9Авг

Аспан ұшқырлары

Саятшылық – адамзат тарихы мен мәдениетіндегі бірегей өнер. БАӘ осы аңға салар қыран тектілерді бағып-баптау ісін өзгелерге үлгі болатындай етіп атқарып отыр. Ал шейх пен оның құсбегісі осы құстарды бағып-баптау ісін өзгелерге үлгі болатындай етіп атқарып отыр.

Автор: Питер Гуин фото: Брент Стертн

Қыран

Балапандарын қарауылдап, Моңғол жазығына көз тастап тұрған аналық ителгі. Шыңғыс ханның жүздеген құсы бар болған деседі. Бүгінде тіршілік мекенінің тарылуы мен заңсыз сауданың кесірінен ителгілерге жойылу қаупі төніп тұр.

Бутти ибн Мақтұм ибн Жұма Әл Мақтұм шейх пен оның ұлы намазға жығылып жатқанда рауандап атқан таңның көгілдір сәулесі Араб шөлінің көкжиегінен көріне бастайды. Жақын маңда, шағын діңгектердің 12 сұлбасы құм төбенің етегін айқындап тұр, ал дөңнің үстінде ер адам шәй демдеу үшін жазылмалы үстелге дастархан жаюда. Сонау алыстан Дубайдың жалт-жұлт еткен сәулетті келбеті көзге ұрады. Қиырдағы шағын елді-мекенді қазіргі шейхтың атасы Шейх Рашид ибн Саид Әл Мақтұм гипер заманауи портты қалаға айналдырған.

Біріккен Араб Әмірлігінің (БАӘ) құсбегілері үшін қазан айы құстарын аңшылық пен алдағы жарыс маусымына дайындауға мүмкіндік береді. Күн сайын шейх Бутти, ұлы Мақтұм және олардың атқосшыларымен бірге таңғы сағат төртте тұрып, күн шыққанға дейін құстарын жаттықтыру үшін бір сағаттан астам уақыт шөлге қарай жол тартады.

Таңғы алагеуімде, сол күнгі жаттығуларын үнсіз күтіп отырған, томаға киген 12 сұңқарды көрдім. Мұнда, қоңыр мен ақшыл лашындар, ақ шұбар ақсұңқарлар, қарақоңыр қарасұңқарлар мен олардың будандастырылған әртүрі бар. Бұл топ Еуропа, Азия мен Арктика шөлдерінен әкелінген. Олар бұрын-соңды жинақталған сұңқарлардың ең таңдаулы топтамасын құрайтын шейхтың иелігіндегі жүздеген құстың тек бірнешеүі ғана.

Қыран

Дубай корольдік отбасының жоғары шенді мүшесі – Бутти шейхі өзінің ең жақсы көретін сұңқарларымен бірге. Құстарды өзі көбейтіп, өсіруді жөн көретін шейх Таяу Шығыстағы құсбегілікке маңызды өзгерістер енгізуге ықпал етті.

Көмекшілердің бірі Пани бір саптыаяқ шәйді маған ұстатып, алғашқы жаттығуды жасауға  асықты. «Қайырлы таң, Хоуард», – деп шейх менің қасымда тұрған сұңғақ бойлы, тақырбас, көзілдірікті ер адаммен амандасты. 57 жастағы Хоуард Валер шейхтың құсбегісі, досы әрі сенімді серігі. Шейхтың көңілі көтеріңкі болғандықтан ба, екеуі бірден сұңқар туралы қызу әңгімеге кірісіп кетті.

