15Нау

Тарихтан сыр шерткен собор

Әйгілі Париж соборының реставрациясы орта ғасырда бастау алатын тарихы мен 1800 жылдары шіркеуді құтқарған пасық сәулетшіге арналады.

Автор: Роберт Кунзиг

фото: Томас Ван Хаутрив

Графика: Фернандо Г. Баптиста

1831 жылғы өрттен Нотр-Дам соборы қатты зардап шеккен жоқ. Бүлікшілер шатырға шығып, алып темір крестті ғана құлатты.

Нотр-Дам

Құс ұшар биіктіктен түсірілген 2019 жылғы сәуірдегі Нотр-Дамның сүмбісі мен шатырын қиратып кеткен өрт салдарының көрінісі. Собордың биік сүмбісі тас төбеден құлап, шатыр тесіліп, алтарь қирады.

Нотр-Дам, Париж

Алдымен құтқарылды. Қазір қалпына келтіріліп жатыр. Өрттен кейін өртенген бөрене мен өзге де көптеген қоқыстан тазарту үшін екі жылдан астам уақыт қажет болды. Осы аралықта күмбездер мен бүйіртіректер нығайтылды. Қазір соборды құрылыс сатылары қаптап тұр, ал реставрация аяқталып келеді. Бірінші кезең: өртте еріген қорғасын шатырының барлық бетін шаң мен улы қалдықтардан тазарту.

Витраждарды қиратып, Исаның мүсінін балталап, Әулие Марияның бір мүсінін сындырды. Бірақ олар шын мәнінде Париж архиепископын іздеді, оны таппағандықтан шіркеудің оңтүстігінде орналасқан, Сена өзені жағасындағы сарайын тонады. Содан кейін оны өртеп жіберді. Сарай қазір жоқ. Ол жерде биіктігі 75 метрлік құрылыс краны тұр.

1831 жылдың 14 ақпанындағы сол түннің Монтебелло жағалауынан сипатталған суреті бар (Сена өзеніне қарама-қарсы беттен). Оны оқиғадан 13 жыл өткеннен кейін 20 жыл бойы соборды қалпына келтірумен айналысқан Эжен Эмманюэль Виолле-ле-Дюк салған. Виолле-ле-Дюк тобырдың шабуылына куә болған кезде небәрі 17 жаста еді. Оның қарындашпен асығыс салған эскизінде адамдар сарайды қиратып, жиһаздар мен басқа да құнды заттарды терезелерден өзенге лақтырады. Бұл қастандықтың бәрі Нотр-Дам фонында бейнеленген.

Сонымен қатар 1980 жылы Филипп Вильнев 17 жасында Үлкен сарайда Виолле-ле-Дюк туралы көрмеге қатыс­ты. Ол сәулетші болғысы келетінін білді, бірақ ол тарихи ғимараттар бойынша мамандануға болатынын білген жоқ. Бүгінде ол Франциядағы Виолле-ле-Дюк негізін қалаған 35 тарихи ескерткіштің бас сәулетшісінің бірі. Вильнев 2013 жылдан бері Нотр-Дамдағы қалпына келтіру жұмыстарын басқарады, ал 2019 жылдың көктеміндегі собордың жоғарғы бөлігін шарпыған өрттің кесірінен жұмыс қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Ғимарат ақыры тұрақталып, қайта құру ісі басталғалы тұр. Вильнев өзінің қазіргі миссиясы – кәсіби өміріндегі күресі үшін өзінің тапқыр ізашары Виолле-ле-Дюкке қарыздар.

«Ол тарихи ескерткіштерді қалпына келтіруді ойлап тапты, – деді Вильнев. – Бұрын мұндай нәрсе болған емес. Бұрын адамдар оларды өз заманының үлгісіне сай жөндейтін». Немесе оларды жөндемей, бұзып тастайтын.

Ішіндегі қасиетті немесе әдемі дүниенің басым бөлігі зақымданбаған. Жанып жатқан шатыр арқалықтары, үлкен әктас блоктары және сүмбінің 750 метрикалық тонна емені мен қорғасыны Нотр-Дамның ішіне құлады. Дегенмен, аз ғана витраждардан басқа тарихи маңызы бар өнер туындының ешқайсысы бүлінген жоқ. «Бұл бір керемет еді», – дейді шебер реставратор Мари­Хелен Дидье. Өртке дейін жөндеуді қажет еткен Жеті қайғы-қасіреттің ханымы сияқты капеллалар тазартылып, қалпына келтіріледі.

Сырт көзге Нотр-Дам соборы мұңайып тұрғандай көрінеді. Құрылыс сатылары мен алып кран собордың үстінен қарап мазақ етіп тұрғандай. Тікенді сыммен қапталған металл қабырға алаңды қоршап тұр. Бірақ шіркеу бұрынғы жарақаты­нан айыққан. 1831 жылы Сенаның арғы бетіндегі мына тұстан Эжен Виолле-ле-Дюк бір топ адамның со­борға шапқанын көрген еді. Кейінірек ол Нотр-Дамның алғашқы реконструкциясына жетекшілік етіп, бүгінде әлем білетін маңызды орынды сақтап қалады.

