24Жел

Аққулардың неден өлгені анықталды

Желтоқсанның 19-ы күні «Аққулар неден өлді» деген тақырыппен ақпарат (https://nationalgeographic.kz/2022/12/19/aqqwlar-neden-oeldi/) жариялаған едік. Кейін мамандар бұл жағдайға қатты аяз себеп болуы мүмкін екенін айтты.  Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің кешегі мәлімдемесі бойынша, зерттеу нәтижесінде Қаракөл көлінен табылған өлі аққулардан құс тұмауы анықталған.

Маңғыстау облысының экология департаментінің қызметкерлері су мен топырақ сынамаларын алып, ал ветеринариялық инспекция мамандары өлген аққуларға талдау жасаған еді.

‒ Комитет шұғыл шараларды жүргізу және үй құстарының арасында инфекцияның таралуына жол бермеу үшін республикалық қордан қауіп төнген аймақтардағы барлық үй  құстарын вакцинациялау үшін 18 644 доза вакцина бөлді. Сонымен қатар, өңірге Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың мамандары жұмылдырылды», ‒ деп хабарлады Комитеттің баспасөз қызметі. 

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар құс тұмауы бойынша тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатымен шаруашылық жүргізуші субъектілер, ветеринариялық дәрігерлер, аңшылар, қорықшылар, тұрғындар және басқа да мүдделі тұлғалардың  (құстары бар) арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбек. Ал құс фабрикалары жабайы және синантропты құстарды жем-су қоймалары мен құс ұстайтын ғимараттарға жолатпау үшін  ветеринариялық іс-шараларды күшейтеді. Мәселен, жоғарыда атап өткен Қаракөл көлі – жабайы құстардың ұшар жолындағы тұрақтайтын аумақтарының бірі. Атап өту керек, есептік деректер бойынша бұл көлге 10 мыңнан астам аққу қыстайды.

‒ Ветеринария мамандары көлге барып, аққудың өлексесімен бірге, аурып тұрған аққудан сынама мен қан алып, Астанадағы ұлттық референдалық зертхана орталығына желтоқсанның 21-і күні жіберді. 22-сінде  құс тұмауы деген қортынды шықты. Тез арада тиісті мекемелерге хабарланып, 23-і күні вакцинация жасау қолға алынды. Балапан құстың иммунитеті төмен болғандықтан, он шақтысы өлген, ‒ дейді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары Жақанбек Дуанаев.

Дегенмен, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мәлімдемесіне сүйенсек, бүгінгі таңда республикада үй құстары арасындағы құс тұмауы бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты.

Автор: Нұрсұлу Мырзахметова