Олардың әңгімесі алдында тізілген және тағы бірнеше қаумалдағы сұңқардың түрлері, бөдене мен көгершіндерінің диеталарының артықшылығы, бұлшықеттерін толтырудың әдіс-тәсілі, құстарының аспергиллез бен аяқ қышымасы секілді ауруларды емдеу жолдары турасында болды. Олар сондай-ақ Дубай құсбегілерінің кейінгі уақыттарда сатып алған құстары туралы және көршілес Сауд Арабиясы, Катар мен Бахрейн елдеріндегі құсбегі қауымдастығындағы соңғы жаңалықтарды сөз етті. Олар бір-бірінің жауабын алмастан түсініксіз шартты белгілерді қолдана сөйлеседі. «Мына сұрдың әкесімен екі жыл бұрын аңға шыққанбыз. Бұл біз байлап қойған, құйрығындағы қауырсыны сынған ақсұңқар» деген әңгімелерін бөтен адам түсіне қоймайтыны анық.

Ашық қаумал

Ашық қаумалдардан басқа шейхтің өз ұлдары мен жұмысшылары бірнеше жүз құсты – ақсұңқар, лашын, ителгі мен т.б. түрлерін күтіп-баптайтын тағы бір ғимараты бар. Күзде олар үздіктерін аңшылық маусымына жаттықтырады.

Олар жақсы көретін құстарын айтты: Делуа, Ақ саусақ, Қарт Бедфорд пен әрине, өліп қалған қадірлі Хашим де әңгімеден тыс қалған жоқ. Олар қанаттыларын шағылыстыру нәтижесінде пайда болған жаңа түрлері мен олардың дара қасиеттері, таңғалдырар түстері мен генетикалық ерекшеліктерін тілге тиек етті. Олардың арасында ақ құстың орны ерекше. Ол туралы сөз болғанда дауыстары толқып, екеуі де мұндай кербез, қардай аппақ, бір жасар сұңқар құсты өмірінде еш көрмегенін мойындайды.

Шейх фотограф Брент Стиртон екеумізге құстарды жаттықтыру барысын бақылауға ізетпен рұқсат бергелі екі аптаға жуық уақыт күнделікті таң атқанға дейінгі тірлік – осы. Күн сәулесі көкжиектен қылаң бермей жатып, екі құсбегі қараңғы шөл далада кетіп бара жатады.

Соңғы жиырма жылда шейх Бутти мен Хоуард араб құсбегілігінде маңызды өзгерістер енгізуге ықпал еткендей болды. Ең алдымен, олар әрбір құстың түрін көбейтіп, қолда өсіруді қолға алған. 1942 жылы неміс көшбасшыларының бірі Херман Горингтің құсбегісі Ренз Уаллер (Хоуардпен байланысы жоқ) тұңғыш рет тордағы лашынды шағылыстырғанға дейін бұл мүмкін емес деп есептеліп келді. Кейбір аң-құс түрлерін заңсыз саудалау мен олардың мекендеу аймақтарының тарылу қаупімен бетпе-бет келген Хоуард пен шейх Бутти осы тәжірибені бастап, сұңқарды сақтап қалуды қолға алды.

Көкжиектен күн толықтай көтеріліп, сары түсті допқа айналғанда арадағы әңгіме кілт тоқтады да байыпты жаттығу басталып кетті. Мақтұм – 27 жаста, қолына ауыр биялай киіп, томаға киген сұңқарлардың бірі, тұғырда отырған балапан лашын құсты еппен қолына алып, жол талғамайтын Toyota көлігіне отырып алды да, бірден бірнеше жүз метрге алыстап кетті. Шейх Буттидің қолында қармаққа ұқсас бір ұшы түйілген, екінші ұшы бөдененің қанатына байланған жіп бар. Ол тербелген қанаттармен бірге иінді қапсыра, жіпті құлаштап сермей бастады.

Сурет

Үнді көркем суретінде сұлтан ханым Чанд Бибі тырнаны жыртқыш құспен аулағаны бейнеленген. Ресей патшайымдары мен Ағылшын Королеваларынан бастап, Бавария герцогиняларына дейін ақсүйек әйелдердің саятшылық құрғаны тарихтан белгілі.

