17Шіл

Жығылған мүйісі

Маңғыстаудағы ең ерекше әрі тылсымға толы жерлердің бірі – Жығылған мүйісі. Ол – түрлі пішіндегі тастармен көмкерілген алып тау сілемі. Атауының мәнін бұл жерді көзбен көргенде түсінгендей боласыз: алып тау жерге «жығылып», кейбірі үйдің көлеміндей болатын түрлі тасқа бөлшектеніп кеткен.

Фото: Фархат Қабдықайыров

          Ғалымдардың пайымдауынша, бұл құбылыс жер сілкінісінің не басқа бір табиғи апаттың салдарынан орын алған. Сондай-ақ жердің опырылуы тектоникалық плиталардың ығысуынан болған деген де болжам бар. Тіпті кейбіреулер теңіз суы сол жердің астыңғы бөлігін үздіксіз шайып отырғандықтан, қуыс пайда болып, беті опырылып түскен дегенді айтады.

Ал ел арасындағы аңыз бойынша, ертеде өмір сүрген бір пайғамбар осы тау етегіне жүйрік жылқысымен келіп, күн сайын  теңіз жа­ғасында намаз оқиған екен­. Бірақ бір күні ол намаз оқып болған соң жылқысының жоғалып кеткенін байқайды. Мұндай иесіз далада ұры-қарының жоқ екендігіне әбден көзі жеткен пайғамбар «Жылқыны жартас жұтқан болды» деген қорытындыға келеді. Ол ашуын тежей, өз бетімен қалғып­-мүлгіп тұрған тауды қарғап үлгергенше, жартастар опырылып ортасына құлаған екен.

Фото: Фархат Қабдықайыров

          Қалай пайда болғаны бізге беймәлім күйінде қалған осы «жығылған» жер – бүгінде көргеннің көзін қуантып, тылсымға жетелейтін, таңбалы тастары арқылы тарихтан сыр шертетін тамаша туристік мекен. Бұл жерге келгенде мүйістің ең биік нүктесінен төменге көз тастап, ойпаттағы сан алуан жақпар тастарды тамашалауға болады. Оларды көргенде қиялыңызға ерік берсеңіз, әртүрлі геометриялық пішіндерден бөлек, тас қамалдар, құлыптар, жануарлардың сұлбасына дейін көре аласыз. Бұл тастар көрмесі теңізге дейін 4 шақырымға созылып жатыр. Мұндай еліктірерлік көрініс – фотографтардың осы аймақтағы ең сүйікті орындарының бірі.

          Тереңдігі кей жерлерде 200 метрге дейін жететін ойпаттан арқар, қасқыр, қоян, жылан, түлкі секілді тіршілік иелерін кездестіруге болады. Алайда тірі жануарларды көрмесеңіз де қам жемеңіз, есесіне мүйіс етегіндегі жақпар тастардан азуы алты қарыс жолбарыс (махайрод), түйеқұс, ежелгі гиппарион жылқы секілді біздің заманымызға жетпей жойылып кеткен жан-жануарлар ізін тамашалай аласыз. Неоген дәуіріне жататын мұндай жануарлар Маңғыстау даласында осыдан 10-15 миллион жыл бұрын тіршілік еткен  деседі. Тастарға аңдардан басқа да бейнелер салынған.          

Жығылғанның жанында, оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 2,2 шақырым жерде осы аймақтағы ең шағын көл ؘ – Көздіқара көлі орналасқан. Оның ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке қарай 87 м, ені шығыстан батысқа қарай 54 м, теңіз деңгейінен 5,3 м биіктікте жатыр. Каспий жағалауынан көлге дейінгі қашықтық 720 м болғанымен, жерасты арналары арқылы байланысып жатыр. Саяхатшылар әдетте жүрек формасындағы осы көлдің маңайында аяқ суытады. Көктемде толып, маусым айында азаятын көл суы өте тұзды әрі тығыз, ішуге жарамсыз. Бірақ оған жақын жерден сергітерлік тұщы суы бар бұлақты кездестіре аласыз. Бұлақ маңындағы тозығы жеткен құдық пен бірнеше үңгір ертеде бұл жерде адамдар өмір сүргеніне дәлел болады.

Фото: Ерболат Шадрахов

Ақтаудан Жығылған мүйісіне жету үшін 4-5 сағат кетеді. Жол шамамен 170 шақырымды құрайды. Алайда қара жол болғандықтан жеңіл көлікпен емес, жол талғамайтын көліктермен барған дұрыс. Маңғыстау даласы жазда аптап, желі аңызақ болғандықтан бұл мекенге көктем мен күзде жолға шыққан жөн. Ойпатқа түсіп, тастарды тереңірек зерделеу үшін, теңізді қызыл шапағына бөлеп батып бара жатқан күннің әсем көрінісін тамашалау үшін, сондай-ақ ашық аспанда айқын көрінетін сан мыңдаған жұлдызға куә болу үшін Жығылғанға түнемелмен келуге кеңес береміз.