Жерді айналған алғашқы саяхаттың 500 жылдығында да бұл сапардың егжей-тегжейі әлі анық емес. Бес кеменің тек біреуі оралған және ол кемеде Фердинанд Магеллан болмаған.
1522 жылдың күзінде Испания портына қалжыраған 18 экипаж мүшесі бар, шұрық-тесік кеме тоқтады. Батыл коммерциялық сапарға шыққан шамамен 240 адамнан қалғаны осы ғана еді. Испанияның жас королі I Карл Еуропада жоғары сұранысқа ие қалампыр мен мускат жаңғағын әкелу үшін Тынық мұхиты аралдарына апарар жаңа бағыт табуға экспедиция шығарды. Капитандыққа тәжірибелі португалдық теңізші, «Жер домалақ» деген теория әлі расталмағанына нық сенімді Фердинанд Магелланды жалдады. 5 кеме 2 жылда шамамен 550 тонна дәмдеуіш әкелу үшін 1519 ж. қыркүйекте жолға шықты. Теңізшілер жолда кезіккен жергілікті халықтың кейбіріне қарсы қатыгездік жасады. Жаулауды ойлаған Магеллан Филиппинде бір аралға шабуыл кезінде қаза тапты. Жаңа капитан, баск теңізшісі Хуан Себастьян Элькано «Виктория» кемесін үйге – Санкулар-де-Баррамедаға бұрды. Кеме қажетті тауардың бір бөлігімен және жоспардан тыс олжа – Жер домалақ деген дәлелмен оралды.
Армадаға Молукка, яғни Дәмдеуіштер аралдарына баратын батыс бағытты тауып, сол жолмен қайта оралу тапсырылған еді. Көшбастаушылар Испания мен Португалия арасындағы жаһандық барлау құқығын бөлетін, Рим папасы мақұлдаған келісім сызықтарынан өтпеуге тиіс-тін. Сауда мақсатынан айнымай, жаулау және дінге шақырудан да аулақ болуы керек еді. Магеллан бұл мандатты бұзғандықтан, жерді айналған алғашқы саяхат жаһандануға, христиандықтың таралуына, ғасырларға созылған отаршылдыққа түрткі болып, әлемді мәңгілікке өзгертті.
Автор: Моника Серрано, Сорен Уолджаспер, Патришия Хили Және Ив Конант.
Материалдың толық нұсқасы мен осы сапардың егжей-тегжейлі картасы журналымыздың 2022 жылғы қыркүйектегі санында жарияланған.