17Қар

Олар не ойлайды?

Жаны ашуға қабілетті егеуқұйрықтардан бастап, наразылық білдіре алатын маймылдарға дейінгі кейбір жануарлар біздің сан қилы сезімдерімізден кем түспейтін эмоцияларға ие.

Мынау – Эд, канадалық сфинкс мысығы. Ол қызыққұмар, кісіге үйір, мейірімді және адам эмоциясына өте сезімтал. Сондай-ақ ол әңгімешіл. Атын атасаңыз, пырылдайды. Мына суретте оның алдыға қарай жылмиған құлақтары сақ тұрғанын, ал көзінің сығырайған қарашықтары сабырлы күйде екенін білдіреді. ВИНСЕНТ ЛАГРАНЖ

Чарли атайтын Бладхаунд тұқымды итім үйде тұрып жатқанына осымен 8 жыл болды. Үйге келгенде мәз-мейрам болып қарсы алады, тіпті мына тұрған азық-түлік дүкенінен келсем де солай. Мен күлсем, оның келесі бөлмеде құйрығы еденге тарс-тарс тиіп жатқанын естимін. Ол мені көрмесе де, менімен бірге қуанады. Арамызда осындай байланыс бола тұра, зайыбымнан: «Ол мені жақсы көреді деп ойлайсың ба?» – деп сұраймын. Ол маған ашуланыңқырап: «Иә, иә», – дейді.

Үйіміздің кіреберісінде күнге қыздырынып жатқан Чарлиге қарап, терең ойға шомамын: жануарлардың санасы біздікіне қаншалықты ұқсас? Басқа тіршілік иелерінде де біздікіндей ой, сезім және естеліктер бола ма? Адамзат ретінде біз әлі де өзімізді басқа жануарлардан түбегейлі ерекшеленетін жаратылыс иесі санаймыз. Алайда соңғы жарты ғасырдың ішінде ғалымдар адамнан басқа көптеген жаратылыс иесінде зият барлығын айғақтайтын дәлелдер жинады. Жаңакаледондық құзғын ағаш діңінен құрт аулау үшін шыбық пайдаланады. Сегізаяқтар ойжұмбақ шешеді және өз ұяларын қорғау үшін кіреберісін тастармен жабады. Сонда олардың тек тірі қалу мен көбеюден өзге шаруашы жоқ хайуанаттан да жоғары бірдеңе болғаны ма?

Отбасы мүшесі. Сегізаяқты зерттеу үшін Дэвид Шиил қызы екеуі тұратын үйіне Хейдиді алып келді. Шиил таңғы шайын ішіп отыр­ғанда, Хейди өзінің аквариумында йогамен айналысып жатқандай керілді. Отбасы телевизор көрсе, Хейди де телевизор көреді. Олар үйге келгенде, Хейди бұлғаң ете қалды. «Ол бізді көргеніне қуанды, – дейді Шиил. – Не қуанғандай болып көрінді». КУИНТОН СМИТ, PASSION PLANET

Косатканың өліп қалған баласын бірнеше апта түркілеп жүргенін көрсеткендей, хайуанаттардың мінез-құлқын зерттеулердің көбеюі көптеген тіршілік иесінің адамдарға ұқсастықтары бұрын ойлағанымыздан да көбірек екенін айғақтап жатыр. Пілдер қайғырады. Дельфиндер ойыннан рақаттанады. Теңіз құрттарының айрықша мінезі бар. Құзғындар басқа қарғалардың көңіл күйін сезінетінге ұқсайды. Приматтардың көбі достыққа берік. Піл не косатка сынды кейбір жануарлардың ересектері өз тәжірибесі мен жинаған білімін жастау тұқымдастарымен бөліседі. Егеуқұйрық сияқты жануарлар жанашырлық пен мейірімділік танытуға қабілетті.

Адам баласынан басқа таңғаларлықтай алуан түрлі тіршілік иелерінің арасындағы сезімталдық пен ішкі өмірдің енді байқалып жатқан көрінісі біздің ғаламшардағы басқа жаратылыс иелеріне деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертетін Коперник революциясы іспетті. Шамамен 30 жыл бұрын жануарлар санасы зерттеу нысаны ретінде танылған емес. «Жануарлар эмоциясы тек романтиктер үшін болатын», – деп еске алады Франс де Уаал. Ол – өмір бойы приматтардың мінез-құлқын зерттеген Эмори университетінің этологі. Оның айтуынша, ғалымдар кейбір тіршілік иесінің сана-сезімі бар екенін осыдан 20 жылдай бұрын ғана мойындай бастады, бірақ олардың бұл қасиеттері адамдыкімен салыстыруға келмейтіндіктен, аса маңызды емес деп есептеді.

