4Қаз

Танысып қойыңыз: Догсим – әлемдегі ит пен түлкінің алғашқы буданы  

«Бұл неғылған түсініксіз жаратылыс!» Ең алғаш тауып алғанда оның түрі адамдарға қызық көрінген. Себебі түр-келбеті итке де, түлкіге де ұқсайтын.

2021 жылы Догсимді көлік қағып, кездейсоқ адамдар ветеринарға алып келеді. Уақыт өте келе иттің дағдысы түлкіге көп ұқсайтыны байқалады. Кейін генетикалық тест жасап, Догсим гибридті тұқымнан екені, яғни екі түрлі жануардан жаралғаны анықталады.
ФОТО:  ФЛАВИЯ ФЕРРАРИ

2021 жылы көлік қағып кеткен итке ұқсайтын жануар Бразилияның оңтүстігіндегі оңалту орталығына жеткізілді. Біраз күннен кейін ветеринарлар оның басқа иттерге ұқсамайтын әдеттерін байқайды.

Ол ит сияқты үреді, түрі де адамның төртаяқты «досына» келгенімен, құлағы үшкір, ұзынша, жергілікті пампасс түлкілері сияқты бұта-бұтаны кезіп кетеді. Кәдімгі иттің тамағынан гөрі, егеуқұйрық жегенді тәуір көреді.

Оңалту орталығының мамандары бұл үйдегі ит пен жабайы иттің буданы болар деп топшылады. Олар генетик Фалес Ренато Охоторено де Фрейтас пен Риу-Гранди-ду-Сул федералды университетінің ғалымы Рафаэль  Кречмерге хабарласады. Бұл екі ғалым өткен айда тұңғыш рет түлкітұқымдас будан итті тіркегендері туралы ғылыми зерттеуін жариялады. Жаңалық жануарлар генетикасы саласындағы сарапшыларды дүр сілкіндірді.

Х платформасында (бұрынғыTwitter) «Неткен түсініксіз жаратылыс өзі!» деп жазған Солтүстік Каролина штаты университеті мен жаратылыстану ғылымдары музейінің биологі Роланд Кейс) жануардың суреті мен мақалаға сілтеме жариялады.

Ол екі түрлі тұқым арасындағы будандасу ит пен қасқыр сынды бір-біріне тегі жақын жануарлар арасында жиі ұшырасатынын, бірақ ит (canis lupus familis) мен пампасс түлкісі (Lycalopex Gymnocercus) «арасын 6,7 миллион жыл бөліп жатқан екі тұқымға» жататынын жазды.

«Ағаштардан осындай буданды көруге болады, тек омыртқалылардан емес, – дейді Британдық Колумбия университетінің генетик ғалымы Лорен Райзеберг. – Бұл адамдардың шимпанземен өміршең будан жасап шыққанымен бірдей!»

Ерекше жаратылыс иесіне адамдар  «Догсим» деген ат қойды. Бұл ныспы «ит» және «graxaim do Campo», яғни пампасс түлкісінің португалша атауының қосындысынан жасалды. Дегенмен бұл алғашқы және соңғысы да болмауы ықтимал. Қоршаған ортадағы өзгерістер ит пен түлкі буданының көбеюіне әкелер, бәлкім. Мұның арты жаман салдарларға соқтыруы мүмкін.

Буданды анықтау

Догсимнің «шата» туғанын, яғни будан екенін дәлелдеу үшін ең алдымен  жасушадағы хромосома деңгейін анықтау керек болды. Оның саны 76  екенін білген соң, ғалымдар бұл деректі жануардың нақты тегін білуге қажет кілт ретінде қарастырды. Бұл өңірде 76 хромосома тек жалды түлкіде  (Chrysocyon brachyurus ) ғана кездеседі. Алайда сырт келбеті ұқсамайтындықтан, түлкінің бұл тұқымының Догсимге қатысы жоқ деген тұжырым жасалды.

Итте 78 хромосома (39 жұп), ал пампасс түлкісінде 74 хромосома (37 жұп) болады. Ғалымдардың ойынша, Догсимде белгілі болған 76 хромосома оның «ең бірінші будандасуға ұшыраған жануар екеніне дәлел бола алады», дейді Кречмер.

Келесі кезекте  генетиктер Догсимнің митохондриалды ДНҚ-сы, яғни тікелей енесі арқылы берілетін хромосомаларын зерттей келе, ол пампасс түлкісінен келгенін анықтады. Бұдан соң ғалымдар ұрғашы және еркегінен берілген ядролық ДНҚ-ны зерттеген кезде ит пен түлкінің қаны араласқанын түсінді. Генетикалық тест жұмыстары 6 ай көлемінде жүргізілді.  Осы уақыт ішінде  Догсимнің жарақаты жазылып, жануарлар орталығына  жіберілді.

Түлкілер де қасқыр мен ит сияқты «Canidae» биологиялық тобына жатады. Бірақ «Canis»  деп аталатын одан гөрі шағын топқа кірмейді. Өйткені түлкілер 6 миллионнан астам жыл бұрын тарамдалып, өзінше оқшаулану үдерісі жүрді. Қазіргі таңда оларды Vulpes тобына немесе Оңтүстік Америкада өмір сүретін пампасс түлкісін есепке алсақ, Lycalopex тобына жатқызуға болады.

