18Мар

АҚШ-тың Стратегиялық мұнай резервінің болашағы қандай?

АҚШ 1970 жылдары мұнайға салынған эмбаргоның ықпалымен әлемде ірі мұнай қорын жасақтады. Алайда климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін жаңғырмалы энергияның көздеріне өтіп жатқан әлемде мұнайдың болашағы бұлыңғыр болып тұр.

Авторы: Эми Маккивер

Әлем Қиямет күні соғысының – Израильдің  Мысыр және Сириямен арадағы қақтығысының салдарын 1973 жылғы қарашаның соңында ғана сезіне бастаған еді.

Мұнай экспорттаушы араб елдері ұйымы (OPEC) соғыста Израильді қолдағаны үшін АҚШ пен өзге де батыс елдерін жазалау мақсатында мұнай жеткізілімін тоқтатты, бұл импортталатын шикі мұнайдың орташа бағасын үш есеге өсірді. 25 қарашаға қарай дағдарыстың ушыққаны соншалық, сол кездегі президент Ричард Никсон халыққа үндеу жасап, азаматтардан өз термостаттарындағы температураны (үйдегі жылуды) азайтуды, жексенбіде көлік жүргізбеуді және рождестволық гирляндтар алуға асықпауды өтінді.

Содан кейінгі жылдары АҚШ болашақта өзін осындай дағдарыстардан қорғау үшін энергетикалық тәуелсіздік саясатын жүргізді. Жаңа саясаттың бір бастамасы Стратегиялық мұнай резервін (СМР), яғни ел төтенше жағдайларда пайдалана алатын шикі мұнай қорын жасақтау болды. Бүгінгі бар 727 млн баррельден астам мұнай қоры елге тапшылыққа қарсы қарекет қылуға және оның бетін қайтаруға мүмкіндік береді.

Әлемдік мұнай өндіруші ірі елдердің бірі Ресей биылғы ақпанның соңында тағы да Украинаға басып кірген соң, АҚШ жақында энергетика компаниялары үшін 30 млн баррельді босататынын мәлімдеді. Өзге де әлемдік державалармен үйлестірілген бұл шешім мұнай нарығындағы дүрлігуді тұрақтандыруға және тапшылық қаупіне байланысты қарқынды өскен газ бағасын түсіруге бағытталған.

Алайда көптеген қоршаған ортаны қорғаушылар тапшылықты басқару үшін Стратегиялық мұнай резервіне сену уақытша ғана шара екенін айтуда. Олар келе жатқан климаттық дағдарыс ауанында АҚШ-тың қазба отынға деген тәуелділіктен арылып, экологиялық жасыл энергия көздеріне көшуі қажеттігін алға тартады.

Стратегиялық мұнай резервінде қанша мұнай бар?

Стратегиялық мұнай резерві әлемге белгілі ең ірі мұнай қоры саналады. Ол Мексика шығанағы бойымен Луизиана мен Техаста мұнай тасымалына қажетті теңіз терминалы мен құбыр желісіне шығуға оңтайлылығына байланысты таңдалған төрт учаскеге бөлінген.  Мұнай жер астында, тұзды қабаттарды ойып жасалған үңгірлерде сақталады. Мұнайды бұлай сақтау (низкий пропускаемост) экологиялық жағынан ең қауіпсіз амал саналады.

2022 жылғы 4 наурыздағы жағдай бойынша СМР-де өңдеуге және бензин, дизель отыны, пеш отыны, реактивті қозғалтқыштар отыны секілді өнімдерге айналдыруға болатын 577,5 млн баррель шикі мұнай бар. Әуел баста, 1975 жылы АҚШ Конгресі қор көлемі миллиард баррельге дейін болуы керек деп белгілегенімен, бұл көлемге сол бойы жеткен жоқ. Қорда болған мұнайдың ең жоғарғы шегі және қазіргі ең жоғарғы сыйымдылығы  2009 жылы желтоқсанда 727 млн баррельді құраған.

Халықаралық энергетика агенттігі алдындағы міндеттемесін орындау үшін АҚШ-тан көп жылдар бойы өз қорындағы мұнайдың 90 күндік таза импортқа тең белгілі бір деңгейін ұстап тұру талап етілді. ОПЕК-тің мұнай эмбаргосына жауап ретінде 1974 жылы құрылған Халықаралық энергетика агенттігі өзіне мүше 31 елдің арасында төтенше жағдай кезіндегі жаһандық мұнай өндірісін үйлестіреді. Бірақ мұнайды импорттаудан гөрі, көбірек экспорттай бастаған 2020 жылдан бері АҚШ үшін резервтік талаптарды орындаудың қажеттілігі болмай қалды. Мұндай ілгерілеу қойнауқатты гидросығымдау тәсілінің – мұнай мен газға жету үшін суды, химикат пен құмды тақтатас жынысына жоғары қысыммен айдаудың кеңінен таралуымен байланысты.