Мақтұм алыстаған соң, сұңқардың тері томағасын сыпырып алып, оны босатты. Құс үлкен қуатты қанаттарын қағып, ашық аспанға ұша жөнелді. Жемтігін бірден байқаған ол, нысанаға қарай ұшты, оның басы қағылған қанаттардың иініне ілесіп барады. Шейх Бутти оған «һаһ» деп белгі берді. Сұңқар көкке тік көтеріле, жемтігіне қарай шүйлікті, алайда соңғы сәтте шейх қанатты әріге лақтырып жіберіп: «һаһ», – деп тағы белгі берді. Жемтігінің орны ауысқаннан кейін сұңқар де ебедейсіз теңселіп кетті. Ол төбемізден ұшып барады, оның көкке самғаған қанаттарының сусылы құлағыма жетіп тұр. Адамнан сегіз есе өткір сұңқар көздері – жемтігін лазер көздеуіштей нысанаға алады. Ол көкке шаншылып барып, жерге асқан жылдамдықпен жақындап келген сәтте шейх тағы да жемтікті басқа бағытқа лақтырады.

Ақырында, үшінші рет Шейх Бутти құсқа қанатты ұстатқызып, оны құмға батыра, бүре түсуіне рұқсат берді. Пани жемтікті дереу бөдененің төстік етімен ауыстыра қойды, сұңқар балғын етті арши бастады. Шейх құсқа берілетін тамақтың мөлшеріне қатысты нақты нұсқаулар берді. Тым көп болса лашын май жинап, баяулайды; тым аз болса бұлшық еті толмайды.

«Бұл жас аталық құс, – дейді Хоуард, – ол әлі үйренуі қажет. Қазір оның қапа болуына жол бермеу маңызды. Ол үмітін үзбей тұрып жемтігін ұстауға мүмкіндік бересіз».

Шейх пен оның ұлы әрбір сұңқарды өз мүмкіндігіне қарай жаттықтырып отырады. Жас аталықтар біршама жасы үлкен құстармен салыстырғанда ебедейсіз көрінеді. Мақтұм оларды шөлдің ішіне қарай алып кетті, бірнешеуін бір шақырымдай жерге алып барды да еркіне қоя берді. Олар көкке жеңіл көтерілгені соншалық, тіпті тартылыс күшін сезінбейтін секілді. Олардың ұшу бағыты анағұрлым тиімді әрі шапшаң, қанаттарын кеңге жая, екі аяғын ауада бүріп, шыр айналған жемтігінің әр қимылын назардан тыс қалдыр­мауға тырысады. Жойғыш-ұшқыштар секілді, олардың артында шығып келе жатқан күнмен бірге әртүрлі әдістер «жемтіктің» көзін шағылыстырып, ештеңе көрсетпеу үшін қолданылады. Өзгелері жер бауырлай ұшып, соңғы жедел әрекет жасамас бұрын, жемтіктің жан-жағын барлауына мүмкіндік бермеу үшін тоқтап тұрған Toyota көлігінің артынан жақындайды.

ақсұңқар

Хоуард Валер арнайы баскиім киіп, аталық ақсұңқардан ұрық алу үшін аналығының шиқылдаған дауысын салды. Сұңқарды балапан кезінен өсіретін Валер бұл процесті басып шығару деп атайды. «Басында олар маған ата-анасындай қарайды, – деді ұрықты анаға енгізу үшін қысқышты қолына алған Хоуард,
– ал жетілгеннен кейін, олар мені жақыны көреді».

Делуа дейтін сұр ителгі тіпті Брентті қорған ретінде пайдаланды. Сұңқар жемтікті соққылап жатқанда қанаттарының ұшы Шейхтың шашына тиіп кете берді. Ал құмға тізерлей отырған Брент шейхты суретке түсіріп жатты.

Бұл мұндай сұңқарлардың неге аса қатыгез болатынының қарапайым мысалы.  Табиғи жағдайда (еркіндікте) ителгі сағатына 95 шақырым жылдамдықпен ұша алады. Ал, шүйіле ұшқан лашын құс жылдамдығын сағатына 385 шақырымнан асыра алады, ал мұндай жылдамдық оны әлемдегі ең ұшқыр жаратылыс иесі етеді. Мұндай жылдамдықпен, салмағы болмашы ғана құстың өзі жойқын соққы бере алады. «Қауырсыны найзағайдай», – дейді Хоуард.

