25Қаз

Ор немесе шұңқырлар неден пайда болады?

Олар өмірге қауіп төндіретін апатқа немесе қымбатқа түсетін шығындарға әкелуі мүмкін. Сондықтан аяғымыздың астынан пайда болатын мұндай ойықтар мен шұңқырлар туралы біле жүргеніңіз жөн.

Түркияның Кониясында жерасты суларын қарқынды пайдалану жер қыртысының отыруына әкеліп, соның салдарынан 2019 жылы мынадай ор пайда болды. Жердің кенеттен осылай үлкен көлемде опырылып түсіп кетуі салыстырмалы түрде сирек.
Фото: Анил Куру, Анадолы агенттігі/ GETTY IMAGES

Жердің кенеттен опырылып, көлікті, үйді немесе бүкіл ғимаратты жұтып қоюы үрей ұшыратын сұмдықтардың бірі. Алайда сақтандыру терминологиясында ресми түрде «жер жамылғысының апатты опырылуы» деп аталатын мұндай төтенше залал іс жүзінде өте сирек кездеседі.

Өмірге қауіп төндіретін апаттан гөрі, қымбатқа түсуі мүмкін кішігірім ор түрінде болады.

Шұңқыр дегеніміз не?

Шұңқырлар, әдетте, табиғи қышқыл жаңбыр суы жерасты жыныстарын эрозияға ұшыратып, беткі қыртыстардың іргесін зақымдағанда пайда болады. Олардың түзілуі әктас пен доломит немесе тұз бен гипс сияқты евапариттер ретінде белгілі минералдардан тұратын, оңай тозатын  карбонатты жыныстары бар карсты жерлерде жиі кездеседі.

Жерасты сулары жарықтарға сіңіп, беткі қабаттың астына жиналған соң, тас пен топырақты шайып, жерасты үңгірлері мен басқа да ойықтар пайда болуына әкеледі. Топырақ бөлшектері де осы саңылауларға түсіп, шұңқырларды үлкейтіп, көбірек су жиналуын жеңілдетеді.

Шұңқырлар Алабамадағы Неверсинк (жоғарыда) шұңқыры сияқты үлкен үңгірлердің бетін ашуы немесе Бразилияның Бонитосындағы Бурако дас Арарас (төменде) сынды орасан  қалыптастыруы мүмкін.
ФОТО: ДЖОРЖ ШТЕЙНМЕЦ, NATGEO СУРЕТТЕР ЖИНАҒЫ (жоғарыда),  ALEX SABERI,NATGEO СУРЕТТЕР ЖИНАҒЫ (төменде)

Шұңқырлар  эрозиядан туындаған бос кеңістіктің үстіндегі шөгінділер беткі қабаты бұдан әрі көтере алмайтындықтан пайда болады. Жер астындағы жыныстардың бұлай тозу үрдістері мыңдаған жыл бойы жүріп жататындықтан, әдетте жоғарыдан ешқандай өзгеріс байқалмауы мүмкін. Құрғақшылық немесе қатты жаңбыр шұңқырлардың пайда болу қаупін күшейтеді. Тур сол сияқты адамдардың жерасты суларын шектен тыс тұтынуы немесе құрылыс салуы да ықтималдықты арттыра түседі.

Шұңқырлардың екі түрі бар: Баяу шөгетін шұңқырлар көп таралған. Бірақ олар санаулы сағатта пайда болады және баяуырақ өсетіндерімен бірдей іске қосылады, яғни  үңгірдің төбесі жоғарыдағы салмақты көтере алмайтындай жұқарған кезде опырылып түседі.

Шұңқырлар қандай жерде пайда болады?

АҚШ геологиялық қызметінің мәліметтері бойынша, жердің опырылып немесе ойылып қалуынан (шұңқырлар  мен орлар) Флорида, Техас, Алабама, Миссури, Кентукки, Теннесси және Пенсильвания штаттары көп жапа шеккен. Әсіресе Флорида сондай шұңқырларымен танымал, өйткені оның құмдауыт топырағы швейцариялық ірімшік тәрізді әктастың үстінде орналасқан.

