8Мау

Болмысы бөлек патша

mixed wildebeest and Zebra herd, Hidden Valley, Serengeti National Park.Tanzania

КӨКЖИЕКТЕГІ ЖОЛАҚ ашық жасыл түсті құрақ көрпе үстіндегі сұр жіптей көрінеді. Алайда ұшақ жақындаған кезде ол жазықтықты ораған бірнеше жүз жануардың табыны екені байқалады. «Гну антилопалары, – деп Чарли мотор гүрілінен даусын асыра айқайлады, – бұл шағын ғана топ». Біз Танзанияның Нгоронгоро кратерінің солтүстік беткейінде едік және бұл наурыз айы болғандықтан жуырда гну антилопалары солтүстік-батысқа, яғни Серенгети ұлттық паркімен жоғары қарай Кенияға жылжитынынан хабардар болатынбыз.
Гну антилопасының үйірлері мыңдаған жылдан бері үлкен Серенгети экожүйесінде сағат тілімен айнала сапар шегіп келеді. Жауынға ілесе, шөпке жайылып жүріп әр жануар шамамен 2800 шақырым жер айналады, жолда топыраққа тыңайтқыш болатын тезегін тастап, жыртқышқа қорек болады.
«Олар неге оңтүстікке қарай кетіп барады?» – деп Чарлиден айқайлап сұрадым.
«Кім біліпті, шөп іздеп-ау шамасы, бұл жақта күйсейтін нәрсе аз», – деді ол.
Танзанияға гну антилопаларының ұлы көшін көру үшін келгенмін және олардың сапарын екі жыл бойы құжаттаумен айналысып жүрген Чарли Хамилтон Джеймске қосылдым. Біз көкжиекте Килиманджаро тауы қылаңдап тұрған шақта Арушадан ұшып шықтық. Жер құлпырған жасыл реңктерден құралған теңіздей көрінді. Кратердің үстінен ұшып өткеннен кейін алдымыздан жазық даланың көрінісі шыға келді.
Небәрі бір ай бұрын астымыздағы өңірді құнарлылығы күшті шөп кілем жауып тұрған болатын, қазір жауын тоқтап, жер солып қалды. Гну үйірі арыс­тан не гиенаға оңай жемтік болатын табындай көрінді.
Артынша бір антилопаның үйірден бөлек шыққанын байқадым. Ол айналасына қарап, бейне бір мына топ қате жолмен кетіп бара жатыр деп түйгендей кері бағытқа қарай жүрді. Табын оны елемей әрмен қарай жүре берді. Мына антилопа ажалдан құтылмайды деп ойладым.
Алдағы кедергілерге толы жолды ойласаң, үйірдегі көп бөкенді ажал күтіп тұр деп пайымдауға болады. Тұрақсыз ауа-райының құзырында жүріп, олар бағытын жиі өзгертіп, балғын шөп соңына түсіп, үлкен қашықтықтарды еңсереді. Бұл уақытта жыртқыштар жан-жағынан бас салып жатады. Соңғы жылдары олар адам деген жаңа кедергілерге тап болды: аны артып келе жатқан мал басы, малды қорғау үшін салынған қоршаулар мен егін алқаптары.
Бірақ, ең үлкен сынақ, сірә, Мара өзені шығар: олар Кениядағы шөбі шұрайлы Масаи Мара ұлттық қорығына жету үшін және Танзанияға кері қайтар жолда осы өзенді кесіп өтуге мәжбүр. Чарли осынау сынақ сәтіне ондаған мәрте куә болып, мыңдаған антилопаның бір-бірінің артынан ажал құшқанын талай көрген жан. «Былтыр осы жерге келгем, жүздеген өлексе жағаға үйіліп, суда қалқып жүрді, – дейді ол, – бұл тап-таза қанды қырғын».
Үйірлер қияға ұқсайтын балшық жағалаумен абыл-сабыл жорғалап, өзенге секіріп жатқанда жастары мен әлсіздері тапталып қалады. Жүздегені батып кетеді не оларды аққан су астындағы қаптаған қолтырауын тартып әкетеді. Әупірімдеп жатып арғы бетке шыға алған гну антилопалары арыстан мен гиенаға тап болады.
Чарлидің өзенді аман-сау кесіп өткен антилопалар­дың түсініксіз себептермен ойын өзгертіп, кері бұры­лып, қайта суға секірген кездерін көргенін айтады.
Гну антилопасының үлкен жұмбағы осында жатса керек: олардың жылдық миграциясы табиғаттың мінсіз механизмі іспетті. «Жақыннан қарағанда оларды ақылды деуге аузың бармайды, түрі де күлкінішті», – дейді Чарли. Дегенмен, мыңдаған жылдан бері олар осынау мейірімнен ада топырақты еш тастап кеткен емес. Үйірден бөлінген бөкенді ойлап, өз-өзіме мына сұрақты қоюдан басқа амалым қалмады: бұл мақұлақ осы күнге дейін қалай аман қалды өзі?
Масаи Марада күн көтеріле сала денемді жылыту үшін жергілікті халықтың дәстүрлі плащы – торлы матадан тігілген «олкарашаға» оранып, кениялық гид Экаи Экалаленің термосынан құйылған кофемді іштім. Land Rover көлігіміздің алдында жайы­лып жүрген гну антилопаларына қарап отырмыз. Жақын жүргендері соншалық, шөп шайнап тұрған дыбысы құлаққа келеді. Бір сағат бұрын буйвол бұзауының екі ұрғашы арыс­танның тырнағына ілінгенін көрген едік. Оқиға 1,5 ша­­қырымға жетпейтін жерде болды. Бірақ жанымызда жүрген бөкендер­­дің алаңдайтын түрі жоқ.
Экаидан: «Гну антилопасы ақымақ аң ба?», – деп сұрадым. «Ешбір аң ақымақ болмайды, – деді ол, – бірақ, кейбірінің басқаларынан ақылдырақ болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын». Мен бұл сұрақты қойған алғаш адам емес екенімін. Гну антилопасы ғасырлар бойы масаи мен өңірдегі басқа тайпалардың таңданысын тудырып келген хайуан. Жергілікті ертегі бойынша гну антилопасы басқа жануарлардан қалған бөлшектерден жаратылыпты. «Оған африкалық қабанның басы, буйволдың мойны, зебраның жолақтары және жирафтың құйрығы бұйыр­ған», – дейді Экаи. Бұл аңыздың көп нұсқасы бар, соның бірінде гну антилопасы миын бүргеден алған делінеді.

