14Шіл

Киік шаруашылығы… Мүмкін бе?

Таяуда киіктің жайы талқыланған жиында киікті қолға үйрету, яғни киік шаруашылығын құру мүмкіндігін де мәселенің бір шешімі ретінде қарастырып көруге болатындығы айтылып қалды. Бұл өзі қаншалық қисынды ұсыныс? Марал шаруашылығы сияқты, киік шаруашылығын құрып, бөкен бағу мүмкін бе?

National Geographic осы ұсынысты айтқан Зоология институтына қарасты биоценология және аңтану зертханасының меңгерушісі Константин Плаховқа хабарласып, ойын кеңірек тарқатуды сұрадық.

Оның айтуынша, киіктердің бір ғана проблемасы бар – көшіп-қонуға бейім. Бір аумақты тұрақты мекен ете алмайды.

– Бұл мәселені шешуге болады. Ол үшін селекциялық жұмыстар атқарылуы керек. Мыңдаған киіктің ішінде адамға жақын, жуас түрлері де кездеседі. Міне, соларды іріктеп алып, селекциялық жұмыстармен айналысу керек. Сонда бұлардан өрбіген бірнеше буыннан кейін белгілі бір аумақтарды ғана тұрақты мекен ететін киіктер өсіп-өнеді. Мұны киікті қолға үйрету процесі десе де болады, – дейді Константин Плахов.

Ол үшін не істеу керек?

– Алдымен, селекциялық жұмысқа қажетті киіктерді іріктеп аламыз. Одан кейін олардың өсіп-өнуіне жетерлік аумақтарды қоршау керек. Бұған бір ғана аумақ жеткіліксіз. Дұрысы төрт аумақты қарастыру. Тиісінше, белгілі бір уақыт аралығында киіктердің мекенін ауыстырып отырамыз. Сонда аумақтың бәрі біркелкі пайдаланылады. Дәл осындай әдіспен маралдар да қолға үйренген. Киіктерді де осылай үйретіп аламыз, – дейді ол.

Ғалымның айтуынша, әлем елдерінде киікті қолға үйрету тәжірибесі жоқ. Себебі бұлар бірнеше мемлекеттің аумағында ғана кездеседі. Көп бөлігі Қазақстанда шоғырланған, әрине. Ресей мен Қарақалпақстанда бар. Моңғолия мен Түркіменстанда кездеседі. Қытай киік өсіріп, көбейтуге талпынып жатыр. Бірақ бұл қадамдарынан әлі нәтиже шыққан жоқ.

– Өзгелер жасап көрмеген дүниені бірінші болып біз бастайық. Онда тұрған не бар. Киік – біздің жауымыз емес. Демек, табиғаттың төл перзенттері ретінде өзара үйлесіп өмір сүруге тиіспіз. Өмірдің заңы осылай. Ғылымның міндеті – мәселені шешудің тиімді жолын ұсыну. Үкіметтің міндеті – соны жүзеге асыру. Қандай жағдай болмасын тығырықтан арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей өтуге тиіспіз, – дейді Константин Плахов.

Зертхана меңгерушісі отандық ғалымдар киіктерге қатысты мәселенің алдан шығатынын 2010 жылы-ақ айтып, дабыл қаққанын жеткізді. Алайда бұған ешкім назар аудармаған.

– Өкінішке қарай, мәселемен нақты бетпе-бет келгенде ғана әрекет етуге мәжбүр болып отырмыз. Былай қарасаңыз Қазақстанның жері үлкен. Бірақ шаруаларға да, жануарларға да жер жетіспейді. Өйткені, шенеуніктердің жерді бөлу жұмысында шикілік көп. Олар адамдардың мүддесін жануарлардың биік қояды. Дұрыс шығар. Бірақ жануарлардың таралуына кедергі келтіру де ақылға сыймайды. Ең ақыр-аяғы, жол салғанда да жануарлардың жайын ойламаймыз. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін кесіп өту жабайы аңдар мен жануарлар үшін үлкен проблема. Біздің елде бұл жағдай ескерілмейді. Ал шет елдерде осының өзіне үлкен мән береді. Сол себепті олар экодук салады. Экодук дегеніміз – жабайы жануарлардың жолды қауіпсіз кесіп өтуіне арналған үлкен әрі кең көпір немесе жоласты өткелі. Жануарлар экодуктан өткенде бұл маңда жолдың, басқа да кедергінің бар-жоғын да аңғармайды. Себебі олардың өрісіне, жайылымына ешкім қасақана кедергі келтірген емес. Әлеммен біте қайнасып жатқан соң, біз де осындай дүниелерді ескеруге тиіспіз, – дейді ғалым.

 

Еркебұлан Рысбай, журналист