғанда ол жыныстық жақындасу кезінде теріден теріге және көрпе жамылғысы, орамал немесе киім-кешекпен де берілуі мүмкін.

Бұған дейін Африкада шыққан вирус әйел, бала, еркек демей, барлық жастағы адамдарға жұққан.  «Ешқандай шектеу жоқ. Бұл вирус міндетті түрде бір жыныспен не бір ауылмен шектелмек емес», – деп ескертеді Лос-Анжелестегі Калифорния университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің профессоры, эпидемиолог-инфекционист Энн Римуан. Бұл қазірдің өзінде байқалып отыр. Льюистің айтуынша, ДДСҰ аурудың балалар арасында да тіркеле бастағанына куә болуда.

Ол ахуалдың өріс алып келе жатқанын, онымұқият қадағалау керектігін айтады: «Біз көзімізді ашып қарап, әрекет қылуға дайын болуымыз керек».

Қоғамның сауаттылығы басты мәселе. «Біз байбалам тудырғымыз келмейді, бірақ өз-өзімізді қорғай алу үшін сауатты болуымыз қажет», – дейді Льюис. – «Бізге әр адамның өз тәуекелін білгені және оларды бақылауда ұстағаны керек».

АҚШ-та тесттер мен вакциналар дайын ба? 

Маймыл шешегінің тесттері бар, олар бойынша дененің зақымдалған бөлігінен жағынды алынады. Артынша тесттер маймыл шешегінің жұққан-жұқпағанын растау үшін штат зертханасына жеткізіледі және онан кейін ауруды растауға АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығына жөнелтіледі. Ауру расталған жағдайда науқастарға алдын алу емі жасалады.

АҚШ-тағы зертханалық жедел әрекет қызметі желісінің қазіргі таңдағы инфекцияны анықтау тесттеріне қарамастан, жанашыр тарап тест өткізу мен нәтижесін алу уақытының ұзақтығы мен кешеуілдеуіне наразылық білдірді. Қазіргі уақытта сұраныс қалалық жерлерде шоғырланған. АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы деректеріне сай, бүгінге дейін Калифорния, Нью-Йорк, Иллинойс және Флорида штаттары ең көп зардап шегіп отыр. Тесттердің қолжетімділігін арттыру үшін Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрлігі шешек вирусы тесттерін бес коммерциялық зертханаға жіберетін болады.

Вакциналарға қолжеткізу қиын еді, бірақ ахуал өзгеріп келеді. Аурудың АҚШ-та алғаш рет 18 мамырда тіркелуінен кейін жұқтырғандар саны артып, маймыл шешегі вакциналары тез таусылып қалды. 28 маусымда Байден әкімшілігі вирус жайылуы жоғары өңірлерге басымдылық бере отырып, қосымша 56 000 доза вакцина таратылатынын жариялады. Алдағы апталарда тағы 240 000 доза таратылып, күздің соңына дейін жалпы 1,6 миллион доза қожетімді болмақ.

АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы деректеріне сай, арнайы маймыл шешегі үшін бекітілген ем түрі жоқ, бірақ қарапайым шешек үшін шығарылған антивирустық дәрілер көмектесе алады.

Маймыл шешегіне қарсы екпе алуым керек пе? Вакцина салуда кімдерге басымдылық беріледі? 

«Жалпы жұртшылыққа екпе егу өзін өзі ақтамайды», – дейді АҚШ АИАИ қызметкері Мосс. Қазіргі уақытта вирус тек шағын демографиялық топтар арасында таралуда.

Алайда осы қарқынды тарап жатқан індет арасында байланыстар тізбегінің ізін кесу бұдан әрі мүмкін емес. Жоғары қатерге тап болған барлығын қамту үшін вакцинацияны тек байланыста болғандар тізбегінен тыс кеңейту мақсатымен кей елдерге, соның ішінде АҚШ-қа да жоспарларын өзгеруге тура келді.

«Вакцинация вирусты жұқтырғанға дейін жақсы», – дейді Мосс. Вирус жұққаннан кейін әсер ету ұзақтығы төрт күнді құрайды, алайда адамдарға одан кейінгі екі аптаға дейін екпе салуға болады.

Маймыл шешегіне қарсы екі вакцинаның арасындағы айырмашылық қандай және олар қашан жасап шығарылды?    