Де Уаалдың сөзіне жүгінсек, «көптеген жануардың ішкі сезімдері тура адамның жан дүниесі секілді күрделі» екеніне қазір кейбір мінез-құлық мамандарының көздері жетті. «Бар айырмашылық біздің ішіміздегі дүниені тілмен жеткізе алатындығымызда». Егер осы жаңа түсінік кеңінен мойындалса, адамзаттың басқа тіршілік иелеріне көзқарасы мен оларға қатынасы түбегейлі қайта қаралуға тиіс. «Егер жануарлардың эмоцияларын, соның ішінде жәндіктердің сана-сезімін танысаңыз, олар моральдік тұрғыдан мәнге ие болады», – дейді де Уаал. «Олар тас секілді емес, есті жаратылыс иелері». Жануарлардың жан дүниесін түсінуге деген ғылыми ұмтылыс та даулы. Кейбір ғалымдардың пікірінше, басқа тіршілік иесінің санасын түсіну іс жүзінде мүмкін емес. «Жануардың мінез-құлқына қарап отырып, оған субъективті сезімдерді таңу ғылым емес, тек тұспал ғана», – дейді Дэвид Дж. Андэрсон. Ол – Калифорния технология­лық институтының тышқандар, жеміс шіркейлері мен медузалардағы эмоциямен байланысты мінез-құлықтарды зерттейтін нейробиологі. Адамнан басқа тіршілік иелерінің қайғыру не жаны ашу сияқты эмоцияларын зерттейтін ғалымдар өздерін зерттеу нысандарына адами қасиеттерді беруде деп айыптайтын сындарға тойтарыс берулері қажет.

Жапон макагы мопедтің айнасындағы өз бейнесіне қарап тұр. Кейбір маймылдар көрген бейнесінен өзін де, өзге маймылды да танитын сияқты. Ғалымдар жануарлардың сана-сезімін анықтау үшін «айна сынағы» аталатын тест қолданады. Адамда бұл қабілет 18 айлығында не одан кешірек дамиды. ДЖАСПЕР ДУСТ

Алясканың Тынық мұхит университетінің сегізаяқтарды зерттеуші теңіз биологі Дэвид Шиил шындыққа жету үшін жануарлар мінез-құлқы төңірегінде жасалған тұжырымдарды тексеру қажеттігін айтады. «Иттердің адамдармен ерекше байланыс орнату түсінігі айдан анық. Дегенмен ит – үй жануары. Түлкі де дәл сондай бола ала ма? Қасқырда бұндай эмоция түрі бар ма? Косатка өз үйірінің мүшелеріне осындай жақындық деңгейін сезіне ме? Дельфин бір топ балықпен не аквалангиспен дос бола ала ма? Біздің түйсіктеріміз бізді дәл осы тұста әрдайым жаңылыстырады. Адамдардың кейбірі: «Бұл өтірік, бұл не болса да, достық емес», – десе, басқалары: «Күлкілі ғой. Сіз жануарлардың жан дүниесін жоққа шығарып отырсыз», – дейді.

Егер антропоморфизация ғылыми ойлауға жасалған озбырлық деп қабылданса, мен онда оған ерік бергенім үшін кінәлімін. Мен бізге тән деп санайтын эмоциялардың алуан түрінен хабар беретін, жануарлардың мінез-құлықтарын көрсететін видеоларды көруден ләззат аламын. Қоршалған зообақтағы енеке жерде аударылып қалған тасбақаны дұрыстауға талпынса, қарлы төмпешіктен шанамен сырғанаған панда тағы сырғанау үшін жоғары шығады. Арықтың жиегінде банан аршып отырған маймыл бананы суға түсіп кеткенде бағжиып қалады. Мен бұл видеоларды ылғи да әйеліме көрсетемін де, жөнсіз жымиямын. Айналамыздағы өмірдің эмоцияға толы болуы мені шаттық сезімге бөлейді.

Ғалымдар эмоциялардың тек адамдарда ғана дамып қоймағанын мойындайды.

