15Там

Панголин жойылып кетуі мүмкін

Дәстүрлі қытай медицинасында өте жоғары сұранысқа ие бұл қорқақ мақұлықтың дүниежүзіндегі заңсыз саудасы қызып тұр.

Авторы: Рейчал Бейл  фото: Брент Стиртон

панголин

Үсті қабыршақ басқан оның көлемі төбет күшігіндей ғана.

Алдыңғы кіші аяқтары тираннозавр рекстей кеуде тұсында, ал жерге параллель созылған құйрығы көбіне аяқты тең басу үшін керек мына мақұлыққа Тамуда есімі беріліпті.

Күтім көрсетуші жаймен жас панголинді топырақ үйіндісіне бағыттап, әлгі үйіндіні қайламен қопара бастады. Ол Тамудаға азығын нұсқауда: құмырсқалар. Ымды түсінген Тамуда денесінің ұзындығындай тілін қуыс-қуысқа сұғып оларды жей бастады.

Бірнеше минут трапезадан кейін әрмен қарай жылжитын уақыт келді. Ол бақырып жылағалы жатқан баладай бір бүйіріне сарт етіп құлап, денесін қараушының етігіне үйкеп жатыр. Күтуші оны итеріп тастамақ болды, ал Тамуда болса өзіне назар аударғысы келеді.

Панголиндер өлексесі

Панголиндерді қабыр­шақтары үшін де, еті үшін де аулайды. Оның еті кейбіреулер үшін деликатес саналады. 2015 жылдың сәуір айында Индонезияда ішінде балық болуы керек контейнерден 4 мыңнан астам панголин өлігі мен сансыз қабыршақ, сондай-ақ тірі қалған жүз шақтысы тәркіленген.

ПОЛ ХИЛТОН

Оның бетіне қараған Тамуда «қолдарын» созып, көтер деп жалына ымдайды. Күтім көрсетуші қатаң болуға тырысады – ол Тамудаға өзін қорғауды үйретуі керек – бірақ оның бұл қылығына еміренбеу қиын. Мейірімді күтуші Тамуданы қолына алып, баласындай тербете бастады.

Тамуда дайындығы Зимбабведегі Хараре қаласының маңайында орналасқан құтқару орталығы Тикки Хайвуд қорығында өтіп жатыр. Мұнда панголиндер заңсыз жабайы табиғат саудасынан қорғалып, сақталады.

Лиза Хайвуд 2012 жылдан бері 180-нен астам панголин құтқарған.

Бала панголиндер өздерін көтергенді ұнатады. Оларды бірнеше ай толғанға дейін аналары арқасынан түсірмей тасып жүреді. Осылайша олар өз-өзін қалай ұстау керектігін үйренеді. Анасы екеуі браконьерлердің қолына түскенге дейін ол осындай мейірімнен ада болмағаны көрініп-ақ тұр. Панголин аналығы үріккен кезде түкті жұмсақ қарны мен төлін сауыт қабыршақтарымен қорғау үшін допша домаланады. Мұндай қорғаныс тәсілі арыстан секілді жыртқышқа қарсы тиімді. Ал алдыңнан адам шықса, біттің дей бер, ол сені жалаң қолымен-ақ ұстап ала алады.

панголин браконьерлері

Өздерінің кім екендерін жасыру үшін масқа тағып жүретін Кот-д’Ивуардің ұйымдасқан қылмысқа қарсы полиция жасағының офицерлері 2017 мен 2018 жылдары тәркіленген панголин қабыршақтарының үстінде отыр. Бұл қабыршақтар Қытайға не Вьетнамға бағыт алған болуы ықтимал. Азиядағы панголиндердің төрт түріне жойы­­лу қаупі төнгендіктен контрабандашылар Африкадағы түрлерін аулауға көшкен.