ХІХ ғасырда Францияда үкімет барлығымызды толғандыратын мәселені жүйелі түрде шешу үшін институттар құрды: Өткеннің қай бөлігін сақтап, ұрпаққа жеткізу керек? Ата-бабаларымыздың туындылары үшін нендей борышымыз бар, олар бізге қандай да бір сезім не сенім бере ме, әлде, керісінше, олар бізді тежей ме, болашаққа қадам жасайтын кезде пайдасыз жүкке айналып, әлемді құруға кедергі келтіре ме? Қашан және қалай? Бұл жұмысымыз­­да және өмірімізде әрқайсымыз кездесетін мәселе. Әрқайсымыз күнделікті өмірде тарихи ескерткіштердің қайсысын сақтап, қайсысын жойып жіберуге қатысты ұқсас шешімдер қабылдаймыз. Бірақ, біз оны көбіне аңғара бермейміз. Сондай-ақ оларға қауіп төнгенше, қабылданған сақтау туралы шешімдерге өз үлесімізді қосатынымызды және ескі ғимараттардың бізге қаншалықты әсер ететінін де көбіне түсінбейтініміз белгілі.

Өз заманында Нотр-Дам соборы құрылыс саласына төңкеріс әкеліп қоймай, сол төңкерісті басынан кешті. Ол ХІІ және ХІІІ ғасырдың аяғында Франция мемлекетке айналып, астанасы Париж Еуропадағы ең үлкен қала болған кезде салынды. Нотр-Дам соборы жаңа француз сәулетінің алғашқы ұлы шедеврі болды. Аркасы мен кермедоғалары қабыр­ғаның ұзын әрі жіңішке болуына, кең терезеле­­рі жарықтың еркін түсуіне мүмкіндік берді. Қызғаншақ итальялықтар оны «готикалық» деп атады, бұл «варварлық» дегенді білдірді, бірақ француз стилі Еуропаны жаулап алды. Жоғарыдан түсетін жарық арқылы адамдар Құдайдың бар екенін сезінді.

Алайда ХІХ ғасырдың басында Нотр-Дам соборы ауыр жағдайда болды. 1789 жылғы революцияға дейін басталған, ондаған жылдар бойы жалғасқан шабуылдар мен немқұрайлылық оны қатты тоздырды. Виктор Гюгоның қатты ашуланғаны соншалық, соборға арнап толық бір роман жазды. «Нотр-Дам Париж соборы» архи­е­пископ сарайы өртенгеннен бір ай өткен соң 1831 жылы жарық көрді. Бүкіл Францияда революция кезінде басып алынған ежелгі шіркеу ғимараттары тастарына бола қиратылды. Гюго «Доғар» деп ұрандаған қозғалысты құруға көмектесті. Виолле-ле-Дюк қозғалысқа қосылды.

Ол Нотр-Дам соборын сақтап қалды. Бүйіртіректерді қайта құрып, витраждарды бояды, революционерлер қиратқан мүсіндерді алмастырып, тағы бір нәрсені қосты: гротеска. Ол ортағасырлық түпнұсқадан 15 метр ұзын жаңа ағаш сүмбіні құрған кезде, оған 12 апостолдың мыс мүсіндерін қосты. Виолле-ле-Дюк Әулие Фомаға өз бет-бейнесін салып, оны өз шедеврі сүмбіге қаратып қойды. Ол ең маңызды француз соборын сақтап қалған аз атеисттің бірі еді.

Қазір 800 жылдан астам уақыт бойы ғибадат ету үйі болған бұл шіркеу қайтадан құтқарылуда. Собордың артындағы Вильневтің кеңсесіндегі үстелде Виолле-ле-Дюктің 1843 жылы Нотр-Дамның батыс жағын бейнелеген суреті тұр. Өрт болған түннен бері Вильнев шіркеуді дәл Виолле-ле-Дюк қалдырып кеткендей, оның ішінде қорғасын шатыр мен оны ұстап тұрған үлкен емен ағаштарынан тұратын «орманды» қалпына келтіруді мақсат етті.

«Қалпына келтірушінің жұмысын қалпына келтіріп жатырмыз», – деді ол.

2019 жылдың 15 сәуірінде кешкі сағат жетіден бұрын Вильнев Атлант мұхитының жағасындағы үйінен Парижге баратын соңғы жүрдек пойызға үлгеру үшін жүгіріп бара жатқанда, мен таксиде Сена өзенін кесіп өтіп бара жатқан едім. Көлік ағылып жатты. Әйелім терезеге қарады. «Нотр-Дам өртеніп жатыр ма?» – деп сұрады ол. «Көп ұзамай сөндіретініне сенімдімін», – деп күбірледім. Біраз уақыттан кейін жалынның ағаш сүмбіні жалмап, өртеп жатқанын көрдік.

Сәуір түнінде Нотр-Дам лап еткенде Франциядағы әр адамның қайда болғаны есінде. Зейнеткер фотограф Бернард Херман соборға қарама-қарсы орналасқан Пети-Понт алаңындағы бітпеген үйінде болғанын айтады. Оның «Париж, км 00» деп аталатын кітабы терезесінен түсірілген фотосуреттерден тұрады. «Нотр-Дам оқиғасы мен үшін ақыр­заман болды, – деді Херман. – Найзағай соққандай күй кештім, перделерімді жаптым».

