12Там

АДАМЗАТ ТАРИХЫНДАҒЫ АЛЫП ЖАНУАР  КӨК КИТ ҚАНА МА?

Жер қойынында 37 миллион жыл бойы жатқан қазбаны аршып алған ғалымдар оны әуелде қойтас деп ойлады. Дегенмен ол қайсыбір дәуірде өмір сүрген ең алып тіршілік иесіне тиесілі болуы мүмкін еді.

Өзінің тіршілік ету аумағында бейнеленген ежелгі Perucetus colossus киті.
 Иллютрация:  Альберто Дженнари

Ұзындығы 100 футтан, салмағы 200 тоннадан асатын көк кит көптеген жыл бойы мұхитта тіршілік етушілер арасында тарихтағы ең алып жануар ретінде саналып келді. Дегенмен жуырда палеонтологтер көне Перу жағалауында осыдан 37 миллион жыл бұрын өмір сүрген болуы мүмкін, дене тұрқы кішірек, алайда салмағы артық болмаса, кем түспейтін киттұқымдасты  тапты.

Пиза университетінің  палеонтологі Джовани Бьянуччи мен оның әріптестері  Perucetus colossus  деп атаған бұл тіршілік иесінің салмағы 300 тоннадан асады. Салмағы 60 футтан жоғары кит тұқымдас туралы Nature журналы жазды.

Осыдан 13 жыл бұрын Сан-Маркос Ұлттық университетінің палеонтологі мен зерттеу тобының мүшесі Марио Урбина Перудің оңтүстүгіндегі Ика алқабының жартастары арасынан тас болып қалған қаңқа тауып алды. Алғашында бұл олжа ғалымдарға сүреңсіз көрінді, қатып қалған  ірі сүйектер қаңқадан гөрі қойтасқа көбірек ұқсайтын.   

Perucetus colossusтың реконструкция жасалған дене пішімі.   Қалпына келтірілген сүйектер қызылмен боялған. 
Иллюстрация: Джованни Бьянуччи

«Табылған заттың пішіні түсініксіз болғандықтан, бастапқыда оған мұның тау жынысы емес, тасқа айналған қалдық екеніне топ мүшелерінің көзін жеткізу керек болды», – дейді зерттеу жұмысы авторларының бірі және Германиядағы Штутгарт атындағы табиғат тарихы музейінің палеонтологі Эли Амсон. Ғалымдар қазып алынған заттың бойындағы және табылған жердегі сызықтарды мұқият тексере келе, мұның тасқа айналған сүйек екенін анықтады. Содан кейінгі 10 жылды далалық зерттеу топтары Perucetus-ты   тастан ажыратып алуға жұмсады.  

Ика алқабынан аршып алынған қаңқа барлығы 13 омыртқа, 4 қабырға және жамбас сүйегінен тұрады. Сүйек анатомиясына және ол Оңтүстік Америка жағалауларын мекен еткен кезеңдерге талдау жасай келе, ұзын тұмсықты, өткір тісті кит тұқымдас, соның ішінде Basilosaurus тобына өте жақын туысекені анықталды. Perucetus-тың сүйектерін өзге киттердің тірі үлгісі және қатып қалған қаңқаларымен салыстыра келе, Амсон мен оның әріптестері мұхит алыбының өлшемін жасап шықты. Percetus басқа тұқымдастарындай ұзын болмағанымен, салмағы ауыр болғанға ұқсайды. Оның қаңқасын қалпына келтіру барысында пахиостеосклероздың айқын белгілері байқалды. Ірі және тығыз сүйектер ламантиндер  мен өзге де ежелгі кит тұқымдарына тән. Осы сүйектерінің арқасында  сүтқоректі  су астында еркін жүзе алады және су бетіне шыққанда аса ауырлық сезінбейді.

«Денесінің тым тығыздығы оның тереңге еркін бойлайтынын және әрі қарай жүзуге тым көп қуат жұмсайтынын білдіреді», – дейді Амсон. Салмағы зор сүйекті көтеріп тұру үшін сүтқоректілер бұлшықет пен майлардан тұратын күшті тіндерін пайдаланады. Соның арқасында судың бетіне шыққанда не  түбіне тереңдеген кезінде артық күш жұмсамастан еркін жүзе алады. Киттің салмағын 93 пен 370 тонна аралығында деп бағалаған ғалым Эли Амсон: «Біз Perucetus-тың салмағының жалпы көлемін анықтау үшін оның қаңқа тіндерін теңіз сүтқоректілердің бізге белгілі және қазірге дейін өмір сүріп келе жатқан түрлерінің тінімен салыстыра   отырып, есептеп шықтық», – деп түсіндірді.

Perucetus colossus-ты  Перудің оңтүстігінен Лимадағы жаратылыстану тарихы музейіне көшіру сәті. Фото: Джованни Бьянуччи

Perucetus-тің салмағы ғалымдар есептеген санатта жоғарғысына жақын, яғни 370 тонна аралығында болса, бұл оның тіршілік пайда болғаннан бергі ең алып жануар екеніне дәлел бола алады.

