1Дек

АҚШ елшісі National Geographic Photo Ark көрмесін тамашалады

National Geographic Qazaqstan/  – Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм желтоқсанның 1-і күні Ұлттық музейде KAZMEDIA HOLDING ЖШС бас директоры әрі National Geographic Qazaqstan журналының бас редакторы Еркін Жақыповпен кездесті.

Жақында ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын тапсырып, қызметіне енді ғана ресми кірісіп жатқан Дэниел Розенблюм Ұлттық музейдегі National Geographic Photo Ark көрмесін арнайы көруге келген.  

Елші кездесу барысында National Geographic журналының таралымына, аудиториясы мен контентіне қатысты өзін қызықтырған сауалдарын қойды.  Журнал туралы кеңірек әңгімелеген Еркін Жақыпов басылымды қазақ тілінде шығарудағы негізгі мақсат әлемдік деңгейдегі жоғары сапалы ғылыми-танымдық контентті еліміздегі аудиторияға, соның ішінде мектеп оқушылары мен ұстаздарына, студенттер мен жалпы көпшілікке қолжетімді ету, сол арқылы ауыл мен қала мектептері арасындағы білім деңгейіндегі теңсіздікті жою ісіне үлес қосу екенін жеткізді.

Осы мақсатта журнал елдегі 7 мыңдай мектептің қазіргі кезде жартысына жуығын жазылыммен қамтып отырғанын айтып өтті.

Осы дерекке ерекше назар аударған Елші Дэниел Розенблюм әлемдік деңгейдегі басылымның қазақ тілінде жарық көріп жатқанына ризашылық білдірді.

Е.Жақыпов KAZMEDIA HOLDING компаниясы National Geographic журналын қазақ тілінде шығарумен қатар, оқу-ағарту, танымдық көрмелер өткізу бағытында да «Алыс та, жақын Америка», «Тамақ тарихы» сынды бірқатар жобаларды іске асырғанына тоқталды. Соның бірі – қарашаның 11-інде Ұлттық музейде ашылған Джоул Сарторидің National Geographic Photo Ark көрмесі. Қазақстанда тұңғыш рет ашылып отырған бұл көрмеге Елші айрықша қызығушылық танытып, ұйымдастыру-өткізу жұмыстарының егжей-тегжейіне қанықты. Сондай-ақ бастан-аяқ асықпай аралап, естелік суретке де түсті.

Фото: Ерболат Шадрахов, National Geographic Qazaqstan