22Там

Шақпақ ата мешіті

Шақпақ ата – Маңғыстаудың үш жүз алпыс екі әулиесінің бірі, ал оның жерасты мешiтi – көпшілік жәрдем тілеп баратын киелі орын, тарихи сәулет үлгісі. Ол – Арал-Каспий аймағындағы қабырғалары жазумен, суреттермен айшықталған бірден-бір ескерткiш.

Фото: Ерболат Шадрахов

Шақпақ ата мешіті әктасты тау қабатын асқан шеберлікпен ойып жасалған. Бұл мешіт салынған жер сипатына, жартастағы ойықтарға қарағанда бұрын Тетис мұхитының түбі болғанға ұқсайды. Ғалымдар мешіттің салыну уақытын IX-XIV ғасыр аралығына жатқызады. Ілімі күшті әулие атанған Шақпақ атаның да нақты өмір сүрген кезеңі бізге белгісіз. Оның өмір деректері беймәлім болғанымен, өнері артында қалған жерасты мешітімен, ел аузындағы аңыз-әңгімелермен бізге жетіп отыр.

Фото: Фархат Қабдықайыров

Жартасты ойып істеген 4 бөлмеден тұратын мешіттің жасалу технологиясы өзі тектес өзге құрылыстарға ұқсамайды. Жартас ішінде жасанды үңгір етіп жасалған мешіттің ішкі бөлмелері орталық залдан әр тарапқа қарай –  солтүстік, оңтүстік, батыс, шығысқа қарай бағытталған. Мешіттің іші мен есіктері ерекше көркемделген, өрнектерді өшпейтін бояулармен бояған. Орталық зал жартас қабаттарынан ерекшеленген аркаларға ұқсатылып, үстіңгі қабаттары бар бағаналарға жалғаса сфералық күмбезбен көркемделген. Аркаларда сәндiк қолтаңбалар iзі сақталған. Күмбездің тас төбесінен құдық тәріздес етіп жарық түсетін ойық қашалған. Сыртқы бетінен жарық ойығының үстіңгі бөлігінен арка үлгісінде төрт ойығы бар шағын архитектуралық құрылыс тұрғызылған. Мешiттің негізгі кіреберісі үшбұрышты арка пішінінде болып келеді. Кіреберіс есіктің екі қапталындағы жерде көптеген жерлеу қалдықтары сақталған қуыс-ойықтар жасалған.

Фото: Фархат Қабдықайыров

Мешіттің қабырғаларында 250-ге жуық араб қарпіндегі жазба мен суреттер салынған. Жазбалардың ішінде «Пәни жаһанға үміт артпа, бұл – өткінші жаһан. Мал менен шенге көңіліңді берме, ол да өткінші…» деп басталатын өмірдің баянсыздығы мен қысқалығын сөз ететін сопылық жыр кездеседі. Қабырғаға қашап жазылған мұндай бәйіттердің қай ғасырға, кімге тиесілі екені беймәлім. Десе де, кей өлең жолдарын Шақпақ атаның өзі жазған болуы да ықтимал.

Фото: Фархат Қабдықайыров

Ал қабырға суреттерінен адам алақанының бейнесін жиі көруге болады. Мұндай бейнелер Қаңға баба, Сұлтан үпі ескерткіштерінде де кездеседі. Сопы мәдениетінде жиі ұшырасатын бұл белгінің мәні туралы түрлі долбарлар болғанымен, анығын ешкім білмейді. Бұдан бөлек, қабырғаларда салт атты адамның, жануарлардың, лотос гүлінің бейнесі, қару­жарақ секілді нәрселер бәдізделген.  

Қорымда жер астынан тұрғызылған Шақпақ ата мешітінен басқа X-XIX ғасырлар аралығында іргесі қаланған сағана там, құлпытас, сағана-қойтас сияқты көптеген діни ескерткіштер де сақталған.

Фото: Ерболат Шадрахов

 Маңғыстаудың тарихын, салт-дәстүрін зерттеген белгілі геоморфолог Серікбол Қондыбай мифологияда Шақпақ ата жыландардың әміршісі және өлгендердің жебеушісі екенін жазады. Ол – Шопан атаның немересі, шын есімі Шахмардан болған. Шақпақ ата атануының себебі –  шайқастарда қаруынан оттың ұшқындары шыққан. Аңыздарға сүйенсек, ол от керек болғанда бір тырнағын екінші тырнағына тигізсе болғаны,  ұшқындар пайда бола кетеді екен. Оны халық тастан от шығарып, жауын отпен күйдіріп жіберетін құдіреті үшін құрметтеген. Тағы бір аңызда, Ата бір күні қайбір ауылдың жанынан өтіп бара жатып, күйеуінің әйелін ұрып-соғып жатқанын көреді. Жанжалдың себебі – отбасында баланың болмауы екен. Шақпақ ата дереу байғұс әйелге араша түсіпті. Алғысын білдіргісі келді ме, әлде енді күйеуінің қорлығына төзбеске бекінді ме, әлгі әйел Шақпақ атаның артынан еріпті. Екеуі келіп тоқтаған құлазыған қу далада жер астынан бұлақтар жарып шығып, шелектеп нөсер жауын жауып, тіршілік жаңарып, құлпырып кетіпті. Осыдан кейін бұл жерге жан-жақтан адамдар өз қиыншылықтарына көмек іздеп келе бастаған деседі.

Шақпақ ата қорымы Түпқараған ауданынындағы Таушық елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Сондықтан сапарға Ақтау қаласынан аттанар болсаңыз, алдымен 90 шақырымдай жүріп Таушық ауылына жетуіңіз керек. Республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген осы тамаша тарихи орынды көру үшін еліміздің түкпір-түкпірінен де, шетелдерден де туристер жылда ағылып келіп жатады. Мешіт пен кешеннің ерекше құрылысы, ондағы түрлі жазбалар мен бәдіздер, сондай-ақ кешен орналасқан әктасты аймақтың әсемдігі – бұл жерді келіп көруге басты себеп.