Маңғыстау облысындағы Қаракөл көлінде аққу өлекселері табылды. Бұл туралы сол өңірдегі блогер Азамат Сәрсенбаев хабарлады.
Блогер әлеуметтік желідегі парақшасында Ақтаудан 10 шақырымдық жердегі Қаракөлдің жағасында өліп жатқан аққулардың видеосын жариялап: «Аққу өмірде бір-ақ рет қана жұптасады, ал серігі өліп қалған жағдайда, жалғыз аққу сағыныштан құса болып өледі деген пайым бар. Егер осы қисынға жүгінсек, онда осы қыста Маңғыстау облысында тым көп аққудың жүрегі жараланды», – деп жазды.
Осы мәселені назарға алған Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәлімдеуінше, қазір территориялық инспекция тексеру жұмыстарын жүргізуге кіріскен.
Құстар өлімінің себебін анықтау мақсатында оқиға орнына Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының өкілдері, сонымен қатар Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы, Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы, Ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлері, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС экологтары барды.
«Аумақты тексеру барысында мамандар 10 аққудың өлексесін тапты. Алдын ала болжам бойынша, олар қыстан аман қалу үшін жеткілікті май жинап үлгермеген 1 жылдық құстар. Аққулар өлімінің тағы бір себебі күннің суытуымен де байланысты болуы мүмкін. Маңғыстау облысында 1 желтоқсаннан бастап ауа температурасы -15°С дейін төмендеді. Каспий теңізі мен Қаракөл көлінің жағасында мұз қатқан. Есептік деректер бойынша, Қаракөл көлінде 10 000-ға дейін аққулар қыстайды.
Қазіргі таңда құс өлімінің себебін анықтау мақсатында, су мен құстардан сынамалар алынып, тексеруге жолданды», деп хабарлаған инспекция қосымша ақпарат кейінірек берілетінін айтып отыр.
Аққулар Ақтауда жыл сайын қыстайды. Махаббаттың символына айналған құс кербез қимылымен жергілікті жұртты да ерекше сүйсіндіреді. Қар сирек түсетін бұл өңір үшін аққу қыстың сәніне де айналған еді.
Автор: Нұрсұлу Мырзахметова