АҚШ-та шұңқырлар туралы деректер базасы жоқ, сондықтан жыл сайын қанша шұңқыр пайда болатыны туралы толық есеп жасалмаған.  Бірақ Геологиялық қызмет жер қабатының осындай бұзылуынан болатын залалдың көлемі жылына шамамен 300 миллион долларды құрайды деп топшылайды. Бұл залалдың көп бөлігі жоғары жылдамдықты  автомобиль жолдары мен басқа да жолдарға, ғимараттарға тиесілі. Дегенмен бұл дауыл, торнадо, су тасқыны, жер сілкінісі мен орман өрттерін қоса алғандағы барлық табиғат апаттарынан келетін шығындарға қарағанда аз. Мұндай апаттардан жыл сайын әдетте 1 миллиард доллардан астам шығын келеді.

Мексикадағы Санта-Мария-Закатепекте 2021 жылы опырылып түскен мына шұңқырдың ені 110 метрге жуық (360 футтан асады).
ФОТО: ГЕКТОР ВИВАС, GETTY IMAGES

Флориданың Қоршаған ортаны қорғау департаменті атап өткендей, жердің опырылып түсу қаупін бағалау қиын. Өйткені жерасты қуыстарын анықтаудың жалғыз жолы – қымбат геофизикалық зерттеу немесе бұрғылау әдісін қолдану. Опырылу ықтималдығын білдіретін жарықтар мен шөгу белгілері өте сирек кездеседі.

Ор-шұңқырларымен мәлім аймақтардың қатарына Өлі теңіз (себебі тұз оңай ыдырайды) бен Мексиканың Юкатан түбегі (әктастың арқасында карсты шұңқырлары көп) жатады.

Шұңқырлардың көлемдері әртүрлі болады: олар бірнеше метрге немесе жүздеген акрға дейін созылуы мүмкін. Тереңдігі де әртүрлі: кейбірі 1 метрден аз болса, енді бірі 30 метрден асады.

Ор, шұңқырлар шұңғылдау табақ немесе опырылып түскен, тік қабырғалы бос кеңістік сияқты көрінуі мүмкін. Кейде ішіне су жиналып,  тоған не көлшікке айналуы ықтимал.

Қытайдың Сюань’энь округінде жергілікті карсты ландшафт пен ылғалды климаттың әсерінен пайда болған, тереңдігі 289 метрден асатын ор әртүрлі өсімдіктер мен жануарлар мекеніне айналған.
Фото: СОН ВЭН СИНХУА, EYEVINE/REDUX

Шұңқыр да көрнекті орын бола алады

Кейбір шұңқырлар туристік орындарға айналды. Мысалы, 2014 жылдың ақпанында Кентукки штатындағы Боулиң Грин-де Ұлттық корветт музейінде түнде жер опырылып,  классикалық көліктерді жұтып қойды.  Тура сол сәтте ғимаратта ешкім болмағанымен, оқиға қауіпсіздік камераларына түсіп қалған. Бұл жайт туризмді жандандыруға септігін тигізіп, екі жылдан кейін музей арнайы көрме ұйымдастырды.

Әлемдегі ең әйгілі үлкен шұңқыр – Қытайдағы Сяоцжай Тианкең (Xiaozhai Tiankeng). Ол әлемдегі ең терең әрі ең үлкен шұңқыр болып саналады. Оның көлденең ұзындығы 609 метрден асады және төмен қарай тереңдігі де осы шамалас. «Тианкең» сөзі «аспан шұңқыры» дегенді білдіреді. Қытай үкіметінің мәліметі бойынша, бұл шұңқырды 1000 -нан астам жануар мен өсімдік түрі мекендейді. Солардың қатарында бұлыңғыр леопард та бар.  Мұнда өңірлік туризмге ыңғайлы болу үшін шұңқыр ішіне түсіп-шығуға арналған үлкен баспалдақ салынған.

Автор: Дина Файн Марон