2Қаз

Вегандар неге аз? Еттен бас тарту оңай емес

Жақында жүргізілген экспериментте зерттеушілер адамдардың денсаулыққа пайдалы әрі қоршаған ортаға зияны аз тағамдардан неге бас тартатынын зерттеп, мұның психологиямен тығыз байланысты екенін анықтады.

Етке балама тағамдар күн сайын жақсарып келе жатыр. Бұл суреттегі су жаңа аспаздық студия гамбургер жасау үшін сояның орнына бұршақ ақуызын қолданады.
Фото: Себастьян Лок/LAIF/REDUX

Осы зерттеуге сәйкес, ғаламшарымызға да, өз денсаулығымызға да пайдалырақ екеніне қарамастан, адамдардың веган деп белгіленген, яғни құрамында ешқандай жануар өнімі (жұмыртқа мен сары май да) жоқ екені көрсетілген азық-түлікті таңдауы екіталай.

Азық-түлік өндірісі мен тасымалы климат дағдарысын тездететін жаһандық парниктік газ шығарындыларының ширек бөлігін құрайды. Олардың басым көпшілігі ет, сүт өнімдерін өндіру процестерімен байланысты. Сондықтан сарапшылар адамдарға барынша өсімдік негізді тағамға көшуге кеңес береді.

«Климатқа қатысты қойған мақсаттарымызға жеткіміз келсе, азық-түлік өндірісі мен тұтынуды түбегейлі өзгертіп, ұдайы артып жатқан әлем халқын тамақпен қамтамасыз етудің жаңа жолдарын табуымыз керек», – дейді бейкоммерциялық Дүниежүзілік Ресурстар Институтының климатқа қатысты азық-түлік ережелерінің сарапшысы  Ричард Уэйт.

Бірақ Массачусетс технология институтында жүргізілген зерттеу мұны жүзеге асырудың қиынға түсетінін көрсетті.

Зерттеушілер университеттің бірнеше іс-шарасына қатысқан 150-ге жуық адамнан түскі асқа алдын-ала тапсырыс беруін өтінді. Екі нұсқаның бірі ретінде веган тағамдар ұсынылды. Қатысушылар көкөністер немесе ірімшік қосылған равиоли мен хумус қосылған көкөніс орамасы не фета қосылған грек салатының бірін таңдауы керек болды. Адамдардың тағамға талғамына қатысты осыған ұқсас тағы бір зерттеу онлайн жүргізілді. Екі зерттеуде де жауап берушілердің жартысы кездейсоқ таңдалып, оларға ұсынылған тапысырыс тізімінде веган тағамдардың жанына «веган» белгісі қойылды.

Нәтижесінде «веган» сөзі жазылған тапсырыс тізімін толтырғандар тағамның веган екені көрсетілмеген тізімді қарағандармен салыстырғанда, веган тамақтарға азырақ тапсырыс берген. Оффлайн түрде қатысқандарға келетін болсақ, олардың шамамен үштен екісі веган екені көрсетілген тағамды алмаған.

Зерттеу жарияланғаннан кейін Массачусетс технология институты медиазертханасының докторанты әрі осы зерттеудің жетекші авторы Алекс Беркеге кейбіреулер мұндай нәтижені мүлдем күтпегенін айтты. Дегенмен зерттеушінің өзі осылай болатынын алдын ала болжаған екен.

Беркенің өзі 10 жасынан вегетариан (сүт пен жұмыртқаны да қамтитын өсімдік негізді тамақтану) өмір салтын ұстана бастаған, ал үш жыл бұрын климатқа «көмектесу» үшін толықтай веган тамақтануға көшті. «Біраз уақыт бойы веган не вегетариан диетаны ұстанған адам бұған таңданбас еді, – дейді Берке. – Олар мұндай өнімдер туралы теріс түсінік қалыптасқанын біледі».

Психологиялық факторлардың рөлі

Адамдардың қорек тізбегінің төменгі сатысындағы тағамды тұтынғысы келмеуінің, тағамның веган санатына жататынын білгенде, одан бас тартуының бірнеше себебі бар. «Отбасында не мәдениетінде ет негізгі қорек болса, адамдар өздерін етқоректімін деп санайды», – дейді Огайодағы Устер колледжінің климат өзгерісінің психологиялық сарапшысы Сюзан Клейтон.

Ал кейбіреулер веган өмір салтына ауысуға айтарлықтай себеп көрмейді, өйткені олар климат өзгерісінің әсері әзірге білініп жатқан жоқ деп сенеді. Йель университеті зерттеушілерінің айтуынша, америкалықтардың жартысынан сәл азы ғана (48%) елде адамдардың климат өзгерісінен дәл қазір зардап шегіп жатқанына сенеді. (Бұл көрсеткіш 2015 жылы 34%-ды құраған болатын).

Сонымен қатар «веган» белгісі жануар өнімдерін алмастыратын дәмді азық-түліктер қолжетімді болғанға дейінгі веган тағамдарын жеумен байланысты депривацияны (жоғалту) еске түсіруі мүмкін. «Мен мұндай депривацияның белгілерін өзімнен де жиі байқаймын, – дейді Клейтон. – Кафеде веган кекстер болса да, жұмыртқа мен май қосылған кексті жегім келіп тұрады. Веган кекстер өте дәмді болғанымен, олар маған екінші сорттағы ингредиенттерден жасалғандай көрінеді де тұрады».

