23Ақп

Қазақ бүркітшісінің суреті «Жыл суреттері» топтамасына кірді

ЭРИК ЭСТЕРЛЕ

Моңғолияның ең батыс аймағы Баян-Өлгий төңірегінде көшпелі қазақ бүркітшісі Асылбек бүркітін салтатты аңшылыққа дайындауда. Бүркітті жаттықтыру балапандарын жартастағы ұяларынан алып, қоян, түлкі және тіпті бұғы аулауға үйретуден басталады. Дәстүр тамыры 3000 жылға тартады.

Фотограф Эрик Эстерле: «Осы сурет үшін өзеннің жағасында ет-бетіммен жатып алып, электронды көріністапқыш арқылы қарап жаттым. Жер солқылдата шапқан Асылбек бірнеше фут қашықтан маған мұздай су бүркіп өте шықты. Камераны денеммен жауып, басымды төмен түсіргенім есімде».

Картик Субраманям

Ақбас бүркіт Аляскадағы Чилкат таз бүркіт қорығының жағалау бойына стратегиялық көрініс беретін ағашқа қонуға келе жатыр. Басқа бүркіттер судан ақсерке ұстаған кезде мына бақылаушылар да олжадан үлес алып қалуға ұмтылады. «Олардың мінез-құлқын сағаттап бақылаудың арқасында осындай сәттерді түсіріп алдым», – дейді бағдарламалық жасақтама инженері әрі тұмса табиғатты суретке түсірумен әуестенетін фотограф Картик Субраманям. 

Субраманям объективті бұтаққа бағыттаған кезде ұшып келген бүркіт бұтақтағы негізгі орынды тартып алғысы келгендіктен, дүрбелең туды.

Ол осы суретін Джордж Р.Р. Мартиннің «Айдаһарлармен би» романындағы ойдан шығарылған айдаһар соғысына құрмет ретінде «Бүркіт биі» деп атады және оны National Geographic-тің «Жыл суреттері» байқауына ұсынды.

Ол осы сынақ кезеңінде үйренген шыдамдылықтың жемісін көрді. Аляскадағы бүркіттердің суреті жұма күні біздің бас жүлдені иеленіп, осы журналдың мамыр айындағы санынан орын алды. Субраманям фотосуретте ең жоғары бағалайтын нәрсе –  шиеленіс сәті. «Бұл «әрі қарай не болды?» деген сұрақ тудырады, – дейді ол. – Бірақ ештеңе болған жоқ. Жеңіске жеткен бүркіт ақсерке көрінбеген соң іші пысып, көп ұзамай келесі аш бақылаушыға жол берді».

РИТЕН ДХАРИЯ

2021 жылдың мамырында Исландияның Рейкянес түбегінде алты мың жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет Фаградальсфьядль жанартауы атқылады. Алты айға жалғасқан лава ағыны қатты қара жыныстарды бүкіл ландшафтқа таратты. Суретті түсірген Ритен Дхарияның айтуынша, бұл «табиғаттың шексіз әрі қорқынышты күшінің көрінісі».

РЕЗ СОЛАНО

Оңтүстік Джорджиядағы Голд Харбор жағажайларында корольдік пингвиндер Рез Соланоның көріністапқышында бірге жиналып тұр. Арал Атлант мұхитының шалғай оңтүстігінде, Антарктидаға жақын жерде орналасқан. Аралда корольдік пингвиндердің шамамен 25000 жұбы, сондай-ақ генту пингвиндері мен теңіз пілдері мекендейді.

АН ЛИ

Перудегі Марас тұз шахталарында тау бөктерінде террассалап орналасқан 4500-ге жуық тұз құдық бар. Археологиялық деректер бойынша, тұз өндіру Инк империясына дейін, бәлкім б.з.д. 500 жылы басталған болуы мүмкін. Бүгінде бұл дәстүр ұңғымалары бар отбасыларда жалғасуда, олардың әрқайсысы айына шамамен 181 кг-нан аса тұз өндіреді. «Тұзды құдықтар суды жақын маңдағы жер асты тұзды су көзінен шығатын арналар арқылы алады. Су буланғаннан кейін кристалданған тұз қалады», – дейді бұл суретті түсірген Ан Ли. – Мұнда тұз өндіруші тұз алу үшін ағаш тырма пайдаланады».

