2Жел

KazGUU-мен меморандум жасалды

National Geographic Qazaqstan журналы мен М.Нәрікбаев атындағы KazGUU университеті өзара әріптестік байланыстар орнатып, ғылыми-практикалық тәжірибе және білім алмасу, кәсіби біліктілікті арттыру бағытында бірлескен жұмыстар жүргізуге ниетті.

Соған орай, бүгін KazGUU қабырғасында университеттің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев пен журналдың бас редакторы, KAZMEDIA HOLDING ЖШС бас директоры Еркін Жақыповтың қатысуымен кездесу өтті. Оған оқу ордасының студенттері мен оқытушылары да қатысты.

Кездесу барысында KazGUU тарапы жаңадан қолға алып жатқан маңызды бастама – Animal Law жобасын таныстырды. Т.Нәрікбаевтың айтып өткеніндей, бұл жоба біздің еліміздегі жан-жануарлардың заңнамалық тұрғыдан қорғалу деңгейін сараптауға, оларды қатыгездіктен қорғауға, қоғамда ізгілікті ұстаным қалыптастыруға бағытталған және оқу-әдістемелік, практикалық көмек, консультативтік кеңестер көрсетуді мақсат еткен.

– Осы орайда біз көпшілігіміз жақсы көріп оқитын National Geographic журналымен өзара ынтымақтастық орнатуға қуаныштымыз, – деп атап көрсетті Т.Нәрікбаев.

Ал әділдіктің бастауы – әділ соттың болашақ қызметкерлерінің білімі мен біліктілігі университет қабырғасында қаланатынын еске алған Еркін Жақыпов тұмса табиғатты, тұрған жерімізді, айналадағы жан-жануарларды қорғау мәдениеті заңмен ұштасатынына тоқталды.

– Журналымыздың атауы ұлттық география болғанымен, ол әу бастан-ақ барлық саланың географиясын қамтыған. 134 жылдан астам тарихында жаратылыстанудан бастап, ғарышты зерттеуге дейінгі барлық тақырыпта сапалы контент ұсынып келеді. Сондықтан сіздердің Animal Law сынды бастамаларыңыз біздің мақсаттарымызбен де үндеседі, – деді Е. Жақыпов.

Іс-шара барысында  KAZMEDIA HOLDING басқарушы директоры Қанат Абашов студенттер мен оқытушыларға National Geographic журналының тарихы мен мақсат-міндеттері туралы кеңінен таныстырса, Animal Law жобасы жөнінде осы университеттің зерттеу жұмыстары бойынша ассистент-докторанты Нүркен Айменов егжей-тегжейлі баяндады. Кездесу соңында Еркін Жақыпов пен Талғат Нәрікбаев KAZMEDIA HOLDING ЖШС мен М.Нәрікбаев атындағы KazGUU университетінің арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында білім мен біліктілікті арттыру бағытындағы практикалық дәрістер мен түрлі оқу-ағарту және танымдық, консультативтік жобаларды бірлесіп атқару көзделіп отыр.