Бұл кезде сәулет тарихшысы Жан-Мишель Лено Версаль сарайында қабылдау­­да болыпты. Ол Парижге оралып, осы оқиғаны көрді. «Адамдар жылап, дұға етті, –деді ол, – көшеде тізерлеп тұрды».

Мәдениет министрлігінің Нотр-Дамға жауапты өкілі Мари-Элен Дидье өрт сөндірушілердің маңына жеткенде бағалы артефактілердің көбі аулаға шығарылған еді. «Бұл үлкен жайма базары сияқты көрінді», – деді ол. Сол түні ол жәдігердің бір бөлігін қалалық фургонмен Хотел де Виль қонақүйіндегі қоймаға апарды. ХІІІ ғасырдағы патша және крест жорықшысы Людовиктің зығыр киімі Дидье, оның қасында бастығы тікенді тәжін ұстап отырды.

Президент Эммануэль Макрон Елисей сарайында болды және соборға асықты. «Нотр-Дам – біздің тарихымыз, әдебие­тіміз, қиялымыз… Өміріміздің эпицентрі, – деді ол телекамералар алдында сөйлеген сөзінде. – Бұл соборды біз бәріміз бірге қайта саламыз».

Парижде археологиялық қазба жұмыс­тарына жетекшілік ететін қорғаушы Дороти Чауи-Дерье бұл жаңалыққа туиттерде тап болады. Ол келесі екі жылда Нотр-Дам соборы археологиялық орынға айналады деп ойламады.

«Парижде тұрып, өз көзіммен көруім керек болса да, жаңалықтарды теледидардан ғана көріп жүрдім», – деді орман шаруашылығы сарапшысы Филипп Гурмен. Ол емен ағашы мен ноу-хау Францияда тапшы болғандықтан Нотр-Дам шатырындағы ағаш қаңқалар ешқашан қайта қалпына келмейтіні туралы сарапшылардың пікірін естігенде ашуланғаны есінде. Гурмен елдегі бүкіл орманды басқарады. Ол түнгі сағат 11-де Ұлттық орман басқармасындағы досымен телефон арқылы сөйлесіп, қайырымдылық арқылы қажетті ағаштарды жинау жоспарын жасады.

Шамамен сол кезде Вильнев собор алдындағы алаңға жетті. Виолле-ле-Дюктің сүмбісі құлаған кезде ол пойызда еді, яғни желіден тыс болды. Келесі күні бүлінген жерді тексеру үшін солтүстік жағындағы мұнараға көтеріліп, сүмбінің ұшындағы дүңкиген мыс әтешті көрді. Ол ақырын бүйірдегі шатырға құлады. Паризьен газетіндегі фотода күлімсіреген сәулетшінің мыжылған құсты кеудесіне қысып алғаны көрсетілген.

«Шіркеудің алдына келгенде есім шығып кетті, – деді ол маған. – Соборды қалпына келтіру аяқталғанда ғана өз-өзіме келермін». Қыркүйек айында реконструкция басталар алдында, Вильнев сол қолының шынтағынан білегіне дейін татуировка салды.

«Шекарасыз ағаш ұсталары» ұйымының қызметкері Чарльз Барберо Нотр-Дамның шатыр жақтауының көшірмесін аяқтап жатыр. Еріктілер тобы бір апта ішінде тек ортағасырлық құралдарды пайдаланып, әрбір арқалықты бүтін емен бөренеден кесіп алды. Өрт кезінде қираған емен жақтау ағаш тілгіш білдектің көмегімен бұрынғы қалпына келтірілмек.

Өрттің кейбір залалы қатты болды. Қорғасын шаңынан қорғану үшін респиратор керек. Арқанмен жүретін мамандар сүмбінің құлауынан пайда болған орталық тесік бойымен күмбездердегі бос тастарды бекіту үшін сылақты қолдануға дайындалып жатыр. 760°C градусқа жеткен өрттен кейбір күмбездің жоғарғы бөліктері мен қалыңдығы 60 сантиметр болатын әктас қабырғалар зақымдалып, бір сантиметрге дейін тас үгітіліп, ішкі жарықтар пайда болды. Кейбір тастарды ауыстыру қажет болады.

1998 жылдың жазында Стивен Мюррей есімді Колумбия университетінің өнертанушысы мені Нотр-Дам соборының шатырына апарды. Мұнда, тіпті, күндізгі уақытта қараңғы болып тұрды. Шіркеудің ішінен собор сәулетшілерінің жан-дүниесін ешқашан елес­тетіп көрген емеспін. Трансепт пен нефтің қиылысынан сүмбінің күрделі ағаш қаңқасына қарадым.

Өткен жазда тағы сол ракурстан қарадым. Бірақ, бұл жолы, тас күмбезді жарып өткен сүмбі қалдырған төмендегі үлкен тесікке шатыр тіректердің үстінде тұрып қарадым. Оның үстіңгі жағында, яғни нефте екінші тесікті көрдім. Үшінші тесік трансепттің солтүстік шетінде болды. Өрт шатыр тіректерін шарпыған кезде биіктігі он метрге жуық емен ағашының үшбұрышты арқалықтары күмбездерге домино тастары сияқты құлап, сынықтары тесікке түсті. Ал собордың еденіне бір метрден астам биіктікте күйген ағаш пен тас үйіліп қалған еді.