Аңыз деп айтқанмен, бұл сипаттама сәйкес келетін сияқты. Гну шынымен де ебедейсіз және ақ­­көңіл мақұлық көрінеді. Олар антилопа тобына жатады. Жылтыр импала не Томпсон қарақұйры­­­­ғына қарасаңыз, бұған сену қиын. Олардың шынашақтай мүйізі мен титімдей көзі ерекше ұзын һәм сопайған бетімен салыстырғанда әлдеқайда кішкентай сияқты көрінеді. Дене пішімі де оғаш, иығының үсті дөңес келіп, дөңес артқы аяқтарға ұласады. Жұқа аяқтары үстінде теңгерім ұстайтын алдыңғы жағына жүк түсетін дененің осындай құрылымы салдары­нан бұл жануардың қадамы да епсіз.
Одан бөлек адамды есеңгіретер дауысы да бар – бұл бір бақылдау және мөңіреу араласқан дыбыс.
Ендеше жануарлар патшалығының «франкенштейні» табиғатта қалай пайда болған?
Сұрақтың жауабын табу үшін Танзанияда істейтін Карлтон колледжінің экологы Анна Эстеске хабарлас­тым. «Сені дәл осы жерде тоқтатайын, – деді ол, – әкем әлдекім гну антилопасына сынайтын сөз айтса, жеке басына қабылдайтын еді». Оның әкесі Ричард Эстес гну антилопаларының тіршілігі туралы егжей-тегжейлі және барлық әзілдерге нүкте қоятын толық дәйекті «Гну әлемі» атты кітап жазған. Зерттеуін 1962 жылы бастаған жабайы табиғат биологы Серенгетидің ақ сақалды гну антилопасының мінез-құлқын зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі болған. Ал, Анна әкесінің тозығы шыққан Land Cruiser көлігінде өсті десе артық емес. Әкесі бірнеше жыл бұрын зейнетке шығып, Анна әке жолын қуды.
«Олар туралы былай ойлаңыз, – деп Анна ұсынды – эволюция­лық жетістіктің бір өлшемі олардың популяциясы. Бұл жағынан, саны 1,3 миллионнан асатын гну антилопасы Серенгетидегі ең кең таралған сүтқоректі болып табылады. Ерекше ақылды делінетін пілдердің саны 8500 шамасында, аң патшасы арыс­тандардың саны небәрі 3000 айналасында. Оларға ең жақын «бәсекелес» Томпсон қарақұйрығы мен зебра – әрқайсысының популяциясында бірнеше жүз мың бас бар – және екеуі де, бір айта кетерлігі, гну антилопасына ілесіп жүреді.
Анна атап өткендей, мұндай жетістік тікелей олардың оғаш көрінетін дене тұрқымен байланысты. Мұндай дене пішімі үлкен қашықтықтарды жүріп өтуге сеп екен және мұндай пошым миллиондаған жыл эволюция мен бейімделудің жемісі. Кішкентай мүйіз алыс жол мен өзендерді кесіп өткенде артық салмақ тудырмайды әрі қалың бұта-шөпке кіргенде кедергі келтірмейді. Жазық тұмсық жайылған кезде шөп қармауға мүмкіндік береді. Иілген артқы жақ жүріс тиімділігін арттырады, ал олардың толарсақ сүйектері серіппелі келеді және бұл жүгірген кезде секіруге мүмкіндік береді – екеуі де ұзын көш барысында қуат үнемдеу­­ге көмектеседі. Ебедейсіз көрін­ге­німен олар сағатына 80 шақырым жылдамдықпен шаба алады – бұл гиеналарды шаң қаптырып, арыстанның ажал тырнағынан құтылуға жетерлік жылдамдық. Сондай-ақ, олар жаңбырдың қайда жауатынын өте жақсы сезеді және шалғайда жауатын жаңбырға қарай беттейді, олар жеткенше әлгі жерде жас шөп шығып үлгереді.
Гну антилопасының ең осал тұсы – ұрпақ әкелу стратегия­­сы. Қаңтардың соңынан бастап үйірлер Чарли екеуміз үстінен ұшып өткен дәл сол жазықтық­тарға жиналады – бұл кезде жауын-шашынға қаныққан әрі құнарлылығы мол жанартау топырағында өсетін шөп жамылғысы әлі сақталып тұрады. Антилопалардың басқа көптеген түріне қарағанда гну төлін жасыр­майды және буаз аналықтары ашық далада төлдей береді. Үш аптадан астам уақытта шамамен 500 000, долбарлап алғанда аптасына 24 000 гну төлі дүние­­ге келеді. Небәрі жеті минут ішінде төл аяғына тұрып, 24 сағат ішінде анасымен бірге жүгіре алады.
Жыртқыштар жыл сайын болатын «мерекеге» да­­йындалып, жас төлге әбден тояды, бірақ олар тек аз ғана бір бөлігін асай алады. Бірнеше аптада гну попу­ля­циясы шамамен 30 пайызға артып, келесі аялдамаға қарай қозғалады.
Іздене жүре мен гну антилопаларының тек күн жарықта төлдейтінін білдім. Арыстан мен гиенаның әдетте тек түнде ғана жемтігін аулағанын қаперге алмайтын болсақ бұл факт төлдерді әлдеқайда оңай олжаға айналдыратыны анық. Тағы бір білгенім, гну тұяғындағы ароматтық бездер бір-бірін немесе үйірді табуға мүмкіндік беретін гармондар қалдырады екен.
Артынша өз бетімен жол табуды ұйғарғандай көрінген гну антилопасының жайын түсін­гендей болдым. Сөйтсе, бұл олардың табиғи түйсігі екен, егер анасы төлінен ажырап қалса, үйірдің соңына қарай беттейді, төлдері де солай істейді.

