22Нау

«Балық болу» мүмкіндігі

Жак-Ив Кустоның аквалангты ойлап табуға атсалысуы ғалымдарға суасты патшалығын ашты және таңдай қаққан көрермендерді дүниеге әкелді.

«Қара», — деді балам.
Пуэрто Риконың Вьекес аралындағы айлақтың көлеңкесінде суда жүзіп жүргенбіз. Адам жасаған бұл мекен біздің снорклингке алғаш қадам басқан кезде аздап тынығуға ғана жарайтын. Уилл төменге нұсқады. Масканың арғы жағындағы көзі шарасынан шыға жаздады. Ол суға сүңгіді. Мен артынан ердім.

Біз басқа әлемге ендік. Судың үстіндегі айлақ қисық ағаш пен сыры кеткен бояудың солғын құрылымы. Ал судың іші тіршілікке бай. Тіреуіштерге жабысқан сарғылт және сары маржандар, ағыспен толқитын жайқалған теңіз өсімдіктері, асыға жүзген бір топ күміс балық. Осынша көп жабайы тіршіліктің ортасында боламыз деп күтпегенмен, Уилл оған қанағаттанбады. Қонақ үйге бет алғанда: «Керемет болды, – деді, – енді аквалангпен сүңгіп көргім келеді».

Фильмдерімен, телевизиялық шоуларымен, теңізді қорғау бастамаларымен танылған француз зерттеушісі Жак-Ив Кусто жасауға атсалысқан ерекше қарапайым құрылғының арқасында мұндай арманның орындалуы әбден мүмкін, тіпті қалыпты жайт. Кустоның ұраны «Il faut aller voir – Біз барып, өз көзімізбен көруіміз керек» болатын. 1943 жылы алғашқы қауіпсіз суасты дербес тыныс алу аппараты (СКУБА) – аквалангты ойлап табуға қатысқан ол қарапайым жұртты әлгі ұранды ұстануға және өз бетімен су астын тамашалауға шақырды.

Кусто жүзуді төрт жасында үйренген. Алайда, ол әу баста теңізді емес, аспанды көксеген. Ұшқыш болу үшін ол 1930 жылы Француз әуе академиясына оқуға түседі. Алайда, ауыр көлік апатында екі бірдей қолын сындырған оның арманы күл-талқан болды. Әскери-теңіз күштерінің офицері болып істейтін әріптесі Филипп Тайле Кустоға тез сауығу үшін мұхитта жүзуді ұсынды. Оған көзілдірік беріп, найзамен балық аулауға Франция­ның Тулоны маңындағы Жерорта теңізіне алып барады.

Көзілдірікпен жүзу үлкен жаңалық болды. «Басымды суға батырғанда-ақ сезіндім, есеңгіреп қалдым … Сол күннен бастап бос уақытымды су астын зерттеуге арнайтынымды ұқтым».
Ақырында Кусто 18 метр тереңдікке сүңгіп, сонда 80 секунд тұра алатын болды. Бірақ бұл ол үшін қажетті тереңдік немесе ұзақ уақыт емес еді. 1952 жылы National Geographic журналына жазған алғашқы мақаласында ол: «Бір жұтым ауаның шектеуіне үнемі көңілім толмайтын», – деп жазады. (Материалдың толық нұсқасын National Geographic Qazaqstan журналының наурыздағы санынан оқи аласыз. Журналды мына телефон арқылы жаздырып алуыңызға болады: +7 771 050 91 77)

Автор: Рейчел Хартиган

Фото: Роберт Б. Гудман, National Geographic суреттер топтамасынан