Адамдардың өздері жебемен өлтіріп не қақпан құрып ұстай алмайтын аңға салу үшін құстарды қай кезден үйрете бастағаны туралы тарихшылардың қолында нақты дерек жоқ. Ежелгі «Гильгамеш жайлы эпос» жырындағы жолдардан қазіргі Ирак аумағында 4000 жыл бұрынғы саятшылық туралы деректерді көруге болады. Содан бері сұңқарларды қолға үйрету мен оларды жаттықтыру бүкіл әлем елдерінің мәдениетіне тарап кетті. Тутанхамон сұңқар бейнелі тұмармен жерленсе, гректер сұңқар ұстаған Зевс бейнеленген монета соққан. Байырғы жапон құсбегілерінің бірі, әлдебір әйел адам осы мәселе жөнінде трактат жазған деседі. Норвег көпестері Исландиядан әкелген ақсұңқарларды бүкіл Еуропаға сатқан.

Сұңқарлар

 Тоқ сымдары Моңғолияда жыл сайын 4000 жыртқыш аң-құс­тың түбіне жетеді. Бұл ресми орындар жинаған ителгілердің өлекселері. БАӘ осындай электр желілерін жаңартумен қоса, жыртқыш құстарды қорғау мақсатында 20 миллион АҚШ долларын бөлуді өз мойнына алған бірден-бір мемлекет.

Марко Поло ХІІІ ғасырда Құбылай Ханмен кездескен уақытта Моңғол билеушісінің 10 000 құсбегіні бақылау үшін, 60 басқарушы ұстағаны белгілі. Осы кезеңде, Еуропада, Қасиетті Рим Империясында, ІІ Король Фредерик 30 жыл бойы құсбегілік туралы ғылыми мәліметтер жинаған. Қазірдің өзінде бұл жұмыс спорт техникасы мен тарихына арналған ең беделді еңбектердің қатарына жатқызылады.

Алайда бірде бір аймақ бүгінде әлемдегі құсбегілердің жартысынан астамы өмір сүретін, Арабия секілді озық тәжірибелерімен мақтана алмайды. Құсбегілік (сұңқар ұстау) (қаршыға, бүркіт пен өзге де жыртқыш құстарды қоса алғанда) Еуропада көбіне спорт түрінің бірі болған уақытта, ол Араб шөлінде тіршілік етудің маңыз­­ды құралы болған.

Бәдәуилер қыстау үшін ұшып келетін сұңқарларды ұстап алып, оларды жорға дуадақ пен шөл қоянын аулауға баулиды. Оқ-дәрімен атылатын қарулар пайда болған уақытқа дейін құстар бәдәуилердің отбасын асырап, бір үзім еттің өзі маңызды болатын табиғаты қатаң шөл далада азық тауып жеу мүмкіндіктерін анағұрлым ұлғайтты. Құсбегілік Ислам діні жер жүзіне тараған уақыттан бері Араб мәдениеті үшін аса маңызды, өйткені Мұхаммед Пайғамбар Құранда сұңқар ұстаған аң мұсылмандар үшін халал тамақ екенін жария еткен.

Алайда ХХ ғасырда Дубай мен өзге әмірліктердің жедел дамуы елдегі құсбегілік өнерін жойып жіберуге шақ қалған. Адамдар жорға дуадақтың табиғи ортасын күшпен басып алғандықтан, олар күрт азайып, нәтижесінде ірі құстарды аулауға тыйым салынды. Тек дәулетті адамдардың ғана сұңқар ұстауға әрі жорға дуадақ аулау үшін Орталық Азия мен Солтүстік Африканы аралауға мүмкіндігі болды.

