21Дек

«Алтын тұғырға» қонған…

Астанада ұлттық спорт түрлері бойынша «Алтын тұғыр-2022» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Көкпар, бәйге, дәстүрлі садақ ату, аударыспақ, құсбегілік, жамбы ату, теңге ілу, асық ату және тоғызқұмалақтан үздік спортшылар арнайы жүлделер мен сыйлықтарға ие болды.

Атап айтқанда,  «Үздік құсбегі» аталымының «Бүркіт» түрі бойынша – Бақдәулет Бабажан, «Ителгі» түрі бойынша – Таңат Оспанқұлов, «Қаршыға» түрі бойынша – Бексұлтан Сейітжан.

 «Үздік бәйге аты» аталымы бойынша – ат иесі  Ұлан Омаров (Талхиз атты 4 жасар байтал).

«Үздік көкпар командасы» – Ұлттық құрама.

«Үздік асық ату командасы» – Ерлер және әйелдер ұлттық құрамасы.

«Үздік жамбы ату спортшысы» – Айкөз Ерелхан.

«Үздік теңге ілу спортшысы» – Бәйдібек Сабыров.

«Үздік аударыспақ спортшысы» – 70 келі салмақ бойынша Әлем чемпионы Шыңғыс Ержанов және 90 келіден жоғары салмақ бойынша Әлем чемпионы Данияр Смайлов.

«Үздік тоғызқұмалақ спортшысы» – ерлер арасында Ғалымжан Темірбаев, әйелдер арасында Әсел Далиева.

«Үздік дәстүрлі садақ ату мергені» –  Қанат Қасымхан.

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановтың айтуынша,  18 жыл бұрын құрылған қауымдастықтың қатары бүгінде жаңа федерациялармен толығып жатыр.

‒ Бүгінде ауыл-аймақтарда мыңдаған спорт секциялары ашылып, сол жерде 300 мыңнан аса адам ұлттық спортпен айналысады. Биыл қыркүйек айына дейін қауымдастық құрамында 5 федерация болған, олар: көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату және аударыспақ. Жақында бізге тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату және құсбегілік федерациялары қосылып, барлығының саны тоғызға жетті. Мақсатымыз – ұлттық спортты бұқаралық сипаттан кәсіби деңгейге көтеру. Испанияда – коррида, Францияда – Тур де Франс, Бразилияда – карнавал, Арабияда – саятшылық сияқты спорт түрлері ұлттың салт-дәстүріне негізделген. Қазақтың спорттың ойындары да халықаралық аренада ұлттық бренд ретінде танылуға әбден лайық, ‒ дейді ол.

 «Дәстүрлі садақ ату» федерациясының вице-президенті, бас жаттықтырушы Диас Ахметов те соңғы үш жылмен салыстырғанда, садақ ату спортына келгендердің қарасы көбейіп, 50 адамнан 2 мыңға өскенін айтады.

– Барлық өңірінде садақ ату спорты жақсы дамып келе жатыр. Астанада орналасқан федерациямыздың филиалдары жер-жерде ашылды. Нәтиже де көріне бастады. Мысалы, Түркияда өткен дүниежүзілік көшпенділер ойындарында оқушым Қанат Қасымханның дәстүрлі садақ атудан күміс жүлде алып келгені біз үшін жетістік. Сонымен қатар, биыл елімізде тұңғыш рет осы спорт түрінен республикалық чемпионат өтті, ‒ дейді Диас Ахметов.

Автор: Нұрсұлу Мырзахметова, журналист

Фото: Жасұлан Жұмабеков