Батыс әлемі үшін Орталық Азия өткен ғасырда қандай маңызды болса, бүгін де, болашақта да дәл солай маңызды әрі өзекті бола бермек. Талай қыспақтан аман өтіп келе жатқан Орталық Азиядағы түркі халықтарының кешегі бейнесі мен қоғамдық жағдайы туралы Батыс саяхатшылары мен ғалымдары өз еңбектерінде жазған. Олардың ішінде қазақ даласына қатысты деректердің көп екеніне де көзіміз жетіп жатыр. Бүгін біз кезінде АҚШ-тың вице-президенті қызметін атқарған Хенри Уоллестің Орталық Азия елдеріне сапары барысында Қазақстаннан не көріп, не білгені туралы баяндамақпыз.
Біздің қолымызға түскен Хенри Уоллестің «Кеңестік Азия миссиясы» атты кітабы автордың сапары негізінде жазылып, 1946 жылы Нью-Йоркте баспадан шыққан. Саясаткер арнаулы сапарында ең алдымен Сібір аймағына ат басын бұрып, ондағы жергілікті халықтың жағдайымен танысады. Содан кейін қазақ жеріне жолы түседі. Ол біздің даламызға жеткендегі әсерін былай бастайды: «Қарағанды мен Балқашқа сапарымыз Кеңестік Азияның болашағын аңғартты. Біз екі қаланы бір күнде, яғни 13 маусымда аралап шықтық. Қытайдың солтүстік-батыс шекарасына жақын Ертіс өзені бар Семейден мың мильдік әуе жолын кесіп өттік. Таң ата діттеген жерге жеттік, қаладағы кеншілер сағат жетідегі жұмысқа жету үшін ертеңгілік пойызға асығатын сияқты». Бұл оның қазақ жерінен көрген алғашқы көрінісі болса керек, әсерлі етіп жеткізеді.
Әрі қарай ол мидай жазықта батысқа қарай 300 мильден астам әуе жолымен жүргенін жаза келе, «күн артымыздағы әсем Алтай тауларының үстінен көтеріліп келе жатты» деп табиғаттың ғажайып сәтін көркем сөзбен кестелейді. «Сағат 8:15-те біз Қарағандының шаң басқан әуежайына келіп қондық, бұл – ақ түсті үкімет ғимараттары бой көтерген жаңа кеңестік қала. Бір қарағанда, көмір өндіретін қаланың келбетіне мүлдем ұқсамайды» деген оның осы сапарында Қазақстанның өндіріс жағдайымен танысу күн тәртібінде болса керек.
«Бізді әуежайда директор Георг Георгиевич Спицен қарсы алды. Дайын көлікпен бірден Қарағандының үш ірі ашық көмір шахтасының ең үлкеніне бардық. Спицен: «Біз бұл шахтадан күніне 6 мың тонна көмір қазып жатырмыз. Ал өндіріс бір жыл бұрын басталған», – деді. Көмір тиейтін вагондарға тонналап төгілген көмірді жинап жатқан күрекшілер бізге мақтана қол бұлғады. Біз күректің сауда белгісіне назар аудардық. Мұндағы өндірісте Bucyrus Erie электр күрегі қолданылады екен және үш күректің біреуі Америка Құрама Штаттарынан ленд-лиз бойынша алыныпты».
Ақүйдің саясаткеріне жергілікті билік пен шахта өкілдері Қарағандыдағы көмір өндірісін егжей-тегжей таныстырса керек, ол ондағы өндіріс жағдайын өз кітабында осылай анықтап жазады.
«Қарағандыда түскі ас ішіп алған соң, оңтүстік-батысқа қарай жолға шықтық. Өте құрғақ аймақтан ұшып өттік. Мұнда тіпті бұлақтар да тартылып, құрғап кеткен. Кейде андыздап саятшылық шоғырларын көреміз. Ал анадай жерде үлкен көл көзге шалынады. Бұл сұрғылт, ағашсыз даланың ортасында ашық жатқан Балқаш көлі еді. Жағалауда кен балқыту зауыттарының түтіні аспанға шұбырады. Әуежайда бізді мыс балқытатын Балқаш қаласының басшысы, қалалық кеңес төрағасы Анна Степановна Пирибинус қарсы алды».