Тамуда мен анасы осы құтқару орталығына 2017 жылдың басында әкелінген. Мозамбиктік бір азамат оларды қапшыққа салып ел аспақ болғанда Зимбабве шекара қызметінің офицеріне ұсталады. Traffic жабайы табиғат саудасына мониторинг жүргізуші ұйымының деректері бойынша 2000-2013 жылдары аралығында бір миллион шамасында панголин заңсыз ауланған. Оларды, негізінен, дәстүрлі медицинада қолданатын қабыршақтары үшін аулайды. Дүниежүзінде ең көп ұрланатын сүтқоректі жануар панголиндер деп есептеледі.

Зимбабведегі құқық қорғау органдарының қызметкерлері панголинді тәркілеген кезде оны Хайвудке апару керектігін біледі. Ол панголиндерді қолда асырай алатын әлемдегі санаулы адамдардың бірі. Панголин – сезімтал мақұлық, әрі олар құмырсқалар мен термиттердің тек белгілі бір түрлерін ғана жейтін талғампаз. Қолда асырау шарттарында мұндай ас мәзірімен қамтамасыз ету оңай шаруа емес.

Алайда қастарына күзетші қосып, нысан аумағында кезуіне мүмкіндік беру арқылы Тикки Хайвуд көптеген панголиндерге жабайы табиғатқа оралуға болатындай қалпына келуге көмектесті. Солардың ішінде Тамуда мен оның анасы да бар.

панголин қараушысы

Зимбабведегі Тикки Хайвуд панголин құтқару орталығында мына фотодағы Тамуда сияқты әр панголинге қараушы тағайындалады. Бұл панголиндер өздеріне құмырсқалар мен термиттерді қалай аулау керектігін үйрететін адамдарға қатты байланады. Бала кезінде құтқарылған Тамуда, күтім көрсетушісінің айтуынша, алғашында қырсық әрі содыр болған.

«Бізге панголин түскен сайын, бұл соңғысы ма деп уайымдаймын», – дейді жануарларды құтқару орталығын 1994 жылы ашқан Хайвуд.

Төрт-төрттен Африка мен Азияда ғана кездесетін панголиндердің барлық сегіз түріне заңсыз сауда кесірінен жойылып кету қаупі төніп тұр. Сол үшін Тамуда қараушысының есімі де аталған жоқ бұл мақалада. «Бұл сүтқоректіні қолға түсіру үшін қылмыскерлер күтім көрсетушілердің артынан түсуге тайынбайды», – дейді Хайвуд

Түріне қарамастан панголин аю мен итке жақын болып келеді. Олар өз таксономикалық тәртібіндегі санаулы түрлердің бірі. Егер олар жоғалып кетер болса, панголиндерге ұқсайтын Жер бетінде мақұлық қалмайды.

Панголиндердің Азиядағы төрт түрінің халықаралық саудасына 2000 жылдан бері тыйым салынған. 2017 жылы панголиндердің барлық сегіз түрі бойынша халықаралық коммерциялық саудаға тыйым салынды. Оған құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияға (ағылш. қысқа атауы – CITES) мүше 183 ел дауыс берген. Аталған конвенция жабайы жануарлар мен олардың дене мүшелерінің трансшекаралық саудасын қадағалайды.

Traffic ұйымының деректеріне сүйенсек, панголин саудасы кемінде 67 ел мен алты құрлықта жүзеге асырылады. Алайда олардың ең ірі масштабтағы контрабандасы Камерун, Нигерия, Сьерра-Леоне мен Уганда арқылы, негізінен, Қытайға қарай ағылады.

«Өткен онжылдықта панголиндердің, әсіресе, олардың қабыршақтарының құрлықаралық саудасы күрт өсті, – дейді Халықаралық табиғат қорғау одағының маманы Дэн Чаллендер. – Бұрын, панголиндерді заңсыз аулау мен контрабандалық әдіспен тасымалдаудың көбі Азиямен шектелетін». Бұл кәсіптің құрлық ауыстыруы панголиндердің онда тапшы болып кеткенін, алайда олардың қабыршақтарының құны Африкадан Азияға контрабандалық жолдармен тасу шығыны мен машақатына тұрарлықтай екенін көрсетеді.

