11Там

Батыл бикештер

Акашинга

«Акашинга» –  браконьерлермен күресетін коммерциялық емес қордың тек қана әйелдерден тұратын орман сақшылары. Оның зимбабвелік мүшесі Петронелла Чигумбура барлаудың әдіс-тәсілдерін жетілдіруде.

Мына әйелдерден құралған орман сақшылары қоғамды заңсыз аң аулауға қарсы күреске жұмылдыру стратегиясын ұстанады.

Сержант Вимбай Кумаяның телефонында өлі леопардтың суреті бар.

Шоқалақ жолда секірген жүк көлігінің рөлінде келе жатып, Кумая суреттен көзін алмайды. Дала мысығының мойыны осылған, ал қан-қан сирақтары салбырап тұр. «Бұл жұмысқа дейін жануарлар туралы ойламайтынмын», – деді ол.

Қазір Кумая 33-те, тек әйелдерден тұратын «Акашинга» жабайы табиғат рейнджерлер командасы аңдарды көзінің қарашығындай қорғауға алған санаулы ұйымдардың бірі. Бұл орман сақшылары Халықаралық браконьерлерге қарсы коммерциялық емес қорға қарайды. Олар Зимбабведегі Фундунду тұмса табиғат аумағын (300 км²) қадағалайды. Бұл – Замбези алқабындағы бұрынғы трофейлік аң аулау аумағы. «Акашинга» (шона тілінде «батыл», «ержүрек» деген мағына береді) 29 елді мекенмен шектесетін Фундундуды күзетеді. Ауылдардың қорыққа тым жақын орналасуын қаламайтындармен де қақтығыстар жиі болып тұрады. Кумая леопардтың қатысы бар сондай бір мәселені шешуге бет алып барады.

Рейнджерлер

Рейнджерлер мылтықпен жаттығуда. Алайда кей табиғат қорғаушылары әйелдерді қаруландыру зорлық-зомбылық қауіпін күшейтеді деп байбалам салуда. Акашинга негізін қалаушы Дамиен Мандер бұнымен келіспейді. «Сақшы әйелдің қолындағы бұл зат жай ғана құрал», – дейді ол.

Оқиға орнына жеткен Кумая ашуға мінген нөпір адамның арасына енді. Жараланған он жігіт ілби басып, алға шықты. Біреуінің жағы таңылған, келесісінің қолы қан матамен оралған. Қалған сегізі Кумаяның айналасында денелеріне түскен сызат пен жырықтарын сипап тұр.

Қорық қызметкерлері леопардтың өлігін алып, жігіттердің өздеріне айып таққанда, көпшілік ашуға мінді. Жараланғандар жабайы мысықтың тап бергенін алға тартып еді, рейнджерлер болмашы жараларына қарап, «қорғандық» деген уәждеріне сенбеді. Жабайы жануарларды рұқсатсыз өлтіру – қылмыстық жаза. Алайда леопардтың терісі, тістері, тырнағы мен сүйегі қара базарда жүздеген долларға бағаланады, Зимбабвенің жұтаң экономикасында бұл бір айлық жалақыға тең.

Өлген леопардқа қатысты оқиғаны тіркеген соң, команданың ендігі миссиясы – тұмса табиғат пен адам арасындағы үйлесімге жету жолдарын түсіндіру. Әйелдер жараланғандарды жергілікті емханаға апару үшін жүк көліктеріне отырғызуда.

Зимбабве рейнджерлері

Рейнджерлер Зимбабвенің солтүстік-шығыс бөлігіндегі базаларына жақын жердегі батпақта жаттығуда. Әйелдер қарулы браконьерлермен бетпе-бет кездесуге дайын болуы керек. «Бұл жұмыста жалғыз өзі шешім қабылдап, беталды жүруге жол жоқ, тәртіпке бағынған құл болмайды», – дейді Мандер.

Бұндай көріністер Акашинга миссиясының маңызды бөлігі, ал мұндай жағдайлар оның негізін қалаушы, бұрынғы арнайы жасақ сарбазы, он жылдан астам Зимбабведе рейнджерлерді жаттықтырып жүрген аустралиялық Дэмиен Мандерға да етене таныс. Оның Ирактан жиған тәжірибесі, Африканың браконьерлерімен шайқасы оған бір нәрсені үйретті: адамдар арасында татулық болмай, жабайы табиғатқа деген көзқарас түзелмей, қоғамның етене араласып, өз үлесін қосуы екіталай.

Осы жергілікті менталитетті ұстанған Мандер «Акашинга» қатарын толықтыру үшін Фундунду төңірегіндегі ауылдарға, оның ішінде әйелдер қауымына бет бұрды. Ер рейнджерлерді жылдар бойы жаттықтырғаннан кейін ол кей жағдайларда бұл іске әйелдердің бейім келетінін түсінді. Олар браконьерлерден пара алуға әуес емес әрі  шиеленісті ушықтырмай шешуге қабілетті екенін түсінді. Қандықол браконьер қолында өлгеннен гөрі, аң-құстың аман-сау болғаны әлдеқайда құнды деген негізгі қағиданы ұстанады рейнджерлер.