Бедуин

XIX ғасыр. Ат үстінде сұңқарларын ұстап тұрған бәдәуи. Мыңдаған жыл бойы сұңқарлар Азиядан Африкаға қыстау­­ға барар жолда Араб түбегі арқылы өтетіндіктен көшпелі бәдәуилердің қолына түсетін. Көшпенділер оларды маусым кезінде аңға салу үшін жаттықтырып, кейін еркіндікке жіберетін.

Кейін, 2000 жылдардың басында мұрагер ханзада Хамдан ибн Мұхамед ибн Рашид Әл Мақтұм қарапайым Әмірлік тұрғыны үшін құсбегілікті қолжетімді ету мақсатында сұңқар жарысы дәстүрін енгізді. Құстар белгілі бір қашықтықта жемтіктің соңына түсетіндіктен уақыт есептеледі. Желтоқсанның басынан қаңтардың соңына дейін жалғасатын аралықта Президент Кубогы өтеді, онда 7 миллион долларға жуық ақшалай сыйлық үшін 2000-нан астам сұңқар сайысқа түседі.

Бұл сайыс бүкіл Дубайға ықпал етті, мұнда сұңқар ұстаушылар саны күрт ұлғайды. Қаладағы кеңселер мен мейманхана вестюбильдерінен құс қонақтайтын бағандарды жиі көруге болады. Құсбегілер ауырған құстарын сұңқар ауруханаларына апарып, олардың қажеттіліктерін осы спортқа арналған сауда үйлерінен сатып алады.

Бір күні түсте, Хоуард екеуміз сұңқарға арналған алып дүкенге кірдік. Шынтағына дейін киген биялайына томаға тағылған құстарын отырғызған клиенттер тобы сатушылар ұсынған сұңқар тамағы мен (қатырылған көгершін мен шіл еті) дәрумендерінен бастап, жоғалып кеткен құстарды бақылап отыратын кішкентай трансмиттерлер, Испания мен Мороккодан әкелінген қолмен боялған тері томағаларға дейінгі түрлі тауарларды мұқият қарауда. Мұнда, тіпті жас сұңқарларды титтей құстың соңына түсуге үйрету үшін жорға дуадақ секілді көрінетіндей етіп боялған радиомен басқарылатын ұшақ үлгілерін сататын арнайы дүкен де бар.

Сауда үйіндегі емхана жанынан мен қолына лашын құсын ұстаған арабтардың ұлттық киімі – ақ дишдаша киген ер адамды кездес­тірдім, оның артынан екі ұлы еріп жүр еді. «Бұл сұңқар ауырып қалды ма?», – деп сұрадым. «Жоқ, оны тексертуге әкелдік», – деді әлгі кісі. «Ол жарысқа барады», – деді баланың үлкені. «Ол жеңуге барады», – деп інісі қосып қойды. Ер адам мақтана күлімсіреді.

Хоуард екеуміз моллдың тірі сұңқарлар сатылатын бөліміне бардық, Хоуард қонақтап отырған құстарды барлай қарап, бақандардың арасында баяу қозғалады. Мұнда негізінен Саудия құсбегілері жақсы көретін лашын, ителгі мен бірнеше кішкентай жолақты күйкентай – белгі беруші құстар бар. Ол иелерінен құстардың қайдан әкелінгенін сұрай келе, әрбір сатушы құсты әкелген елді білдіретін ресми мөрі бар құжатты көрсетті.

Хоуард мақұлдай басын изеді. «Әлдеқайда жақсы екен», – дейді ол. Ол сұңқарлардың төсіндегі қауырсынын шертіп көріп, олардың аяқтарын тексерді. «Бұл құстардың денсаулығы мықты секілді, тым ашушаң да емес. Мен Сирия арқылы Пәкістан мен Ресейден контрабандалық жолмен әкелінген жағдайы нашар көп құсты көргем, –  деді ол, – алайда үкімет оған қатаң шаралар қолданды. Қазір БАӘ-де әкелінген немесе әкетілетін әрбір құстың жеке төлқұжаты бар».