панголиндер

Әдетте, панголиндер жалғыз өмір сүреді. Бірақ Тамуда мен Лулеко шалшықтан су ішу үшін ара-тұра бірге уақыт өткізеді. Дала панголиндері артқы аяқтарымен жүріп, құйрығы және алдыңғы аяқтарының көмегімен тепе-теңдік ұстайды. Олардың жабысқақ тілдерінің ұзындығы денелерімен бірдей және көкірек қуысына байланған.

Африканың батысы мен орталығында, ал Азияның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында панголин еті жоғары бағаланып, Вьетнам мен Қытайдағы кей адамдар арасында панголин еті, тіпті, деликатес саналады. Бұл сүтқоректі Гана, Нигерия, Оңтүстік Африка мен Сахара шөлінің төменгі бөліктерінде де үлкен сұранысқа ие. Онда олардың дене мүшелері дәстүрлі ем-дом шараларында кеңінен қолданылады. Өкінішке қарай, панголин қабыршағы, оның бағына емес сорына айналды.

Әдетте, құрғатылып, ұнтақталып таблеткаға айналдырылатын панголин қабыршақтары дәстүрлі қытай дәрі-дәрмектерінің бірқатар түрінде кеңінен қолданылады. Оны аналардың лактациясынан бастап, артрит, ревматизмге дейін түрлі ауруларды емдеуге пайдаланады. Оның сауытын Азия бойынша, соның ішінде Вьетнам, Тайланд, Лаос пен Мьянмадан медициналық сауда орындарынан табуға болады.

Қытайда мұндай ем-домдарға үкімет рұқсат беруін жалғастыруда. Қытай биоалуантүрлілікті сақтау және көгалдандыруды дамыту қорының 2016 жылғы есебі бойынша 200-ден астам фармацевтикалық компания құрамында панголин қабыршағы бар 60 шақты дәстүрлі дәрі түрін шығарады екен. Жыл сайын Қытайдың провинцияларында жалпы алғанда компанияларға орташа 29 тонна қабыршақ пайдалануға рұқсат беріледі. Мұндай мөлшердегі қабыршақ үшін шамамен 73 мың панголин қажет.

Кейбір деректер бойынша шамадан тыс аулау салдарынан Қытайдың панголиндері 1990-шы жылдардың ортасында-ақ тапшы боп қалған екен. Қытай компаниялары панголин өнімдерін шығаруды тоқтатпады. Олар қабыршақтардың екі заңды көзін пайдаланады-мыс: саны түгесілместен бұрын Қытайда ауланған панголиндерден жиналған қор мен тыйым салынғанға дейін импортталған қор.

CITES конвенциясының панголин саудасы жөніндегі деректері бойынша 1994 пен 2014 жылдары аралығындағы 21 жыл ішінде Қытайға 16 тоннадан астам қабыршақ импортталған – бұл фармацевтикалық компаниялардың қажеттілігін қанағаттандыруға жеткіліксіз. «Бұдан бөлек, қабыршақтар жуырда және заңсыз түрде жаңа ауланған панголиндерден алынған ба әлде бұрын жиналған қордан келген-келмегенін провинциялық әкімшіліктер тексере бермейді», – дейді Бейжіңдегі Қытайдың биоалуантүрлілікті сақтау тобының директоры Жоу Жинфең. Ол Қытайдағы панголин іс жүзінде жоғалғанға дейін жиналған қордың компаниялардың сұранысын қанағаттандырарлықтай жеткілікті екеніне күмәнмен қарайды.

панголин

Камерунда азық-түлік сататын дүңгіршегі бар жас келіншек үйінің артындағы тар көшеде ақбауыр панголинді сойып, бөлшектеуге дайындалуда. Панголин саудасына тыйым салынғанымен, камерундықтар бұл жануарды баяғыдан азыққа пайдаланып келеді. Бір кездері лақтырылып тасталатын панголин қабыршақтары қазір қалалардағы жабайы аң саудагерлеріне сатылады.