Шындығында, эмоциялар – жануарларды белгілі бір кейіпте әрекет етуге итермелейтін ішкі күй. Біз аштық пен шөлді эмоция деп ойламауымыз мүмкін, дегенмен олар да әрекетке итермелейтін ішкі күй. Шиил оларды бастапқы эмоциялар деп сипаттайды. «Дәрет сындырғыңыз келгенде, сенбінің жайбарақат таңы болса да, төсегіңізден тұрып, дәретханаға барасыз, себебі басқа таңдау жоқ», – деп түсіндіреді Шиил.

Қорқу сияқты негізгі эмоциялар белгілі бір әрекетке итермелейді. Махаббат пен мұң сынды эмоциялар тереңірек болып көрінгенімен, сапасы жағынан ерекшеленбейді. Шиилдің айтуынша, «Біздің дәл қазіргі барлық ғылыми және пәлсапалық жұмысымыз сіз атағалы отырған эмоциялардың кез келгені асқақ, жоғары болғанынан қарамастан, осы бастапқы эмоция негізінде қалыптасатынын көрсетеді».

Егер солай болса, бүргеден бастап, шимпанзеге дейінгі түрлі жаратылыс иелерінің бәрінде – бірінде бастапқы, басқасында жетілген эмоциялардың бар екені анық.

Шотландияның Ауылдық колледжінде жануарлар мінез-құлқын зерттеушілержарық сақиналары жарығында мегежіндерді суретке түсіруде. Бұл суреттер Батыс Англия университетінің сарапшылары әзірлеген, жануардың түріндегі білінер-білінбес өзгерісті табу алгоритмі арқылы сараланады. «Біз шошқалардың эмоциялық күйін оқитын кезеңдеміз, мұның өзі керемет жетістік», – дейді Колледж ғалымы Эмма Бакстер. ЕВГЕНИЯ АРБУГАЕВА

Құзғындар маған сенімсіздікпен қарады. Бізді бөліп тұрған тор сымға тым таяғанымда, олар әрі қарай секіріп кетті. Мен осы құстарды көру үшін сонау Құрама Штаттардан Аустрияға келдім. Себебі Вена универитетінің мінез-құлық және когнитивті биологі Томас Бугняр олардың мінез-құлқы туралы ғажайып жаңалық ашты.

Ішіне құзғын кіретін қарға тұқымдастар ақылдылығымен мәлім. Ғалымдар олардың құрал қолдана алатынын, мәселені шешуге және болашаққа жоспар құруға қабілетті екенін көрсетті.

Құзғындар өз зиятының тағы бір қырын танытатын мінез-құлық – жанашырлық та көрсете алады. Бугняр бірнеше жыл бұрын өзінің докторлық жұмысы аясында құзғындардың мінез-құлқын зерттеу кезінде екі құстың төбелесінен кейін бұны көріп тұрған басқа құзғын жеңілгенді жұбатқандай кейіп танытқанын байқаған. «Екі құс төбелесті. Сосын жеңілген құзғын бірер минуттай қудаланып, ақыр аяғында ол бұрышқа тығылып, сол жерде дірілдеп отырды, – деді ол. – Ал қозып алған басқа құзғындар дауыстарын шығарып, тынышсыз­дана ұшып жүр. Сосын олардың бірі жеңілген құстың қасына келді». Достық қолдауын даусымен білдірген ол тағы да жақындай түседі. Жеңілген құзғын қашқақтаса да, жұбатушы артынан ереді. «Бірер минуттан кейін жұбатушы құзғын екінші құстың қауырсынын тарап тұрады».

Мына қой өзі танып үйренген санын таңдау үшін екі санға қарап, ойланып тұр. Қойлар мұндайға жақсы. Сондай-ақ олар түрді еске сақтай алады, бұл – өте жоғары әлеуметтік дағды. Кэмбридж университетінің ғалымы Дженни Мортон қойдың әдетте отарға бейім болғанымен, онымен жеке жұмыс істеу оңай екенін айтады. «Олар өздерінің тәрбиешісіне сенеді, – дейді ол. – Ал сенім эмоциялық зиятты қажет етеді». ЕВГЕНИЯ АРБУГАЕВА

Бугняр осындай 152 жайтты құжаттады. Ғалымдар мұндай жұбату қылығын шимпанзе мен боноболардан көрген; ал Бугнярдың зерттеуі – осы қасиетті құстардан тапқан алғашқы еңбектердің бірі.