Абу Даби Сұңқар госпиталі

«Әбу Даби Сұңқар госпиталі» – әлемдегі ең үлкен құс емханасы. Жылына мұнда 11 000 пациент емделеді. Құсбегілер құстарының сынған қанатын ғана емдеп қоймай, оны толық тексерістен өткізе алады.

БАӘ үкіметінің шараларына қарамастан, лашынның заңсыз саудасы әлемнің көптеген елінде шешілмеген мәселе болып қалып отыр. Қоршаған ортаны қорғау ұйымдарының баяндауынша, ителгі мен лашындар Пәкістан арқылы миграциялаған кезінде қақпанға түсіріліп, Таяу Шығыстың бай-бағландарына заңсыз сатылады. Ресейдің Арктика аумағынан да ақсұңқарлар браконьерлік жолмен әкелінеді. Бұл түрлердің арасында тек ителгіге қазіргі уақытта жойылу қауіпі төніп тұрғанымен, ақсұңқарлардың да жабайы табиғат аймақтарында саны азайып бара жатқан сыңайлы. Табиғат қорғаушылары, әсіресе Арктика аймағындағы заңсыз сауда мен климаттың өзгеруіне байланысты сұңқарлардың мекен ету аймағының тарылуы құстардың ұзақ мерзімді келешектегі тіршілігіне қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдауда.

«Осы мәселелер, – дейді Хоуард, – шейх Буттидің сұңқар өсіруді қолға алуының негізгі себебі. Жақында ол Шотландияда да осы бастаманы қолға алды. «Оны барып көруге тиіссің», – дейді ол. Хоуард өте асығыс, өйткені тамақтану уақыты келді және оны 200-ге тарта қарны аш сұңқар күтуде. Бұл мамыр айының соңы еді. Көбею маусымы аяқталуға таяған осы шақта біз Шотландия жағалауындағы тастақ әрі шалғынды жоталар арасында орналасқан шейх Буттидің сұңқар фермасына жол тарттық. Тар жолмен жүріп келе жатып, Хоуард родезиялық бір бала деп, өзі туралы әңгімесін бастады. Әлгі бала құстар туралы қолына түскен әрбір кітапты асқан қызығушылықпен оқып шығып, кейін Оңтүстік Африкаға қоныс аударады да жараланған не жетімсіреген лашын, қара қыран, жерорта теңізі сұңқарларын, африкалық тұрым мен кішкентай жыртқыш торғай («кішкентай әнші, аңшы құстар»), тіпті жапалақты да (бағып-қаққан құстардың ішіндегі «ең ақымағы») асырап ала бастайды. Уақыт өте келе нағыз құсбегіге айналады.

1998 жылы Дубайға жасаған саяхат барысында досы оны шейх Буттимен таныстырады, ол Хоуардтың БАӘ-де сұңқарларды өсіріп, жаттықтыруға болады деген ойын естіп қатты қызығады. «Мен әңгімелескен ветеринарлардың барлығы да шөл далада сұңқарды өсіріп, мұнда аң аулауға үйрету (торда көбейген құстарды) мүмкін емес деп айтты», – дейді Хоуард. БАӘ-де бірнеше өзге құсбегілер де құстарын қолдан көбейтуге тырысқанымен нәтижесі көңіл көншітерліктей болмаған. Шейх пен Хоуард сарапшылардың қателігін дәлелдеуге кірісті. Олар алғашқы көбею маусымында 20-дан астам ителгінің жұмыртқасын басып шығарып, 15 балапан алады. Келесі жылы олар бұл көрсеткішті екі еселейді.

