Келе жатқан жаңа 2023 жыл баршаңызға құтты болсын, құрметті оқырман!
Жаңа жылмен бірге есіктен еніп, қолдарыңызға тиетін National Geographic журналы жылашар санын жылдың ғана емес, жаһанның жүгін арқалаған айтулы тақырыптарға арнағанын құлаққағыс қылғым келеді.
Соның бірі һәм бірегейі – ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ мәселесі.
Мына дүниеден мәңгілік өмірдің кілтін іздеген, ұзақ жасаудың құпиясын табуға ұмтылған қанша адам өткенін тап басып айту қиын, әрине. Бірақ сол ізденіс ешқашан үзілген жоқ, қайта бүгінгі технологиялардың арқасында қартаюды жасуша, ДНҚ деңгейінде тежеу мүмкіндіктерін қарастырып жатқан іргелі зерттеулерге ұласып отыр.
Бұл бағыттағы мақаланы оқи отырып, ғалымдарымыз әне-міне ұзақ өмірдің кілтін тауып, құпиясын ашатындай елеңдейтініміз де шындық. Өйткені ұзақ өмір сүрудің орташа межесі бүгінде 70 жастан жоғары көтерілді.
Жүз жасаған, жүзден асқан адамдар алыста емес, өз елімізде де баршылық. Журналымыздың мұқабасына фотосы басылған, 1 жастағы шөпшегін алдына алған 100 жастағы Бәтима әжей екі ғасырдың куәсі болып отыр. Осы әжеміз туралы материал да оқырманымыз үшін қызықты боларына сенімдіміз.
Ендеше, құрметті оқырман, биыл да бізбен бірге болыңыз!
Ғалам сырына National Geographic-пен бірге үңіліп, жүз жасаңыз!