Ғалымдар егеуқұйрықтарға эксперимент өткізу арқылы бұл құбылысты егжей-тегжейлі зерттей алды. Тель-Авив университетінің нейробиологі Инбал Бен-Ами Бартал әзірлеген экспериментте егеуқұйрық саңылаулары бар мөлдір пластик түтікке қамалады. Түтіктің сырттан ашылатын есігі бар. Зерттеушілер түтікті басқа бір еркін қозғала алатын егеуқұйрық бар торға орналастырады. Түтіктегі егеуқұйрық одан шығуға ұмтылып әлек болады. Оның қиналысын көрген екінші егеуқұйрық түтікті айнала жүгіре бастайды, түтікті тістеп көреді, оның астын қазуға да ұмтылады. Біраз уақыттан кейін еркіндікте жүрген егеуқұйрық есікті қалай ашатынын түсінеді. Бұл айланы біліп алғаннан соң ол қақпанға түскен егеуқұйрықты дереу босатады. Дегенмен бұл мінез-құлық еркіндікте жүрген егеуқұйрықтың қамаудағы егеуқұйрыққа туысқандық сезімінің болуына байланысты. Бір генетикалық түрге жататын егеуқұйрықтармен өскен еркіндікте жүрген егеуқұйрық қақпанға түскен сол түрдің егеуқұйрығына оны танымаса да, көмектеседі. Ал егер қақпандағы егеуқұйрық өзге генетикалық түрге жатса, онда еркіндікте жүрген егеуқұйрық оның мүшкіл жағдайы­­на алаңдамайды. Алайда бір генетикалық түрге жататын егеуқұйрық басқа генетикалық түрдің егеуқұйрықтарымен бірге өссе, онда ол сол өзі бірге өскен түрдің өкілдеріне, тіпті олар бөтен болғанның өзінде де көмектеседі; ал өзінің генетикалық түріне жататын егеуқұйрықтардың қайғысына немқұрайлы қарайды. «Сонда бұл биология­лық ұқсастыққа байланысты емес, – дейді маған Бен-Ами Бартал. – Бұл – жаныңыздағыларға деген қамқорлық. Мәселе отбасы­ңыздың болуында, оның өз отбасыңыз екенін түсінуде».

Вена университетінде зерттелген аустралиялық овчарка Нопфи магнитті-резонансты томография аппаратында қозғалыссыз жатуды үйренген. Иттің миын зерттеген ғалымдар оның адам миының бөліктеріне ұқсас жерлерінен белсенділік байқаған. Мақтау сөздер ит миының ләззат ортасын жандандырған. Тәрбиешілердің видеосы көрсетілгенде, мидың біреуді жақсы көру сезіміне жауап беретін бөлігінде белсенділік пайда болған. ДЖАСПЕР ДУСТ

Эмоциялық зияттың өз тұқымдастарының қиналысын сезінуді қоса алғандағы қажетті ерекшелігі – басқалардың көңіл күйін сезіне білу қабілеті. Желді күннің таңында Англияның бір ауылдық жеріндегі батпақты алаңның шетінде тұрған маған психолог Лиан Прупс жылқыда бұндай қабілет бар-жоғын қалай тексеріп жатқанын көрсетті.

Портсмут университетінің ғалымы Прупстың өз зерттеу нысанын жақсы көретіні көрініп тұр. Мен жылқыны көріп, сүйкімділігін сөз еткен сайын, Прупс жүзі жадырап, жанары жылу шашып, әрдайым «Өте сүйкімді!» – деп жауап беретін.

Біз шарбаққа екі тақтай сүйеп қойдық. Тақтайлардың бетінде жылқы басының табиғи көлемдегі суреті берілген. Бірінде құлағы тік, танауы мен ерні салбыраған, көзі жайбарақат, яғни бәріне риза жылқының бейнесі, екіншісінде көзі айбат шеккен, құлағын жымқырған, танауы делдиген жылқының суреті берілген.

Жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарлама студенті жұмсақ әрі жалтыраған жалы бар ақ боз теңбіл жылқыны алып шықты. Ол суреттерге бірнеше минут қарап тұрды да, риза жылқының суретіне жақындап, оны танауымен сүйкеп шықты. Прупс пен оның әріптестері мен көрген осы тестке ұқсас сынақтан 48 жылқыны өткізген. Ашулы жылқының суреті көрсетілгенде, олар одан әрдайым қашқақтаған. Бұл жылқылардың өздері бұрын көрмеген жылқының эмоциялық күйін тани алатындығына ғалымдардың көзін жеткізді.