Мандер жетім балаларды, жыныстық не тұрмыстық зорлық-зомбылықты бастан кешірген әйелдерді іздестірді. Күйеуі екі қызымен тастап кеткен соң Кумая оның жасағына қосылды. Жәбір көрген аңдарды жан жарасы бар әйелден артық кім қорғай алады деп ойлады Мандер. Малмаңдай су болған, тоңған, қарны ашқан, қалжыраған күйлерінде командада жұмыс жасау қабілетін анықтау үшін әйелдерді үздіксіз үш күн жаттықтырып, арнайы бөлімшені да­­йындауға арналған іріктеу курсының үлгісін жасады. Бағдарламаны толық оқып шығуы үшін курсты бастаған 37 бикештің 16-сы іріктеліп алынды. Оның үшеуі ғана оқуды тастап кетті. Біршама уақыт бұрын Мандер 189 жігітке осы секілді курс жүргізген. Алғашқы күннің соңында үшеуінен басқасы кетіп қалды. «Біздер әйелдерді тозаққа тоғытқандай күй кешіп едік, – деді Мандер, – сөйтсек, олар оны өткеріп келген екен».

Африкадағы рейнджерлер

Мандер Аустралиялық арнайы жасақтың бұрынғы әскери қызметкері. Ол он жылдан астам уақыт бойы Африкадағы рейнджерлерді жаттықтырып, әйелдердің әскери дайындығын шыңдаумен келеді. Жылдар бойы ерлерді жаттықтырып келген Мандер бұл жұмысты әйелдерден артық ешкім орындай алмайтынына көзі жетеді. Олар пара алмайды әрі зорлық-зомбылық жағдайлардағы шиеленісті керемет шешеді.

Келесі күні әйелдер таңғы астарын ішіп жатқанда Мандер алдағы түні болатын екі рейд жөнінде қысқаша нұсқау берді. Ақпар бойынша, лицензиясы жоқ әлдебіреу аң атып жүрген көрінеді, тағы бір күдікті үйінде леопард терісін сатуға талпыныс жасап жүр екен.

Міндетін пысықтаған таңғы дайындықтан кейін Мандер рөлді тізгіндеп, төрт рейнджер мен рейдті бақылайтын полиция қызметкерімен жолға шықты.

Түн жарымында олар браконьердің үйіне жетті. Рейнджерлер көліктен атып түсіп, өз позицияларына орналасты. Күдікті оларды ішке кіргізгенде олар үйден антилопаның түріне жататын кекілбас киіктің кептірілген бірнеше терісін табады. Үй иесі кісенделіп, көлікке отырғызылды.

Акашинга жаттығулары

Акашинга жаттығулары командалық жұмысты дамытуды және күш-қуатты арттыруды көздейді. Режимге ағаш бөренесін тасу да кіреді. Браконьерлерге қарсы команда Фундунду қорығы маңындағы ауылдардан келген әйелдерден құрылған.

Рейнджерлер тәулік бойы көз ілмегеніне қарамастан, леопард терісін сатып жүргені әлі қолға түскен жоқ. «Біз шаршаған жоқпыз, – дейді Кумая, – жұмысымызды аяқтамай, шаршауға қақымыз жоқ».

Келесі күні олар леопард пен пілді өлтірген екі адамды қамауға алады. Бірнеше сағат ішінде олар браконьер құрған көптеген тұзақтарды жойып, күзеттерін жалғастырады. Осы секілді нәтижелер Мандер түйсігінің дұрыс болғанын дәлелдейді. «Мұндай әйелдер әлемді өзгерте алады», – дейді ол.

рейнджерлер

Водзанай Манеймо мен оның серіктесі қорық аумағын шолу кезінде пілді кездестірді. Басында рейнджерлер аңдарды аптасына бір-ақ рет көрсе қуанатын, қазір олардың саны әлдеқайда артқан.

акашингалықтар рейнджер

Примроуз Мазуру үйіне келгенде қызымен ойнайды. Басқа да акашингалықтар секілді ол рейнджер болмас бұрын зорлық-зомбылықты көп көрген. Қазір ол қатарластарымен бірге жеке бас бостандығы мен өзін-өзі құрметтеу секілді тақырыптар бойынша консультация алады.

Рейнджерлер тамақтануы

Рейнджерлер тамақтану үшін лагерьге жиналады. Жануарларға деген қатыгездіктен аулақ боп, пайдалы тағам тұтыну үшін команда мүшелерінің түгелі қатаң түрде Мандер бекіткен вегетариандық диетаны ұстанады. «Тағам – бағдарламаның маңызды бөлігі», – дейді ол. Акашинга құрылғанда Мандер өсімдік негізге құрылған құнарлы, әрі калорияға бай тағамдарды жасау үшін «Кола бас аспазшы» атанған Никола Кагородан көмек сұрайды (ортадан оңға, көзілдірікпен). «Менің міндетім – оларды өз жұмыстарын мінсіз атқара алатындай энергиямен қамтамасыз ету», – дейді ол.

Авторы: Линдсай Эн Смит, фото: Брэнд Стэртон

Линдсай Н.Смит NGM қызметкері. Брэнд Стэртон тұмса табиғат фотографы. Бұған дейін оның суреттері 2015 ж. қыркүйек санындағы заңсыз піл сүйегі саудасы туралы мақаласында жарық көрді.

Ескерту: Бұл материал журналымыздың 2019 жылғы маусым айындағы санында жарық көрген.

Мақалалардың толық нұсқаларын оқу үшін, National Geographic Qazaqstan журналына жазылыңыз.