Әрі қарай ол Балқаш қаласының қоғамдық жағдайымен, экономика және өндірісімен толық танысуға мүмкіндік алады. Балқаш қаласының сол кездегі басшысы қаланы еріктілер құрғанын, олар Киев, Харьков, Мәскеу мен Ленинградтан 15 жыл бұрын 180 адам болып келгенін, қазір қалада 70 мың адам тұратынын, басты мәселе тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету болғанын, көлдің суы ішуге жарамсыз екенін айтады.
АҚШ вице-президенті Балқаштан кейін қарт Семейге ат басын бұрады. Бұл жолы Ресей Сыртқы істер министрлігінің қызметкері Димитри Чувахин серік болады. «Өндірістік орындарын айтам, – деді ол біз көрген жаңа қаланы меңзеп, – Ресейді құтқарған осылар ғой, ал оған Троцкий қарсы болды. Ол дүниежүзілік революция болуы керек деп ойлады. Егер Қарағанды болмаса, Ресей соғыста жеңілер еді». Осы жалғыз сөйлем бүкіл кеңестер одағын көмірімен қамдаған Қарағандының қаншама маңызды болғанын растап тұрғандай. Ал бұл деректі сол кездегі Ресей Сыртқы істер министрлігі қызметкерінің айтуы, оны АҚШ вице-президентінің өз кітабына қосуы маңызын тіптен арттыра түседі.
Х.Уоллес кітабының келесі беттерінде Қарағанды, Балқаш, Магадан, Комсомольск қалаларының Кеңес одағының соңғы он бес жыл ішінде индустрияландыру жоспары бойынша салынған жаңа қалалары екенін тілге тиек етеді. «Қарағанды екінші Магнитогорск болады, – деген Г.Спиценнің сөзін келтіреді. – Біз Қарағанды шахтасына жақын жерден тағы да жақсы темір рудасын таптық. Бұл алдағы онжылдықта 1944 жылы 170 000 тұрғыны бар қазіргі көмір қалашығынан Американың Орта Батысындағы қалалармен салыстыруға болатын үлкен темір және болат орталығы ашылады деген сөз». Осы орайда автор Кеңес өкіметінің шығыс территориясындағы халық санын арттыруды жоспарлап отырғанын да жазады.
«Шамамен 150 000 халқы бар Семей қаласының төңірегінде 40 000 отбасылық бақ бар екен, бірақ жауын-шашын мөлшері тым аз» дей келе, соғыс кезінде қиыр шығыс шарушылықтары қызыл әскерді азықпен қамтамасыз еткенін баяндайды.
«Қарағандыдағы диірменнен шыққан ұн майдандағы жауынгерлерге жіберілді. Ал Сібір Ресейдің еуропалық бөлігіндегі аудандардың қираған ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге көмектесіп жатыр. Типтік мысал ретінде қайта азат етілген аумақта мал шаруашылығын қалпына келтіруге көмектесу үшін Семей облысы 5 вагон жүк, 40 000 бас ірі қара мен 2 000 ферма қызметкерін жіберді. Халық шаруашылығына қосқан бұл көмек Сібір ауыл шаруашылығы әлеуетінің бір көрінісі» деп жазады. Одан әрі қарай соғыс кезінде Семей 30 000 орыс пен украин босқынын қабылдағанын, бұл қалада газеттер шығып тұрғанын, ол газеттер орыс, украин тілдерінде және үшінші тіл ретінде қазақ тілінде жарық көргенін, Қарағанды мен Балқаш сияқты Семей де Қазақ Кеңестік республикасының құрамында екенін айтады.