Олардың жетістігі туралы әңгіме тарағаннан кейін, жергілікті құсбегілер оларға үйретуге көнбейтін сұңқар не аяқ қышымасы секілді сырқаты барларды (аяққа түсетін өлімшіл инфекция) немесе ұшатын қауырсындары қалпына келместей бүлінген қатардан шығарылған құстарын әкеле бастайды. Хоуард әрбір құс үшін күресуді жалғастыра берді. Ол әрқайсысының жеке қасиеттерін түсініп, сынған қанаттарын желімдеп, құстардың аяқ сырқатын сабырмен емдейді. Тегін берілген осы сұңқарлардың бірқатары әккі аңшыға айналып, шейхтың көбейіп келе жатқан құстар қаумалына қосылды.

Бірнеше жыл бұрын, шейх пен Хоуард өздерінің бұл жұмысын Шотландиядағы екінші фермаларында кеңейтуге шешім қабылдады, ол жер лашындар мен ақсұңқарлардың табиғи климатына жақын және бұл маңайда генетикалық линияны алмастыруға болатын басқа асыл тұқымды сұңқар фермалары бар. Шейх жыл сайын аңға салып үйретіп әрі көбейту үшін бірнеше жаңа құс асырап алады, бірқатарын туыстарына не достарына тарту етеді, қалғандарын өзге құсбегілерге сатады.

сұңқарлар

Шөл далада шеберлігін шыңдағаннан кейін сұңқарлар қалаға – үйіне қайтады. Жарықтағы білінер-білінбес өзгеріс өткір көзді құстарды шошытуы мүмкін. Оларды тыныш ұстау үшін, ежелгі арабтар томағалау әдісін ойлап тапқан.

Біз Хоуардтың үйіне жеткенде, күн алыс көкжиекте Солтүстік Теңіздің көрінісімен бірге көкке көтеріліп келе жатыр еді. Күтіп отырған аш сұңқарлардың шаңқылдаған дауыстары жаңғырып жатты. Біз үйдің артындағы ғимараттардың шағын кешеніне қарай бет алып, іші шіл мен кептерге толтырылған жеке мұздатқышы бар бір ғимаратқа ендік. Хоуард бір шелекті толтыра төстік жинады, содан кейін біз лашын мен ақсұңқарды шағылыстыруға арналған оншақты бөлмеге кірдік, әрқайсысында екі немесе үштен балапан бар. Хоуард етті шағын сөреге қойған бетте айнала ұшып жүрген аталық құстардың, етті іліп алған бойда аналықтарына бергеніне куә болдық. Екі құс одан кейін шиқылдаған балапандарын қоректендірді.

Хоуард аталықтың ұрығын алып, жасанды түрде аналыққа салу арқылы лашын мен ақсұңқар гибридін өсіруде. «Ақсұңқар өте зерек құс, лашынға қарағанда ол анағұрлым ақылды, – дейді ол, – олардың арасында темпераменттілері көп, алайда оны лашындармен шағылыстырған кезде, сіз үлкен, мықты аңшы құс аласыз, оны қолға үйрету жеңіл әрі оның ауруға қарсы тұру қабілеті жоғары».

Бөлмелердің бірінен мен сұр немесе қоңыр дақсыз, аппақ қар түстес ақсұңқарды байқадым. Бұл әлгінде айтылған асыл «Аппақ ақсұңқар» (White One) еді. Мыңдаған жыл бойы тарихшылар түсі қардай осындай ақсұңқарлар туралы түрлі дерек қалдырған. Ұрланған ақсүйектер үшін төленетін ақы, халықаралық дипломатияның увертюрасы, түрлі корольдік арасындағы некенің өзі осы бір ғажап құстарсыз шешілмеген көрінеді. Крест жорығы кезінде Мысыр мен Сирияның сұлтаны Саладин Франция Королі Филипптің майдан шебі арқылы ұшып өткен аппақ ақсұңқарын қолға түсіреді. Қарсы тараптың құсты қайтару үшін ұсынған мыңдаған алтын дукат пен сансыз қаржысынан Саладиннің бас тартқаны туралы дерек бар.