Өрттен бірнеше күн өткен соң Чауи-Дерье мен оның әріптестері жиналған үйіндіні жай ғана шығаруға болмайды деп шешті. Бұл заңмен қорғалған тарихи мұраны мамандар сұрыптауы керек еді. «Тарихи ескерткіштерді зерттеу лабораториясы 34 адамнан тұратын қызметкердің көп бөлігін жіберді», – деді маған директордың орынбасары Тьерри Зиммер.

Зақымдалған қоймаларға әлі де қауіп төніп тұрғандықтан, ғалымдар үйіндіні жинау үшін қашықтан басқарылатын роботтарды пайдаланды. Олар қорғасын шаңынан қорғану үшін респиратор киіп, материалдарды қайта құру үшін негіз бола алатын немесе тарихи қызығушылық тудыратын кез-келген нәрсені алып, сұрыптады.

«Мұның бәрі біз бұрын-соңды көрмеген нәрселер, – деді Зиммер. – Қазір, бәрі біздің қолымызда». Жұбататыны – собор туралы және ол салынған кезең туралы білімді арттыруға болады.

Барлық қалдықты сұрыптап, қоймаға апару үшін екі жыл қажет болды. Қалдықтар шамамен 2500 шаршы метр жерде, биіктігі алты метр сөрелерде орналасқан.

Нотр-Дам едені тазаланып жатқанда, қабырғалар мен күмбездер құлаудан қорғалуы керек еді. Инженерлік зерттеу көрсеткендей, бір-бірін байланыстырып тұрған қорғасын шатыры мен ағаштары болмаса, қабырғалар желге қарсы тұра алмайтын еді. 2019 жылдан бастап, 2021 жылдың жазына дейін ағаш ұсталары кермедоға мен кейбір күмбездің астына арнайы бейімделген, көп тонналық ағаш тіректерді қойып, нығайтты. Сол уақытта арқаншылар бір-бірден ескі құрылыс сатыларын бөлшектеді. Вильнев өрт шыққан кезде сүмбіні жаңартпақ та болады. Өйткені ескі құрылыс сатылары құлап, шіркеу­­ді одан әрі зақымдауы мүмкін еді.

Пандемияға байланысты объект 2020 жылдың көктемінде екі айға жабылды. Жұмыс орнындағы инспекторлар алғашқы қауіпсіздік шаралары жеткіліксіз деп шешкеннен кейін, кең таралған қорғасын шаңына байланысты объект 2019 жылы алты аптаға жабылған еді. Содан бері киім ауыстыратын бөлме ретінде таңдалған контейнердегі сақтау бөлмесі де екіге бөлінді: лас және таза. Жұмысшылар осы аймақтарды күн сайын қайта-қайта шолып, жұмысқа бару үшін толық шешініп, қорғаныш киімін киеді, жұмыс біткен соң душ қабылдап, шашын жуып, таза киімін киеді. Тіпті түскі асқа да солай барады.

Жан-Луи Джорджлин бір президенттің Бас әскери кеңесшісі, тағы бір мемле­кет басшының Әскери штабының бастығы болды. Макрон оған Нотр-Дам соборын екі себепке байланысты сеніп тапсырды. Джорджлин былай деді: Генерал – діндар католик және оның 2024 жылы соборды қайта ашуға шамасы (саяси түсінігі мен ықпалы) жетеді. Ол үшін француз бюрократиясын түсіну керек. Джорджлин 840 миллион еуро мөлшеріндегі садақаны қолдана отырып, Нотр-Дам соборын қалпына келтіру үшін арнайы құрылған қоғамдық ұйымды басқарады.

Қалпына келтіру жобалары Мәдениет министрлігінің құзырында екені белгілі. Сол ортадағы кейбір адамдар генералдың бұл мәселеге жауапты болуын дұрыс емес деп санайды және 2024 жыл деп белгіленген мерзім шындыққа жанаспайды деп ойлайды. Бұл туралы Джорджлиннен сұрадым. Ол сөзді бұрып, сұраққа жауап бермеді.

«Ел президенті Нотр-Дам реконструкциясына араласпауы керек деп санайтындардың ойы сізге де әсер еткен көрінеді», – деді ол маған.

Джорджлиннің айтуынша, шіркеуге қатты залал келген, бірақ көп емес. Мен де соны байқадым, көп бөлігі зақымданбаған сияқты көрінді. Мари-Хелен Дидье өрттен кейінгі күні күйенің бар-жоғын тексеру үшін саусағымен қабырғасын ұстап көріп таң қалғаны бар: «Ешқандай зақым жоқ!» Артефакт немесе құнды өнер туындының ешқайсысы зақымданбаған. Трансепт пен неф түйісетін заманауи альтар қирап қалғанымен, ХІV ғасырдағы әйгілі Париж Құдай анасының тас мүсіні әлі де бір метрдей жерде шаң басқан, бірақ зақым көрмеген күйінде тұрды. Ескерткіштер зертханасында витраждар бойынша маман Клаудин Лойзел маған үш кішкентай панельдегі шынының бірнеше бөлігі сүмбінің ұшымен сынғанын айтты. Қалғандары зақымданбаған.