Жыл сайын қанша тонна панголин қабыршағы контрабандалық жолмен тасымалданып жатқанын дөп басып ешкім айта алмайды. Оның мөлшері көп, ал ең ауқымдысы Қытайға тасымалданады.

Мәселен, 2017 жылы Қытайдың кеден қызметкерлері шамамен 30 мың панголиннен алынатын 11,9 тоннадан астам қабыршақ тәркілеген. Бұл – конфискацияланған контрабандалық тауарлар ішіндегі ең ірілерінің бірі. Өткен жылы Гонконгтің құзыретті органдары Қытайға бет алған бір партиядан 7,8 тонна қабыршақ тәркілеген.

Жалпы, Traffic ұйымының деректері бойынша 2010-2015 жылдар арасында дүниежүзі бойынша тәркіленген қабыршақтардың 30 пайызы Қытайдың үлесінде. Тәркілеулер, консервативтік түрде, іс жүзіндегі заңсыз сауда айналымының төрттен бірін құрайды деп есептелетінін қаперге алсақ, бұл сандар жылына жүз мыңдаған панголин өлтірілетінін білдіреді (National Geographic Қытайдың мемлекеттік агенттіктерінен осы сауалға пікір білдіруін сұрағанмен ешбір жауап ала алмады).

Нарықты қамтамасыз ету үшін Қытайлық компаниялар кең ауқымда панголин өсіруді тұрақты түрде қолға алып жатыр деген әңгімелер бар. Қытайдың биоалуантүрлілікті сақтау тобының мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылғы ахуал бойынша үкімет құтқару орталықтарынан инвестициялау компанияларына дейін әртүрлі мекемелерге панголин өсіруге 10 лицензия беріпті. 2014 жылы тағы 20 фармацевтикалық компания – Уганда, Лаос пен Камбоджиядағы кәсіпорындармен бірге – «бірігіп өсіру» бағдарламасын бастады.

Бұл жердегі проблема сол, ешкім әлі панголиндерді коммерциялық мақсатта қалай өсіру керектігін ойлап тапқан емес. «Сұранысты оларды өсіру арқылы қанағаттандыра алмайсыз», – дейді табиғат қорғаушы биолог әрі «Панголиндерді сақта» коммерциялық емес ұйымының қосалқы құрылтайшысы Пол Томсон. Оның айтуынша, өсіріп, көбейтуді былай қойғанда, еркіндіктен айырылған панголиндердің көбі 200 күннен артық өмір сүрмейді.

Бұл қытайлық бизнесмендердің талпыныстарына тұсау болмады. 2013 жылы Ма Жин Ру есімді Қытай азаматшасы Уганданың астанасы Кампала қаласында Olsen East Africa International Investment Co. Ltd. панголин өсіретін кәсіпорнын ашқан. Көп ұзамай «Азия-африкалық панголин өсіруді зерттеу орталығы (ААПӨЗО)» деп аталатын компания Кампала қаласында тіркеліп, лицензияға ие болды.

панголин контрабандистері

Индонезиядағы бір ауыл аңшысы Сурабая қаласына апта сайын панголин әкеліп тұратынын айтады. Панголиндері бар елдерде оларды қорғайтын заңдар қабылданған. Олардың халық­аралық саудасына тыйым салынғанымен, басты қауіп осы заңсыз аулау мен контрабандалық жолдармен тасымалдаудан келуде.

2016 мен 2017 жылдары қос компания да Уганданың құзыретті органдары тарапынан тексеруге алынды. Бұл компаниялар жабайы табиғаттан ауланатын панголиндердің контрабандалық тасымалы үшін қолданылады деген күдік пайда болды.

2016 жылы Мозамбикте ашылған ААПӨЗО де құзыретті органдардың назарына іліге бастады. Қытайда «Жоу» коммерциялық емес ұйымының зерттеушілері лицензиясы бар бірнеше мекемеге бас сұққысы келгенмен, ешқайсысы оларды кіргізбеген.