 «Табиғатта сүтқоректілер негізінен өзі тектестермен көбейеді», – дейді Роланд Кейс. – Егер олар осыншама ұзақ эволюциялық уақытпен алшақтап кетпеген болса, екі бөлек түрдің бір-бірімен шағылысуы кездесуі мүмкін. Мұндай жағдай кейде қасқыр мен койотта кездесетінін білеміз. Бірақ бұл, әдетте, сол аймақта жануардың бір түрі тым көп таралып, екіншісі керісінше тым сирек болған кезде ұшырасады».

Пампасс түлкісі тұқымы сирек түр санатына жатпайды, керісінше бүкіл Оңтүстік Америкаға таралған. Ендеше бұл будан қалай пайда болды? Оың болашақтағы ықтимал жаңа түлкі тұқымына әсері қандай болмақ?

Бұл сұрақтың жауабы белгісіз қалды, өйткені биыл наурыз айында Догксимнің жүрегі тоқтап қалған. Оның өлімінің себебі белгісіз. Әдетте гибрид жануарларда генетикалық ауытқулар жиі болатындықтан өмір сүру ұзақтығы төмен болып келеді.
ФОТО:  ФЛАВИЯ ФЕРРАРИ

Түлкі мен иттің жұптасуы

Рафаэль Кречмер Догскимнің өмірге келуіне экологиядағы тепе-теңдіктің бұзылуы әсер етті деп ойлайды. Пампасс түлкісі тіршілік ететін Бразилияның оңтүстігіндегі шалғынды алқап құнарынан айрылып барады. Аймақтың көп жері мал фермасының жайылымына айналды, тұрғын үйлер салынды. Бұдан пампасс түлкісінің популяциясы төмендеп кетпегенімен, олардың тіршілік ортасы адамдар қонысына жақындаған сайын иттермен жұптасу ықтималдығы арта түскен.

Зерттеудің бірлескен авторы Брун Шинвельски тағы бір ықтимал факторды атады, ол: қаңғыбас иттер. «Бразилияда итті иесіз қалдыру заңмен қудаланады, соған қарамастан тыйылмай тұр, – дейді ол. – Иелері аңшы иттер мен аула иттерін табиғат аясына апарып, тастап кетуі  жиі болады. Соның кесірінен тұмса табиғатта, тіпті қорғалған аймақтарда да қаңғыбас иттер көбейген».

Екі бөлек түр арасындағы будан табиғаттағы ауытқушылыққа жатады, сондықтан олардың көбейіп, жаңа популяция таратуы неғайбіл. түрлердің қалай дамитындығын да болжау қиын, өйткені олар климаттағы өзгерістер мен қоршаған ортадағы басқа да қиындықтарға тез бейімделуге мәжбүр.

«Деректер будандасу өсімдіктер мен жануарлар арасында кезлеседі деген тұжырымды бұзып, мүлдем қиыспайтын, тым жырақ тұқымдастарда да болуы мүмкін екеніне дәлел болды», – деп атап  айтты Ризеберг.

Роланд Кейс болашақта мұндай ит шатыс түлкіні кездестіруіміз неғайбыл деп есептейді. Себебі бұл ит пен түлкі қатар тіршілік еткен ұзақ жылдар ішіндегі жалғыз жағдай әрі ол генетикалық жағынан қатерлі.

Миллиондаған жыл бойы біртіндеп мутацияланған, онысы ағзаның өміршеңдігі үшін тиімді болып шыққан түр болмағандықтан, Догсим секілді жаңа тіршілік иесіндегі гендер «мүлдем үйлеспейтін, бірге жұмыс істемейтін болуы мүмкін».

Будан жаратылыс иелерінің денсаулығы әлсіз келеді немесе өміршеңдігін шектейтін кейбір ерекшеліктері болады. Мысалы, пампасс түлкісіне тән тері түсі оның тіршілік ортасымен астасып, көзден тасалайды. Ал Догксимнің терісі керісінше қара қошқыл түсті.

2021 жылы  Догсимді Мантенедуро Сан-Браздағы жануарларға арналған орталыққа ауыстырғанда сап-сау болған. Бірақ 2023 жылдың наурызында өліп қалыпты. Себебі әзірге белгісіз. Бұл туралы Кречмер мен басқа ғалымдар тек тамыз айында, мақалаға қажетті фотосурет сұрап хабарласқан кезде естіген.

SEMA ұйымы – Бразилияның қоршаған орта және инфрақұрылым хатшылығы мәлімдегендей, жануардың өлімі мемлекет тарапынан тексеріліп жатыр.

Салдары қандай болмақ?

Догксим кездейсоқтық па, жоқ па? Қалай болғанда да, бұл жаңалық бірқатар  маңызды мәселені алға шығарып отыр.

Зерттеу жұмысында  «Әртүрлі эволюциялық траекториядағы будандасу тұмса табиғатты үлкен қатер төндіруі мүмкін», – дейді Кречмер мен басқа да авторлар.

Қазір пампасс түлкісі өзінің қалыпты тіршілік ортасында ешқандай қауіп-қатерсіз өмір сүруде. Бірақ жағдай өзгеруі мүмкін. Ал Догсим сияқты будандар жергілікті түлкі популяциясына жаңа ауру мен генетикалық кемістіктер алып келу арқылы түрді әлсіретіп жіберуі мүмкін.

Кречмер мен оның әріптестері Догсимге қатысты қиындықтар мен шешілмеген жұмбақтар бұл тақырыпты одан әрі зерттеуге негіз бола алады деген ойда. «Будандасудың генетикаға, экология мен жабайы түрлердің мінез-құлқына әсерін зерттеу осы түрді сақтау ісін жақсартуға үлес қосады». Автор: Мегән Малхолланд