14Май

«Қанды Ай» немесе Айдың толық тұтылуы

2015 жылғы қыркүйек. Англияның Гластонбери қаласы. Ай толық тұтылғаннан сәл уақыт бұрын Супер Ай Гластонбери Тор дөңінің артынан көтеріліп келеді.

ФОТО: МЭТТ КАРДИ / GETTY IMAGES

 

Американың кез келген тұсынан, сондай-ақ Еуропа мен Африканың кей бұрышынан аспанға телміргендер 15 және 16 мамыр күндері таңғажайып түнгі құбылыс – Айдың толық әрі ұзаққа созылатын тұтылуын көре алады.

Толған Айды Жер толықтай жауып, оның бетін қою күрең реңкке бояйды. Айдың толық тұтылуының «қанды Ай» құбылысы деп аталатыны да сондықтан. Бұл жолғы тұтылу соңғы он жылдағы ең ұзаққа созылатын Ай тұтылуы болмақ.

Одан бөлек, тұтылу кезінде Ай да әдеттегіден үлкенірек болғалы тұр. Ай өз перигейіне немесе Жерге ең жақын нүктесіне барынша таяп келетіндіктен, ол аспанда күндегіден көлемдірек болып көрінеді, бұл «Супер Ай құбылысы» деген атаумен белгілі. Тұтылу барысында Ай Жерден 362 127 км қашықтықта болады.

Мамырдағы толық Ай тұтылуын Солтүстік жарты шар тұрғындары ерте көктемдегі гүлдеуге ұқсатып «гүлді Ай» деп те атайды. Ендеше 15 мамыр күнгі құбылысты «Супер гүлді Ай» деуге келетін шығар.

 

2008 жылғы 20 ақпанда Ай толық тұтылу кезінде Жердің көлеңкесіне кіріп және қайта шығып келеді. Флорида штатындағы Тайтусвилл қаласынан түсірілген бұл құрама суретте тұтылудың әртүрлі фазалары көрсетілген.

ФОТО: СТЭН ХОНДЫ / AFP, GETTY IMAGES

 

Түнгі аспанның таңғажайып бір көрінісі саналатын осы құбылыс, яғни Жердің көлеңкесінен Айдың қою күрең түске боялуы бір жарым сағатқа-дерлік созылады.

Тұтылудың толық фазасы (Айдың қоп-қою күрең түске енетін шағы) 15 мамыр күнгі 11:29-да басталып, 16 мамыр күнгі 12:54-ке дейін (Гринвич бойынша 16 мамыр күнгі 3:29-дан 4:54-ке дейін) жалғасады. Тұтылудың барлық фазасын Оңтүстік Американың кез келген жері мен Солтүстік Американың біраз бөлігінен, сондай-ақ Африка мен Еуропаның кейбір тұстарынан көруге болады. Тынық мұхит жағалауының солтүстік-батысындағы жерлерде тұтылған Ай күн батқанға сәл қалғанда көрініп, түнгі аспанның төрінде бірте-бірте қызара түседі.

 

Ай тұтылғанда не болады?

Күн, Жер және Ай бір түзу сызықтың бойында тұрып, Ай Жердің көлеңкесінде қалып қойған шақты Айдың тұтылуы дейміз. Бұл құбылыс Ай Жерді ай сайын айналғанда бола бермейді, өйткені Айдың орбитасы көлбеулеу орналасқан. Бірақ шамамен жылына үш рет Ай тым болмағанда Жер көлеңкесінің бір тұсынан өтеді.

Ай тұтылуы Ай толған шақта ғана жүзеге асады және оның 29 пайызы толық Ай тұтылуынан тұрады, бұл кезде Ай толықтай Жер көлеңкесінің умбра атты күңгірт орталық конусы арқылы өтеді.

Тұтылған Айдың күрең түске боялуының себебі – Ай бетіне түсетін Күн жарығы Жердің атмосферасы арқылы сүзгіленіп, көк түсті сейілтеді де, қызыл түсті өткізеді. Тура осылай – біз әдетте сары түсті Күннің кешкілік қызыл реңкті сипат алатынын көреміз.

 

«Қанды Айды» қалай дұрыстап көруге болады?

Күн тұтылуын қауіпсіз тамашалау үшін арнайы құрал-сайман керек болса, Айдың тұтылуын өз көзіңізбен-ақ көруге болады. Қолыңызда дүрбі болса, бұл сізге Ай бетіндегі ерекше детальдарды анығырақ көруге мүмкіндік берер, бірақ жалпы Айдың тұтылуын күндегі Айды көріп жүрген кез келген жерден тамашалай аласыз.

Ай қою күрең түске енбестен бұрын күңгірт тартып қараяды және біздің планетамыздың атмосферасындағы бөлшектерге қарай оның түсі әр тұтылу кезінде әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, жуырда Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігіндегі Тонга корольдігінде жанартау атқылаған кезде стратосфераға тараған күл Айдың бейнесін әдеттегі тұтылу уағындағыдан гөрі әлдеқайда қою күрең түске бояуы ықтимал.

 

Бұл аспан картасында 2022 жылғы 15 және 16 мамыр күндері Ай толық тұтылғандағы Айдың көрінісі оның айналасындағы жұлдыздар шоғырымен бірге берілген.

ФОТО: ЭНДРЮ ФАЗЕКАС

 

Солтүстік Американың шығыс бөлігіндегілер, сонымен қатар Орталық және Оңтүстік Америкадағылар осынау ғажап құбылысты басынан аяғына дейін тамашалай алады. Солтүстік Американың батыс бөлігі тұрғындары осы көріністің тым болмағанда бір бөлігіне куә болса, Аляска мен Солтүстік Канаданың кей өңірлерінде оны байқау еш мүмкін емес.

Толық Ай тұтылуының тым болмағанда бір бөлігін Африка мен Батыс Еуропаның біраз тұсынан тамашалауға болады, ал Батыс Азияның кей жерлерінен тұтылудың кейбір фазалары көрінеді.

Қырағы жандар Ай толық тұтылғанда Айдың айналасындағы аспан әдеттегіден қоюырақ түске еніп, соған жақын жатқан жұлдыздардың жарқырай түскенін аңғаруы мүмкін. Мысалы, Айдың сол жақ төменгі тұсында қызғылт сары түсті жұлдыз Антаресті байқауға болады. Аспанның жарықпен көмкерілген тұстан алысырақ жерлерінде Құс жолын да көзіңіз шалып қалуы ғажап емес.

Бұл жолғы тұтылу биыл Солтүстік Америка аспанынан көрінетін екі толық Ай тұтылуының алғашқысы болмақ. Келесі тұтылу 8 қараша күні болады және бір қызығы, оның да ұзақтығы 15 мамыр күнгімен бірдей.

Әйткенмен осы көктемдегі тұтылу түннің алғашқы бөлігіне тұспа-тұс келіп отыр, демек бұл – сіз бен бізде ұйқыға жатпай, әдемі аспан шоуын тамашалауға керемет мүмкіндік бар деген сөз.

АВТОР: ЭНДРЮ ФАЗЕКАС

Қазақ тіліне аударған Ботагөз Икрамова