Стратегиялық мұнай резерві қалай жұмыс істейді ?

Стратегиялық мұнай резерві әуелгіде төтенше жағдайларда, яғни әлем бойынша мұнай жеткізілімінде елеулі үзіліс болған жағдайда пайдалану үшін жасақталды. АҚШ бүгінге дейін резервтен үш рет қана апатты шығарылымға тапсырыс берген. 1991 жылы «Шөлдегі боран» операциясы кезінде Парсы шығанағында соғыс туындағанда АҚШ 17,2 млн баррель мұнай шығарды. 2005 жылы Катрина дауылы Мексика шығанағындағы мұнай өндірісін тып-типыл еткенде 20,8 млн баррель бөлді. Ал 2011 жылы Либиядағы азамат соғысы мұнай жеткізілімін бұзған кезде АҚШ пен ХЭА бірлесіп 60 млн баррель мұнайды резервтен шығарды.

АҚШ-тың өз мұнай қорын пайдалануы жаһандық төтенше жағдайларда ғана емес.  Ол сондай-ақ әзірлігін тексеру немесе табысын арттыру үшін Стратегиялық мұнай резервінен ара-тұра жеке компанияларға мұнай сатып тұрады.  Ел резервті экстремалды ауа-райы жағдайлары немесе кеме жүретін арналардың жабылуы сияқты ауқымы кішірек ауыртпалықтар кезінде жеке компанияларға көмектесу үшін де қолданады.

Мысалы, 2017 жылы Харви дауылынан кейін АҚШ Мексика шығанағы жағалауындағы мұнай өңдеуші зауыттарға жұмысын жалғастыруына көмектесу үшін 5,2 млн баррель мұнай қарызға берді. Айырбас ретінде мәлім мұндай келісімдер жеке компанияның мұнайды қайтаруын және пайыздық үстемесін талап етеді.

Стратегиялық мұнай резервінің болашағы

Стратегиялық мұнай резерві рөлінің дамуы таяу жылдарда  жалғасуы мүмкін. Уашингтон университетінің оқытушысы Скотт Л. Монтгомери АҚШ шикі мұнайдың таза экспорттаушысына айналған қазіргі кезде резерв «жаңа дәуірге аяқ басты» деп жазады. Өйткені, көміртегінің шығарылымын қысқарту жөніндегі жаһандық күш-жігер мұнайға сұранысты тежейтіндіктен, ол жедел қамтамасыз етуге елдің мұқтаждығы қаншалық шұғыл екені түсініксіз деп атап көрсетеді.

Алайда АҚШ-тың мәңгілікке нетто-экспорттаушы болып қалатыны күтіліп отырған жоқ және Стратегиялық мұнай резервін қолдаушылар мұнай бағасының өсуінен бастап, соғыс пен бүкіл әлем бойынша бейберекетсіздікке дейінгінің бәріне төтеп беруге көмектесу үшін қорды сақтаудың қисыны бар екенін айтады. Әлем энергетикалық дағдарыстың төңірегінде жүргендіктен, бұл басқа-басқа, дәл осы кезде қажет болуы мүмкіндігін алға тартады.

Бірақ белсенді экологтар әлемдік мұнай нарықтарындағы тұрақсыздық АҚШ-тың Стратегиялық мұнай резервін пайдаланудан бас тартуына себеп болуға тиіс дейді. АҚШ күніне шамамен 20 млн баррель шикі мұнай тұтынады, бұл дегенің егер АҚШ мұнайдың барлық басқа көздерінен ажыраған жағдайда СМР небәрі бір айға ғана жетуі мүмкін деген сөз. Олар АҚШ-ты резервтік қуатты арттырудың орнына электромобильдер мен автобустарға, экологиялық таза энергия саласындағы өзге де бастамаларға инвестиция салуға тиіс деп есептейді.

Құрметті оқырман, National Geographic Qazaqstan журналына жарияланған басқа да материалдарды оқығыңыз келсе, мына телефон арқылы жаздырып алуыңызға болады: +7 771 050 91 77