National Geographic Emerging Explorer 2020 конкурсының жеңімпазы, қоршаған ортаны қорғау ғылымына маманданған америкалық оқытушы, жас ғалым Алишиа Прессел – Қазақстанда!
Алишиа Прессел қазір Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен мұғалімдері үшін «Young Explorers-2022» зерттеу курсын өткізіп жатыр.
Қоршаған ортаның ластануы – жаһандық мәселе. Демек, бұл проблемадан қай елде, қай жерде тұратындығына қарамастан, ешкім де шет қала алмайды. Апаттардың зардабы айналып келгенде тұтастай экожүйелерді бұзу арқылы климатқа әсер етіп, жер ландшафттарын, яғни тіршілік ортасын өзгеріске ұшырату арқылы тұтастай мемлекеттердің экономикалық ахуалына, халықтардың әл-ауқатының нашарлауына соқтырып жатыр. Сондықтан, дәл бүгінгі таңда мектептегі оқушыдан бастап, сан мың баланы тәрбиелейтін мұғалімдер мен жалпы жұртшылық үшін экологиялық білім алудың маңызы өте зор екендігін ескеріп, National Geographic Qazaqstan журналы АҚШ-тың Флорида штатындағы Джексонвилл қаласының Creekside High School мемлекеттік мектебінде қоршаған орта ғылымы жөніндегі оқытушы болып жұмыс істейтін Алишиа Пресселді Қазақстанға арнайы шақырып отыр.
А.Прессел төрт күндік курс барысында «5 E моделі арқылы бағдарланған-проблемалық оқыту», «Global «Plastics Pollution – пластикпен ластану мәселелері», «GeoInquiry процесі және зерттеу сұрақтарын қалай құру керек?», «StoryMaps технологиясын енгізу» тақырыптарында қызықты практикалық дәрістер өткізеді.
Ол – National Geographic Emerging Explorer 2020 конкурсының жеңімпазы. Бұл марапат әлемнің түкпір-түкпіріндегі зерттеушілерге планетамызды сақтау үшін қоршаған орта проблемаларын ғылым, білім және көрнекі баяндау (сторителлинг) арқылы қалың көпшілікке жеткізу жолында атқарып жүрген қажырлы еңбегі мен күш-жігері үшін беріледі.
National Geographic Emerging Explorer конкурсының 18 жылдық тарихында оқытушылар арасында осы марапатқа ие болған екінші адам. Ол сондай-ақ National Geographic Society жанындағы Мұғалімдердің консультативтік кеңесінің мүшесі, сертификатталған оқытушы.
Алишиа Пресселдің Назарбаев Зияткерлік мектептерінен кейін «Өрлеу» Ұлттық біліктілік көтеру орталығы» АҚ қызметкерлеріне арналған семинарлар өткізуі де жоспарланып отыр.