Панголиндерді қолда аман-есен өсіру қиынның қиыны. Олардың ерекше диетасына қоса оларға ерекші күтім керек. Себебі олар асқазан жарасы мен пневмонияға шалдыққыш келеді. Мұның басты себебі – күйзеліс. 2016 жылы АҚШ-та алты зообақ пен бір коммерциялық емес ұйым 46 панголинді Тогодан импорттаған. Мақсат – оларды бақыланатын шарттарда зерттеу және өз-өзін қамтамасыз ететін популяция шығару. Наурыз айының басындағы мәлімет бойынша 16 панголин өліп қалған.

Камерунда панголиндерді табу қиын емес. Оларды ет сататын ашық базарлардан өлі күйде маймылдар мен питондардың қасынан көре аласыз. Оларды жол жиектерінде де сата береді. Мұндай көрініс айтарлықтай кең тараған, ол адамды «панголиндер, шын мәнінде, жойылуға шақ қалды ма» деген ойға жетелейді.

Сұрақтың жауабы сол, біз, ең алдымен, олардың саны қанша екенін нақты білмейміз. Олар түнде тіршілік етеді, жалғыз жүреді әрі ұялшақ келеді. Бұл олардың санағын жүргізуді қиындатады. Бірақ Traffic және басқа үкіметтік емес ұйымдар жинаған деректерден панголиндердің Камерун мен Африканың батыс және орталық елдерінде дабыл қағарлық мөлшерде тұтынылып, экспортталып жатқанын түсіну қиын емес.

Фотограф Брент Стиртон екеуміз өткен жазда Камерунға барғанымызда Ангелия Яңды шақырып алдық. Ол күйеуі және үш баласымен бірге ел астанасы Яунде қаласында тұратын Оңтүстік Африка тумасы. Бұл Яңның Камерундағы алғашқы панголиндерді құтқару орталығын ашуға ниеттеніп жатқан кезі еді. Ол бізді бір мейманханаға апарды. Қолымызға ас мәзірі берілді. Онда кусукус, жолжелкен, көк асбұршақпен бірге жайра, бөкен мен панголин еті де бар еді.

Қаладағы кез келген мейманхананың стандарттық ас мәзірінің сиқы осындай. Яңның айтуынша, Камерунда аң етіне сұраныс көп. Мұнда көбі төрт түлік малға қарағанда аң етіне әуес. Бұдан бұрын шалғай бір қалашықта базарға барғанымызда бір жас келіншек сату үшін панголин етінен ас әзірлеп жатыр екен. Мен одан неліктен панголин етінен тамақ дайындағанын сұрағанымда, ол: «Несі бар? – деп жауап берді, – ол дәмді».

Вьетнам медицинасы

Вьетнамда алтыншы буындағы дәстүрлі медицина өкілі құрғатылған панголин қабыршағымен (әйелі езіп отыр­ған) араластыратын шөптерді қалай дайындайтынын көрсетуде. Қабыр­шақтар бірқатар ауру түрлеріне шипа болады деген сенімге ешбір ғылыми негіз жоқ.

Біз панголин етінен дайындалған тағамға тапсырыс бермедік (Камерунда оны аулау, сату не сатып алуға тыйым салынған). Десе де біз іздеген панголин осы мейрамханада бар ма деген ой мазалағаны рас. Аспаз жауабын көрсетуге қуана келісіп, шағын астауға олардың мұздатылған төшкелерін салып әкеп көрсетті.

Яң бізді қайтадан үйіне апарды. Тоқтағанымызда оқушыны көрдім. Бұл Яңның ұлы Нейтан екен. Ол қасында ит сияқты бір мақұлықты жетектеп келеді. Ол жануарынан көз алмай қалташамын жиектас пен көрші дуал арасындағы кеңістікке түсіріп тұр.

Жақынырақ таяп барғанымызда жетектегені ит емес, панголин екенін аңғардым. Кішкентай мақұлық жерді иіскеп, тіміскілеп, топырақты тырнап құмырсқа іздеп жатыр екен. Бұл Яң құтқарып, үйінде қайта қалпына келтіріп жүрген бірнеше панголиннің біреуі ғана.