Батысты вакцинологияның іргетасын қалаушы деп білінетін Эдвард Дженнер 1796 жылы сегіз жасар бір балаға сиыр шешегінен алынған вирус көмегімен табысты түрде вакцина егеді.  Екі жылдан кейін зерттеушілер алғашқы сиыр шешегі вакцинасын жасап шығарады. Ортопокс вирустары генетикасының 90 пайыз не одан да көп мөлшері ортақ болғандықтан, Мосстың айтуынша, олардың біріне қарсы шығарылған вакцина басқасынан да қорғайды.

2020 жылы пайда болған COVID-19 пандемиясына қарағанда жақсы жаңалық сол, Льюистің айтуынша, бізде маймыл шешегіне қарсы әсерлі болуға тиіс вакциналар бар. Олардың екеуі АҚШ-та қолжетімді. АҚШ Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық бақылау басқармасы шешек ауруының алдын алу үшін 2007 жылы ACAM2000 вакцинасын мақұлдады. Ол әскерилер, зертханалық қызметкерлер және басқа да жұмысшылар ондаған жыл пайдаланған орта деңгейдегі шешек вакцинасының тірі вирусын пайдаланатын екпеге ұқсайды. АҚШ 1972 жылы өзінің бағдарламасын тоқтатқан уақытқа дейін шешек екпесін алғандарда белгілі бір деңгейде төзімді иммунитет болуға тиіс.

Қазіргі уақыттағы шешекке қарсы вакциналар қарапайым шешекке де, маймыл шешегіне де қарсы да клиникалық сынақтардың ІІІ фазасынан өткен емес. Денсаулық сақтау саласының мамандары қарапайым шешек вакциналары маймыл шешегіне қарсы жарамды деп есептесе де, бұл жан-жақты зерттеулерде іс жүзінде немесе тіпті қазіргі шақтағы «шынайы өмірде» дәлелденген емес», – дейді Льюис.

Белгілі бір топтағы адамдар бұл тірі вирустар вакцинасынан алыс тұруы керек. Ол топқа жүкті әйелдер жатады, өйткені тумаған сәбиге қатер төнуі мүмкін. Иммунитеті әлсіз адамдар немесе тері аурулары барлар да сақтануы керек: вирус бақылаусыз түрде жайылып кетуі мүмкін. Бұл вакцина жүрек ауруы бар адамдар үшін де қауіпті болуы мүмкін, өйткені ол жүрек қабынуына жол ашады.

Екінші вакцинаның жанама әсерлері әлдеқайда азырақ және ол әсіресе маймыл шешегіне қарсы мақұлданған жалғыз вакцина.

«Алайда халықтың көзі ашық және тиісінше сақ болуымен қатар, [вакцинация] оны тізгіндеудің, бақылауда ұстаудың кілті», – дейді МакКоллин.

Дүниежүзіне тараған осы кесел күтпеген жағдай ма еді?   

«Сарапшылар маймыл шешегі тығыз байланысты әлеуметтік топтар арасында қазіргідей ауқымда таралып, шекаралардан асады деп күтпеген еді», – дейді МакКоллум.

Алайда ескерту ретіндегі белгілер болған еді. Африкада маймыл шешегін жұқтыру жағдайлары 1980 жылы қарапайым шешек жаһан бойынша ауыздықталып, вакциналау науқандары аяқталғаннан кейін арта бастады: бұл вакциналар барлық ортовирустардан қорғаған еді. Иммунитет әлсізденуімен маймыл шешегі өршіп, 1986 жылдан 2007 жылға дейін Конго Демократиялық Республикасында 20 есе артты.

Батыс жартышардағы алғашқы таралу экзотикалық жануарлар – Гамбий атжалмандары, қарақастар мен тиіндерді Батыс Африкадан тасымалдаған 2003 жылы бұрқ етіп, АҚШ-та 47 адам вирус жұқтырды.

Артынша 2018 жылы құзырлы органдар аурудың сапарлармен байланысты артуын байқады. «Бұл біздің таңданысымызды тудырды, – дейді МакКаллум, – біз мұны айсбергтің ұшы ма деп қорқа бастадық».

Льюистің айтуынша, қоршаған ортаның бастапқы шарттары осыған дайын күйге келген еді. Ол зооноздық аурулардың жабайы аңдардан адамдарға берілу факторларын санап шықты: климат өзгерісі және ормандардың оталуы, ақуыз тапшылығы және нарықтарда жабайы аң етінің саудалануы.

«Планета бәрімізге ортақ, – дейді ол, – және бізге адамзат пен табиғатты қорғауға көмектесетін зерттеу керек. Осы екі мақсатты ақыл-ойымызға қондырмайынша, проблемаларға кезіге бермекпіз».

АВТОР: ШАРОН ГАЙНАП