Жалпы алғанда, шіркеу сүмбісінің көп бөлігі, шатыры мен арқалықтары және бірнеше тас күмбезі қирап қалды. «Бұл өте көп, бірақ 2024 жылға дейін жөндеуге болады», – деді Джорджлин.

Ол кейде өртке дейін Нотр-Дам соборына ғибадатқа баратын. Мен сөйлескен адамдардың көпшілігінен ол сонысымен ерекшеленді. Сол қорқынышты кеште генерал да өртті Париждегі үйінен көз алмай қарап отырды, көз жасына да ерік берді. Ол адамдардың Нотр-Дамды қайта көру оларға нәсіп етпейтінін айтқанын естіді. «Сондықтан президенттің халыққа берген уәдесі қажет болды», – деді Джорджлин. Ал бес жылдық мерзімге келетін болсақ, егер Макрон солай белгілемегенде, сәулетшілер мен басқа да өнер адамдары бұл жұмысты 15 жылға дейін созар еді.

Ескі күлдің үстінен жаңа сүмбі бой көтереді. 2024 жылға қарай, егер бәрі жоспар бойынша жүрсе, бұл позициядағы дрон Нотр-Дамның жаңа сүмбісінің (өрт кезінде жойылған Виолле-ле-Дюк салған емен мен қорғасынның дәл көшірмесі) ұшынан сәл ғана жоғары көтерілетін болады. Ескі сүмбінің орнына тас күмбездің тесігі арқылы біртіндеп жаңа сүмбі салынады. Дәл осы уақытта ақ шатыр жаңбырдан қорғайды.

«Тарихи ескерткіштердің бас сәулетшісіне қатысты… Мен оған бірнеше рет түсіндірдім, оған тағы да айтамын… Ол көп сөйлей бермеуі керек». Бұл Джорджлиннің Филипп Вильнев туралы 2019 жылдың қараша айында Франция ұлттық жиналыс комитетінде сөйлеген сөзі болды.

Екеуі айтысып қалуы мүмкін. Джорджлин өз ісін тиянақты істеп жатқанда, артынан сөйлегенді ұнатпайды. Бас сәулетші Вильнев емін-еркін жұмыс істеп үйренген. Джорджлин костюм киеді. Вильнев джинсы шалбар мен мыжылған күртке киіп, дөңгелек әйнекті көзілдірік таққан зиялы. Оның Нотр-Дамдағы жағдайды мұқият бақылауға толық негізі бар.

«Менің мансабым өртпен басталды», – деді ол маған. 1998 жылы тарихи ескерткіштердің бас сәулетшісі лауазымына тағайындалған күні Вильнев өзі істейтін аудандағы ортағасырлық шіркеуге найзағай түсіп өртенеді. Нотр-Дам соборы өртенген күні ол өзінің басқа негізгі жобасында – Ла-Рошельдің ХV ғасырда салынған әкімдік ғимаратында жұмыс істеп жатқан еді. Бұл ғимарат Вильнев оны қалпына келтіріп жатқан кезде де өртенген еді. Бұл 2013 жылы, Нотр-Дам соборы өртенгеннен біраз бұрын болды.

Өртті реставрациямен байланыстыратын ешқандай дәлел табылған жоқ. Париж полициясы Нотр-Дамдағы тергеу нәтижелерін жариялаған жоқ. Негізгі күдік – электр сымдар жүйе­сіндегі тұйықталу.

«Ол осы мәелені шешу үшін бар күшін салды, – деді жақын маңдағы Сент-Денис базиликасын қалпына келтіріп жатқан бас сәулетші Жак Мулин. – Ол өзінен асып түсті. Бұл сирек кездесетін қабілет». Бірақ бұл оны Президентке қарсы қойды.

Өрттен кейін Макрон Нотр-Дамда көпшілік алдында өзі «заманауи қимыл» деп атаған сәулет тұрғысынан жаңа нәрсені қолдайтынын айтты. «Бүгінгі құрылысшыларға сенуіміз керек, – деді ол, – өзімізге де сенуіміз керек». Құрылысшылар да қалыс қалмады, шыны шатыр, хрусталь сүмбі мен әлемнің түкпір-түкпірінен көрініп тұратын жарық сәулелерді қоюды ұсынды. Шатырда жылыжай немесе ашық бассейн салуды ұсынғандар да бар.

Вильнев мұның бәрін тоқтатқысы келді. Ол заманауи сүмбі салуға қатыспайтынын айтты. Сол кезде Джорджлин оның аузын жабуға тырысты. Бірақ ақылға қонымсыз ұсыныстар Вильневтің ұстанымына қолдау табуға көмектесті. 2020 жылдың жазына қарай генерал, президент және Ұлттық мұра комиссиясы Вильневтің жоспарын бекітті. Нотр-Дам бұрынғы

қалпында, өзінің «соңғы белгілі күйінде», яғни Виолле-ле-Дюк қалдырған түрінде қайта салынуы керек болды.

