16Там

Қасқыр, киік һәм шегіртке

Фото: pixabay.com

Жақсы ма, жаман ба, Қазақстан аумағында қасқыр азайып кетіпті. Бұл ақпарды алғаш киік санын реттеу мәселесі талқыланған жиында зоолог-ғалымдар мен аңшылардан естідік. Сол жиында «киік санының көбеюіне қасқырдың азаюы да белгілі бір шамада әсер етуі мүмкін», «кей өңірлерде қасқыр қалмады» деген пікірлер айтылған болатын. National Geographic осы ақпардың қаншалық растығын анықтап, киіктің көбеюі мен қасқырдың азаюы арасында байланыстың бар-жоғына үңілді.

Шибөрі көбейсе, салдары қандай болады?

Республикалық «Қансонар» қауымдастығының бас директоры Қайырбек Мұсабаевтың пікірінше, киік санын реттеуде қасқырдың рөлі анау айтқандай үлкен емес. Түз тағысының бұл жердегі басты міндеті санитарлық қызмет қана.

– Қасқыр даланы ауру жануарлардан тазартады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Батыс Қазақстан өңірін аралаған кезде бұл процестің қалай жүзеге асатынын өз көзіммен көрдім. Қасқыр пастереллез дертіне шалдығып, әлсіреген киіктердің көзін құртады. Осылайша, аурудың өзге жануарлар арасында таралуына жол бермейді. Осы тұрғыдан алғанда түз тағысының санитарлық қызметі біз үшін өте маңызды. Ал ауруға шалдықпаған киіктер қасқырға оңайлықпен ұстатпайды. Елімізде қасқырдың азайып кеткені рас. Оны көбейту керек. Табиғаттағы әрбір аң мен жануардың өзіндік рөлі бар. Олар табиғи тепе-теңдікті сақтайды. Табиғаттағы аң-құс бір-бірін өздігінен реттеп отырады. Осы тұрғыдан алғанда қасқырдың санын көбейту маңызды, – дейді Қайырбек Мұсабаев.

Ал Зоология институтына қарасты биоценология және аңтану зертханасының меңгерушісі Константин Плаховтың айтуынша, қасқыр санының азаюы қазір бетпе-бет келіп отырған мәселелердің туындауына әкеп соқтырған негізгі себептердің бірі.

– Қасқыр азайып еді, шибөрілер көбейді. Олардың көбейгені сонша, өмірі мекендемейтін Үстірт пен Маңғыстаудан кездесе бастады. Жергілікті тұрғындар оны қызыл қасқырға балап жүр. Шибөрі – жолда кездескеннің бәрін талғамай жұтатын тойымсыз жыртқыш. Ал қасқыр кез келген дүниені жей бермейді. Қасқыр қашанда өзін биік ұстайды. Мұны айтып отырғаным, біз қасқыр мен киік арасындағы тепе-теңдікті бұзып алдық. Бұл ретте қасқырдың орнын шибөрілер басып отыр. Бұл да өзекті мәселе. Шибөрінің салдары көп болмақ. Сондықтан қасқыр санын көбейту маңызды. Табиғаттағы көп дүние осы қасқырларға байланысты. Оларға санитар ретінде ғана қараудың қажеті жоқ. Қасқыр – даланың сұсы, қорғаны. Өкінішке қарай, адамдар көп жағдайда табиғаттың заңына араласып кетеді. Мәселенің бәрі де осыдан туындайды. Табиғат қашанда өзін-өзі реттеген. Солай болып қала бермек. Оған кедергі келтірмеу керек, – дейді Константин Плахов.

Солтүстік Қазақстанда қасқыр қалмаған…

Экологиялық шолушы Сәкен Ділдәхметтің пікірінше, қасқырлардың азаюы себебінен бүгінде Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарында киіктер саны табиғи жолмен реттеліп жатқан жоқ. Ол мұндай пікірді informburo.kz-ке берген сұхбатында айтты.