Анти-веган көзқарас психологтер қарсылық реакциясы деп атайтын нәрседен де тууы мүмкін. Алғаш рет 1960 жылдары ұсынылып, кеңінен зерттеліп келе жатқан бұл теория адам таңдау мүмкіндігі шектеулі екенін сезген кезде пайда болатын менталды және эмоционалды қарсылық деп түсіндіріледі.

«Таңдау еркіндігі шектеулі болған жағдайда, адамның мотивациясы артады, – дейді Калифорниядағы Клармонт университетінің психология профессоры Джейсон Сигель. – Кей адамдардың қарсылық реакциясы басқаларға қарағанда күштірек және көбіне қисынсыз әрі пайдасыз болуы мүмкін», – дейді ол. Олардың шектеулерді қабылдамауы, дереккөзді қаралап, ақпараттың растығына күмән келтіруі мүмкін. Қарсылық реакциясының мысалы ретінде үкімет гамбургерге тыйым салуды жоспарлап отыр деген қауесет пайда болғанда, адамдардың осы тағамды кенет көбірек жей бастағанын айтуға болады.

Зигельдің айтуынша, қарсылық реакциясын тудырмау үшін бұйырғаннан гөрі, жағдайды түсіндіріп, таңдауды адамның өзіне қалдыру арқылы өзгеріске шақырған жөн. «Еркіңіз білсін, дегенмен бұл жөнінде де ойланып көріңіз» десеңіз, мұныңыз «Бұлай істемесеңіз, жаман адам болғаныңыз» дегеннен әлдеқайда жақсырақ.

Қазіргі таңда дәмі де, сыртқы пішіні де етке ұқсайтын оннан астам вегетариан тағам бар. Америка Құрама Штаттарындағы фаст-фуд желілері мен азық-түлік дүкендерінде барған сайын қолжетімді әрі сұранысқа ие болып келе жатқан вегетериан бургерлер, шұжықтар мен тауық етінің арқасында нарықта жаңа компаниялар пайда бола бастады.
ФОТО: Эми Ломбард/THE NEW YORK TIMES/REDUX

 

Ет өндірісі айтарлықтай жоғары дәрежеде көміртегі ізін қалдырады

Сиыр еті өндірісі – климат өзгерісіне әсер ететін ең ауқымды ауылшаруашылық фактор. Оған басты себеп: ірі қара мал өз қорегін біз тұтынатын ет өнімдеріне тиімді айналдыра алмайды. Бұл жануар қорек қылатын 100 калорияның нәтижесінде жеуге жарамды тек 1 калория ақуыз өндіріледі.

Сонымен қатар, ірі қара мал шаруашылығы көлемді жайылымдық жерлерді қажет етеді. «Ауыл шаруашылығы үшін орман отауды қоса алғанда, жер пайдаланудағы өзгерістер біз бұрын-соңды шығарған жалпы көмірқышқыл газының 25-33 пайызына себепкер», – деді Уэйт. Кейінгі жылдары мал шаруашылығына жайылымдық жер босату мақсатында кесілген орман үлесі ауқымды жер көлемін қажет ететін екінші орындағы ауылшаруашылық кәсіп – пальма майы плантациясы үшін оталған ормандарға қарағанда 4 есе артық. Оған қоса, сиырлар айтарлықтай мөлшерде шығаратын метан газы көмірқышқыл газына қарағанда жылуды атмосферада 25 есе артығырақ ұстайды.

Осы себептерге байланысты веган өнімдер өндірісі бөлетін парниктік газ шығарындылары ет өндірісі кезіндегі шығарындыларға қарағанда 75%-ға төмен.

Тауық пен шошқа да өзінен өндірілетін азықтан көп қоректі қажет етеді. Әйтсе де оларды ұстау сиырмен салыстырғанда тиімдірек. Алайда Уэйттің айтуынша, егер біз тауық қанаттары мен шошқа шұжығына айналатын жануарларға беретін сояны тікелей өзіміз тұтынғанымызда, орман алқаптары осынша көп кесілмес еді. «Амазонка ормандары тофу жеп жүргендердің кесірінен жойылып жатпағаны анық», – дейді ол.

Өсімдік негізді тамақтануға жаппай көшу әсіресе Америка Құрама Штаттары үшін өте өзекті. Себебі мұнда жан басына шаққандағы ет тұтыну деңгейі әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе көп. «Етті азырақ, ал өсімдік негізді тағамдарды көбірек тұтыну арқылы климатқа тигізген зиянымызды айтарлықтай азайтуға болады», – дейді Уэйт. Әрине, тамақтанудың бұл түрі денсаулыққа да пайдалы.