Соңғы белгілі күйінде қалпына келтіру – француз рестовраторларының әдеттегі компетенциясына кіреді. 1964 жылы мамандардың халықаралық конференциясында жасалған Венеция хартиясы осы тәсілді кодификациялайды. Бұл бойынша, тарихи реконструкцияның мақсаты ең әдемі ғимаратқа айналдыру емес, ғимаратты тарихтың барлық кезеңдерін сақтайтын «түпнұсқа» күйін қалпына келтіру. Ниет – ғылыми болып естіледі, бірақ ол эмоцияны да паш етеді. «Бұрынғы күйіне қайтару, әсіресе, апаттан кейін, нағыз символикалық әрекет және де катартикалық», – деді тарихшы Леньо.

Бір қызығы, Нотр-Дамға шабуыл жасалғанын өз көзімен көрген Виолле-ле-Дюк мұндай ұстамдылық танытпады. Оның мақсаты Нотр-Дамды дәл бұрынғы қалпына келтіру емес, керемет собор салу болды. Ол өткелдің айналасындағы кейбір қабырғаларды толығымен қайта салды, өйткені оған трансепт пен неф түйіскен тұстағы ХІІІ ғасырда жасалған өзгеріс ұнамады. Ол готика сәулетшілеріне құрметпен қарап, солардың бірі болуға тырысты. Жасаған кейбір өзгерістері сәтсіз шықса да, көпшіліктің айтуынша, сүмбіні жасауда ол өзінен асып түсіпті.

Қайтыс болғаннан кейін бір ғасыр бойы Виолле-ле-Дюк сынға алынды. «Сәулет мектебінде оқып жүргенімде, Виолле-ле-Дюктің қалпына келтіру ісі түсініксіз деп қарастырылды», – деді Мулин. Нотр-Дамда Виолле-ле-Дюк барлық 24 капелланың сәндік фрескасын бояды. 1970 жылдары 12 капелла тазаланып, жалаң тасы қалды. Бірақ ол кезде ұлы тұлғаның беделін қалпына келтіру енді ғана басталғалы тұр еді. 1980 жылғы көрме 17 жасар Вильнев үшін бетбұрыс кезеңіне айналды. «Оңбаған Виолле-ле-Дюк бір күннің ішінде әулие Виолле-ле-Дюкке айналды», – деді Мулин.

Бүгінгі таңда Француз реставраторларының көбісі Виоле-ле-Дюктің істегенін қайта жасауды ойламайды да. Мулен мұны масқаралық деп санайды. Ол да тарихты сақтауға сенеді. Муленнің айтуынша, соборыңыздың шатыры жай ғана өртеніп кетсе, ағаш сөрелерді қалпына келтірудің қажеті жоқ.

Бұл аргумент Нотр-Дамда айтылды және қабылданбады. Арқалықтар мен сүмбі шынымен де отқа төзімділігі жоғарырақ және өртті сөндіретін құрылғылары бар ағаштан тұрғызылады. Мәліметтер әлі де пысықталып жатыр.

2019 жылы емен ағаштары арқылы тұтанған өрттің қуатты болғаны соншалық (760 оС асады), ол жақын орналасқан әктас қабырға мен кейбір күмбездің төбесін қатты зақымдады. Ескерткіштер зертханасының тас бойынша екі маманы, геолог Лиз Кадо-Леру мен табиғатты қорғау бойынша ғалым Жан-Дидье Мерц зақымданған жерлерді тексеру үшін арқанмен жүру техникасын үйренді. Мерц маған қалыңдығы 60 сантиметрлік тастардан алған ұзындығы 30 см. болатын жынысөзектерді көрсетті. Кейбір тасың беті ұнтақталып, ішінде жарықтар пайда болып, 12 сантиметрге дейін қабаты үгіліп түсті. Мерцтің айтуынша, бірақ блоктардың көпшілігі төзімді болып, қалыңдығы өзгермеген сияқты көрінді. Ол әріптес­терімен бірге әк ерітіндісін қолдану арқы­­лы жарықшақтарды бітеу әдісін әзірледі. Ауыстыруды қажет ететін тастар үшін ғалымдар Париждің солтүстігінде сәйкес келетін тастарды да іздеді.

Шатыр мен сүмбідегі 460 метрикалық тонна қорғасынның көбі жай еріп, шіркеуге жаңбырдай тамшылады, бірақ температура қорғасын бөлшектерін түтінге айналдыратындай дәрежеде қатты болды. «Өртке жақын тұрған адамның, сол түні қорғасынды жұту қаупі көбірек болды», – деді доктор, токсиколог Джером Лангранд. Қорғасын уақыт өте келе кездейсоқ ағзаға, әсіресе балаларға, саябақтардағы немесе ойын алаңдарындағы ластанған кір немесе үйлердің ішінде орналасқан шаң арқылы енуі мүмкін болған кезде аса қауіпті. Парижді аралап, қағаз пакеттерге қоқыс үлгілерін жинаған Колумбия университетінің ғалымы Александр ван Гин шіркеуден бір шақырым радиуста бір метрикалық тонна қорғасын шашылған деп есептеді.