Германиядағы Лейпциг зообағында Макс Планк институтының ғалымдары зерттеп жатқан Чанга атты шимпанзе термо­камераны тексеруде. Адам күйзеліске ұшырағанда, оның мұрны салқындай түседі. Бұндай құбылысты ғалымдар шимпанзелердің төбелестері түсірілген таспаны тыңдаған және видеосын көрген шимпанзелерден де байқаған. Өздері танитын адамның жарақаттанғанын көру де оларға сондай әсер берген, яғни екі жағдайда да шимпанзелердің жаны ашыған.
СЕБАСТЬЯН ШЮТ ЖӘНЕ ЙОХАННА ЭКЕРТ, МАКС ПЛАНК ҚОҒАМЫНЫҢ ЭВОЛЮЦИЯЛЫҚ АНТРОПОЛоГИЯ ИНСТИТУТЫ

Прупстың жүргізген басқа бір зерттеуі аясында жылқыға жымиып не ашуланып тұрған адамның суреті көрсетілген. Сурет таңертең көрсетілген. Ал түстен кейін суреттегі, не тіпті басқа адам жылқының алдына келіп, бейтарап кейіп танытып отырады. Егер жылқы адамның ашулы түрі бейнеленген суретті көрген болса, ол адамды түстен кейін көргенде, күйзеліс белгілерін көрсеткен. Ал егер жылқы риза адамның суретін көрген болса немесе келген адам басқа біреу болса, ол көбінесе жағымды не бейтарап кейіп танытқан. Бұл зерттеу де 48 жылқыға жүргізілген. Оның тұжырымы жылқының тек өз тұқымдастарының емес, адамдардың да эмоциялық жағдайын тани алатын айрықша қабілеті бар дегенді болжайды. Бұндай мінез-құлық тану мен есте сақтау қабілеттерінің аса дамығандығын білдіреді. «Оларға суреттен кәдімгі адамға көшу керек болды. Белгілі бір адамды және белгілі бір эмоцияны естерінде сақтаулары қажет болды», – дейді Прупс.

«Бұл керемет!» – дедім мен. «Иә, рас, – деді ол күлімдеп. – Шынымен де керемет».

Құзғындардың когнитивті қабілеттері керемет. Олардың ұшқыр жады белгілі бір адамның мейірімді не мейірімсіз екенін еске түсіре алады. Төбелесте жеңілген құзғынды жұбату секілді күрделі эмоциялық қабілет көрсетеді әрі өздерінің әлеуметтік рөлдеріне берік болады. Сонымен қатар олар басқа құстардың не білетінін бағалай алатынға ұқсайды, бұл – түсіну қабілетінің аса жоғары деңгейі. ТИМ ФЛАЧ

Кейде Чарли ұйықтап жатып қыңсылайды, селк етеді. Оны тыныштандыру үшін басынан сипаймын. Ал оның қандай түс көріп жатқаны маған жұмбақ. Жануарлардың басында не болып жатқанын білгісі келетін жалғыз мен емес.

Чикагода тұратын логопед Кристина Хангер төрт жыл бұрын үйіне күшік әкелгенде, оның да арманы сол еді. Тілінде кідіріс бар балалармен жұмыс істейтін Хангер өз жұмысында коммуникациялық құрылғы – алдын ала жазылған сөздерді дыбыстайтын батырмалары бар тақтаны қолданады. Ол көк хилер мен катахула тұқымдарының шатысынан туған өзінің иті Стеллаға «су», «ойнау», «дала» сияқты сөздердің батырмаларын басуды үйретіп көргісі келді. Стелла бұны тез арада үйреніп алып, шамамен бір айдан кейін өз қажеттілігін білдіру үшін батырмаларды қолдана бастады. Бір күні Хангер үй өсімдіктерін суарып жүргенде, Стелла басқа бөлмеге жүгіріп барып, «су» сөзінің батырмасын басады да, қайтып келіп, Хангерге қарауын әрі қарай жалғастырады.

«Оның су ішетін ыдысы толы болатын. Ол су ішкен жоқ. Жай ғана сөзді жаңаша қолданды», – дейді Хангер. Осылайша, Стелла өзінің не көргенін көрсетті.

Хангер оған тағы да ондаған сөз таныстырады, оның арасында «көмек», «сау бол», «жоқ» және «сені жақсы көремін» сияқты сөздер бар. Кештердің бірінде Стелла маңызды бірдеңе айтқысы келді. «Ол «тамақ» батырмасына барып, оны басты, сосын бөлменің мына жағына өтіп, «жоқ» батырмасын басты, – деп есіне алады Хангер. – Осылайша, екі сөзді қоса отырып, ол бізге кешкі ас ішпегенін айтты».