ДӘЙЕККЕ АЙНАЛҒАН ДЕРЕКТЕР

Ежелгі киттің қаншалықты алып болғанын дәлелдеу үшін қазып алынған материалды түгендеу қажеттілігі туындады. «Біздің қолымызға тиген үлгінің жоғарғы қаңқа бөлігі жоқ еді.  Сүйек толық болмағандықтан, оның салмағын дәлме-дәл өлшеп шығуда тығырыққа  тірелдік», – дейді зерттеуге кейін араласқан ғалым, Ұлттық жаратылыстану тарихы музейінің қызметкері, киттерді зерттеуші  Николас Пайенсон.  

Сонымен қатар Perucetus сияқты жер бетінен жойылып кеткен киттердің  қазіргі заман киттеріне қарағанда дене пропорциясында айтарлықтай айырмашылық бар. Бұл да өз кезегінде салмақ өлшемін дәл табуда қиындық туғызды. Пайенсонның пайымдауы бойынша ежелгі киттердің ұзындығына қарай есептегенде салмағы  жеңілірек болуы да мүмкін. Ол «менің ойымша, 300 тоннадан жоғары деген есеп шындықтан алыс сияқты. Тіпті оның 60–80 тонна аралығындағы ең төменгі көрсеткіші де асыра бағаланып жібергендей көрінеді» деген күмәнін жайып салды.

Perucetus көк киттен ауыр болмаған күнде де, өз заманында нағыз мұхит еркесі, алып жануар болғаны күмән тудырмайды.  «Бұл тіршілік иесі өте алып болғаны анық. Оның тіршілік дағдысы біршама өзгеше болғанымен, денесі  қазіргі көк киттердің денесіне қатты ұқсайды», – дейді Лондонның жаратылыс тарихы музейінің киттерді зерттеуші ғалымы Трэвис Парк. Алайда ол дәл осы зерттеуге қатыспағанын айта кетейік.

Ғалымдар осы уақытқа дейін киттердің алыпқа айналу эволюциясы шамамен 5 миллион жыл бұрын, мұхиттағы циркуляцияның өзгеруі сансыз көп планктондармен қоректенуге мүмкіндік берген кезден басталды деген тұжырымға сүйеніп келді. Бірақ Perucetus  киттердің әлдеқайда ірі азық, мысалы балық аулап жейтін белсенді жыртқыш түріне  жатады.

«Perucetus өзінің алып денесіне қажетті қоректі қалай тауып отырды?» деген сұраққа жауап берген Николас Пайенсон: «Бұл қаңқаға қарап, осы кезге дейін кейінгі Еоцен дәуірінде тіршілік еткен ең ежелгі киттердің салмағын дұрыс бағалай алмағанымызды түсінеміз», – деп атап өтті.

АЛЫПТЫҢ АС-АУҚАТЫ

Ғалымдар алып кит тұқымдас туралы біршама жаңалық ашқанымен Perucetus-тың қалай өмір сүргені әлі де белгісіз болып отыр. Оның ауыр салмағы үздіксіз әрі үлкен көлемде азықты қажетсінгені анық, алайда киттің немен қоректенгенін ешкім дөп басып айта алмайды. «Perucetus-тің басы қандай болғаны біз үшін жұмбақ», – дейді Амсон. 

Жануардың алып дене тұрқын негізге ала отырып, ғалымдар бірнеше жорамал жасап отыр. Эли Амсонның айтуынша, Percetus тұқымдасы базилозаврлар сияқты азығын аңдып жатып ұстаушылар санатынан емес.  Ол суда жеңіл жүзе алмағандықтан, жылдам жүзетін балықтары ұстап жеуі екіталай. Сонымен қатар  кит өсімдіктермен қоректенуі мүмкін деген жорамал да қисынға келмейді. Себебі киттердің мұндай түрі ешқашан кездескен емес.

Алып сүтқоректі мұхит түбінен ұсақ ұлу, шаян сияқты құм арасында жататын  су жәндіктерін аулап, талғажу еткен болуы мүмкін. «Басы мен тістері осы мәселені анықтауға көмектесер еді. Егер Perucetus қатты сауытты жәндіктерді жеген болса, мұны тістері мен жақ сүйектерінен байқауға болар еді», – дейді киттанушы Трэвис Парк.

Әзірге мамандар ежелгі теңіздер мен мұхиттарда жан-жануарлар немен қоректенгені туралы түрлі жорамалмен шектелуде. Мәселен Эли Ампсон Perucetus  өлекселерді жеген, яғни су түбінде жатқан ірі балықтар мен жануарлардың етін кемірген  деп топшылайды. 

Бәлкім болашақта тағы осындай ежелгі киттердің қаңқасы табылып жатса ғалымдар бұл жануар осынша алып денеге қалай ие болды деген сауалға нақты жауап тауып қалар.  Өйткені бұл осы сияқты басқа да киттер болған және олар табылуы мүмкін дегенді білдіреді. Палентологтердің мына олжасы киттер эволюциясына қатысты көптеген сұрақтың басын ашып берді. Әйтсе де, Пайенсон «шын мәнінде біз киттердің тіршілігіне қатысты көп дүниені әлі ашқан жоқпыз» деп отыр.

Авторы: Райли Бләк