Бірақ, Ланграндтың айтуынша, мұның айтарлықтай улану тудырғанына қатыс­ты ешқандай дәлел жоқ. Ол және оның әріптестері зардап шеккен аймақтағы 1200 баланың қанын талдап, олар «алаңдайтын деңгейден» бір пайыздан сәл жоғары концентрацияда екенін анықтады. Бұл жалпы бүкіл француздардағы концентрация деңгейімен бірдей. Сонымен қатар зерттеу балалардың қорғасынның басқа көздерінен үнемі зардап шегетінін көрсетті.

Шынтуайтында, қанға түскен қорғасынның болар-болмас мөлшері де қауіпті және шатыр бар кезде қорғасын жаңбырмен қоршаған ортаны ластап та отырса керек. 2021 жылдың ақпан айында Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми консультативтік кеңесі (Лангранд та бір мүшесі) Францияда қорғасынды жаңа шатырларда қолдануға тыйым салуды және оны тарихи қалпына келтіруде қолданудың баламаларын табуды ұсынды. Сол кезде Париж қалалық кеңесі Нотр-Дам соборын қорғасын шатырымен жаппау үшін дауыс берді.

Бұлардың ешқайсысы Вильневтің құлшынысын төмендеткен жоқ. Вильнев пен Джорджлин Нотр-Дамдағы қорғасын шатыры қауіп төндіруі үшін, балалар шығып, оны жалауы керек деп тұрып алды.

«Қорғасын құрылыстың өте маңызды элементі», – деді Вильнев. Әрине, Шартрэ соборының шатыры мыстан, бірақ мыс жасыл түске айналады, ал Париждегі шатырлар сұр түсті. Олардың көпшілігі мырыштан жасалған, бірақ Нотр-Дам соборының төбесіндегі сүмбі мен мүсіндік ою-өрнек тек қорғасыннан ғана жасалады. «Қазірдің өзінде Пантеон, Мүгедектер үйі және басқа ескерткіштер қорғасынмен қапталған, – деді Вильнев. – Неліктен собор қорғасынға қарсылардың құрбаны болуы керек? Жаңа шатырдан ағатын жаңбыр суы жиналып, сүзіледі».

Вильнев, сонымен қатар, ағаш жақтауды бұрынғы күйінде қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Ол екі бөлек бөліктен тұрды. Виола-ле-Дюк сүмбіні қайта салған кезде, трансепт жақтауын алмастырды және мұны ортағасырлық әдіспен жасаған жоқ. Арқалықтар өнеркәсіптік аралау зауыттарында кесілді. Вильнев те дәл осылай жасап жатыр. Өткен қыста Гурман Францияның түкпір-түкпірінен 1200 емен ағашын әкелуге көмектесті.

Неф пен хордың шатыр ағаштары, негізінен, ХІІІ ғасырдан қалған түпнұсқа ағаштар еді. 2020 жылдың қыркүйегінде «Шекарасыз ағаш ұсталары» деп аталатын топ собордың алдындағы үшбұрышты жақтаудың бірін қалпына келтіріп, жақтауды ортағасырлық әдіспен қайта құруға болатынын көрсетті. Топтың негізін қалаған этнолог және ағаш ұстасы Франсуа Каламе мені Нормандия­дағы Шато-де-Кревекюр деп аталатын ортағасырлық бекіністің сыртындағы, қазір көрмеде тұрған жақтауды көруге апарды. Жақтау бір емен ағашынан қолмен кесілген ені 30 см.-ден аспайтын ондаған арқалықтан тұрады. Нотр-Дамдағы жақтаулар 800 жылдан астам уақыт тұрды.

Каламе көлігінен сүйікті құралын алып шықты: басы кернейдей жарқыраған балта.

Каламенің пікірінше, тарихи қалпына келтіру тек ағаш ұсталарының игілігі үшін емес, ұмыт болған дағдыларды, сондай-ақ бүлінген ғимараттарды қалпына келтіруге бағытталуы керек. Оның ойынша, Нотр-Дамның ағаш материалдары оны көрген адамдарға ерекше әсер қалдыруының негізгі себебі.

«Жақтауға 800 жыл болды. Ол енді жоқ. Бірақ, менің ойымша, егер біз оны дәл солай және сол материалдармен қайта өңдейтін болсақ, оларды мирас қылып қалдыруға болады, – деді Каламе. – Сіз оны сезіне аласыз».

«Шекарасыз ағаш ұсталары» ұйымының перформансы кезінде Вильневтің қатты әсер алғаны есінде. Оның айтуынша, уақытты үнемдеу үшін неф пен хорға арналған бөренелер ағаш тілгіш білдекпен, ал арқалықтар қол балтамен кесілгені дұрыс.

12 апостол Парижден дер кезінде шығарылды. Өрттен төрт күн бұрын, апостолдардың мүсіндері, бақытымызға орай, сүмбіден шығарылып, Перигедегі қалпына келтіруші Сокра компаниясына жіберілді. «Мыс қаптамалары кейбір жерлерде темекі қағазы сияқты жұқа болды», – дейді металл маманы Оливье Баумгартнер (Апостл Матвейдің мүсінін жөндеуде). Ол және оның әріптестері қаптаманы тым тегіс етіп жасаудан аулақ болды: «Ол түпнұсқа күйін сақтауы керек».