Хангер Стелланың бірнеше сөзді бірден қолдануын жеңілдету үшін барлық 48 батырманы бір жерге жинайды. Бұл қарым-қатынасқа ерекше серпін берді. «Стелла күн сайын, тіпті күніне бірнеше рет жаңа хабар беру үшін сөздерді біріктіре бастады. Тіпті мен үйретпеген мәлімдемелер жасады және олар тура сол уақытта айналада болып жатқан жағдайлармен байланысты болды», – дейді Хангер. Ол бұл тәжірибесімен өзінің «Стелла сөйлеуді қалайша үйренді?» бестселлер кітабында бөлісті.

Осы өткен көктемнің бір күнінде Хангер телефон арқылы сөйлесіп тұрғанда, Стелла оның назарын өзіне аударғысы келді. Ол алдымен «қара», «кел», сосын «ойын» батырмаларын басты. Хангер қолы босамай жатқандықтан, Стелла жеткізгісі келген хабарының әртүрлі нұсқасын, оның арасында «Келеді. Ойнау. Дала» деген нұсқасын да басып, талпынысын тоқтатпады. Ақыр аяғында әбден ренжіген ол «жақсы көремін» батырмасын, одан кейін бірден «жоқ» батырмасын басты. Хангердің төбесіне тас түскендей болды. «Мен «жақсы көремін» батырмасын Стелла маған ренжігенде «жақсы көремін», сосын «жоқ» деп айту үшін енгіздім деп ешқашан ойламаппын», – дейді ол. Дегенмен оның басында осыншама ой жүріп жатқанын білу ғажап».

Кейінгі жылдары басқа да ит иелері өздерінің үй жануарларына коммуникация құрылғыларын пайдаланған. Бұл үрдіс Сан-Диегодағы Калифорния университетінің Салыстырмалы таным зертханасының когнитив ғалымы Федерико Россаноның зерттеу жұмысын бастауына түрткі болды. Бұл зерттеу аясында 3000-ға жуық ит пен мысық асыраушы сөздерді білдіру мақсатында батырмаларды қолданған өздерінің үй жануарлары туралы ақпарат берді. Россаноның айтуынша, ол иттердің үйде көрінбей кеткен отбасы мүшелері туралы сұраған сәттерін көп көрген. Олар өздерінің белгілі бір ит достарымен ойнағылары келетінін «саябақ» сөзі мен сол иттің атын біріктіру арқылы білдіреді. «Екі жануар бар үйде бірі екіншісіне адамның көмектесуін сұраған осыншама жайтты көру қайран қалдырады», – дейді ол.

Құзғын секілді, қарға тектеске жататын сауысқандар да айна сынағынан сәтті өткен. Айта кетерлігі, сынақтан сәтті өткен сүтқоректі еместер көп емес. Олар өз денесінен тек айнада көрінетін дақты байқағанда, одан дереу құтылуға тырысады. Бұл олардың өзін көріп тұрғанын түсінеді деген сөз. Құстардың миы өте кішкентай әрі ми қабығы жоқ, есесіне мұны нейрондарының жоғары тығыздығымен толықтырады. ТИМ ФЛАЧ

Теңіз сүтқоректілері туралы сөз қозғалса, жанары жарқ ете қалатын Диана Рейс 1980 жылдары өзінің ғажайып жаңалығын ашқан кезде аквариумдағы афалина дельфиндерін видеоға түсіріп жүрген болатын. Ол дельфиндердің бірінің су түбіне барып, өзінің тыныс алу жырығынан ауа сақинасын шығарғанын көрді. Бұл күміс сақина су бетіне көтеріле бастағанда, дельфин біріншісінен кішірек екінші сақинасын шығарды. Екіншісі су бетіне біріншіге қарағанда әлдеқайда жылдам көтеріліп, бірінші сақинамен қосылып үлкен сақина құрады. Дельфин осы сақинаның ішінен жүзіп өтеді. Бүгінде Хантер колледжінің когнитивтік психологі Рейс ол кезде өз көзіне сенбеген. «Бұл жануардың ойнайтын нәрсені өзі жасап алғандығын алғаш рет көруіміз», – дейді ол.