– Қазақстанда қасқырлар популяциясы соңғы 20-30 жыл ішінде күрт қысқарды. Қасқыр – табиғаттың санитары. Ауру мал мен жабайы жануарлар өлексесін жеп, табиғатты таза ұстауға көмектеседі. Қасқырлардың азаюы себебінен бүгінде Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарында киіктер саны табиғи жолмен реттеліп жатқан жоқ. Өкінішке қарай, аңшыларымыз қасқырларды жаппай атып, оны әлеуметтік желіге салып жатады. Бұл орынсыз. Елде 80-жылдардың соңында 60 мыңнан астам қасқыр тіркелді. Бүгін олардың саны 14 мыңға әрең жетіп отыр. Ал Солтүстік Қазақстанда мүлдем жоқ. Ақмола облысында 30-ға жуық, Қарағанды облысында – 40-50, Батыс Қазақстан облысында 800-ге жуық қана қасқыр қалды. Бұл мәселеде (киіктердің санын реттеуде – ред.) қасқырлардың рөлі зор болып отыр, – дейді Сәкен Ділдәхмет.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2014 жылы Қазақстанда 19 778 қасқыр тіркелген. 2019 жылы көрсеткіш 12 мыңға дейін азайған. Былтыр Қазақстандағы қасқыр саны 14 408-ді құрады. Бұл ретте соңғы жеті жылда Солтүстік Қазақстан облысында қасқыр мүлдем тіркелмеген. Сарапшылардың пікірінше, қасқыр азайса, табиғаттағы тепе-теңдік бұзылады. Сондықтан бұған жол беруге болмайды.

Далада киік азайса, шегіртке көбейеді…  

Шаруалардың көзімен қарасақ, киіктің биылғы портреті қасқырдан да жаман болып шығады: Жөңкіліп көшеді, жайылымды отайды, егістікті таптайды. Сонда киіктің зиянынан басқа, еш пайдасы жоқ па? Әрине, бар. Оның да табиғаттың жаратылыс тізбегіндегі өз орны, тепе-теңдікті сақтауда атқаратын қызметі бар. Мысалы, «жөңкіліп көшіп, жайылым ауыстырып» жүруінің қандай пайдасы болуы мүмкіндігін ғана пайымдап көрейік.

Естеріңізде болар, 90-жылдардың соңы, 2000 жылдардың басында бүкіл Қазақстанды шегіртке жайлады. Егістікті, бау-бақшаны, құла түздегі жайылымдарға дейін тып-типыл қылып жеп, астананың асфальт көшелеріне дейін жетті. Сөйтіп, сол кездегі ауылшаруашылық министрін отставкаға жіберіп тынды.

 

Фото: pixabay.com

Енді ойланып көрелік: Шегіртке неліктен көбейді?

Себебі, шегірткенің топыраққа салған тұқымын жайылып жүріп тұяғымен таптап кететін, сол арқылы шегіртке популяциясының табиғи реттелуіне өз үлесін қосатын тұяқты жануарлар – даладағы киік пен қолдағы малдың саны  90-жылдары күрт азайды. Бір жылдары жайлау тұрмақ, ауыл маңындағы өріске шығатын малдың қарасы көрінбей қалғанын қалай ұмытайық. Мұны статистика да растайды: 1990 жылы 30 миллионның үстіне шыққан қой-ешкінің саны 2000 жылы 10 миллионға жетер-жетпес қана болған.

Осы жылдары мал бармайтын алысты жайлайтын киік саны да күрт азайып, (1971 жылы 1,1 миллион) 1993 жылғы 976 000 нан 2003 жылы 21 мың бас қана қалған.

Қазір неге сол кездегідей шегіртке қаптап жатқан жоқ? Өйткені, Құдайға шүкір, елімізде мал басы қайта көбейіп келеді.

Иә, бұл ғылыми дәлелденген тұжырым емес. Бірақ статистикалық салыстыру арқылы пайымдасақ, шегірткенің көбеюіне басты себеп те осы екенін мойындауға мәжбүрміз.