СЕРЕНГЕТИГЕ ЖОЛҒА шыққанға дейін ғалымдардың гну антилопасына де­­ген көзқарасын мәңгі­лікке өзгерткен бір жас эколог туралы оқыған едім. Тони Синклер Танзанияда өс­­кен, Оксфордта зоология мамандығына оқыған және Серенгетидегі аң-құс популя­­­­ция­ларын санаумен он жыл өткізген жан. 1982 ж. сәуір айында ол Оңтүстік Африкаға сапар шегіп, табиғат қорғаушылардың жиналысына қатысып, жаға ұстатар жаңалықты жеткізеді. Тағы бір эколог Майк Нортон-Гриффист екеуі тұяқты жануарлардың үйірінде бұрын-соңды тіркелген ең үлкен бас санын санап шығыпты.
1890 жылдардан бастап ірі қара обасы делінетін вирус­тың бұрқ етуімен гну антилопасының саны күрт азаяды. Оба мал мен олардың жабайы туыстарына, соның ішінде африкалық буйвол мен гну антилопасы қатарына қырғын алып келді.
1960 жылдардың басында тиімді вакцина пайда болып, жаппай қырылу тоқтатылды және гну саны таңдай қақтырар қарқынмен қайта қалпына келді. Осы екпе ірі қара обасын айтарлықтай деңгейде ауыздықтағанға дейін Серенгетидегі гну антилопасының саны шамамен 260 000 түскен. Алайда, небәрі 17 жылда, яғни 1961-1977 жылдар аралығында гну саны бес еседен астам көбейіп, 1,4 миллион басқа жетті.
Бірақ, басқосудағы ғалымдар оның энтузиазмына ортақтық білдірмеді. «Қатысушылар орындарынан тұрып, бұл бұрын-соңды естіген ең жауапкершіліксіз нәрсе екенін айтып жатты, – деп ол екеу­міздің Zoom арқылы өткен жүздесуімізде сол кезді еске алды, – олар популяцияны бақылау­­да ұстау үшін жартысын қырып салу керек деп мәлімдеді».
«Бұл көптеген ғалым ұстанған басымдылыққа ие догма еді», – дейді ол. Олар жабайы табиғат популяция­лары тепе-теңдікті сақтау үшін бақылауда болуы керек деп есептейтін. «Өз еркімен жіберсе, – деді ол осы ұғымды түсіндіре отырып, – теориялық тұрғыдан гну көбейіп, экожүйені құртады-мыс».
Синклер бұл пікірге көнбеді. «Сол кезде маған Серенгетидегі гну популяциясы мұндай жағдайға не себепті тап болмайтынын тү­­сіндіру идеясы келді», – дейді ол.
Ол Серенгетиге қайтып барып, бірнеше жыл ішінде әріптесте­рі­мен бірге үлкен өзгерістерге куә болады. Оның біріншісі жырт­қыштар популяциясының көбеюі еді. Бұл соншалық таң қаларлық жағдай емес еді – жемтік көп болған сайын жыртқыш саны да артады. Нортон-Гриффитс өрттердің де азайғанын байқайды. Синклер екеуі гну антилопасы үйірлерінің көп болуынан шөп желініп, өрт те жиі шықпайтынын яки соншалық ыстық болмайтынын, есесіне ағаштардың өсуіне мүмкіндік туатынын анықтайды. Кенеттен бір ғасыр жайылым болған үлкен далалар ормандарға айналып жатты.
Ағаштың көбеюі жәндік, құс пен ағаш жапырағын жейтін жануарлардың, соның ішінде жираф пен пілдің көбеюін білдіреді. Және гну антилопасы жүрген жерінде тезек тастап, топырақ құнарлылығын арттырып, өздері мен басқа жануарлар үшін көбірек шөп шығуына мүмкіндік тудырады. Көбелек көбейіп, тіпті қарапайым тезек қоңызының да айы оңынан туды.
Синклер Серенгетидің жер бетінде шамалы адамның есінде қалған жерге айналып жатқанын түсінді. Және бұл өзгерістің қозғаушы күші қарапайым гну антилопасы еді. Сол уақытта тұтас бір экожүйе­нің құрылымы мен саулығы үшін жеке дара маңыз­­ды рөл атқаратын басты жануар түрі туралы бұл тұжырым салыс­тырмалы түрде жаңа болатын. Оған дейін анықталған барлық маңызды жануар түрлеріне үлкен жыртқыштар жататын. Бірақ, Серенгетиде аң патшасы арыстан емес, оған жем болатын жануар еді.
«Турасын айтқанда, – дейді Синклер, – гну антилопасы болмағанда, Серенгети де болмас еді».