Сапар бағыты енді Алматы қаласында жалғаспақ. АҚШ саясаткері әуежайда сол кездегі Қазақ Кеңестік Республикасының Президентімен (автор солай деп жазған) танысады. «Ол – қазақ, аты – Нұртас Оңдасынов, оның Алматыдағы жұмыс орны Мәскеуден гөрі Чунчиңге (Қытайдағы қала) жақынырақ. Онымен бірге екі орыс қызметкер жүрді. Бірі – көмекшісі А.П.Загавельев; ал екіншісі – Алматы қалалық Кеңесінің төрағасы П.Г. Орехов». Осылай баяндай келе Хенри Уоллес «1939 жылы Қазақ республикасының жалпы халық саны 6 000 000 адам» деген дерек келтіреді.
«Автокөлікпен саялы ағаштар көмкерген, тас төселген көшелермен жүріп, қалаға келдік. Әр қиылыста ақ киім киген жол полицейлері бізге жол нұсқап тұр. Бізге ескі ғимараттар керемет әсер берді; ағаштан жасалған үйлер мен бірнеше ескі сібірлік бөрене үйлер де көрінді».
Кімді болса да, тамаша табиғатымен, әсем көркімен баурап алатын Алматы АҚШ саясаткеріне де өзгеше қалпымен ұнаған сияқты. Ол Алматыны АҚШ-тың Колорадо штатының орталығы Денверге ұқсатады. «Алматыда 340 000 тұрғын бар, ал Денверде – 384 000» деп сандармен салыстыруы осы сөзімізге дәлел. «Орман арасында орналасқан Қазақстан үкіметіне тиесілі демалыс үйінің алдына тоқтадық. 17 маусымнан 18 маусымға қараған түні сонда қондық. Айналадағы сұлулыққа көзіміз тояр емес. Жол жиегіндегі, бұрылыстардағы жасыл алқаптар да көздің жауын алады». Ендігі сөз Алматының жеміс-жидек өсіретін таңдаулы аймақ екендігі, автордың Қазақ ауылшаруашылығы институтының жеміс-жидек қабылдау стансасында болғаны, ондағы қызметкерлер өсірілген жеміс түрлерін сипаттайтын әдемі суреттелген кітапша бергені жөнінде өрбиді.
Ақүй саясаткеріне жайылған дастарқанда Нұртас Оңдасынов онымен бірге отырып, Қазақстан туралы сұрақтарына жауап беріпті. «Қарағанды металлургия комбинатында жұмыс істейтіндер ескі «диірмендерде» – Магнитогорск пен Кузнецкіде арнаулы тәжірибеден өтеді. Өзбектер де өздерінің жұмысшыларын дәл солай жетілдіріп жатыр», – деді ол. Оңдасыновтың бұл пікірлері Хенри Уоллеске әлемдік экономиканың бүгінгі күні өзара бір-біріне тәуелді екенін өте қызықты мысалмен түсіндіріп бергені шындық.
Сонымен бірге, 1930 жылдары АҚШ-тағы Кливленд пен Чикагодан барған америкалық инженерлер Сібірге техникалық көмек көрсету келісімшартымен жұмыс істегенін еске түсіреді. Оның «Орталық Азияда Алматы сияқты тағы қандай қалалардың өсімі қарқынды?» деген сұрағына Оңдасынов қалада 1929 жылы небәрі 40 мың адам болғанын, ал 1931 жылы Ташкент пен Семей арасындағы Түрксіб темір жолы ашылғаннан кейін өсе бастағанын» айтыпты. «Егер темір жолдар пайдалы қазбалар бар жерлерге дейін созылса қай маңға жетер еді?» дегеніме: «Фрунзе, Шымкент, Жамбылға дейін барар еді. Жамбыл – біздің көне қаламыз, 1500 жылдық тарихы бар дейді археологтер. Ташкент пен Самарқанд сияқты ол да бірнеше рет қиратылып, қайта салынды, әр уақытта жаулап алғандар бұл қаланың атауын өзгертіп отырды. Бұрын ол «Яны», «Әулие-Ата», «Тараз» деп аталды. Біз оны ғасыр жасаған қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың есімімен атадық» дей келе, аталған қаланың қазір ерекше маңызы бар екенін айтады. Жақын жерде фосфатты тау жыныстарының орасан зор қоры орналасқанын түсіндіреді. Бұрын минералды тыңайтқыш 3500 миль қашықтықтағы Мурманск маңындағы Кола түбегінен жеткізілгенін, енді оны Жамбылдың қасындағы арнаулы жерден алуға болатынын, Қазақстанның шаруашылығы минералды тыңайтқыштарға мұқтаж екенін, қалалар болашақта дамитынын, өйткені Қазақстанда 18 000 000 гектардан астам егіс алқабы барын тілге тиек етеді.