Кейінгі уақытта мұнда жануар өнімдерін тұтыну көрсеткіші біршама төмендеген. Мәселен, бір сауалнама қатысушыларының үштен екісі кейінгі жылдарда әсіресе қызыл ет жеуді айтарлықтай азайтқанын растады. Бірақ көп жағдайда бұған қоршаған ортаға жанашырлық емес, еттің бағасы мен денсаулыққа әсері себеп болған екен. Оған қоса, ет жеу көрсеткіші қажетті қарқында төмендеп жатқан жоқ. Климат мәселесіне қатысты 2050 жылға жоспарланған мақсаттарға жету үшін АҚШ сияқты ет тұтыну деңгейі жоғары елдер өз көрсеткіштерін әлдеқайда тезірек азайтуға тиіс.

Ет өндірісінің көміртек ізі жоғары дәрежеде. Суреттегі ірі қара мал Жаңа Зеландиядағы Кайкур қаласы маңындағы оталған орманның орнындағы үлкен алқапта жайылып жүр.
Фото: Фрэнс Ләнтиң, NAT GEO IMAGE COLLECTION

Шағын қадамдар, үлкен нәтижелер

Экологтердің мақсаты барлығымызды вегетариан немесе веган болуға мәжбүрлеу емес, мүмкіндігінше көбірек өсімдік негізді тағамдарды тұтынуға шақыру. «Егер сіз әдетте тұтынатын сиыр етінің үштен бір бөлігін бұршақ пен сояға айырбастасаңыз, тамақтануыңыздың климатқа тигізетін әсерін шамамен 15 %-ға азайтасыз», – дейді Уэйт.

Беркенің айтуынша, үй аспаздары мен мейрамханалар вегетариандық тағамдарға аса мән бере бермейді.

«Олар тек тағамға ет қоспауды ғана ойлайды. Мысалы, ет кесегін пастадан алып тастау – олар үшін мәселенің шешімі.  Бірақ аспаздар, керісінше, мұндай тамақты вегетериандардың ғана емес, барлығының көңілінен шығатындай етіп әзірлеуге ұмтылуы керек қой», – дейді ол.

Дүниежүзілік ресурстар институты осындай тәсіл қолданып, мейрамханалар, университеттер, ауруханалар, корпоративтік асханалар сияқты қоғамдық тамақтандыру қызметтерімен кеңесе отырып, дәмді, қолжетімді және кез келген адам таңдай алатын веган тағамдар мәзірін әзірлеуді қолға алып отыр.

Веган тағамдарды мәзірдің басына жылжыту арқылы да оларға тапсырыс беру ықтималдығын арттыруға болады. Массачусетс технология институты зерттеушілері анықтағандай, мәзірде тағамның «веган» термині жазылып, ерекшеленбеуі де белгілі бір әсерін тигізеді. Беркенің идеал әлемінде негізгі мәзір веган не вегетариан тағамдар болып, керісінше ет қосылған тағамдар арнайы белгіленіп тұруы керек еді. Шынымен де, өсімдік негізді тағамдар әдепкі мәзірде ұсынылатын гипотетикалық мейрамханаларда адамдардың оларды таңдау ықтималдығы жоғары болды.

Өткен айда Appetite медициналық журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, достарыңызды немесе туыстарыңызды ет тұтынуды азайтуға көндіргіңіз келсе, қоршаған орта немесе жануарларды қорғау мәселесіне емес, денсаулыққа пайдасына назар аудару тиімдірек болады. Оларға етсіз тағамдардың оңай дайындалатынын немесе ет алмастырғыштарды оңай сатып алуға болатынын түсіндірудің де әсері бар.

Үйде тамақ дайындағанда еттің орнына көкөністерді тағамның негізгі ингриедентіне айналдыруға әбден болады. Мысалы, фри картоптарын және көптеген тойымды салат түрін көкөністерсіз елестету қиын. Немесе ет тағамдарына көкөністерді көбірек қосып көрсеңіз де болады. Уэйт сиыр етінен жасалған кәтілетке тартылған саңырауқұлақ қосып жіберуге кеңес береді, бұл оған қанық умами дәмін береді.

Адамның не жейтіні көбіне әдеттеріне байланысты, сондықтан нақты жоспар құру өте маңызды. Зерттеушілер «ертең жұмыстағы асханада тамақ ішер болсам, ең алдымен салат аламын», деп алдын ала өзіңізге айтып алудың пайдалы екенін анықтады.

Берке әдетте таңғы асқа сұлы ботқасын, тіскебасар ретінде жаңғақ, ал кешкіге бурритоны ірімшік немесе сиыр етімен алудың орнына бұршақ қосылғанын жейді. Оның айтуынша: «Адамдарға бұл өте қиын көрінгенімен, көз – қорқақ, қол – батыр емес пе?»

Дегенмен қоршаған ортаға жанашырлық көрсету үшін дәл Берке сияқты тамақтану міндетті емес. «Зерттеу мақсаты барлығын қатаң түрде еттен бас тартуға, бірден осы диетаға көшуге үгіттеу емес, – дейді ол. – Бұл зерттеу адамдарды өсімдік негізді тағамды тұрақты әрі жиірек тұтынуға шақыру әрі бұл үшін біздің не істей алатындығымызды баяндайды».

Автор: Мерил Дэвидс Ландау