ТИХОМИР ТРИЧКОВ

Фотограф Тихомир Тричков қазан айының басындағы таңда әуежайдан үйге бара жатып, Солтүстік Каролинадағы Blue Ridge бульвары арқылы жолды кесіп өткенде күн аңғардан ақырын көтеріліп бара жатқанын байқады. Барлығы қалың тұманға оранып, астынан күзгі түстер пайда болды. Ол осы көрініске ұзын линзаны бағыттап, түсіріп алды. «Мен сыбырлаған тылсымға қарап, камерамен импрессионизм жасадым», – дейді Тричков. «Бір күн бұрын жаңбыр жауғандықтан, ауада ылғал көп. Мен оны «Тұман аңыздары» деп атадым, өйткені оған қараған сайын сыбырлағанын естимін».

ТАЙФУН КОСКУН

Фотожурналист Тайфун Коскун Сан-Хоседегі (Калифорния) Альвизо Марина округінің саябағындағы тұзды тоғандарды ұшар биіктіктен көрсетеді. Осы бірегей қалалық саз-батпақтарға теңіз деңгейінің көтерілуі қауіп төндіріп тұр.  Табиғат қорғау жобалары уақытты кері айналдырып, аймақты тұмса табиғат пен балықтар үшін, сондай-ақ тасқын суларды сіңіру және көмірқышқыл газын жұту үшін қалпына келтіруге тырысуда.

БРЮС ТАУБЕРТ

Жабайы табиғат биологі Брюс Тауберт Аризонаның кішкентай шөл үкілерінің азық табу машықтарын зерттеп жүргенде сәті түсіп, сирек кездесетін үкіні тапты. Бірнеше түн бойы ол жоғары жылдамдықты жарқыл тудыратын инфрақызыл сәулені қолданып, балапандарына тамақ тасы жүрген үкілерді суретке түсірді. Мына үкі түнгі аңшылықта Жерорта теңізі гекконын ұстады. «Аризона Жерорта теңізі геккондарының мекені емес, бірақ олардың таралу аймағы кеңейіп келеді», – дейді Тауберт. Олар бұл жерге қалай тап болғаны туралы оның болжамы: «Геккондарды экзотикалық өсімдік сататын абаттандыру компаниялары [жақын маңдағы] үйлерге әкелген болуы мүмкін».

АЛЕКС БЕРГЕР

Аустриялық Альпіге сапары кезінде Алекс Бергер картадан тауларға қарай ширатылған бір жолақты жолды байқады. Жолға түсіп, орман шетімен  шектесетін жылғаны жағалап келе жатқанда ағаштар арасында гүлдеп тұрған алтын ағашты байқады. «Мен үшін бұл жер тұла бойымды шымырлақан ғажайып шабыт кеңістігі», – дейді Бергер.

В. КЕНТ УИЛЬЯМСОН

Кейде ұйқысыз түн керемет фотосуреттің кілті. Фотограф У.Кент Уильямсон бұл суретті жаздың аязды таңында, сағат 3:40 шамасында Уашингтон штатындағы Маунт Рейньер Ұлттық саябағындағы Типсу көлінде түсірді. Ол тынық судан биіктігі 4392 м шыңға – көпкүндік жүрістің мәресіне таяған, шаршаған альпинистердің шамдарын көрді. «Түнгі аспан ерекше ашық болғандықтан, таудың дәл үстінде Құс жолы көрініп тұрды. Альпинистердің шамдары соншалық жарық екенін көріп таңғалдым», – дейді Уильямсон.