Батыс Қазақстан облысында жалпы ауданы 657 544,2 гектарды құрайтын екі ерекше қорғалатын табиғи аумақ – «Бөкей Орда» мемлекеттік табиғи резерваты және Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалы ашылды. Бұл Батыс Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар алғашқы Ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ЕҚТА). Бұл туралы Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының https://www.acbk.kz/ сайты хабарлады.
Қорғалатын аумақты құру жұмысы 2012 жылы басталған. Табиғи-ғылыми негіздеме Жаһандық экологиялық қор, Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасы және Қазақстан Үкіметінің қолдауымен құрылған “Далалық экожүйені қорғау және орнықты басқару“ жобасы аясында дайындалды.
Негіздеме деректері бойынша аумақта сүтқоректілердің 37 түрі, құстардың 71 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 7 түрі мекендейді. Құстардың бес түрі – дала қыраны, бүркіт, үкі, безгелдек, ақбас тырна Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Ақбөкеннің Жайық популяциясы мекені осы жаңа аумаққа кіреді.
АСБК Құстарды қорғау корольдік қоғамымен (RSPB) біріге ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне резерват пен қаумалдың жұмысын жүйелеуге көмек көрсетуде. АСБК мамандары басқару жоспарын дайындауға қатысады, өсімдік және жануарлар өрісін зерттейді, сондай-ақ резерват қызметкерлеріне тренинг жүргізеді. Ғылыми-зерттеу және қорғау жұмыстарын жүргізуге қажетті жабдықтар қамтамасыз етіледі.
Иллюстрациялық карта https://www.acbk.kz/ сайтынан алынды.