– Рас, киікті киелі аң санаймыз. Қазақ үшін ғана емес, барша адам баласы үшін солай. Бірақ сөйте тұра оны аулаймыз. Етін жейміз. Мүйізін саудалаймыз. Оның адамға тигізер пайдасы осы. Ал табиғат үшін ше? Табиғат үшін де пайдасы бар. Біріншіден, киіктер өзге тірі дүниелер секілді биогендік айналымның негізгі құрауыштары саналады. Яғни, киіктер әлденені жейді және оларды да әлдекімдер қорек етеді, өлексесі топыраққа айналады. Биогендік айналым деген осы. Бір-бірін толықтырып тұрады. Екіншіден, киіктер жөңкіліп жүріп жолында шегірткенің топырақтағы тұқымын тұяғымен мыжып кету арқылы табиғи тепе-теңдік қалыптастырады. Мұны олардың табиғатқа деген «қосымша пайдасы» деген дұрыс шығар, – дейді отандық ғалым Константин Плахов.

Фото: Қайырбек Сариев

Киік деген жануарды еуропалық туристер білмейді

Eurasianet.org сайтының Қазақстандағы журналисі Джоанна Лиллистің айтуынша, киіктерді отандық туризмді дамыту үшін тиімді пайдалануға болады. Себебі киіктер бірнеше елдің аумағында кездескенімен, басым бөлігі негізінен біздің елде шоғырланған. Сондықтан шетелдіктер киіктерді өз көзімен көріп, қызықтауға қашанда құмар.

– Мен екі жыл бұрын Ақмола өңіріне барып, киіктердің төлдеу процесіне куә болдым. Бұл өзі ғажап көрініс! Жануарлар дүниесі кім-кімді болмасын қатты қызықтырары анық. Әсіресе, шетелдік туристерге таңсық. Меніңше, табиғаттың ерекше жаратылысын көруге батыстан, Америкадан туристер көптеп келер еді. Мәселен, батыс туристері киік туралы мүлдем білмейді деп айта аламын. Себебі мұндай жануар ол өлкеде кездеспейді. Халықаралық туристер үшін киіктерді алыстан болса да бір көру үлкен олжа болар еді. Сондықтан киіктер арқылы Қазақстандағы туризмді оп-оңай дамытуға болады. Жарнамасын жақсылап жасаса, туристер ағылғалы тұр. Бірақ мұның бәрі жіті ойластырылуы керек. Өйткені, туризмді дамытамыз деп табиғатқа және киіктерге нұқсан келтіруге болмайды. Бұған жауапкершілікпен қарау маңызды. Бәлкім, кішігірім кемпинг-турлар ұйымдастырған дұрыс шығар. Жалпы, киіктерді Қазақстанның қазынасы дер едім. Осы қазынаны сақтау маңызды. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның киік санын көбейтуге мән беріп, қолайлы жағдай жасап отырғаны қуантады, – дейді Джоанна Лиллис.

Осы орайда, Константин Плахов Қазақстанда трофейлік аңшылықты киіктер арқылы дамытуға болады деген пікірді алға тартты. Бірақ бұл нарық Қазақстанда әлі дамымаған.

– Тоқсаныншы жылдардың басында Үкіметтің қаулысына сәйкес Қазақстанда трофейлік аңшылықты дамыту үшін тәжірибе жасалды. Ол үшін арқар мен қарақұйрық таңдалды. Алайда сұраныстың жоқтығынан қарақұйрық тізімнен алынды. Трофейлік аңшылық біз үшін тиімді болғанымен, аңшыларды мүлдем қызықтырмауы мүмкін. Сондықтан ол үшін нарықты әбден зерттеп, реттеп алу маңызды. Мұндай нарық үшін кепілдік керек. Яғни, мемлекет аңшылықтың боларына кепіл қажет. Осы шаруаларды реттеп алған соң ғана, киіктерді трофейлік аңшылықтың тізіміне енгізуге болады. Шетелдік аңшыларды тарту тұрғысынан алғанда мұның да өз артықшылықтары бар, – дейді отандық ғалым.

 

Еркебұлан Рысбай, журналист