Одан кейін де Рейс пен басқалары аквариумдағы дельфиндердің сақина жасап, онымен әртүрлі амалмен ойнағандарын байқаған. Жабайы табиғатта дельфиндер бір-бірін қуалап ойнайды. Олар – бәрі білетіндей, ит пен мысықтан басқа ойын ойнайтын жануарлардың көп түрінің бірі ғана. Бабуиндер сиырлардың құйрықтарын тартып, оларды ызаландырады. Таным эволюциясын зерттеумен айналысатын Ричард Бирн Африкада пілдерді зерттеу кезінде жас пілдердің гну антилопалары мен құтан секілді оларға қауіп төндірмейтін жануарларды қуатынын жиі байқаған. НоксвилдегіТеннесси университетінің этологі Гордон М. Бургхардтың айтуынша, ғалымдар бұндай ойнақы мінездің айғақтарын балықтар мен жорғалаушылардан да жинаған. Ол вьетнамдық мүк-бақаның бақашабақтарының су тоғанының түбінен шыққан ауа көпіршіктерімен су үстіне жеткенше қайта-қайта сырғанайтындарын көрген. Ғалымдардың пайымдауынша, ойынның даму себебі оның әлеуметтік топ өкілдері арасындағы байланысты нығайта алатындығында. Сондай-ақ ол жануарлардың аман қалу мүмкіндіктерін арттыратын жүгіру және секіру сияқты практикалық дағдыларын ұштауға көмектеседі. Бұл ойынның неліктен шыққандығын түсіндіреді. Дегенмен жануарларды ойынға қатысуға не итермелейді? Шотландиядағы Сент-Эндрюс университетінің биологі Винсент Джаниктің сөзіне жүгінсек, бұл сұрақтың шындыққа жанасатын жауабы – жануарлардың қуанышқа ұмтылуында. «Жануар жалпы бір нәрсені неліктен жасайды? Ол оны жасағысы келгендіктен жасайды», – дейді ол. Дәл сол мезетте ойынның жануарға басқа пайдасы болмаған жағдайда, ол жануар­лардың ішкі дүниесін байыта отырып, оларды рақат сезімге бөлейтінге ұқсайды.

Тель-Авив университетінің нейробиологі Инбал Бен-Ами Бартал: «Егеуқұйрықтар қайғыға ортақтасудың бастапқы белгілерін көрсетеді», дейді. Ол өз зерттеуінде кеміргіштер құбырға тұрып қалған егеуқұйрықты құтқара ма, жоқ па, білгісі келді. Зерттеу кеміргіштер тек өз әлеуметтік тобына жататын тұқымдастарына көмектесетінін көрсетті. Бірақ жеткіншек кеміргіштер бұлай алаламайды. ПАОЛО ВЕРЗОНЕ

Біз секілді әлеуметтік топтарда тіршілік ететін жануарлардың ішкі дүниесі қаншалықты бай? Джорджия мемлекеттік университетінің антропологі Сара Броснан капуцин маймылдарының санасына үңілу үшін эксперименттер жүргізеді. Ол мені капуциндердің алты тобы тұратын зерттеу орталығына серуенге апарды. Әр топтың далада орналасқан сым торлы қоршауы бар. Олар уақыттарының басым бөлігін сол жерде қоректенумен, не біреуге қамқоршы болумен, не ойын ойнаумен, демалумен өткізеді.

Капуциндердің мұндағы ең сүйікті асы – жүзім. Броснан капуциндердің эмоциялық өмірін зерттеу мақсатында осыны пайдаланды. Ол екі капуцинді бір-бірінен сым тор арқылы бөлініп тұрған көршілес екі бөлікке орналастырып, олармен ойын ойнады. Маймылдар жылдам үйреніп алған бұл ойында олар сыйлық алу үшін Броснанға ағаш кесегі сияқты ұсақ зат беруге тиіс. Броснан екі капуцинге де кейде қияр тілімін береді; балалар сұлы ботқасын қалай жақсы көрсе, бұлар да қиярды сол сияқты ғана ұнатады. Ал кейде Броснан бір капуцинге қияр тілімін беріп, екіншісіне жүзім берді. Үшінші жағдайда тек бір капуцин болды. Броснан бұл жалғыз капуцинге қияр берді және оған қияр берген сайын, бос тордың ішіне жүзім лақтырып отырды.

