Ұлттық музейде KAZMEDIA HOLDING ұйымдастырған National Geographic #PhotoArk көрмесіне мектеп оқушыларының қызығушылығы зор. Сынып болып ұйымдасып немесе ата-аналарымен де келіп жатқандар көп. Кеше музейге Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен басқа да жасөпірім жеткіншектердің ұйымдасқан түрде келгенін көрдік. Өкінішке қарай суретке түсіріп үлгермей қалдық. Ал мына суреттегі оқушылар №71 мектептің 8 «Ә» сыныбынан екен. «Көрме ұнады, керемет!» дейді олар бір ауыздан.
Еске сала кетейік, Қазақстанда алғаш рет ұсынылған National Geographic PhotoArk көрмесі қарашаның 11-і күні ресми ашылған болатын. Көрменің аяқталуына 2 күн қалды.
Көрме жан-жануардың барлық түрін фотоқұжаттаумен айналысатын National Geographic зерттеушісі әрі фотограф Джоул Сарторидың хайуанаттар бағында, аквариумдарда және жабайы табиғат қорықтарында түсірген жұмыстарын көрсетеді.
National Geographic Photo Ark, бұл – сиреп бара жатқан түрлерді тым кеш болып қалмай тұрғанда фотоға түсіруді мақсат еткен, тайға таңба басқандай айғақты әрі көрнекі жоба. Мұндағы суреттер жай ғана фото емес, жер бетінен мүлдем жойылып кетудің алдында тұрған тіршілік иесінің ғажайып сұлу бейнесін, тіпті көңіл күйі мен жан дүниесін паш ететін портреттер. Оның әрқайсысы да сізді бей-жай қалдырмайды. Тамсандырады, таңдандырады әрі ойлантады.
Сондықтан жоба келешек ұрпақтың танып-білуі үшін архивтік жазбалар жасаумен қатар, оларды сақтау жолындағы платформа болуды көздейді әрі жан-жануарларды қорғаумен айналысатын адамдар мен ұйымдарды да таныстырады.
Сарторидың бағалауынша, толық аяқталған National Geographic Photo Ark құстарды, балықтар мен сүтқоректілерді, бауырымен жорғалаушыларды, қосмекенділер мен омыртқасыздарды қоса алғанда, 20 000 түрдің портретін қамтитын болады.
Биологиялық әралуандықтың студиялық сападағы бірыңғай ірі архивіне айналатын National Geographic Photo Ark жобасы адам қамқорлығындағы әрбір түрді фотоқұжаттау жөніндегі мақсатына көбіне-көп Сарторидың әлемнің көптеген хайуанат бақтарымен, аквариумдарымен және қорықтарымен тығыз қарым-қатынаста болуының арқасында ілгерілеп келеді.