25Қаз

Ыбықты сайы

Маңғыстау облысының ғажайып табиғатының тағы бір жауһары – Ыбықты сай. Кейінгі жылдары ғана көпшілікке таныла бастаған бұл сайдың атын бұрын естімеген, көрмеген жұрт оның қандай кереметі бар екен деп елең ете қалары анық. Біріншіден, атауының өзі ерекше. Екіншіден, барып көрген адам оның тіпті Маңғыстау аумағындағы табиғат ескерткіштеріне де ұқсамайтын ерекше келбетін тамсанбай айтуы мүмкін емес.

Ыбықты сайын шынымен де табиғаттың ғажап туындысы деуге болады. Жер шарының сан алуан – асқақ таулар мен жазиралы даланың, жасыл желекті ормандар мен шөлдердің түрлі айшықты бедерін сомдаған теңдессіз шебер Ыбықты сайына келгенде айрықша зергерлік зейінін ашып, оның қабырғаларына қайталанбас өрнектерін ойып салған сияқты. Бұл сөзімізге Ыбықтының мына фотолары дәлел.

Сайдың осы сәулетінің қалай пайда болғандығына қатысты үш болжам бар. Біріншісі – осы жерлерде тоқтаусыз соғатын желдің әсері. Екіншісі –  жауын-шашын болса, үшіншісі – литосфералық плиталардың жылжуы мен жер сілкінісінің әсері.

Әлбетте, бұл сайдың қазіргі көз тартар керемет көрінісің қалыптасуына осы үш нәрсенің де ықпалы болған болуы мүмкін.  

Бұл жердің бір ғажабы – жаздың аптап ыстығы 30-40 градустың төңірегінде тұрса да, сай іші жанға жайлы қоңыр салқын күйде тұратыны.

Кейде оны Қабырға деп те аталады. Кезіндегі кеңестік карталарда солай көрсетілген де. Бірақ жергілікті жұрт негізінен Ыбықты сай деп атайды. Ал «ыбықты» деген сөздің шығу төркініне қатысты бірнеше болжам бар. Соның бірі Махмұд Қашқаридің әйгілі «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегіне сілтеп, «ыбық» сөзі көне түркі тіліндегі «ешкі», яғни тау ешкісі деген сөзді білдіруі мүмкін дейді. Бұл болжамның да жаны бар. Өйткені Ыбықтыға жақын маңда Еліктау аталатын жер бар. Демек бұл маңда кезінде тауешкі мен еліктер болғандықтан, жұрт «ыбықты», «елікті» деген атаулар қойған болуы мүмкін. Сонымен, Ыбықты сайды көрем десеңіз, Маңғыстауға келіңіз. Сай Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында, Ақтаудан солтүстік-шығысқа қарай 103 шақырым қашықта жатыр. Маңғыстау-Бейнеу теміржолынан төрт шақырым, Қараман ата жерасты мешітінен 13,5 шақырым қашықтықта орналасқан.

Фото: Ернұр Манапхан