Жапонияның Хамада қаласындағы аквариумда белуха көпіршік сақина шығаруда. Белухалардың ойынпаз екені белгілі. Олар тыныс алу жырықтарымен және ауыздарымен әртүрлі көпіршіктер шығарып, өздеріне ойыншық жасап алады. Біреуі көпіршік жасай бас­таса, қалғандары қосыла кетеді. Ойын әлеуметтік байланыс орнату мен дағдыларды үйрену қажеттілігінен пайда болуы мүмкін, алайда ғалымдар жануарлар да көңіл көтергенді жақсы көреді деп есептейді. ХИРОЯ МИНАКУЧИ, MINDEN PICTURES

Маймылдың екеуі де қияр тілімін алғанда, еш наразылық білдірмей жеді. Ал маймылдың біріне жүзім, екіншісіне тек қияр берген сайын оның ренжігені байқалды. Ол қиярды тастай салған не Броснанға қарай лақтырған. Бұндай әділетсіздік не теңсіздікке маймылдың көне алмайтындығы анық көрінді. Ал тек бір маймыл қатысқан сынақта маймыл көрші тордағы жиналып қалған жүзімді көріп, басында қияр жеуден бас тартқаны­мен, біраз уақыттан кейін қиярды жеуін жалғастырған. «Яғни маймылдар бұндай қарама-қайшылыққа көне алғанымен, теңсіздікке көне алмайды», – дейді Броснан. Бұл зерттеу әділдікті күту және ол орнамаған жағдайда, өкпелеу тек адамзатқа ғана тән емес деген ой тұжырымдайды.

Аних есімді орангу­танг өзіне көптен қамқор болған Борнео Орангутан­тарды құтқару қорының қызметкері Сяхрулға қолын созуда. Фотографтың айтуынша, Аних батпақты тоғанда жүрген Сяхрулға қарап тұрып, ақыр соңында оған көмек қолын созған. Бұл сурет кең таралып кетеді. Дегенмен қор өкілдері жануар мінез-құлқына адами сипат беруден тартыну қажеттігін ескертеді. Олардың ойынша, Аних тамақ сұраған болуы мүмкін. АНИЛ Т. ПРАБХАКАР

Кейбір приматтардың алғыр болуы соншалық, олар тіпті әзілді түсінеді. Шимпанзе мен басқа да жоғары приматтар әдетте ойын ойнағанда күледі деген оймен көп ғалым келіседі.

Тағы бір мысалды Портсмут университетінің психологі Марина Давила-Росстан естідім. Ол маған өзінің Германиядағы жануарлар бағында түсірген видеосын көрсетті. Онда Пия атты жас шимпанзе ойнағысы келіп, әкесінің шашын тартады. Әкесінен еш жауап болмаған соң, Пия жерге жата қалады. Көп ұзамай, Пия өзінен-өзі жымияды. Сосын ол күлкілі мультфильм көріп отырған бала сынды басын шалқайтып, қолын көзіне қойып, ішегі қатып күледі.

Канар аралдары маңында қысқа жүзбеқанатты гринда баласының өлігін түртпектеп жүр. Мұндай мінез-құлық косаткаларда да кездеседі. Жануарлар қайғыра алады деп есептейтін ғалымдар көбеюде. Шриланкалық теңіз биологі және National Geographic зерттеушісі Аша де Вос қысқа жүзбеқанатты гриндалар үйірімен тіршілік ететінін айтады. «Қайғыру – өмір бойы қалыптасатын мықты әлеуметтік байланыстың көрінісі», – дейді ол. ДЖОРДИ ЧИАС, NATURE PICTURE КІТАПХАНАСЫ

Давила-Росстың бұл жағдайға берген түсініктемесі оның жақында шыққан ғылыми мақаласына енді. Оның пікірінше, Пия өзінің әкесімен ойнаған сәттерін есіне түсіріп, күлуі мүмкін. Әлбетте, бұл болжалды дәлелдеу мүмкін емес, дегенмен Пияның бойын кенеттен билеген шаттық сезім оның жады мен эмоцияларының өзара әрекеттесетінін білдіреді. Ал бұл жануарларың біз ойлағаннан анағұрлым күрделі ішкі дүниесі бар екендігін топшылайды. Бұл видеоны көріп отырып мен бірден еріксіз күлдім. Іштей видеоны әйеліме көрсету керек деп түйіп қойдым.


Жазушы, National Geographic-ке үлес қосушы Юдхижит Бхаттачарджидің Чарлиді асырағанға дейін тасбақасы, бір-екі тотықұсы және Лассо атты доберманы болған.

Бұл мақала журналымыздың 2022 жылғы қазан айындағы санында жарық көрген.