Яң бізді сегіз жасар ұлы Нейтанға таныстырып, оған бұрыштағы азық-түлік дүкенінен жасыл пияз алып келетінімізді айтты. Жолда Нейтан панголиндерді сондай жақсы көретінін әрі оларға күтім көрсетудің қалай ұнайтынын айтып берді. Оның анасын мақтан тұтатыны көрініп тұрды.

Көше дүкенінің жанында ер-әйелі аралас қытайлық бір топ кешкі ас ішуде екен. Олар бізге езу тарта, французша амандасты. Көкөніс ала бастағанымызда Яң солға қарай иегін нұсқап әлденені меңзеді. Үстіне ондаған панголин қабыршақтары кептірілуге қойылған мұздатқыш камера тұр екен. Яң мен Нейтан жасыл пияз бен басқа көкөністер сатып алып жатқанда мен қабыршақтарға мұқият көз тастаумен болдым.

«Мұндайды көру, кез келгенді есеңгірететіні анық, – деді артынан Яң, – бірақ бұны күнде көріп жүрген олар үшін бұл таңсық емес».

Жуырда Камерунға панголин қабыршағының ірі партиясы әкелінбекші. Мұны бізге кеңселеріне барған кезімізде «Соңғы адам тектес ұйымы» ҮЕҰ зерттеушілері айтты.

Әрине, мен елден кеткеннен кейін полиция мен тұмса табиғатты қорғау саласындағы құзыретті органдар жүкті қолға түсіріп, алты адамды қамауға алған. Панголин қабыршақтары жүк көлігімен Оңтүстік Африка республикасынан келген. Контрабандашылар оларды ұсақ саудагерлерден, сондай-ақ Камерун мен Конгодағы сатушылардан жинаған болулары тиіс. Аткезшілердің жоспары тауарды Дуалаға жеткізіп, ақырғы нүктеге салып жіберіп, табыстау екен. Қабыршақтардың келесі пункті Нигерия, артынша ол Қытай, Малайзия не Вьетнамға жөнелтіледі.

Африкадан Азияға өзге аң-құсты тасу бағыттарының болуы қарақшылардың ісін жеңілдетіп отыр. Панголин қабыршақтарының піл сүйегі, бегемот тістері және басқа да заңсыз аң мүшелерімен бірге тәркіленген кездер жетіп артылады.

Уашингтон қаласындағы қылмыстық желілерді зерттеумен айналысатын «Қорғау саласындағы перспективалық зерттеулер орталығының» мәліметтері бойынша піл сүйегін тасымалдайтын ұйымдасқан қылмыстық желілер панголин қабыршақтарын да тасиды. Әдетте, мұндай қылмыстар ақшаның ізін жасыру, салықтық алаяқтық, заңсыз қару ұстау секілді көптеген істермен байланысты келеді.

панголин

Вьетнам. Заңсыз саудалаудан құтқарылып, еркіндікке жіберілмекші болып жатқан 25 панголиннің біреуі қорап тесігінен сығалап тұр. Кукфуоң ұлттық паркінде орналасқан «Вьетнамның жабайы табиғатын сақтау» коммерциялық емес ұйымы елдегі браконьерлерге қарсы алғашқы топты даярлауға көмектесіп, мыңнан астам панголин құтқарды.

Қытай панголин қабыршақтарының ең ірі тұтынушысы. «Бұлай болуы тиіс есес еді», – дейді Сан-Францискодағы Дәстүрлі Қытай медицинасы колледжі деканының орынбасары болған Стив Гивен. Ол науқастың еміне қарай қытай медицинасының фармакопеясында кемінде 125 шөптік, минералдық және жануардан алынатын балама элементтерді анықтаған. «Іс жүзінде кімнің болса да чуан шан цзяны клиникалық мақсатта пайдалануына негіз жоқ», – дейді ол панголин қабыршағын дәстүрлі атауымен атай отырып.