Шейх Бутти

Әбу Даби маңындағы база. Шейх Буттидің ұлы Рашид тұғырға сұңқарын байлап жатыр. Ғасырлар бойы араб құсбегілері жорға дуадақты аулап келді. Бұл – олар үшін қызықты саятшылық. Құсбегілер БАӘ-де тек қолда өсірілген жорға дуадақты қуады немесе оларды Өзбекстан мен Марокко секілді аймақтарда жабайы табиғатта аулай алады. БАӘ бұл құс түрін көбейту үшін ауқымды бағдарлама қабылдады.

Хоуард пен Шейх Буттиді қызықтыратын аппақтың сұлулығы ғана емес. Ол өзін ержүрек, қатыгез аңшы ретінде көрсетті. «Аппақ, – дейді Хоуард. – Бұл – арман құс».

Таяу Шығыста сіз аппақты жүз мыңдаған долларға қуана-қуана сатып алатын дәулетті құсбегіні емін еркін табасыз», – деп атап көрсетті ол. Алайда Шейх Бутти оны ешқашан сатпайды. Хоуард екеуі үшін де аппақтың орны бөлек. Ол енді келмеске кеткен, яғни 1990 жылдардың аяғында оған әкелінген асыл ақсұңқарлардың соңғы тұқымы. Хоуард – еркіндікте өскен сұңқарлардың тордағылардан мықты бола алмайтынының тірі дәлелі. Шейхтің торда өсірген сұңқарларымен бірнеше жыл бойы табысты аң аулауы корольдіктегі өзге құсбегілерді торда көбейген құстарды іздеуге итермеледі. Кейбіреулері өздерінің жеке көбейту бағдарламаларына қаражат құйды. «Бұл маңызды үрдістің белгісі, – деп қорытындылайды Хоуард, – осылайша жабайы сұңқарларды заңсыз сататын нарықты әлсіретуге болады».

Түптеп келгенде, Хоуард пен шейх торда көбейтілген ақсұңқарларды саны азайып жатқаны байқалған Арктиканың кейбір аймақтарына, табиғи ортаға жіберуден үмітті. Бұл – іс жүзінде лашындарды сақтап қалған тәжірибе. 1970 жылдарға қарай АҚШ-та ДДТ пестицидін кеңінен қолдану салдарынан лашын құс түгелімен дерлік жойылып кетті. Орнитолог әрі құсбегі Том Кейт «Лашын» қорын құрып, осы құс түрін сақтап қалу үшін бүкіл Солтүстік Америкадағы құсбегілерді жинады. Олардың күшімен торда өсірілген 6000 сұңқар босатылып, лашын құсының популяциясы қалыпты жағдайға келді. «Нәтижесінде біз өзіміз өсірген құстардың көпшілігін бостандыққа жібергіміз келеді», – дейді Хоуард.

сұңқар

Ортағасырлық картинада сұңқардың ірі түрі – арктикалық ақсұңқарды қолына ұстаған әйел бейнеленген. Викингтер ардақтаған ақсұңқарлар Норвег көпестері арқылы Еуропаға келіп, орта ғасырларда Исландияның ең қымбат экспорт тауарына айналды.

«Түптеп келгенде, өзіміз өсірген құстардың басым көпшілігін табиғат аясына жібергіміз келеді».
ХОУАРД ВАЛЕР

Құсбегі Джон Прусич Сиэтл маңында

Құсбегі Джон Прусич Сиэтл маңында ерекше кадр үшін сәнбикенің қолына жыртқыш құс ұстатып жатыр. «Сұңқарлар кірпияз бола алады, – дейді ол, – алайда сіз олармен байланыс орната алсаңыз, оның толық табиғи әсемдігін, мінсіздігін көресіз».

Питер Гуин 2017 жылғы мамырда жарық көрген Орталық Африка Республикасы туралы мақаланың авторы. 2016 жылдың қазан айында, мүйізтұмсықты заңсыз аулау туралы мақаладағы суреті үшін Брент Стиртон «Жылдың үздік табиғат фотографы» деп танылды.