16Там

Торыш алқабы

          Табиғат тылсымын қойнауына бүккен Маңғыстаудың тағы бір тамсандырар туристік орны – Торыш алқабы. Ірілі-ұсақты мыңдаған шар дархан даланың төсінде шашырай орналасқан. Мұндай тастарды облыстың басқа аймақтарынан да кездестіруге болады. Бірақ олардың ең бай шоғыры осында – Торыш алқабында.

Фото: Ерболат Шадрахов

          Диаметрі бірнеше сантиметрден 1 метрге дейін жететін геологиялық құрылымдар көбіне шар тәрізді болғанымен, саңырауқұлақ, жұмыртқа пішінді тастар да кездеседі. Әртүрлі пішімді,  әртүрлі түсті – қоңыр, сұр, ақшыл сары малтатастар мен алып қойтастар осы алқаптың әдемі пейзажын толықтырып шашылып жатыр.

          Осындай ерекшелігі мен жұмбағына қарамастан, Торыш алқабы өте аз зерттелген. Сондықтан да болар тастардың тарихы, қалай қалыптасқаны жөнінде ғалымдар әлі күнге дейін ортақ тұжырымға келген жоқ. Дегенмен, бірнеше болжам айтылып жүр.

Фото: Ерболат Шадрахов

          Құрылымдар шөгінді тау жыныстарының қабаттарынан, саз бен құмның қосындысынан тұрады және олар миллиондаған жыл бойғы эрозия мен геологиялық процестердің әсерінен сфера пішінде қалыптасқан. Мұнда тек бүтін тастар ғана емес, сынып, екіге жарылған тастар да кездеседі. Олардың ішіне назар салсақ, ортасындағы «ядросы» басқа материалдан, қабаттары басқа материалдан екенін көруге болады. Осыны негізге ала отырып, тастар кәдімгі қардан жасалатын аққаланың түзілуі секілді жолмен қалыптасқан деп болжай аламыз.

          Кей ғалымдар бұл тастарды аспан әлемінен түскен денелермен байланыстырып, осы жерге баяғыда құлаған метеориттің жарықшалары үздіксіз жел мен судың қажауынан шар формасына енген деп топшылайды.

Фото: Александр Кузнецов

          Басқа бір теория бойынша, жер қыртыстарының тектоникалық өзгерістерінен күшті электр зарядтары пайда болып, жер жыныстары балқып, түйіршіктер түзілген. Кейін оған саз бен құм жабысып, ауа райының әсерінен бүгінгі біз көріп отырған тастар қалыптасқан дейді. Геологтардың тағы бір нұсқасына сай, бұл тастар 20 миллион жыл бұрын пайда болған. Ол кезде қазіргі алқаптың орнында планктонға бай байырғы Тетис мұхиты орналасқан болатын. Сол теңіз жәндіктері шар тәрізді конкрециялардың негізі болған болуы мүмкін. Уақыт өте келе су тартылған кезде тастар құрлықта қалып, саз бен құмға оранып, шар пішініне енген.

          Әрине, бұлардан бөлек, құпияға толы Торыш тастары туралы халық арасында тараған түрлі аңыздар да бар. Біреулер жұмбақ тастарды динозаврдың жұмыртқасы дейді, алайда ғылым мұның мүмкін емес екенін шарлардың әртүрлі көлемімен түсіндіреді. Сонымен қатар, ел аузында бұл жердің байырғы тұрғындары дұға-тілегімен жауларын осындай тасқа айналдырған деген де әңгіме бар.

Фото: Александр Кузнецов

          Түрлі болжам мен аңызға арқау болған шарлар алқабының табиғи сұлулығы мен жұмбағы көптеген табиғат зерттеушілерімен қатар, отандық және шетелдік туристердің қызығушылығын тудырады. Бұл аймақ – жаяу серуендеуге, ерекше фотосессия жасауға таптырмас орын. Маңғыстаудың бірегей ландшафты мен геологиялық ғажайыптарын өз көзіңізбен көру үшін Торышқа ат басын бұрғаныңыз ләзім.