ЖАЗЫҚ ДАЛАДА көлікпен кетіп бара жатқанымда көп гну қалдықтарын байқадым, оны өзіне тән мүйізі бар бас сүйегіне қарап тануға болады.
Синклердің протежелерінің бірі Глазго университетінің экологы Грант Хопкрафт гну қалдығын зерттеумен айналысатынын естідім.
Мен бұл қалдықтың көбі өлтірілген жануарлардың сүйектері шығар деп топшыладым, бірақ Хопкрафт мұны жоққа шығарды. «Адамдар гну антилопалары арыс­тан, гиена мен қолтырауын сияқты жыртқыштардың кесірінен өледі деп ойлайды, – дейді ол, – шындығы сол, ересек антилопалар арасындағы өлімнің 25-30 пайызына ғана жыртқыш себеп». Ендеше өлімнің ең бірінші себебі не? Аштық.
Хопкрафт пен оның тобы гну антилопаларының сүйегін
зерттейді, әсі­ре­­се, жамбас пен артқы аяғының жоғарғы ірі сүйегіне үлкен мән береді. «Ең әуелі біз сүйек ма­­йының құрамына мән береміз», – деп ол жануар өлімінен кейін де сү­­йекте майдың соңғы қоры болатынын түсіндірді.
Егер сүйектегі май құрамы таусылған болса, бұл жануардың тері астындағы және органдары айналасындағы май қабаттарын­да сақталатын барлық энергияны, тіпті бұлшықет тінінің бір бөлігін қорытып тастап, ақыры төтенше жағдай қорына ауыз салғанын білдіреді. «Ондай жағдайда, – дейді ол, – жануарлар біз жүрегі соғып тұрған бұтарланбаған ет деп атайтын күйге түседі». Соңғы сөзді көбінесе жыртқыш айтатыны анық, бірақ жаппай қырылудың жалғыз себебі жануардың аштықтан әбден әлсірегені.
Хопкрафттың командасы сонымен бірге гну антилопаларының құйрық жүнін де зерттейді. Ұзындығы шамамен отыз сантиметрдей жүн талшықтары жануардың соңғы бір жарым жылдағы өмірі туралы баяндайды. Ғалымдар оларды әрқайсысы екі аптада өсетін ұзындықта титімдей сегменттерге кесіп, олардың құрамындағы изотоп пен гармондарды зерттейді. Бұл әр жануар туралы көптеген мол мәліметтерді ашады. «Бұл жануардың күн сайын толтырған күнделігі, – дейді Хопкрафт, – буазбын, ашпын, күйзелістемін, мына жерде шөп жеп жүрмін, мынау жеген азығым… Талдау осындай мәліметтерді шығарады».
Гну антилопасының осынау күнделіктері қандай сыр ашады? Олар үнемі аш құрсақ жүреді, әсіресе аналықтары. «Аналық гну антилопасы өмір бойына дерлік аштықтың шегінде жүреді, – дейді Хопкрафт, – өйткені олар құрсақ көтеруін тоқтатпайды».
Ол аналықтардың буаз күйде немесе жыл бойына төлін ертіп жүретінін, маусым айынан қыркүйекке дейін төрт ай бойында төлдейтінін айтты. Және мұның барлығы көшіп-қону барысында болғандықтан денеге көп мөлшерде қуат керек болады. «Сол себепті олар барынша ең құнарлы шөптермен қоректенуге тырысады», – дейді ол. Артынша олар жаңбыр қай жақта жауып жатқанын дереу анықтап, келесі қолжетімді жайылымға қарай жылдамдығын үдете 5-6 шақырым жол жүріп, мыңдаған бөкенмен бәсекелесе тамақтануы қажет. Бұл миграцияның моторы.
Есіме Чарли айтқан Мара өзенінен бір күнде екі рет өткен гну антилопасы түсті. Хопкрафттан аштық осындай анық қауіпті елемеуге итермелеуі мүмкін бе деп сұрадым. «Мүмкін – деді ол – жыртқыштардан аулақ жүру олардың мінез-құлқының бір қырын қалыптас­тырады, бірақ аштық басымдылыққа ие күш».