«Біздің қасымызда грузин Амаяк Кобулов отырды, ол қазір Өзбек Кеңестік Республикасының вице-президенті, ол бізбен бірге Семейге келді. «Бұған дау жоқ, – деді ол сенімді түрде, – Орталық Азия бұдан да көп халықты асырай алады. Суару мүмкіндіктері де шексіз».
Осы орайда Хенри Уоллестің ойына бір сұрақ сап ете түседі: «Қасымда отырған кеңес басшылары болашақта Алматымен бәсекелес болатын қалалар туралы айтып жатқанда, олардың көзқарастары мен біздің елдің көзқарасы арасында символдық салыстыру бар ма деген ой мазалады. Әлбетте бар». Әрі қарай автор Алматы қаласы туралы сандық мәліметтерге ойысады. 1929 жылы Алматыда 40 000 тұрғын болғанын, 1931 жылы Түрксіб темір жолы салынған соң, кейінгі үш жылда қала он сегіз қаламен телеграф арқылы, Мәскеуге тікелей телефон желісі арқылы қосылғанын жазады.
«Семей маңындағы қазақ малшылары өз дәстүрлерін әлі ұстанады. Кез келген дала қазағы жылқы бағады, ал олардың сүйікті сусыны – қымыз. Мен қазақтың киіз үйінде қонақ болып, қымыздан ауыз тидім. Сол кезде олармен бүгінгі өмірге деген көзқарастары туралы әңгімелестік. Бізге Семей облысының басшысы Әбжан Жүсіпов деген қазақ еріп жүрді. «Біздің облыста миллионнан астам мал бар, – деді ол. Кенет бізбен бірге жүрген біреуі жылқының бағасын сұрады. – Бағасы сатып алушыға байланысты. Ең жақсы жылқыны Қызыл армия алады, атты әскерге сатылған жылқының бағасы 700 сом, бұл біздің ең төменгі бағамыз. Ал Үкіметке сатылған жылқы 1500 сом».
Қазақ жылқысымен қоса Қарағандыда өсетін бидайдың ең жақсы түрін де кеңестік Қызыл Армия алғанын автордың осы кітабынан оқи аламыз. Қарағанды облысының сол кездегі басшысы Бейсен Серекбаевпен жүздескенде, автор аталған облыс туралы біршама деректерге қанығады. «Ол бізге өз облысында 175 000 000 десятина жер бар екенін, оның көп бөлігінде 600 000 қой мен 300 000 ірі қара және осы шамалас қазақ жылқысы барын айтты». Уоллес осы орайда қазақ малшыларының қазіргі билікті патша заманынан әлдеқайда жақсы деп санайтынын, 1918 жылы әскер жинауға олардың жаппай қарсы шыққанын да қағаз бетіне түсірген.
Қалай десек те, осыдан сексен жыл бұрын Қазақ мемлекетіне сапарлаған АҚШ саясаткерінің сапарнамасындағы деректер біз үшін құнды. Ол Қазақстан туралы тарауын: «Мен мұндағы халықтардың өмір сүру деңгейін көтеру керектігі туралы пікірімді айттым. Онсыз тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес екеніне сенімдімін», – дейді. «Келесі күні таңертең, 18 маусымда, мен Мәскеуге қайтқалы тұрған елші Харриманға қош айттым, ол маған бұл сапарым оң бастама әкелетінін айтты» деп аяқтайды.
Дүйсенәлі Әлімақын,
George Washington University-дің шақырылған ғылыми қызметкері