Басқа ешбір құрылыс алаңы бұған ұқсамайды. Реставрация бойынша жұмыс істейтін адамдар сізге: «Бұл өмірінің ең басты миссиясы», – деп айтуы әбден мүмкін. Пандемия процессті бәсеңдетті, ал қорғасын мәселесі жұмысты қиындатуда.

Өткен заманның ескерткіші жаңа бастамаға дайындалды. Өрттен кейін кейбіреу­лер Нотр-Дамға қазіргі заманның және соборда өрттің ізін қалдыратын жаңа – заманауи көрініс сыйлау керек деп ойлады. Басқалары, ескерткішке ең жақын адамдар, оның өртке дейінгі қалпын қайтару керек деп пайымдайды. «Өрт жазатайым оқиға болды, – дейді жанашыр Мари-Элен Дидье. – Ұмытасың, ұмытқымыз келеді».

1163 жылы Нотр-Дам соборын салған Париж епископы Морис Де Сулли шаруа отбасынан шықты. Сүмбі көкке жеткенде Саллидің ұмтылысы еселене түсті. Ол өз жұмысын мақтан тұтты. Архие­пископ сарайының мұнарасы қамалдың қабырғасына ұқсас, ал собордың батыс қасбеті одан да үлкен болды.

«Ортағасырлық қалада ол толығымен үстемдік етті», – деді бас сәулетші ретінде 1990 жылдары қасбетті қалпына келтіріп, ондаған жылдар бойы автокөлік газы мен көгершіндердің нәжісін жойған Бернард Фонкерни.

Сорбоннадан келген өнертанушы Дэни Сандронның айтуынша, Собордың құрылысы, негізінен, қарапайым халықтың қайыр-садақасы есебінен қаржыландырылды. Бұл бір-бірімен салыстыруға келмейтін замандар. Олар нефте жүріп, хордағы қабырғаның артындағы діндарлардың күніне сегіз рет жасайтын діни қызметтерін көре алмайтын және әрең еститін.

Кейбірі құрбандық үстелінің алдында, яғни еденде ұйықтайтын. Ауыр дерттен шипа іздейтін. Католиктік сенім көп француз үшін ол кезде өте маңызды еді. Қазір олай емес.

«Нотр-Дам соборы музей емес», – деді собордың басшысы Патрик Шове. Өртке дейін жексенбі сайын ғибадатқа шамамен 3000 адам келетін, ал жыл сайын келетін туристің саны 10-12 миллион шамасында. Көпшілігі христиандық туралы білмейді де. «Бұл жердің рақымы оларға қалай әсер етсін, өмірінің мәні туралы қалай ойландырсын?!» – деді Шове.

Шовенің айтуынша, ендігі мақсат келушілердің рухани байлығын арттыру екен. «Шіркеу қайта ашылғанда, келушілер қайта жобаланған бүйірлік капеллалар арқылы алдымен Ескі Өсиетті, содан кейін Жаңа Өсиетті көріп, Христиан дінімен танысады», – деді Шове.

Бұл сәтті бола ма? Қомақты қалпына келтіру бюджетінің арқасында собор, кем дегенде, тартымды және әсерлі көрінуі тиіс. Әдетте ондаған жылдарға созылуы керек болған жұмыс алдағы үш жылға жоспарланған. Шіркеудің бүкіл ішкі көрінісі, бүкіл капелла, сурет пен витраждар тазаланады. Джорджленнің пікірінше, егер готикалық сәулеттің сұлулығы Құдайдың бар екендігінің бірден-бір дәлелі болса, онда Құдайға деген сенім тек артуы тиіс, өрттің бекер емес, белгілі бір себебі де пайда болар еді.

Сәуір айының сол күнгі кешінде әйелім екеуміз Парижде едік. Бұл біздің Франция астанасына алғашқы сапарымыз болатын. Өзеннің оң жағалауындағы кешкі астан кейін біз түнемек болған өзеннің сол жағалауына қайтуды шештік. Сена өзенінің жағасы Нотр-Дамның өртеніп жатқанын тамашалаған халыққа толы болды. Сен-Луи аралынан өтіп, біз өрт сөндірушілер өзеннен су алу үшін төсеп жатқан шлангтың үстінен аттап өттік. Турнель көпірінде біз Нотр-Дам әнін ақырын айтып, хордың жанына тоқтадық. Сена бойында тұрып, Нотр-Дамның апсидасы көрінетін көрініске мен ондаған рет куә болған едім. Егер ол біржола жойылып кетсе, қалай болатынын елестете алмаймын.

«Лапылдаған оттың көрінісі әдемі болды, мұны мойындау керек, – деді Леньо. – Кейін ол ұсқынсыз дүниеге айналды. Тек қирандылар қалды. Қою қара түс басқан собордың көрінісі ешкімді бейжай қалдырған жоқ».


Парижде тұратын фотограф Томас ван Хутрив ХІХ ғасырда шыққан камерасын «Linees and Lineage» кітабында Батыс Американың жасырын тарихын зерттеу үшін пайдаланды. Қоршаған ортаны қорғау бойынша редактор Роберт Кунзиг 12 жылдан бері Францияда тұрып келеді.


Құрметті оқырман, National Geographic Qazaqstan журналына жарияланған басқа да материалдарды оқығыңыз келсе, мына телефон арқылы жаздырып алуыңызға болады: +7 771 050 91 77