КӨП ЖЫЛ БҰРЫН Найробиден арзан сафари турына тапсырыс бергем және бір сағатқа жетпейтін уақытта гну антилопасы үйірі арасынан бір шықтық. Ауада тезектің өткір иісі бар-тұғын, үздіксіз күйіс қайырған ды­быс­тары естілді. Гидіміз 20 000 бас гну антилопасы бар осы үйір көршілес Ати-Капутиейге көшіп, қайта оралатынын айтты. Бұл әрмен қарай оңтүстік-батыспен айналатын ұлы Серенгети көшінің шағын нұсқасы болатын.
Мұны Джозеф Огутуге айтқанымда, ол жабырқай басын изеді. Екеуміз Zoom арқылы хабарласқанымыз­­да Найробиде кеш батып кеткен еді. Огуту Кенияның батысында туып-өскен Хоэнхайм университетінің аға статистигі. Оның міндетіне – Кенияның тұмса табиғатындағы жан-жануар популяциясын санау және белгілі бір уақыт аралықта қалай өзгеретінін модельдеу кіреді.
Ол Ати-Капутией үйірінің оқиғасын өте жақсы біледі. 2000 жылдардың басында ол Кения үкіметінің осы гну антилопасы бойынша деректер жиынтығын қайта құруды бастаған болатын. «Іс жүзінде үкімет дерек жинауда жақсы жұмыс атқарды», – дейді ол. Бірақ мәліметтер ескі компьютер, флоппи-дискета, қатты диск пен картотека арасында шашылып қалды.
Ол деректерді қалпына келтіріп, қазіргі мәліметтермен салыстырған кезде ортаға көңіл жабырқататын картина шықты: жануарлар көші күйреуге ұшыраған. Үйірдегі жануар басы 1970 жылдардағы 30 мыңнан 2014 жылы 3000-ға дейін азайып кеткен. Мұның себебі адами факторлармен түсіндіріледі: Найробидің ұлғаюы, фермалардың көбеюі, теміржол тармақтарының жа­­йылуы және т.б. Айналып келгенде осындай жабайы табиғатқа қолсұғушылық жағдайлары гну антилопаларының өз санын сақтау үшін шұрайлы жайылым табуға қажетті жол бағыттарын жауып тастады. Еркін қозғалу мүмкіндігінен айрылғаннан кейін қалғандары көшуді тоқтатқан.

