«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы еліміздің мектеп кітапханаларын мемлекеттік тілдегі ғылыми-танымдық контентпен қамтамасыз ету ісіне айрықша ден қойып отыр. Осы мақсатты көздеген компания ақпанның 7-сі күні Қызылорда қаласында National Geographic редакциясымен бірлесіп, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының 900-ден аса мектебін журналымызға жаздырып беру жобасын бастады.
«Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың интеллектуал ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға септігін тигізеді. Біз танымал ғылыми-танымдық және техникалық журналдарды оқу мәдениетін қайта жаңғырту осы бағыттағы маңызды қадам болатынына сенімдіміз», – деді ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев №264 мектепте өткен жобаның тұсаукесер рәсімінде. Оның атап өткеніндей, таңдау National Geographic-ке кездейсоқ түскен жоқ. Өйткені журнал әлемде 38 тілінде жарық көреді, ал жоғары сапалы контентін әзірлеуге дүниежүзінің әр тарапынан 3000-нан аса зерттеуші атсалысады. Бұл журналдың география ғана емес, тарих, биология, антропология, ғарыш және медицина мәселелерін де егжей-тегжейлі жазып-көрсетуіне мүмкіндік береді әрі оқырманның экологиялық таным-түсінігін кеңейтеді. Соңғысы қоршаған ортаның қауіпсіздігін ең маңызды құндылықтардың бірі санайтын компанияның саясатымен де үндесіп жатыр.
М.Мырзағалиев сондай-ақ National Geographic редакциясының жаратылыстану ғылымдарын көпшілікке танытумен қатар, мемлекеттік тілде сапалы контент ұсынудағы маңызды рөлін де атап көрсетті.
Іс-шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және National Geographic Qazaqstan журналының бас редакторы Еркін Жақыпов, қала мектептерінің география мұғалімдері, орта және жоғарғы сынып оқушылары қатысты. Соған орай, Қызылорда облысы мектептеріне арналған жызылым сертификаты жаратылыстану пәні бойынша мектеп олимпиадаларының жүлдегері, №264 мектептің 9-сынып оқушысы Санжар Сұлтанбекке тапсырылды.
Ал іс-шара аяқталған соң National Geographic өкілдері жергілікті мектеп мұғалімдеріне әлемдік журналдың оқу-ағарту бағытындағы онлайн және офлайн ресурстарын сабаққа қосымша материал ретінде қолдану мүмкіндіктерін таныстырып, арнайы семинар-тренинг өткізді.