Батыс медицинасында құрамында кератині бар панголин қабыршағы адам ағзасына қандай да бір әсер беретініне ешбір дәйек жоқ. Дәл сол кератин тырнақ пен шашта да бар. Бірақ дәстүрлі медицина жазбаларында панголин қабыршақтары ағзаның дисбалансын емдеуде, айталық, қан кетуді тоқтатуға, етеккір циклінің бұзылуына, лактация мен артритке қатысты проблемаларға қарсы  тиімді екені айтылады.

«Миллиондаған адам шипа іздеп дәстүрлі медицинаға жүгінеді. Олардың саны артатынға да ұқсайды, себебі, дәстүрлі қытай медицинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық жинағына ресми түрде кіреді деп пайымдалып отыр. Сондықтан медициналық қызметін ұсынатындар мен пациенттерге альтернатива туралы айтып жеткізу панголиндерді құрып кетуден сақтаудың маңызды жолы болмақшы», – дейді Гивен.

Камерунға оралайық. Яң үш панголинді қайтадан жабайы табиғатқа жібергелі жатқанын айтып, Стиртон екеумізді келіп көруге шақырды. Әдеттегі жіберетін жерге қоя берейік десек, жаңбырмен жер-дүниенің астан-кестеңі шыққан. Сондықтан ашық далаға барып тоқтадық.

Дала төріне қарай бірнеше метр жүргенімізде Яң бірінші панголинді жерге қоя берді. Ол биік өскен шөп арасына кіріп, көзден ғайып болды. Біз шөп басының жай ғана сусылдағанын ғана көрдік. 15 минут ішінде қалған екі панголин де еркіндікке жіберілді.

Қайтып келе жатқанымызда Яңнан бір уыс панголин қабыршақтары кептірілуге қойылған, қасынан өтіп бара жатқан ет базары туралы сұрадым: «Жаңа ғана еркіндікке жіберілген панголин таяу арада ауланып қалуы мүмкін емес пе?»

«Иә, мүмкін. Оларды еркіндікке жіберген қуантады әрі мұңайтады. Ешқандай кепілдік жоқ», – деді ол, – қалай дегенмен де бұл екінші мүмкіндік. Бәлкім, олар қайта қолға түскенше тұқым көбейтіп, құрып бара жатқан түріне бірнеше бала панголин тастап үлгеретін шығар. Қазір әрбір панголин мен оның әлеуеті маңызды».

Аға редактор Рейчал Бейлдің дулығатұмсықты калаолардың заңсыз саудасы туралы мақаласы журналымыздың 2018 жылғы қыркүйек айындағы санында жарияланды. Брент Стиртон 2016 жылы мүйізтұмсық мақаласының фотолары үшін 2017 жылы «Тұмса табиғат» жыл фотографы атанды.

бала панголинге күтім көрсетеді

«Вьетнамның жабайы табиғатын сақтау» коммерциялық емес ұйымы өсіп-жетілгенге дейін мына бала панголинге күтім көрсетеді. Панголиндердің көбі Қытайға жөнелтілетіні айдан анық. Өйткені онда құрамында панголин қабыршағы бар дәстүрлі медицина дәрілерін жасап сататын фармацевтикалық компаниялар көп. Сарапшылардың айтуынша жоғалып бара жатқан жан­уар­ға деген сұранысты азайту үшін тұтынушылар мен медицина мамандарына қытай фармакопеясындағы өзге альтернатива туралы үйрету керек екен.

Аға редактор Рейчал Бейлдің дулығатұмсықты калаолардың заңсыз саудасы туралы мақаласы журналымыздың 2018 жылғы қыркүйек айындағы санында жарияланды. Брент Стиртон 2016 жылы мүйізтұмсық мақаласының фотолары үшін 2017 жылы «Тұмса табиғат» жыл фотографы атанды.

Ескерту: Бұл материал журналымыздың 2019 жылғы маусым айындағы санында жарық көрген.

Мақалалардың толық нұсқаларын оқу үшін, National Geographic Qazaqstan журналына жазылыңыз.