Огуту маған сол кедергілер­дің көбі қазір Масаи Марадан өтетін Серенгети миграциясын да тар­ылтып жатқанын айтты. Оларды санап отырғанда көз алдыма пациенттің қан айналы­­мы жү­­йесіндегі бітеліп қалған жерлерді МРТ түсіріліміне қарап анықтап, жүректің қашанға дейін соғатынын есептеп тұрған кардиолог елестеді. «Кенияға келіп жатқан гну антилопасының саны кеміп барады, – дейді Огуту, – ал келгендері Марадан бұрынғыға қарағанда 1-1,5 ай ерте кетіп қалады».
Егер олар келуін тоқтатса, бұл экожүйені күрт өзгертіп қана қоймайды, сонымен бірге Кения экономикасын күйретеді.
Огутуден бұл тенденцияны кері бұруға бола ма деп сұрадым. «Мен көрген деректердің белгілері мен болашаққа деген жорамал оптимизге көп орын қалдырмайды, – деді ол, – ол үшін жер бөліп, оны гну анти­ло­палары үшін тұрақты қорғау­­ға алуымыз қажет».
Марада өткізген соңғы күндердің бірінде жол бойымен жалғыз шоқытып бара жатқан жас гну антилопасын көрдік. Оны ешбір жыртқыш қуалап келе жатқанға ұқсамады. Ол жалғыз өзі жүгіріп келе жатқан еді – бұл гну антилопаларының ескі әдеті. Оған жетіп алып, біраз ілесіп отырдық. Ол бізге назар аудармай, басын жоғары-­төмен қағып, алға қараумен ғана болды. Бұл жануар не істеп жүр? Не ойлап барады? Ажалға қарай беттеп бара жатқанына сенімді едім. Алдынан не шөбі жоқ қу дала, не қаша, содан кейін ғана жыртқыш шығаты­­ны анық еді.

Автор: Питер Гуин

Фото: Чарли Хамилтон Джеймс

Материал National Geographic Qazaqstan журналының 2021 жылғы желтоқсандағы санында жарияланған.