Қарт Каспийдің бір байлығы – итбалығы. Бүгінде жойылудың алдында тұрған каспий итбалықтарын сақтап қалу аса маңызды. Сондықтан, «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері жыл сайын итбалық күшіктейтін орындарға мониторинг жүргізеді. Мұндай бақылау жұмыстары мұзжарғыш кемелер мен тікұшақ арқылы іске асып жатыр. Биыл Каспий итбалықтары қаңтар айының аяғында Құлалы аралының солтүстік батыс аймағында күшіктей бастаған. Айта кету керек, каспий итбалығы 2020 жылдың 9 қарашасында ҚР Үкіметінің 746 қаулысымен Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
Былтыр 7 қарашадан 3 желтоқсанға дейінгі кезеңде Маңғыстау облысының Түпқараған ауданы жағындағы Каспий теңізінің жағалауында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында 172 өлі итбалықтың ұшасы табылған. Сүтқоректінің қырылуының негізгі себебі – пневмонияға шалдыққан екен. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Жайық-Каспий» облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Мәншүк Темешева хабарлады.
Оның айтуынша, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті итбалықтардың өлу себебін анықтау үшін түрлі ғылыми ұйымдармен зерттеу жұмыстарын жүргізген. Сараптама нәтижесі бойынша каспий итбалықтарының қырылуына иммунитеттің әлсіреуіне байланысты вирустық инфекциялардың өршуінен пайда болған пневмония себеп болды.
– 2021 жылғы қыркүйекте Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ресей Федерациясының экология және табиғи ресурстар министрлігі арасында каспий итбалықтарының популяциясын сақтаудың 2021-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Осы форум аясында каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік табиғи резерват құруға тапсырма берген болатын. Соған орай, екі табиғи резерват құру қарастырылған. Қазіргі таңда жаратылыстану-ғылыми негіздемесі дайындалды. 2023 жылдың маусым айына дейін техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, 2024 жылдың шілдесіне дейін арнайы мемлекеттік табиғи резерват құрылады. Мемлекеттік табиғи резерваттың ауданы 479,1 мың гектарды қамтиды, оның ішінде Атырау облысы Жылыой ауданының жағалауына іргелес жатқан учаскелер – 58,8 мың гектар, Маңғыстау облысының Түпқараған және Бейнеу аудандары – 420,3 мың гектарды алады («Итбалық аралы», «Прорва 1» және «Прорва 2» учаскелері), – деді Мәншүк Темешева.
Биыл Каспий теңізін мекен ететін итбалықтың саны шамамен 300 мыңнан асыпты. 2023 жылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда бірқалыпты. Яғни теңіз сүтқоректілерінің саны былтырғыдан азаймаған.
Сондай-ақ брифингте «Каспий итбалығын зерттеу және оңалту» орталығының инженер-технигі Бегалы Семирханов 2019 жылдан бері 40-тан астам Каспий итбалығына көмек көрсетілгенін айтты.
̶ Бүгінде өңірімізде сүтқоректі аңдарды сақтау үшін бірнеше іс-шара атқарылып жатыр. «Каспий итбалығын зерттеу және оңалту» орталығы Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы инспекциясымен бірге жарақаттанған итбалықтарды емдеп, Каспий теңізіне қайтадан жібердік. Сонымен қатар, облыс тұрғындары мен қонақтары жараланған немесе өлі итбалықтарды көрген жағдайда, біздің орталықтың әлеуметтік желілеріне жазып, хабардар етсе, жойылудың алдында тұрған аңды сақтап қалуға атсалысқан болар еді, ̶ деді Бегалы Семирханов.
Автор: Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ, журналист